Қазақ тіл білімінде тіл арқылы адам санасында қ..


Қазақ тіл білімінде тіл арқылы адам санасында қалыптасқан танымдық қорды және тіл арқылы бойға сіңген рухани құндылықтар жүйесін, ұлттық мінез-құлық пен бітім-болмысты зерттеуге бет бұрған қазіргі тіл білімінің адамтанымдық (антропоөзектік) бағыты қалыптасуда.Бұл тектес танымдық та кешенді зерттеу үрдісін қалыптастыруға негіз болатын, мүмкіншілік беретін мазмұндық-деректік әлеует тіл құдіретінің сипатына сай тілдің өз бойынан табылады. Себебі, тіл – сол тілді тұтынушы этностың бүкіл рухани, мәдени байлығының асыл қазынасы. Осымен байланысты қазіргі тіл білімінде тілдің мұрагерлік қызметінің мәнін зерттеудің әлеуметтік лингвистика негізінде кеңейіп, ұлттық мазмұны тереңдей түсуде. Оның себебі, әр тіл – өз бойында ұлт тарихын, төл мәдениетін, танымы мен талғамын, мінезі мен санасын, кәсібі мен салтын, дәстүрі мен даналығын тұтастықта сақтаған таңбалық жүйе. Осындай мазмұнды құрылымына сәйкес ол – жай таңбалық жүйе емес, ұлт болмысын тұтас сипаттайтын мәдениет.Мәдениет ұғымының ғылымда сан түрлі анықтамалары бар екені белгілі. Өз зерттеулерінде солардың бәрін таразылай келіп, ұлт болмысы мен тіл қызметінің сабақтастық қағидасын ұстанатын академик Ә.Қайдар мәдениет ұғымын «жеке адамның басына тән қасиеттен басталып, бүкіл ұлттық менталитетті, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық сана, дүниетаным, салт-дәстүр, рухани-материалдық байлықтың бәрін түгел қамтитын өте күрделі ұғым, әрбір этносқа тән белгілі бір табиғи-әлеуметтік ортаға сәйкес қалыптасатын құбылыс» деп санайды. Сонымен бірге, өмір-тіршілік салты, ортақ тіл, ортақ дүниетаным, ортақ психология сияқты ұғымдардың бәрін бір этнос бойында тұтасқан ұлттық болмыс ретінде танып-білудің ең басты құралы – тіл екендігін ғалым ерекше атап көрсетеді. Тілді қарым-қатынас жасау мен ойды білдірудің ең басты тәсілі деп қана емес, жалпы мәдени білімнің жиынтығы ретінде қарайтын қағида қазақ тіл білімі тарихындағы зерттеу тәжірибесімен ұштасады.Ол зерттеулер – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қалыптасуының тарихи тағылымы мен әлеуметтік негізін қазіргі өзекті мәселелермен сабақтастырудың бастау көздері. Осыған орай, күрделі таңба жүйесі ретінде тілді тұтынушыларға тарихи-мәдени ақпаратты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші, сақтаушы, іске асырушы және қайта құрушы құрал ретінде дәйектеп, дәлелдеген Р.Сыздық, Е.Жанпейісов, Т.Жанұзақов, Н.Уәли, т.б. ғалымдардың еңбектері Тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі қазақ тіл білімі даму бағытының бүгінін ғана көрсетпей, болашағын да белгілейді деп бағалауға болады.  Әрине, мәдениет те тіл сияқты ақпаратты жеткізуші семиотикалық (таңбалық) жүйе, бірақ тілдің мәдениеттен айырмашылығы – оның тілді тұтынушы (адам) арқылы өзін-өзі ұйымдастыра алатын қабілетінде болса, ал мәдениет ең алдымен, есте қалатын ақыл-ой жетістігінің жиынтығы болып саналады. Сондықтан тіл арқылы мазмұндалған ұлт болмысы мен мәдениетін тану тіл білімінің қазіргі антрополингвистік бағыттағы лингвомәдениеттану саласының еншісіне тиіп отыр. Оның өзегі «Тіл – ұлт (ұлттық тұлға) – мәдениет» ұғымдарынан тұрады. Осы тұрғыдан қарасақ, мәдениет – тіл арқылы көрініс табатын, адам өмірін, іс-әрекетін ұйымдастырушы, ұлттың заттық және рухани құндылықтар өрісі. Ал, тілді адамның әлеуметтік тұрмысын қамтитын мәдениеттен, тарихтан тыс қарапайым коммуникативтік таңбалық жүйе деп қарастыру – ол туралы жалаң түсінікті қалыптастырады және оны зерттеудің мүмкіндіктерін шектейді. Демек, тіл – әр халықтың тарихи-мәдени ұлы мұрасын өз бойында «ғаламның тілдік бейнесі» негізінде сақтаушы, жеткізуші және танытушы қазына. Осыған орай қазіргі лингвистика саласындағы ғылыми ой дамуының жаңа үрдістері оның айқын адамтанымдық бағытын белгілейді. Осылайша мәдени- әлеуметтік әрекет үстіндегі тілді тұтынушының тілін (оның ішінде ең «сезімтал» бөлігі лексикалық деңгейі) тануда адамды, социумды жан-жақты зерттеу тіл білімінде өз кезегінде функционалды парадигма туғызды. Осымен байланысты қазіргі лингвистиканың құрылымын өзгерткен әртүрлі ғылыми теориялар, оның дәстүрлі түрде қалыптасқан салаларының арасындағы шекараны тоғыстырып, кешенді сипатпен толықтырды. Соның нәтижесінде жалпы тіл білімінде қалыптасқан социолингвистика, психолингвистика, этнолингвистика, лингвомәдениеттану, лингвоелтану, т.с.с. сабақтас ғылым салалары зерттеу нысанының өзегін тілдің өзі емес, тілді құрал ретінде пайдаланатын тілді тұтынушының болмысын, іс-әрекетін, таным-пайымын зерттеуге бағытталған адамтанымдық мақсатты құрайды. Атап айтқанда, сол тілде сөйлеушінің ішкі әлеміне ерекше көңіл бөлу мақсаты тіл білімінің басқа да (философия, тарих, психология, логика, әлеуметтану, этнография, мәдениеттану, т.б.) ғылымдармен тоғысуына әкелді. Осының нәтижесіндегі лингвистикалық зерттеулердің тұтастық (интеграциялық) сипаты тілді ұлтпен біртұтас жүйе ретінде айқындайды. Соның нәтижесінде этнолексиканың, көне атаулардың таңбалану уәждемесінің мәдени құндылыққа ие болу ерекшелігінің анықталуы адамтанымдық бағыттағы тілдік зерттеулердің өзегіне айналды.Осы орайда дәстүрлі мәдениеттің көріністеріндегі тілдің рухани қызмет құралы, рухани құндылық көзі ретінде халық ауыз әдебиеті мен жыраулар тіліндегі, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер мен фразеологиялық жүйедегі, терминологиялық өрістегі, көркем мәтіндегі, прецеденттік мәтіндердегі тілдің ұлттұтастырушылық дәйегін ашудың мәні ерекше. Себебі, сол көздердің мазмұнында айшықталған халықтың басынан кешкен тарихы, бүкіл рухани және дүнияуи мәдени байлығы, болмысы, дүниетанымы мен әдет-ғұрпы, салт-санасы, т.б. ұлттық ұжымда, сол тілде сөйлеуші ортада қалыптасып, тілінде сақталады. Бірақ сөз – заттың тура таңбасы емес, дүниенің тікелей бейнесі емес, адамның иә белгілі бір ұлттық ұжымның дүниені тануы мен күнделікті тұрмыс пен еңбек тәжірибесі барысындағы архетиптік тілдік санасында, тілдік шығармашылық процесс нәтижесінде туған бейнесі. Сондықтан академик Ә.Қайдардың «Ұлт пен тіл біртұтас» деген қағидаға сүйенген зерттеулерінің нәтижесінде жарық көріп жатқан «Қазақтар ана тілі әлемінде» атты этнолингвистикалық сөздігі, бұрынғы он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» он бес томдық болып, тек сандық жағынан емес, сапалық тұрғыдан да толықтырылып, жаңарып шығып жатқан «Қазақ тілінің әдеби сөздігі», т.с.с. сүбелі еңбектерді А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасына сәйкес атқарылып жатқан игі шаралар деп бағалауға толық негіз бар. Себебі, соңғы көрсетілген сөздіктің алғы сөзінде оның бас редакторы Н.Уәли атап көрсеткендей: «Тіл – адамның, тілдік қоғамдастықтың санасында (астын сызған – біз) сәулеленген ақиқат дүниені бейнелеудің, оларды жинақтап, жүйелеп, әрі қарай байыта отырып, қоғамдық ой-сананы дамытудың, қарым-қатынас жасаудың теңдесі жоқ әмбебап құралы».Бұл тектес еңбектердің тілдік дәйектері мен ғылыми дәлелдері, біздің ойымызша, тіл арқылы ұлтты тану мен танытудың кепілі мен қажетті шарты бола алады. Мысалы, зерттеушіге архаизм-терминдерді, прецеденттік, мифтік мәтіндердегі, т.б. архетиптік ұғымдарды түсіндіруге, ең ежелгі мағынасын ашуға сол сөздіктерде берілген этнографиялық, тарихи, археологиялық, культурологиялық, т.б. деректер этностың тұрмысы мен соған сәйкес терминнің пайда болу заңдылығы мен оны қолданыста бекітетін «тілден тыс» жағдайларын анықтауға мүмкіншілік береді. Кешенді лингвомәдени зерттеу барысында бір кезде күнделікті өмірде өте қажетті болған көптеген заттардың атаулары ғана қазіргі қазақ тілінде мәдениеттің, дәстүрдің және ұлттық мұраның жұрнағы ретінде сақталып қалғаны анықталады. Демек, атаулар жүйесінің қызметі тек атауыштық қана емес, танымдық та. Міне, осы тектес зерттеулер нәтижесінде тілдің негізгі коммуникативтік қызметіне қоса, ұлттың рухани қазынасын бойына сақтаған құжаттық, этномәдени мұралық (кумулятивтік) қызметінің нақты мазмұны ашылады.Мысалы, өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасында ұлттық болмысты танумен байланысты өзекті ұғымға айналған «мәңгүрт» сөзі өзінің жеке мағынасынан кең тарап, мәдени-әдеби ортада басқа тілге, соның ішінде орыс тіліне аударылмастан тарады. Көп адамдар осы сөзді Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» романымен байланыстырғанымен, оның төл авторы Ә.Кекілбаев екенін қазақ әдебиеті мен Ә.Кекілбаев шығармашылығымен таныс зиялы қауым ғана біледі. Ә.Кекілбаев пен Ш.Айтматовтың қолдануында ол ұғымның тарихи-мәдени мәні сол кезеңдегі рухани сананың жаңғыру контексіне сай жеке сөз қолданысының тарихи-мәдени шеңберінен шығып, философиялық-мәдени, әлеуметтік-психологиялық астарлы прецеденттік ұғымға айналды. Сондықтан мәңгүрт ұғымының алғашқы (мәтіндегі) мағынасынан бастап, қазіргі қоғамдағы рухани-әлеуметтік үрдіске сай даму барысын былайша көрсетуге болатын сияқты: жеке адамның өткенін, тегін, тіпті, атын ұмыттыру үшін қолданылатын қатал әрекеттің құрбаны – ол адамның ессіз, жадысыз тіршілік иесіне, малға жұмсайтын құлға айналуы, яғни мәңгүрттік – рухани-мәдени әлеуметтендіруге кері процесс – мәңгүрттікке айналдыру, кек алу, қорлау жолы, бұл өлімнен де сұмдық нәрсе – символикалық-мәдени байланыс ретінде өз тарихын, тілін, тегін ұмытушының түрі – бұл, белгілі бір ұлтты тобырға, санасыз көпшілікке айналдыру жолы, оны саяси билеудің, боданға айналдырудың құралы (оның нәтижесінде халық ұлттық тіл мен ділін ұмытып, тарих сахнасынан кері кетуі мүмкін) – ұлттың өз ішінде дәстүрін, тілін ұмытқандардың пайда болып, олардың басқа тілге, мәдениетке өтуі де мәңгүрт сөзімен беріледі қазіргі заманда дәстүрлі мәдениетті елдерді батыстық американдық өмір сүру дағдыларының, өнері мен музыкасының жаулап алу процесін де осы мәңгүрттікке айналдырудың жаңа қауіпті құралы деуге де болады.Дегенмен, мәңгүрт ұғымы – тіл арқылы дүние, болмыс жөніндегі пәлсапалық пайымдаудың, ғасырлар бойы жиған өмірлік тәжірибенің, ғасырлар ағымында қалыптасқан таным-түсініктің негізінде халықтың тілінде көрініс тауып, сол арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, жеткен рухани-мәдени ұғым. Демек, дүниені тану ой үлесінде жатқан құбылыс болғанымен, оның ұғым, пікір, ой елегінің жиынтығы ретінде тілде көрініс беруі, сөйтіп сол ұлттың күнделікті тіршілігі мен тұрмысындағы іс-әрекеттерінен көрініс табуы, пікір алысып, өзара қарым-қатынас жасайтын ұлттың тілімен тікелей байланысты.Тіл байлығын бұлайша зерттеудің қағидасының дәстүрлі тіл білімінен ерекшелігіне сай академик Ә.Қайдар зерттеушіні бұл арада «тіл тамыршысы» бола білуі керек деп санайды.Осы жұмыстардың нәтижесінде қазақ тілінің сөздік құрамында бар мәдени атаулардың және лингвомәдени мәні бар бірліктердің негізгі қоры біршама жинақталды деуге болады. Енді қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне және халықаралық мәдениетаралық коммуникация кеңістігіне шыққан ҚР-ның мемлекеттік мүддесіне сай қазақтың мәдени құндылықтарын басқа да ұлт өкілдеріне тиімді, әрі айқын танытып және үйрету үшін лингвоелтанымдық бағыттың да өрістеуі қажет. Осымен байланысты А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми-өндірістік жоспарларына сәйкес жүргізіліп жатқан іргелі зерттеулеріндегі олардың өзге ұлт тіліндегі баламасын, аударылымын салыстырмалы, салғастырмалы түрде анықтайтын лингвомәдени зерттеулер жобасы одан әрі кеңейіп, жалғасып, қазақ тілі лексикасының лингвоелтанымдық аспектілерін зерттеуге ұласуда. Осы арада лингвомәдениеттану мен лингвоелтану бағыттарының өзара тұтастығы мен айырмашылықтары да анықталады. Мысалы, антропоөзектік бағыттан тарайтын психолингвистика саласы арқылы қазаққа лайықты ұғымды қабылдау, тану, сезіну, тұшыну, ақпаратты жеткізу, тарату қабілеттеріндегі өзгешеліктер негізінде лингвомәдени бірліктердің тек бір ұлт танымына сәйкес тілдік санада таңбалану құбылысы анықталады. Соның нәтижесінде тек қазаққа ғана тән мәдени құндылықтардың адамзатқа тән мәдени құндылықтардан шегі ажыратылып, олардың тілдегі, мәтіндегі көріністері талданып көрсетіледі.Осымен байланысты уақыт пен кеңістік контексінде қоғамдағы тіл қызметінің тілді тұтынушының санасы мен әрекеті аясындағы, атап айтқанда, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде коммуникативтік қызметінің жоғары қоғамдық қолданысының ерекше көрінісі – газет прагматикасы. Бұл арада газет тілінің аясында адресант (журналист) – газет мәтіні – адресат (оқушы) байланысына ерекше мән беріліп, осы мақсаттағы прагматикалық пресуппозиция психолингивистикамен, социолингвистикамен ұштасады. Газет мәтініндегі астарлы, т.б. мәндермен астасып, жаңа экспрессивті бояуға ие болған сөздер (жаңа қазақ, билік, шенеунік, мәңгүрт, т.б.), жаңа сападағы имандылық мазмұнға ие болған діни лексика, жағымсыз бағалауыш лексика (жемқорлық, жымқыру т.б.), әртүрлі сөз құбылтулар мен жаңа қолданыстардың прагматикалық мәні жеке сөз шеңберінде емес, қазіргі қазақ газет мәтіндерінің тұтас жүйесінде анықталатыны соңғы зерттеулер барысында айқын көрінеді. Және газет мәтініндегі контекстік мағына негізінде қалыптасқан прагматикалық мағынаның бара-бара негізгі мағынаға да айналып кететінін де газет тілін зерттеу нақты көрсетеді. Мысалы, шенеунік, тұсаукесер, т.б. Қазақ тіл біліміндегі кешенді сипатта қарастырыла бастаған мәтін лингвистикасы тұрғысынан газет мәтінінің тілі соңғы зерттеулерде қазіргі қоғамда қарым-қатынас жасаудың, тәуелсіздік кезеңіндегі ұлттық сананы жаңғырту, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қоғамның барлық саласында қолданылуының тиімді де, ықпалды коммуникативті-прагматикалық құралы ретінде қарастырылуда. Антрополингвистикалық бағыттағы «ұлт пен тіл біртұтас» қағидасына сай зерттеу сипаты газет мәтіні прагматикасынан да айқын көрінеді. Мысалы, тақырыптардағы шешендік өнер мен мақал-мәтелдердің, тұрақты тіркестердің газет мәтінінде атқаратын прагматикалық қызметі қазіргі қазақ газеттерінің ерекшелігі ретінде бағаланады. Қазіргі қазақ тіл біліміндегі антрополингвистикалық парадигма шеңберіндегі «дүниені тілдік бейнелеудің» айшықты жүйесін тиімді зерттеудің кеңістігі – көркем мәтін. «Көркемдік әлемін» құратын бұл кеңістіктің ішіне ежелгі эпостық жырлар, ақын-жыраулар мен би-шешендер тіліндегі, т.б. тарихи-рухани көздердегі сөз кестелерінен бастап, қазіргі заман қаламгерлерінің шұрайлы да сырға толы тіл әлемі енеді. Ол көздерден тілдік деректерді тек жинақтап қоймай, оларды этномәдени сабақтастықта зерттеудің маңызы терең. Біріншіден, уақыт пен кеңістік контексіне сай әртүрлі әлеуметтік-тарихи кезеңдердегі белгілі бір этностық, иә ұлттық сипатта ұйысқан ұжым өкілдерінің айналадағы дүние туралы алуан түрлі сырын мифтік бағам-пайымын, наным-сенімін көрсететін тіл деректері, кейбір көне этномәдени сөзқолданыстары бүгінгі заманға халқымыздың бай ауыз әдебиеті мен көркем әдебиет мәтіндері арқылы келіп жеткені белгілі. Сондықтан зерттеу жұмыстарында көне мәтіндік тілдік деректер халқымыздың ұзақ этномәдени даму жолын танудың бір құралы, маңызды таным тетігі ретінде айқындалады. Екіншіден, бүкіл адам баласы үшін ақиқат, шындық болмыс біреу болғандықтан, ғаламның біртұтас бейнесі де әр басқа тілде сөйлейтін халықтар үшін біреу-ақ. Сөйтсе де, тіл иесінің ой-өрісіне, таным әлеміне байланысты әр тіл дүние ғаламның кеңістігін өзінше өреді, бөлшектеп атайды, бейнелеп суреттейді. Соның нәтижесінде белгілі бір тіл өкілі ойының жемісі оның өз тілінде бекіген ғалам бейнесіне сай құрылады. Осыған байланысты әр басқа халықтың (ұлттық, этностық) тілдеріндегі ғалам бейнесінің көріністерінде жалпы адамзатқа ортақ дүниеліктер де, сол тіл өкіліне ғана тән ұлттық нақыштар да кездесіп жататыны заңды құбылыс.Уақыт пен кеңістік контексіне сай креативті қолданыстағы тілдік деректердің мәдени-танымдық коннотациясында «тасаланған» мән-мағыналардың архетиптік мазмұн межесі ашылып, ұлттық біртұтасымдылық сипаты айқындалады (Р.Сыздық, Н.Уәли, т.б. еңбектерін қараңыз). Қазіргі тіл біліміндегі тілдің коммуникативтік әлеуетін зерттеуге кең өріс беретін мәтін лингвистикасы негізінде қазақ сөзінің шығармашылық әлеуеті мен контекстік қолданысын көрсететін көркем тілдің коммуникативтік қызметі жан-жақты ашылып, мәтін мазмұнындағы «ұлт пен тіл біртұтас» қағидасына сай жеке шығармашылық тілдің сан қырлы қоғамдық-әлеуметтік қызметін анықтауда «тілдік тұлға», «дискурс» теориялары тиімді қолданылады. Жеке тілдік тұлғаның шығармашылығы арқылы ұлт болмысының сипаты іспетті мәдени ақпараттарды қазіргі ұрпақтың қабылдап, игеруі көркем мәтінде бейнеленген мәдени мұраның танылуының тетігі оның коммуникативтік қызметімен тікелей байланысты. Міне, осы арада мәдениет игіліктерін өндіруші (сол кезеңдегі) мен тұтынушы (қазіргі кезеңдегі) арасындағы мәдениаралық жалғастырушы қызметті тіл ғылымы атқарады. Мысалы, нақты айтқанда, мәтін мазмұнында жалғастырушы мәнде суреттелген тарихи-мәдени феномен шығарманың көркем тілі арқылы оқушы танымынан орын алып, мәдени-тілдік коммуникация іске асады. Демек, көркем мәтіннің кестелі тілінің коммуникативтік қызметі оның ерекше танымдық аксиологиялық мәнінде. Тілдің қарым-қатынас құралы ретіндегі қызметін танымның ерекшеліктері мен тығыз байланыста, дүниетанымның да құралы деп қараудың мәні көркем тілдің мазмұндық жақтарын жоғарыда көрсетілген кешенді де сабақтастық сипатта қарастыру нәтижесінде айқын көрінеді. Соның ішінде поэзия тіліндегі тілдің шығармашылық мүмкіншілігі, эстетикалық қызметі, көркем құрылымы арқылы қазақ тілінің сөз байлығы, мазмұн мәнділігі, жұмсалымдық икемділігі негізіндегі коммуникативтік қызметінің сапасы жан-жақты ашылады. Бұл орайда тіл қызметі суреткер шеберлігімен астасып жатқан тілдік тұлға болмысымен ұштасады. Ақынның тұлғалық танымына сай қалам тезіне түскен сөз болмысы өзгеріп, құбылады. Негізгі сөздікте берілген мағынасынан басқа мәндерге ие болып, дағдыдан тыс қолданысқа түседі. Ақынның суреткерлік ой-өрісін, ерекшелігін жан-жақты да, терең таныту үшін оның тұтас шығармашылық тілін біртұтас күрделі жүйеде қарастыру сол ақынға тән дискурсты танытады. Мысалы, окказионал қолданыстар, авторлық көріктеу құралдары өзгеше эмоционалды экспрессивті лексика, символдар, т.б.Сонымен, мәтін теориясына сүйеніп, көркем тілдің тетігі мен табиғатын жекелеген көріктеу құралдары негізінде емес, қаламгердің шығарма мазмұнына арқау еткен тұлғалық мұратына сай құрайтын өрмегінде, яғни тұтас мәтіндік жүйеде зерттеу нәтижесі мынадай түйіндерге әкеледі: «Шығармалардың тілі арқылы жазушының «көркемдік әлемінде», иә ақынның көркемдік санасында қалыптасқан өзін қоршаған шындыққа, уақытқа деген қатынасын, түсінігін анықтауға болады. Суреткердің осындай тұлғалық тұжырымдамасы мен дүниені бейнелеуінің өзіндік «тілдік әлемін» ашып беру сөз құдіретінің, тілдің рухани әлеуметтік әлеуеті арқылы ғана іске аспақ. Осы адамтанымдық бағытта тілші ғалымдар тарапынан жүргізіліп жатқан, болашақта тереңдеп, кеңейе түсуге тиіс осы ғылыми өрісте Абайды түсіну, «Жұмекеннің жұмбағын», «Мұқағалидың феноменін», т.б. ашудың көкжиегі көрінетіндей. Сайып келгенде, тілді зерттеудегі қазіргі адамтанымдық (антрополингвистикалық) бағыт – қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін ұлықтайтын ұлттық әлеуетінің өміршеңдігінің, рухани ұлттұтастырушылығының этномәдени қызметін дәлелдеп, дәйектейтін кешенді жүйе.Қорыта айтқанда, қазіргі қазақ қоғамындағы маңызды, ерекше сипатқа ие болған ұлттық мүдделі мақсаттың бірі – халық рухын, оның өзекті арқауы – мәдениетті жаңғырту. Себебі, мәдениет адамның ақыл-ойы мен еңбегі жемісінің тізбектері, дәлірек айтқанда, «материалдық және рухани құндылықтар жүйесі» (Э.Тэйлор). Әрине, мәдениетті, рухани көріністерді бейнелейтін тіл, өнер, миф, өнер, дін және т.б. негізде құрылатын семиотикалық жүйе. Бірақ көшпенді мәдениетінде, қазақ мәдениетінде мәдениеттің таңбалық негіз, рәміздік жүйедегі ұлттың психологиясы, сакрализациясы негізінен, тіл арқылы сипатталады. Сондықтан мәдениеттің коммуникативтік, мұрагерлік табиғатына сәйкес оның ашық жүйе ретінде сақталуы, кейінгі ұрпаққа жетуі, жаңғыруы, танымы, игерілуі, жетілуі тіл арқылы іске асатынын қазіргі тіл білімінің антропоөзектік бағыттағы зерттеулерінде қарастыру – аса тиімді. 
 

Приложенные файлы

  • docx 15305950
    Размер файла: 39 kB Загрузок: 0

Добавить комментарий