E_1186_BA_1178_YTTY_K_1198_N


ЕҢ БАҚЫТТЫ КҮН

Көзін ашса таң әлі атпапты. Түндік тырсылдайды. Ық жақтағы боталы қоңыр інген жауыннан мазасы кетіп ыңырси береді. Осы оң жақ үзікті бір қалт еткенде жамап алатын. Шұрқ-шұрқ. Жауын жауса-ақ тамшы ағады. Астындағы текеметтің шеті дымданып қалыпты.
Атасы байғұс әлі қайратты. Демін қарашы. Өзінің дәу қара көрігіндей гүс-гүс етеді. Анау пысылдап ұйықтап жатқан енесі. Шүйкедей боп шалының жастығының қасына қисая салыпты. Ғұмыры ел құсап салған төсекке жатқанды білмейді. Түннін бір уағына дейін ұршық созып отырады да, әбден ұйқы меңдеген соң құлай кетеді. Шалының жанына барып та жатпайды. Я жастығының маңында, я аяқ жағында бүрісіп томпиып жатқаны. Таң ағарар-ағармастан тұрады. Қара құманын ұстап, үй сыртында әлденелерді айтып күбірлеп жүргені. Сосын үйге кіріп қолын қайта шайып, қараша інгеннің бауырына барады. Кішкентай жатаған інгеннің бауырынан жаулығы ағараңдап біразға дейін інгенімен жарыса күңіреніп тұрады. Сосын сыбдырсыз үйге кіреді. Одан кейін де қыбыр-қыбыр... Не істеп, не қойып жүргенін адам білмейді.
— Ене, жата беріңіз, мен тұрайын, — деген Торғынды:
— Жата бер, қалқам! Жұмысқа дейін бір ұйықтап оян, — деп қозғалтпайды.
Енесінің оянбағанына қарағанда таңның әлі алыс болғаны. Тағы аунап түсті. Ұйқысы құрғыр қайда кеткен. Кеше кештен бері көңілінде бір күбің бар... Мына жауынның ашылатын түрі жоқ. Су шағыр орақ дарытпай сорлатады ғой енді. Таң атқанша күн ашылмаса ертең жұмыс болар дейсің бе? Көмейіне шоқ құйылғырдың қақылдауын-ай! «Қақиық», «қақиық», «қақиық!» Жылап шақырып тұр ма, күліп шақырып тұр ма? Осы үйдің үзігіне қонған-ау! «Қақиық», «қақиық», «қақиық!» Мынау күліп шақырып тұр ғой. Басыла қалды. Ұшып кетті. Байғыздың күліп шақырғанын жақсылыққа жорып жатуші еді. Дәулеттен көптен бері хат жоқ. Әлгі бұжыр Сағит почтаға барып жүр дейсің бе? Почта торыны әкесінен қалған малдай Қызылтамның желкесіндегі жүлгеге тұсап жіберіп, бес-алты ешкісін кіш-кіштеп жүрген шығар. Елдің екі көзінің төрт болғанын не қылсын...
Қанша тың дегенмен, атасын да үлкендік жеңіп жүр. Тағы да бастығырылып жатыр. Кемпірі оянып кетті. «Шал-ай!», «Әй... шал...» «Уһ...», «уһ»... Алқынып қалыпты. Бәрі шаршағанның қырсығы. Шаршамай қайтсын, күні-түні тық-тық. Сексеуіл сап қара балға мен қара шалда мігір жоқ. Бұл күнде жөні тузу темір табыла ма, өңшең бір тот басқан ит жегір. Шағыр шап бергенде күрт-күрт сынып жатқаны. Орақ құтаймайды.
Қазан-аяқ жақ сылдырлады. Енесі тұрыпты. «Ишшеке-ай!» Көйлекшең шыққаны несі? Иығына жадағайын іліп шықса қайтеді екен? Есік сарт ете қалды. Торғын жастығына түсіп қалған жаулығын түзеп тартты.
— Келің менің кебісімді көрмедің бе?
— Кебеженің астында.
Енесі кебісін киіп қайта шығып кетті.
— Түу, қыл арқаны құрғыр су тисе өйістіп сіресіп қалады енді.
— Ене, тұра тұрыңыз, мен ашайын. Жауын басылып па?
— Жата бер. Сәл сіркіреп тұр.
Су түндік көне шаңырақтың кулдіреуіштерін сықырлата ауыр серпілді. Күлгін аспанның бір үзігі қылт етті. Таңның да атып қалғаны-ау. Салқын ауа төсекке лап қойды. Көрпесін қымтанып алды.
«Айналайын, жарығымнын малы-ай!» Қоңыр інген орнынан күңірене көтерілді. Көрші үйлердің сауын түйелері де ыңырана бастады. «Біссіміллә!» Қоңыр інгеннің желінінен шыққан алғашқы тамшылар темір шелектің түбіне тыз-тыз тамып жатыр.
Торғын төсегінен тұрды. Енді ұйықтап көктетпес. Тысқа шықты. Ауылдың алдында дөңкиіп-дөңкиіп жатқан қызыл шағылдар қонырайып көрінеді. Жауын басылыпты. Ауада аздаған дымқыл қалыпты. Көк те аршылып, қараңғыдан қалған күңгірт кірбің шегіністеп барады. Желке тұстағы аппақ шыңдар жауыннан әрі қашып, таңғы буалдырдың арасынан еміс-еміс бозарады. Ауыл енді-енді оянып келеді. Кемпір жағы тұрып, түйе саууға кірісіпті. Жұмысқа шығатындар әлі ұйқыда. Торғын жамылып шыққан бешпетінің өңірін қымқыра ұстап ауылдың сыртындағы қалың шиге беттеді. Шиде де, ауылдан анадай жердегі қалың құрақта да үн жоқ. Бәрі іштен тынып тұр. Бригадир Берденнін қаракер аты әлі шидің ішінде жайылып жүр. Тым ерте тұрыпты. Күнде желімше жабысып алатын таң ұйқысы бүгін оңай серпілді. Құмақ топырақ су тиіп жентектеліп қалған. Әлі пісе қоймаған көк балауса ши түнгі жаңбырда тозаңынан арылып, ақжем ашылыпты. Ауадағы ақырғы тамшыларды ықтыра ескен баяу лепке сақалын тарайды.
Торғын үйге қайтып кірсе, атасы да тұрған екен. Қазір атқа қонып бір жаққа жүріп кететіндей қонышы қара санына жететін саптама етігін киіп жатыр. Шық-шыламды жақтырмайды. Отты үйге жағу керек шығар. Түйенің жабуының астындағы тезекке су өтпепті. Шырақтай маздайды. Атасы енді қылаулана бастаған бұйра сақалын қышырлата уыстап төрде отыр. Енесі әлі қазан-аяқ жақта күйбеңдеп жүр. Қайың күбі шелектің қақпағын ашып қалып еді, қымыран боп ашып тұрған шүбат иісі мұрын жара аңқып кетті. Үстіне жаңа сауылған сүтті қүя салды да, аяқ қаптан сырлы ожауды алып, былғап-былғап қойып, о да отырды. Үшеуінде де үн жоқ. Атасы ойланып отыр, сақалының ұшын көп салалап кетіпті. Құйрығы қызарып тұрған ала көзін мосының астындағы отқа тігіпті. Өзі жасаған бүиірлі қара шәйнек енді-енді пысылдап келеді. Түбін қайта түптейтін. Кемпірі қазанның да түбі жұқарды деп жүр. Осы үйдің ыдыс-аяғынан тесілмегені, кетілмегені қалды ма екен? Тозбай қайтсын, бес жылға айналып барады, жаңадан қосылған ештеңе жоң. Қашанғы шыдасын!
Енесі оттың бір шетіне бөксесін тығып тұрған қара құманды суырып алды да қолын жуа бастады. Нені ұстаса да алдында бір, артынан бір қолын шайып алмаса, көңілі көншімейді.
— Келін, шәйнегің тасып кетті.
Дүкенге соқпағалы да біраз болыпты. Шай салатын көк қалтаның тек түбі ғана бұлтияды. Шай сандықтан атауыз алып сарсу сындырды. Оны екі шөкім қып үйіп, біреуін атасының екіншісін енесінің алдына қойды.
Шәй үсті де үнсіз. Құла судың қылқ-қылқ құлағанынан басқа дыбыс жоқ.
Бұл үйдің есігін бүгін ең бірінші аттаған Сақан болды. Сақан қоңқақ мұрын қара бала. Беті-ауызы ылғи сортаң жердей жалақ-жалақ болады да жүреді.
— Әй, қатын, әрі отыршы,— деп жер жетпегендей қыстырыла отырды. Сосын шайын үнсіз сораптап отырған атасына тіл қатты.
— Көке, жасап берем деп алып, әлі жүрсіз бе?
Өзі осы үйдің бес-алты атадан қосылатын жамағайыны. Сонысын бұлдап шолжың сөйлейді. Атасы ауызына енді апара берген шыны аяғын ерініне жеткізе бере іркіп қалды.
— Бүгін түзетіп берсем, ертен бүлдіріп әкелесің. Саған не түтетін еді.
Сақан кіржіңдеп, алдына барған шыны аяқты еріне көтерді. Атасы онша шайқұмар емес. Шай аяғын ерте төңкерді. Енесі уақ сарсудың шетінен шекіп тістеп қойып, әлі ішіп отыр. Түнде сүр жеп жатып, шөл шыққан кісіше көзінің маңайы дымдана бастапты. Сақан сарсу салған қалтаның түбіндегі ірімшіктің уағын шеңгелін толтыра көсіп алып, шай табақтың бетіне шашып жіберді. Пырт-пырт күйсеп ол да отыр. Мыс құрсаулы дүмше құманның шайы сұйылып барады. Атасы кемпірі мен Сақанның шамалы уақытта шыны аяқтан бас көтеретін сыңайлары жоғын байқап, бір өзі ғана қол жайып бата қылды да тысқа шығып кетті. Сақанның иығынан тартып:
— Шайыңды ішіп болған соң маған кел, — деп кетті.
Сақан әлі қыртыстанып отырған. Үндемеді.
Ұстахана жақтан бригадир Берденнің даусы шықты.
— Шал, бүгін шөп кепкенше жұрттың орағын бір-бір қарап шығарсың.
Ұстахана — қасында арбаның қаусап қалған бірер доңғалағы жатқан жермешел үй. Маңына қараң-құраң адам жиылып қалса керек, сәлемдескен дауыстар шығады.
Дастархан жинала бастағанда енесі шаңыраққа қарады. Көптен қайта тігілмеген үйдің уығы бұратылып, шаңырағы маңдайша жаққа қисайып, итініп кетіпті. Жұмыс түс қайтқанға қалса, қайта тігіп алатын. Құрымын сыпырған жалғыз бұлар ғана емес екен. Біраз үйдің қаңқасы жалаңаштанып қалыпты. Қайтсын, осындай бір орайы келгенде болмаса, үйге қарауға мұрша бар ма?
Сүйегі тоза бастаған үйдің ағашына қайдағы бір құрт-құмырсқаның бәрі үйір. Енесі соларды бездірмек больш, керолин бе, у дәрі ме — құя беріпті. Көзді ашытып барады. Қоқыр-соқырдың көбі-ай. Қазір ештеңе емес қой. Көшкенде қайда сиғызарыңды білмейсің. Мына бір шөп машинасының тіс-тіс темірінің не керегі болды екен? Енесі ғой, ұстахананың маңында жатқан темір болса, үйге тасиды. Атасы осыларды таба алмай маңайын түгел қорс қылып, шай іше үйге келгенде, босағада жатқан темірді көріп, кемпіріне алая бір қарап қояды. Үндемейді. ұстаханасына кетерде қолтығына қыса кетеді. Мына темірді де таба алмай басы қатқан шығар.
Атасы шикі кірпіштен салынған ескі үйдің жанында әлденені тықытып жатыр. Ауылдың аз ғана еркегі соның қасында. Біреуі орақ қайрап, біреуі косогон жөндеп, шалға қолғабыс етуде. Әлгі Сақан кетіп қалған жоқ па? Шаңырақ көтертіп алатын еді. Ә, әне өзі де келеді. Темір флягалар арқан қоя ма? Тағы да жіп сұрайтын болар.
— Шырақ, мына шаңырақты көтерісіп жіберші. Сақанда не күш болсын. Бақанды бұралаңдатып зорға ұстап тұр. Шаңырақ шайқалақтай береді. Уықтың қаламынан қалам қалмайтыны осындайдан ғой.
Жүктің астына керегеге шырматылып күн көрмеген ақ тамыр шөп өсіпті. Жұрт ескіре бастаған.
— Бар, жүре бер, шырақ. Жолыңнан қалма. Ендігісін өзіміз де бірдеңе қылармыз.
Ұстахананың қасында тұрғандар ду күлді. Сақанға күліп жатыр. Жырық мұрын сары атан бақ-бақ етіп, маңына жолатпайды.
Сақан құлағына дейін қызарып, түтігіп кетіпті. Шықпыртып жүр. Жұрт та қызық-ау. Сәл қолдары босап кетсе, іштері пысып, кеу-кеулеп желіге жөнеледі. Несіне күледі екен? Байғұс бала ашушаң. Енді осыдан сонау асу кезеңге дейін зар желдіреді.
Даусы оқшау шығып тұрған Берден бригадир. Сол-ақ жетіседі де жүреді. Жанына жуып кеткенді кекеп-мұқап тұрмаса басы ауырады. Соғыстан бұрын май тасып жүргенінде екі ауылдың арасында түйесі ауып, еңкілдеп жылап тұрады деуші еді.
Енді міне, қаршадай Сақанға:
— Жатқан түйеге міне алмайтын шажырқай атаңның аузын!— деп кеңк-кеңк етеді.
Бір кішкене баланікі болу керек, тылтиған құрақ телпекті маңдайына шоқитып қойыпты. Томпақ көзінен жас ағады. Быртық алақанымен тізесін шапақтайды. Бері қарады. Көзі бір түссе, қадала қалатыны бар. Атасынан ұятты.
Торғын туырлықтың бауын тартқылап үйді айналып кетті. Жауыннан кейінгі ащы күн айбатын енді шығарып келеді. Жауырынын күйдіріп барады. Көк желкесіне тер құйылды. Үйдің киізін тез жауып алмаса, мына күн қазір-ақ қуырып жіберетін. Енесі байғұс та пыс-пыс етеді. Томашадай болып ап, шаршамайды өзі.
— Әй, қатын бол, тездет күн ысып барады. Берден үй тігіп жатқан әйеліне анадайдан айқайлап әмір беріп тұр. Оған орақ тұмсық қара қатын қайдан қыңа қойсын.
— Қу шешек шыққар, сені сол жерге тұсап қойған шығар,— деп бір баж етті. Шылапшын ба бірдеңе құлап қаңғырлай жөнелді.
Торғын мырс етіп күліп қойды. Берден ақсақ аяғы құмақ топыраққа батып шығып-батып шығып, үйіне беттеді. Қара қатын оны қуырар әлі.
Ұстахананың маңындағы тық-тық әлі тиылған жоқ. Туырлық пен үзік тегіс салынып болды. Түндік байғұс та іріп тұр екен ғой. Кенеп пе, ескі жабудың жұрнағы ма — жапсыра-жапсыра, зіл батпан боп қалыпты. Зорға көтертті. Үйдің іші тозаңытып кетті. Қазір құдықтан мұздай су әкеліп шашпаса, бас сауғалатар емес, қапырық.
Метейді арқалап, шелегін қарына іліп суға беттеді. Топыраққа түскен түнгі ылғал кеуіп те үлгерген. Ауада тынысыңды ауырлатқан бір күңірсік бу бар. Құрақтың желбірек мұрттары сарғайып қалыпты. Бұдан әрі қатып кетсе қайран жоқ. Бүгін шөп машинасын осы қалың құраққа салатын шығар.
Түні бойы емін-еркін жайылған аттар, түйелер құдық басына енді-енді келе бастапты.
— Ә, жамалдатқыр! Ә, құлағыңды...
Әлдекім шаңқ-шанқ етеді. Берденнің дауысы. Анау қызыл мая сол үйдікі. Орақ тұмсық қатын түйе суарып келуге жұмсаған ғой. Әбден қара терге түсіпті. Кеңсірігі шегіп кеткен батық мұрыны шу-шу етеді.
— Ә, құрдас, сенбісің? Кел толтырып берейін... Қауғаны астауға сырғытып жіберіп, әйкелде талтайып тұрып алды. Көзі күлің-күлің. Мұрынының астындағы суағар маңы мақұрым қалып, езулете біткен төрт-бес талдың бәрі тікірейіп кеткен.
Торғын ығы-жығы түйе мен аттың арасынан зорға өтіп, әйкелдің түбіне барып, арқасындағы метейін түсірді.
Берден астауға ентелеген жылқы мен түйеге шаңқ етіп ақырып қойып, қауғасын астауға сарықпай, қалғанын Торғынның шелегіне құяды. Торғын метейін толтырып болғанша жалпып сөйлеп тұр.
— Әй, құрдас-ай, маңайлатпайсың-ау.
— Менің маңайлатпағаным ештеңе емес, бұл пиғылыңды білсе сіздің үйдегі құрдас есіктен қаратпай қояр.
Торғын метейге үңілген ңалпы үнсіз жымиды. Берден зірк-зірк күледі.
— Ішіңді ұрайын, қатын жолатпаса, езің құсаған құрдас бар, жерде қалмаспыз... Әй, тәйіт... О, бұ жайрағырларын суармай иелері қайда жүр?
Торғын метейі толған соң тығындап жатыр еді. Сауырына сарт ете қалды. Қараса — Берден әйкелден түсіпті. Бүның сауырын сипалай береді. Ыржың-ыржың.
— Тек әрі.
Торғын зілдене жымиды да, метейін арқасына салып жүріп кетті.
— Ой, жайрағыр, о аусыл келгір! Берденнің даусына бір ызалы діріл кіріпті.
Осы біреудің осындайы бар енді. Шөп басында да маңайынан кетпейді. Қара қатын байғұс қанша шабалаңдаса да қояр емес. Енесінің де естіміші бар білем. Берденнің дауысын естігеннен-ақ тыржыңдап қалады. Әсіресе, Сақанның күйіп-піскені қызық. Әне бір жолы ат тырмамен шөп жинап жүріп, шөлдеген соң шөмелеші әйелдерге келген. Сол араға Берден де дік ете қалды. Келген бойда Торғыннан шалап ішіп отырған Сақанға тиісе кетті.
— Әй, балшыққа батқыр, бар шөпті күнге қуратып, мұнда не ғып отырсың?
Сақан сырлы зереңнің бір пұшпағынан сыңар көзін алартты. Ішіп болғанша үндеген жоқ. Ауызының айналасындағы шалаптан қалған ақ тандақ ізді жеңіне сүртті. Берденнің бетіне сосын барып қарады. Зілдене қарады.
— Әй, атаңның аузын, сүзетін бұқадай...
— Тарт тіліңді.
— Мына жаманды қара.
Құмақта талтайып отырған Сақанның қалай атып тұрғанын ешкім байқай да алмай қалды.
Бала Берденнің омырауына жабысып, қадалыпты да қалыпты. Қапелімде не істерін білмей сасқалақтап қалған Берден әйелдердің тұрғанын көріп, намыстанып кетті. Қолындағы шолақ қамшымен Сақанның иығынан тартып өтті. Бала бақырып жіберді. Торғын шыдай алмады. Жүгіріп барып, Берденнің қамшысын жұлып алды. Әйелдер де шу ете қалды.
— Сын тимеске сын тиіп құтыруын.
— Жетім-жесірді сабасын деп қалдырған шығар сені мұнда.
— Доңыз...
Берден атына ырғып мінді де, шөп маялап жатқандар жаққа шаба жөнелді.
Сақан да қырыс. Сол күні, ертесіне жұмысқа шықпай жатып алды. Атасынан қорқып Берден де соқпады. Сақаннан құтылмақ боп, аттырманы басқа біреуге беріп, оны сиыр ауыл мен жылқы ауылдан айран, қымыз тасуға бөлді. Сақан сиыр ауылға кетіп бара жатып та шөмелеші әйелдерге бір соғып өтеді. Ол маңайдан Берден көрінбесе жымың ете қалады.
Торғын қайнысының шыж-быж боп бұны қызғанғанын қызық көреді.
Апырай, мына күннің күюін-ай. Бүгін пішенші байғұстың тілі ауызына симайды ғой. Топырақ қайнап кетіпті, Бас сауғалатар көлеңке де болмас. Аспан ашқарақтың алдынан қайтқан табаңтай тап-таза. Бір жағы тау, бір жағы шағыл құм тар қамашау түтеп тұр. Енесі белдеу арқан ширатып алам деп отыр еді, анау тізіліп тұрғандар арқан ширатып тұрған қатындар-ау. Есіктін алды абыр-сабыр. Беу, біріне-бірі мінгескен берекесіз пішенші ауыл-ай. Бірінің іргесінен бірі қарап отыратындай боп ретсіз қоныпты. Әне бір үйдің қалқалап көрсетпеуін. Еркектер де жүр ме өзі?
— Жеңеше, сүйінші, сүйінші.
Мына бала не дейді. Қызылтанау боп жүгіріп келеді ғой өзі. Дәулет келіп жүрмесін...
Ә, әне екі-үш атты кеп түсті.
Өкпесі өшіп бұ да жетті-ау. Арқасын метей соғып тастапты. Енесінің мойнынан құшақтап ап, жабысып айырылмай жүрген әне біреуі кім? Ауыл советтің хатшысы Баламан ба? Ол немене айтты екен?
— Әй, балаң мында...
Атасының дауысы. Жалт қарады. Атасы мойнына асылған Дәулетті көкірегінен ажыратып жатыр.
— Бар, бар. Шешеңе бар. О байғұс әне адасып кетті. Бара сала Баламанды құшақтай алғаны несі доңыздың!
Байғұс кемпір жасты көзбен баласының қайсысы екенін де ажырата алмапты. Дәулеттің кеудесіне барып сылқ құлады. Дауысы да шықпай қалыпты. Енесіне ілескен осы ауылдын қатын-қалашы да тегіс көзін сулапты. Азғантай еркектің ортасында состиып атасы тұр. Кемпірі мен баласы жаққа қадала қалғаны болмаса, тұрысы мығым.
Дәулет анасын сүйеп үйге беттеді. Есік алдында тұрған жұрт та топырласып кіріп жатыр. Кіре алмай қалғаны есіктен ентелейді. Торғын үйдің оң жағына барып, белдеу арқаннан ұстап тұрып, үнсіз көзін сығып алды. Сосын жаулығының ұшымен жасын сүртіп, ошақ басына кетті.
Өне бойын күйе басып қарайып кеткен үш бұт мосы, енді-енді шоқтана бастаған оттағы тезек — бәрі де су астындағы дүниедей бұлдырап көрінеді. Шәйнегін таба алмай жүр еді, көрші әйел ішіне су толтырып, үйден алып шығып келеді екен. Қалған қатындар да қолғабыс жасамақ боп, ошақ басына беттеді. Не істеп, не қойып жүргеннін өзі де білмейді. Әлдекім оң қарынан тартты. — Торғын, үйге бар. Шайды өзің құйып берсейші. Бұл кіргенде үйдің іші ығы-жығы. Төрде, атасының төңірегінде осы ауылдың шалдары. Қалған еркек олардан төмен, Дәулеттің маңында. Екі-үш кемпір ошақ жақтағы кебеженің алдында әлі есін жия алмай отырған енесін ортаға алыпты. Екі-үш әйел дастарқан жайып, пішенші ауылдың кебежелерінде қалған ірімшік-құртты табаққа сап әкеліп, ортаға төгіп жатыр.
Торғын шай сандығының қасына барып отырды. Дастарқанға шай аяқтар да құрылып үлгеріпті. Бір әйел шылапшын тола шоқ алып кірді. Әлдекімдер бұл шай құйған шыны аяқтарды төр жаққа жып-жып алып беріп жатыр. Торғын төңірегіне көз салған жоқ. Шыны аяқтардың қалай келіп, қалай кетіп жатқанынан басқа ештеңе көріп те отырған жоқ.
Жабыр-жұбыр әңгіме бар. Жұрттың ауызы бір сәт тыйылған емес. Бірақ, мынау құрымы шыққан бес қанат үйдің ішінде не айтылса да, ешқайсысы Торғынның құлағына дарымай ауада қалқып жүр.
Торғын жұрттың шайды қанша ішкенінен де бейхабар. Әйтеуір бір уақытта алдына төңкерулі аяқтар келе бастады. Оларды дастарқанның екінші басындағы бір әйел шайып, сүртіп жиып жатыр. Дастарқан да жиылды. Бірақ, ешкім сыртқа шыққан жоқ. Торғын шоқ салынған шылапшынды алып сыртқа шықты. Табалдырыққа жете бере төрдегі шалдардан төмен көзін салып еді, көк сұр киінген Дәулетті байқады, бет-алды темекінің түтіні басып буалдырланып тұр екен. Жүзін де дұрыс көре алмады.
Сыртқа шығып, шылапшындағы күлді төкті. Ошақ басында қараң-құраң әйел көп. Бір кемпір бояуы түскен қожалақ табаққа кебеженің түбінде көп жатып серейіп қалған төрт-бес жілікті суға малшып отыр. Жаңа ғана бұл арқалап келген метей босап қапты. Бір әйел соны арқасына салып құдыққа барғалы жатыр. Ошақ басындағы үйінді тезектің де бүйірі суалып, жермен-жексен боп қапты. Торғын қолына қап алды. Ауылдың сыртына беттеді.
Қалың шиді қақ жарып, ентелей басады. Әлі уыз иісі кетіп, буыны қата қоймаған көк ши күлте шашағымен біресе омырауын сипап, біресе жеңін жалап қалады. Аяғының астында кеберсіп жатқан сортаң топырақ, басқан сайын күрт-күрт күйрейді. Тұсаулы аттар да сирей бастады. Ойдым-ойдым ашық көбейді. Алдына да, артына да жөнді көз тастап келе жатқан Торғын жоқ. Қолы талған соң, қапты екінші иығына аударып салды. Ши бітті. Әр жерде біріне-бірі басын тығып, ұйлыға өскен жыңғылдарды көрді. Ауылдың сыртындағы айдын сорға келіп тіреліпті. Сорда тезек қайдан болсын. Сортаң мен ши астасқан жиекті жағалап, күн батыс жақтағы сәңкиген ақ тұмсыққа беттеді. Ақ тұмсықтың іргесі құмақ. Жайылыс. Тезек болса сонда болады. Шамалы жердегі тезекті қызыл шағылды етектей бір жұрттан бір жұртқа жылжып қонып келе жатқан пішенші ауылдың балашағасы әлдеқашан теріп алған.
Ақ түмсықтың өкпе түсы ақ шаңдақ. Пішенші ауыл-дың бір топ түйесі осында келіпті. Ерен-серең төрт аяғын қапталына созып, көлбеп жатқан бір түйе. Әне біреуі үй-елеп қала жаздады. Аяғын әрі сереңдетіп, бері се-реңдетіп, зорға тұрды. Торғын иығынан қабын алды. Осы жердін өзінен-ақ толатын болды.
Ақ шаңдақта аунап жатқан көп түйе орындарынан тұрып, сортаңға беттеді. Ыстық та қайтып қалған екен. Күннің көзі біраз жерге барыпты.
Торғын ауыл жаққа қарады. Үй-үйдің алдынан атып-атып түйелер тұра бастапты. Екеу-екеуден мінгесіп алған пішеншілер. Ауылдың қасындағы қалың құраққа қарай аяңдасты. Жұмысқа шығатын уақыттың болып қалғаны ғой. Торғын жерге асыға еңкейді.
Құмаққа жете бергенде таудың үңгірінде жатып-жатып, салқын түсе өріске шыққан бір үйір қара қүйрық бұның алдын кесіп өтті. Текесі селтиіп тұра қалды. Соңындағы үйірі де елең етті. Анадай жерде екі атты кетіп барады екен. Біреуі — Баламан. Қасындағы Берден мініп жүрген қара кер ат. Үстіндегісі кім болғаны? Сақан ба? Дәулеттің келгені енді есіне түсті. Атасы Сақанды колхоз орталығына жұмсап жіберген ғой.
Торғын қабын иығына салып ауылға беттеді. Біраз жерге ұзап кетіпті. Ыстық қайтқанмен құмақ қайнап тұр. Атасы әр жерінен таспамен шандыған жеңіл шарығының арасынан ып-ыстық құм кіріп, күйдіріп барады. Анау қалың шидің пұшпағына іліксе бір...
Шидің іші құмақтай емес, салқың. Тау жақтан леп бар. Шилердің күлте мұрты жабыр-жабыр етеді. Тал түсте күшін жойып алатын көк исі де енді-енді қайта тіріле бастапты. Аспанның манағы әлем тапырық түсі қайтып, әңі түзеліп келеді. Терістік жиегінен басталған ніл көк ағын бірте-бірте мол жайылып, түстікке беттеп барады.
Торғын асығып келеді. Жұрт болса жұмысқа кетті. Үйі енді босаған шығар. Дәулеттің өңін дұрыстап көріп, тілдесетін шақ та осы. Осыдан барған соң, иығындағы қапты ошақтың басына итере салып, үйге кіріп барады. Бірақ, атасы мен енесі үйде боп шығады ғой. Олар әрине үйде. Жаңғыз балаларын өліп-талып бүгін көріп отырғанда қайда шықсын. Сөзге сараң атасы сол баяғы бұйра сақалын қышыр-қышыр ширатқан қалпы. Есін енді жиған енесі шалынан ығып, кебеженің алдында үнсіз егіліп отыр. Әкесі мен шешесінің мінездеріне қанық Дәулет те ештеңе деместен темекісін сораптай береді. Әзі жоқта ауылда болған жаңалықтарды ойша сауалдап, шаңыраққа қарап ойланған қалпы. Үшеуі де айтылар, сұралардың бәрін көмейге қамап, айтпай ұғысып, осылай үн-түнсіз бір ай отырса да пейіл.
Бұл барғанда атасы үйде болмағай да. Онда Дәулет Торғынның ең болмаса хал-жағдайын сұрар еді. Бұл жылап жіберіп жүрмес пе екен. Ана жылы майданға шығарып салғанда, атасынан қаймығып жылай да алмаған. Тамағына тығылған ащы жас көкірегін кеулеп, үш-төрт күнге дейін аузын ашса, өксіп-өксіп қалып жүрді.
Дәулет қазір қандай боды екен? Соғысқа аттандырған күні колхоз орталығы ығы-жығы адам. Бір шетте бұл төртеуі. Ат үстіндегі Дәулет бұларға жалтақ-жалтақ қарай береді. Әншейінде арсы-күрсі жігіт монтиған да қалған. Жүретіндер қалаға қарай бет алғанда, қалың нөпірге о да ілесті. Көп аттыға жете беріп, кеңсенің қасында қалқиып-қалқиып қала берген бұл үшеуіне қарап еді, бағанадан бері зорға шыдап тұрған анасының дауысы шығып кетті. Дәулет мойнын бұрып ап, атын тартып қалып, қалың аттыны кеуделей, ілгері озды...
Ауылға келіп қалыпты. Ұстахананың қасында қара-құраң бар. Атасы үйде емес екен.
Торғын арқасындағы қапты ошақ басына тастай салды. Қаппен бірге иығына сусып түскен орамалын қағып қайта тартты. Жаулығының ұшын бір қолымен кеудесі-не қысып, сықырлауық есікті ашты.
Үйде енесі жалғыз. Табаққа бидай салып ап, тасын тазартып отыр. Бағанағы жайылған төсек жиылмаған. Керегеге ілген қамшы, бас киім көрінбейді. Жұрттың бәрі тарағанға үңсайды.
— Келің диірмен тартпасақ, елілерге иіс қылатын үн да қалмапты.
Диірменін ауық-ауық кідіртіп, Ұстахана жаққа қүла-ғын тосады. Әне бір жуан дауыс — Дәулет. Не айтып отырғаны анық естілмейді. Әкесіне жәрдемдеспекші боп ұстаханаға барған екен, ауылда қалған шал-шабыр, бала-шаға ілесе барып, әр нәрсені бір сұрап жатыр.
Сырттан бота көздеп жүрген енесі кірді. Диірменін безілдете жөнелді. Екі тастың арасынан ақтарылған ақ ұнтақ молая түсті...
Диірменін қағып, түскен ұнды қалтаға салып жатыр еді, енесі кілтін сыңғыратып абажадай темір сандығын ашты. Ішінен Торғынға көйлек ап тастады. Былтыр атасы ұзатқан қызына барғанда беріп жіберген көйлегі. Өрнегі ұсақ ақ шыт кейлек. Енесі сандығына үңіліп жатқанда, жинаулы көрпелердің астына тығып қойған айнаның сынығын ап үділді. Өңі жаңа көйлек киген соң жасарып, жұмсарып кеткен.
Сыртқа шықса күн кешкіріп қалыпты. Ошақ басына барып өртеп от жақты. Жер ошаққа қазан асып, үйге қайтып келе жатып, ұстахана жаққа қарап еді, Дәулеттің аузына аңырған бала-шаға, бір-екі шал, кесек үйге арқасын тіреп, ұршық иіріп отырған төрт-бес кемпір — бәрі де көлеңдеп шыға келген бұны көздері жеп барады.
Енесі майға нан пісірді. Торғын нан иледі, шелпек жазды. Ымырт түсе пішеншілер жұмыстан қайтты. Енесі үй-үйге кіріп, құдайы нан таратты. Жұрт шайларын ішіп болған соң, тағы да бұл үйге келіп, біраз уақ Дәулетпен сөйлесіп отырды. Түн орталай олар да тарасты.
Қазан аяқ жақтағы мұржасыз шамның сығырайған күңгірт жарығында төртеуден-төртеу өздері қалды. Ешқайсысында үн жоқ. Тек енесі ғана кебежесін бір ашып, бір жауып күйбең-күйбең. Төрде мізбақпай тіп-тік отырған атасы кенет есінеп, маңдайын сипап:
— Шүкір алла, бергеніңе,— деп қойды.
Үйдің іші тым күңгірт болғандықтан ба Дәулеттің өңі қарауытып көрінеді. Баяғы монтиған толықша бала жігіт емес. Сүйек бітімі анық білініп, ысылып, тартылып кеткен. Шықшыттанып, бет алды да бұрынғы ұяңдықтан арылған.
— Торғын, құманыңда жылы су бар ма? Аяғымды жуып алайын,— деді солдаттың сыптима шалбарының белтірлігін шешіп.
— Бар...
Торғынның даусы бәсең шықты. Тіпті өзіне еріні күбірлегенмен дауысы шықпағандай боп көрінді. Дәулеттің ауызынан өзінің атын төрт жылдан бері бірінші рет естіп отыр. Шайы әлі сарқылмаған қара шәйнекті буын-буыны қалтырап зорға көтерді. Күлдің арғы басындағы қара құманды ап, орта жерін толтырды.
Үйдің оң жақ босағасында астына келі қойып Дәулет отыр. Тізесіне дейін түрген оң жақ балтырынан есіктен түскен шамның қызғылт сәулесі бір қарыстай ұзынша тыртықты ап-айқын көрсетті. Торғынның көкірегі сыздап кеткендей болды. Оқ ізі.
Дәулет байсалды қалпы. Қара құманнан шүмектей құйылған жылы судың астына аяғын рахаттана тосады.
Төсек кемпір-шалға үйге, Дәулет екеуіне үйдің көлеңке бетіне сыртқа салынды.
Торғын түндік жауып жүріп, атасы мен енесінің әңгімелесіп жатқанын естіді.
— Сақанның сұрағанына бере қойса жарар еді. Ел-жұртқа хабар айту да керек,— дейді енесі.
Сақан колхоз орталығына той жабдығымен кеткен болды-ау.
— Қойшы енді, кемпір. Құдай жеткізді деген осы,— дейді атасы.
Торғын төсегіне келіп жатты. Бүгін аспан тым быжынап тұр. Оқтын-оқтын от саулатып жұлдыз ағады.
Тау жақта әлдеқандай бір құс үсті-үстіне шықылықтай береді. Жайылып жүрген мал болу керек, үй іргесіндегі шидің арасында тым-тырыс түнде анық естілетін сыбдыр-сыбыс көп.
Торғын көрпесін қымтана түсті. Дір-дір еткен жасқаншақ қол иығын сипады. Торғынның алқымына жас тығылды. Орнынан аударылып түсті. Сол бір солдат махоркасы мен ащы тер иісі аңқыған ыстық көкірекке сіңіп барады.
Шаңдақтағы қараша інген бырт-бырт күйсегенін қоя қойып, ботасына еміренді. Көрші үйлерде жұмыстан шаршап қайтқан пішеншілер қорылдайды.
Ауыл алаңсыз ұйқыға кетті.
ГАЛСТУК САТУШЫ ҚЫЗ ТУРАЛЫ ХИКАЯ
Авторы: Әбіш Кекілбаев
Уақыты: 2009-09-23
Жұмыстың аяғына таман асығып-үсігетін Ажардын күндегі әдеті.
Бүгін түс қайта бөліміне соңғы сәндегі галстук түсіп халыққа жер қайысып кетті. Жан-жақтан көңірдектерін созып жалақтаған жұрттың у-дуына құлағы түнып, чек қағазы мен галстуктерге алма-кезек үңілемін деп-ақ мойыны ауырып қалды. Күйеуі мен жігіттерін бір қуантып тастағысы келіп жанталасқан қыз-келіншектер мен қаланың сылқым жігіттері галстуктен галстук қоймай таңдап, мынасын емес, анасын алып бер деп, онысын алып берсең, оған да көңілдері бітпей басқасын сұрап әбден басын қатырды. Директор апайға анада басқа бір бөлімге ауыстыра көріңіз деп өтініп еді, о да созбидаға салып барады.
Уһ! Қарғыс атқан галстуктар да таусылды-ау әйтеуір. Енді жұрт аяғы сиреді. Құр қалғандар құдды осының қырсығынан құр қалғандай бұл жаққа алая қарап ап, есікке қарай ойысты. Сылқым жігіттер жаңа ғана бұған «қарындас, қарындас»,— деп шығарға жандары басқа боп, жылмаңдап, елпілдесіп жатыр еді, енді көздеріне де ілмей «бишара сәудегер қыз» жаққа қолдарын самарқау сілтей сап, теңселе басып аулақ кетісті. Туфлилері сықыр-сықыр етіп сыздана басады.
Ажар осындай басқанынан жер ойылатын мырзасымақтарды көрсе зығырданы қайнайды-ақ. Бірақ амалы қанша. Күні бойы алдына ондайлардың талайы келіп, талайы кетеді. Сәлем де жоқ, сауқат та жоқ, тапап кететіндей жайма шыныға кеуделей кеп тоқтап, галстук ілінген айналма шеңберлерді бірер сырғытып өтіп, басқа бөлімдер жаққа кердеңдей жөнеледі.
Мұның қарсы алдында көйлек сататын бөлім бар. Онда Ақмарал дейтін қыз істейді. Директор апай оны көйлегінен жігіті көп қыз деп әзілдейді. Сатуда өліп-өшетіндей оңды көйлек болсын-болмасын алдынан адам шықпайды. Көбі бұған келгенде сүзеген бұқадай көздерін көтермейтін әлгі сылқым сергелдең-байлар Ақмаралға жандары қалмай, анадайдан бастарын изеп, олары аз болғандай «сәлеметсіз бе, есенсіз бенің» астына алып, емешектері үзіліп шыбындап қалады.
Галстуктен күдерін үзгендер енді соның бөліміне барып топылыпты. Ажар сөренің түбіндегі орындығына кеп отырды. Сағатына қарап еді, жұмыс аяғы жақын екен. Терезеден көрінетін автобус аялдамасында қазірдің өзінде-ақ ине шанжар жер жоқ. Ілгергі автобустардың біріне ілікпесе, үлгере алмайды.
Қазір барып автобусқа отырады да үйіне бір аялдама жер қалғанда түседі. Оң қапталдағы өн бойын шыны басқан көгілдір үйден ол шығады. Қолында сұрғылт былғары портфелі. Сәл күлімсіреп аяғын да көшеде емес, бейтаныс біреудің үйіне кіріп келе жатқандай еппен басады. Баяғыда да Аралдың вокзалына тап осылай сәл қымсына күлімсіреп кірген-ді. Оны шығарып салуға келген екі жігіт абажадай күту залында әр немені бір айтып жақтарын жаппастан әрі-бері сеңделумен болған. Ол күлімсіреген күйі анда-санда құптап бас изеп қойып, үнсіз тыңдай берген-ді. Бір уақытта поезд келіп, жұрттың бәрі перронға шықты. бұлар үш қыз боп купелі вагонға отыра беріп еді, арттарынан:
— Мына қарындастар да сенімен бірге жүретін бопты,— деп самбырлады біреу.
Жаңағы екі жігіттің бірі екен. Ортасында қалып бара жатқан жолдастарын қимағандай мұңдана күлімсіреп ол тұр. Тегі, жыласа да жымиып отырып жылайтын шығар.
Ертесіне таңертең бұлар жуынуға кезек күтіп тұрғанда соңдарын ала ол да келді. Дудар шашы онан сайын қопырап кетіпті, бұйра-бұйра. Ат жағын белуарлай тоқтаған бұйра сақалы да ұйпалақ-ұйпалақ болып қалыпты. Баяғы сол бір жымиған қалпы. Өңі жып-жылы.
Шайдан соң қыздардың іші пысып, Гүлжан қарта іздеп кетті. Бір уақытта тауып әкелді.
— Бағанағы бұйра бастың көршісінен алдым,— деді ол.
— Купелерінде кімдер бар екен?—деп қадалды қайдағы жоқтың бәрін тәптештеп сұрай беретін Шара.
— Өңшең шалдар.
— Ол не істеп отыр?
— Кітап оқып жатыр.
— Күлімсіреп жатыр ма?
— Иә.
— Қызық жігіт! Айтпақшы, оны неге шақырмадың, үш қол боп қалай ойнаймыз?
— Вот дура! Есіме келмепті. Гүлжан шақырып келді.
— Ағатай, танысып қоялық,— деп қақақтады Шара.
— Менің атым Шара, Ажар, Гүлжан.
— Әбен.
— Отыра беріңіз, отыра беріңіз,— деді Гүлжан абыржып тұрып қалған оған төсегінен орын ұсынып.
Әбен онша ойынпаз болмай шықты. Шара екеуі бір одақ еді, қайта-қайта ұтылып қала берді. Шара шыдай алмады:
— Енді одақ алмастырып ойналық,— деді.
— Мен жақсы ойнай алмаймын. Тек...— деп қызарақтады Әбен.
Енді Әбен мен Гүлжан бір одақ болды. Олар тағы да ұтылды.
— Ұтылған екеуің станңияға түсіп жүзім әкеліңдер,— деп бұйырды Шара.
Әбен мен Гүлжан орындарынан тұрды. Купеде қалған екі қыз соңдарынан қарап қалды. Әбен сол жымиған күйі бұйра басын сәл тұқшитып жүзім жаюлы сөрелерге қарай аяңдады. Соңында тор дорбасын бұлғақтатып Гүлжан барады. Әбен шеткі кемпірге жете бере-ақ тоқтап еді, Гүлжан қуып жетіп, білегінен жетелеп әрі алып кетті. Сол екі арада вагондардан түскен қарақұрым халық оларды көлегейлеп көрсетпей тастады. Шара бәрібір көзін алмады. Әне екеуі қайта шықты. Гүлжан қарсы ұшырасқан кісілерге жол берген сайын Әбеннің көкірегіне иығын тыға түсіп, мәз-мәйрам күліп қояды. Әбен болса бәзбаяғы күлімсіреген күйі.
Келесі станңияға тоқтағанда Әбен мен Шара қайтадан одақ болып еді.
— Біз су алып келеміз,— деді Шара.
Купеде қалған екі қыз тағы да соңдарынан телміріп қалды.
Шара вагонның баспалдағынан түсіп келе жатқан Әбеннің иығынан бір қолымен тірей секіріп, әрі ырғып түсті де:
— Тезірек-тезірек, жұрт қаптап кетеді,— деп дедектетіп ала жөнелді. Әне олар су алатын кранға жетті. Шара бара суға бас қойды. Бір кезде шүмектің астына алақанын ұстап атқылап жатқан суды Әбен жаққа ытқытып еді, абайсыз тұрған жігіт ыршып кетті. Шара сақ-сақ күлді. Әбен қайтадан күлімсіреп, су-су еңірін сілке бастады.
Әбен Ажармен де одақ болып ойнады. Шарасы құрғыр сусақ болып қалғандай бұларды тағыда суға жұмсады. Еңкейіп су ала бергенде, жел тұрып бұның етегін аша берді де, Әбен термосты өзі алып толтырды. Жел Ажардың шашын да қобыратып жіберді.
— Оқасы жоқ, купеге кірген соң түзетіп аласыз ғой,— дейді Әбен. Қайтып келе жатып, қыздар қарап тұр ма екен деп, терезеге қарап еді. Ол екеуі қаннан-қаперсіз өзара қарта соғып отыр.
Әбен сол күні кешқұрым түсіп қалды.
Келер жылы Ажар сауда техникумын бітіріп, түстіктегі жаңа қалалардың біріне жұмысқа келді. Бұл істейтін жаңа галантерея магазині қаланың қақ ортасындағы кішкене көгал алаңда боп шықты. Сыртынан қарағанда осы бір шыны магазин көгілдір ауада қалқып тұрып қалған жұп-жұқа аппақ орамал сияқты. Магазин ашылатын күні бір топ адам келіп, қалай жиһаздалғанын көріп шықты. Ортасында баяғы Әбен. «Әбен Дүйсенбиевич!», «Хасенов жолдас!»— деп жұрттың бәрі құрақ үшып жүр.
Әбен магазинді бір шолып шықты да, нөкерін ертіп, алаңда тұрған екі-үш машинаға беттеді.
Ажар жұрттың оны неге осынша қолпаштайтынына түсінгісі кеп директор апайдан:
— Бұл кім?— деп сұрап еді.
— Біздің қаланың жаңадан келген архитекторы. Осы магазин оның диплом жұмысы көрінеді, — деді.
«Әбен Хасенов»,— деп күбірледі Ажар,— «Әбен Хасенов».
Бүкіл жаз бойы оны сосын қайтып көре алмады. Бас архитектордың кеңсесінің қайда болатынын біліп ап қалалық советтің үйінің алдында талай тосты. Келіп-кеткен машиналарға да үңілді. Бірақ, еш қайсысынан Әбен көрінбеді. Күзге салым бір күні жұмыстан қайтып келген соң отыра қалып хат жазды. Көргісі, сөйлескісі келетінін, ертең кешкі жетіде алаңда күтетінін айтты. Аты-жөнін айтпай, келсе өзі барып жолығатынын жазды. Қайта оқып шығуға батылы жетпей, сыртқа жүгіріп шығып, көшенің қарсы бетіндегі почта жәшігіне апарып салды. Енді не де болса болары болды. Ол хатты алады. Келе ме, келмей ме, келгенде қайтып жолықпақ... Екі шекесі шыңылдап жан-жақтан шырғалаң сауалдар қаумалай бастады, Ертеңге дейін ештеңе ойламайын деп, өзімен бірге істейтін жолдас қызының үйіне тартты.
Ертеңіне сондай бір сылбыр күн болды. Таң атар-атпастан сірке жауын төпеп берді де, шамалыда басыла қоймады. Көшеде адам аз. Буалдыр ауда шылп-шылп басқан аяқ дыбыстары болмаса, жұрттың бәрі жер басып емес, қалқып келе жатқан сияқты. Ортасында оймақтай ғана гүлзары бар кішкене алаңда су-су орындықтың шетінде бұқшиып Ажар отыр. Оның қол шатырын мігірсіз тырсылдатып жабысқақ тамшылар тамады. Сарғайып кеткен қу жапырақтарды су еткізіп жел шықты. Дымқыл жапырақтар үзіліп түскенде, бұрынғыдай жамырай шапқылап, үйіріле ойнақтап кете алмай, сыз жерге бауырларын төсей сылқ құлап жатыр. Ойнақы жел төңіректі қытықтап оятқандай, үнжырғасы түсіп мелшиіп-мелшиіп қалған ағаштар да кенет сусылдай жөнелді. Қала үстінде бүктүсіп жатып алған кірбің бұлтқа да жан бітті, күн батысқа қарай көше бастады. Тамшы тиылды. Бірақ маңай әзір жарқырап кете қойған жоқ. Қалаға қараңғылық бүгін ерте түсетін түрі бар. Тым бұлдырап кетіпті. Осы кезде аллеяның бойынан біреу көрінді. Ажар қол шатырын түсіріп, қасына қойды. Әлгі адам келіп қалыпты. Аяқ алысы баяу, үстінде пальто, басында қалың кепка. Келді де қарсы беттегі орындыққа отырды. Әуелі бұған біраз көз тоқтатып қарап алды. Сосын көзін аударып төңірегіне қарай бастады. Маңайда келе жатқаң кетіп бара жатқан ешкім жоқ. «Енді не істеу керек?»,— деп ойлады Ажар.— Бәлкім таныр. Жоқ танитын сыңайы байқалмайды. Мазасызданып аллеяның біресе мына бетіне, біресе ана бетіне қарағыштай береді. Ешкім көрінбейді. Бұл қозғалақтап қол шатырын алып сілкіп-сілкіп қойды. Ол сәл таңырқай тағы бір көз салды да, сағатына үңілді. Ажардың есебінше ол келгелі жарты сағаттай уақыт өтті. Әне оң жақтан біреу қараңдады. Тық-тық басқанына қарағанда әйел адам. Шынында да сол ма екен. Пальтосының сыртынан жылтыр сулық плащ жамылған сұңғақ бойлы, тоқ балтырлы көркем қыз мынандай күнде бұл жерде не бітіріп отыр дегендей екеуіне кезек-кезек қарап өте шықты. Қыз өзіне қарай мойын бұрғанда Әбен орнынан тұрып еді, кідірмей өтіп кеткен соң басын шайқап, иығын бір қиқаң еткізді де жүріп кетті.
— Бикеш, сәл ығыссаңыз,— деді біреу арт жақтан.
Автобус дәл бұл түсетін аялдамаға келіп кідіріпті. Ажар тротуарға шыға бергенде өн бойын шыны көмген үйден Әбен шықты. Қолында сол баяғы сүр портфелі. Баяғысынша күлімсіреп, баяғысынша аяғын жай алады. Қасыңда қою қара шашын тегілте желкесінен жіңішке аппақ лентамен бір-ақ түйгең қоп-қоңыр толық білегін Әбеннің қарына іліп алған бір әйел келеді. Олардың үйленгеніне міне екі ай. Ажар Әбеннің қай күні көшеге не киіп шығатынына дейін жатқа білетін болды. Баяғы жаңбырлы кештен кейін айнаның алдыңда ұзақ жылады. Оның мынау жау шауып кеткендей, қорасан талаған оқыр-шоқыр бетіне, жар қабақтың астындағы жаңбырдан түскен қақтың суындай көк те емес, қоңыр да емес лай күлгін көзіне, мынадай берекесіз беттен безіне шығынған қоңқақ мұрнына, қашсаң да құр жібермеймін деп шаужайынан алып, дәл тұмсығының үстіне қонжия қонған шоқпардай қара сүйеліне кім өліп-өшсін. Ешкім оған ұзақ телміріп, бар пішін, бар нүсқасын жаттап алмайды. Қайыптан-тайып қарай қалса, табан астында-ақ тайсақтап, енді беттемейді. Сол бойда-ақ есінен шығарып, елеусіз қалдырады. Табиғат мұны ақылы кем шәлдуар селтеңбайлар түгілі қайырымды жандардың өзі мүсіркегеннен басқа еш ылтипат қыла алмайтындай қып несіне жаратты екен...
Сонда бір ай өткенде бұл тұратын көшенің қарсы бетінде салынып жатқан жаңа үй бітті. Бір күні жұмысқа кетіп бара жатып, сол үйдің ауласынан шығып келе жатқан Әбенді көрді. Содан бері күнбе күн жұмыстан келе жатып та, жұмысқа бара жатып та оны бір көріп қалады. Оқта-текте көре алмай қалса, қайда болды екен, бір жаққа командировкаға кетті ме екен, — деп күні бойы басы қатады.
Әбен мен әйелі өз аулаларына бұрылды.
Ажар үйіне кеп терезенің алдында ұзақ отырып қалды. Қарсыдағы Әбендер тұратын үйдің терезелеріне шам жана бастады. Олардың терезесі қайсы екен? Жыпырлаған көп оттың ішінен өз көкірегі алыстан алауын ғана көріп, жылынып жүрген отты таба алмай әбден дал болды. Терезесін жауып, орнынан тұрып еді, бұрыш-бұрыштың бәрі бұлыңғыр тартып, қарауытып көрінді. Бөлмесін бұны әрлі-бәрлі аунақшытатын меңіреу түн жайлап келеді.
АҚЫРҒЫ АЯЛДАМА
Авторы: Әбіш Кекілбаев
Уақыты: 2009-09-23
Бүгін де Бисенов кабинетінен дәл алты отызда шықты. Бүгін де вахтер қабырғадағы сағатқа бір, оған бір қарап қойып үнсіз жымиды.
Анадай жерге ұзап барып артына бұрылды. Көлдей шыны қабырғаның ар жағында еден жуып жүрген үй сыпырушы әйел бұны меңзеп бірдеңе деп жатты. Түсіне қойды. Бөлмесіндегі қағаз салатын себеттің күн сайын аузы-мұрнынан шыға толып қалатынын айтып тұр. Расында да, бұл мекемеде Бисеновтен көп қағаз жазатын да ешкім жоқты. Қатардағы қара жаяу қызметкер кезіндегі әдеті күллі мекеме ауыздарына қарайтын жетекші бөлімнің бастығына білдей бірінші орынбасар болғанда да қалмапты. Басқа мекемелерге тұсауы кесіліп тұрған қағаздардың қай-қайсысын да өзі жазып, өз қолынан өткеріп қалған неме былайғы жұрттың жазып әкелгендерін місе тұтпайды. Қапелімде тап-түйнақтай қып машинкаға бастырып жұтынтып әкелген жылтырақ қағаздың бетінен мен мұндалап тұрған қате көре алмай, біраз дағдарып отырады. Бірақ, бір жерінде шикілік бар сияқты. Әрі сығалайды, бері сығалайды. Табады. Сол-ақ екен жаңа ғана маржандай тізіліп тұрған әдемі жазу жазатайым бір кірпіш құлап кеткен кесек дуалдай кемірейіп сала береді.
Ақыр аяғында Бисенов әлгі қағазды басынан бастап өзі жазып шығады. Сосын қайтып ол қағазға ешкім қол тигізбейді. Аяғында Бисеновтың ирек шиыратын визасы тұрса болды, қай бастық та қайқайтып тұрып қол шеккенді ғана біледі.
Жазғанда майын тамызатын Бисенов ауыз ашуға жоқ. Сондықтан да, артынан ешкім: «Мынау немене?»— деп қайталап сұрап жүрместей қып, жеріне жеткізіп жазады. Алда-жалда оның қолынан өткен қағазды ап үлкен бастыққа кіретін бөлім меңгерушісі: «Не бүлдіріп қойғансыздар!» деп қабағы түсіп тұнжырап шығар болса, одан асқан өлім бар ма! Бисенов көз алдына атом соғысын елестете алады, ал әлгіндей масқараны елестете алмайды. Құдай ондағанда, ондай сөзді, міне, жасы қырыққа жеткенше естіген емес. Бар арманы қалған ғұмырында да естімеу. Сондықтан да оны бастықтар жақсы көреді. Сондықтан да оны бағыныштылары да жек көрмейді. Өздерінің жазып әкелгендері бәрібір өтпейтінін біле тұрса да, қайтіп беріп, қайыра жаздырып, жандарын қинамайтынына риза болады.
Қаланың шет жағындағы әлеміш бетон шарбақтың ішіндегі бес қабат шаңқан үйде Бисеновті күндейтін де, кұстаналайтын да ешкім жоқ сияқты. Бірақ, неге екені белгісіз, оны көрген, не аты аталған жерде әлгі вахтер шал сияқты шеттерінен жымия қалады. Ертеден қара кешке пысылдап қағаз жазып отыратын еңбекқорлығынан ба, қызметтестерінің өзінен лауазымы үлкенімен де, кішісімен де сөйлескенде құлағына дейін ду қызарып кететін ұялшақтығынан ба, жұмысқа жарты сағат бұрын келіп, жарты сағат соң кететін елден ала бөтен ыждаһаттылығынан ба, сөйте тұра осы көзге дейін орынбасарлықтан асып жоғарламай-ақ қойған жолсыздығынан ба, өз алдына бастық болатын жерге жұмсаса, ат тонын ала қашатын орынсыз кішіпейілділігінен бе, әлде бүгін буфетте қандай тамақ ішсе, ертең де дәл соны ішетін бір мінезділігінен бе — әйтеуір бұнымен ұшырасқанда езулеріне ие бола алмай қалатын бір жындары бар.
Өз басы осы ғүмырында жалғыз жерде ғана кісі ренжітіпті. Онда да стадионда. Бір ғажабы доп түгілі жолында жатқан кесекке аяғы тиіп көрмеген Бисенов матч жібермей футболға барады. Ылғи шығыс трибунаға билет алады. Өйткені, батыс трибунаның жан күйерлері шығыс трибунадағылардай емес самарқау. Ал Бисенов қызу қанды адамдарды жақсы кереді. Өзі айқайламаса да, қасындағылардың дуылдап отырғанын ұнатады. Қызметте де көңіліндегі ойды басқаның аузынан естігенде жұрт құсап апшымайды. Қайта мұның отыз тісінен өмір бақи бері шықпай іште тұншығып арам өлетін пікірдің айтылғанына қуанады. Басын изеп, қолын соғып бір жасап қалады. Стадионда да қызып кеткенде шартылдатып шапалағын аямайды. Әдемі гол қай қақпаға кірсе де, оған бәрібір. Әйтеуір әдемі болса болғаны.
— Ай, маладец қатып кетті!
Сонысы кейде қасындағылардың жел жағынан шығады. Бірде «Қайратқа» кірген допқа қол соғамын деп көк желкесінде отырған айбалта сияқты ақ таяқ ұстаған пенсионер шалдан төмпеш жеп қала жаздаған жайы бар. Одан басқа жердің бәрінде де тек жұрт көңілінен шығады да тұрады. Қызметтестерін былай қойғанда көршілерінің арасында оны «әй, кәпір» дейтін адам жоқ. Аулаға ағаш отырғызу керек пе, күрегін ұстап елден бұрын ол жүгіреді. Гүл суару керек пе — шлангасын сүйретіп елден бұрын ол келеді. Тұрғындардың жиналысы ма, ата-аналардың жиыны ма, бағбандардың бас қосуы ма — елден бұрын қылқиып барып отыратын тағы сол. Өзі жер бетіндегі үйым, қоғам, комитет атаулының бәріне мүше. Бәрінде де бастық емес, бастықтың орынбасары. Тіпті Тибеттің далайламасына да орынбасар керек боп, осы Бисенов шақыртылып жатса, оған еш таңғалуға болмайды. Үйі екеш үйінде де әйелі председатель, өзі орынбасар сияқты. Екі баласы бірдеңе болса шешесіне жүгіреді. Оған: «Мамам өй деп жатыр», «Мамам бүй деп жатыр» деп шешелерінің тапсырмасын айтуға ғана кіреді.
Райхан да тепсінген тентек емес, өзі секілді момын. Ауыз жаппас бәдік емес, өзі секілді үндемес. Бірақ, сонда да әуел бастан-ақ ол бастап, бұл қостап әдеттенген. Әйелінің қолына сыпырғыш алғанын көрсе, бұл білегін тұріп шаң сорғышқа жармасады. Ерлі-зайыпты екеуі өткен олимпиадалық ойындар тұсында телевизор көріп отырып, біреу «бразиялықтар жеңеді», екіншісі «немістер жеңеді» деп сәл тәжікелесіп қалғандары болмаса, бір-бірімен «ишшә» десіп көрген емес. Осы кезге дейін көздерін ашасала: «Қайырлытаң!», ұйықтарда: «Жайлы ұйықтап, жақсы тұр!»— деп жатқандары. Әуелі рұхсат сұрап алмай тұрып.бір-бірінің көрпесіне қонған көк шыбынды көлденең шертпейді. Тіпті екеуінің ауру екеш аурулары да ұқсас. Біреуінің бүйрегі шаншиды, екіншісінің бауыры сыздайды. Екеуі де шылым шекпейді. Кухнялары шылдырлап айран мен күнбағыс майынан босаған бөтелкелерге толып тұрғаны.
Балалары да өздері сияқты. Біреуі қасық жуса, екіншісі бәтіңке майлап ұшып-қонып жүргендері. Содан да ма Бисенов жұмыстан шыққанда үйіне жеткенше асығады. Жетіден бір минут кешікпейді, есіктегі шіби дауысты қоңырау шықылықтап қоя береді. Он бес минутта Жуынып-шайынып шайын ішеді. Тағы бір он бес минут баспасөз жаңалығымен танысады. Бес минуттей баласының күнделігін тексереді. Сол екі ортада Райханның кешкі асы да әзір болады. Оны жайғарып алған соң, жарты сағаттай әйелі қызының музыкасына, өзі баласының математикасына болысады. Сосын бәрі сыртқа шығып жиырма-отыз минут сейіл құрады. Қайтып келгесін бәрі бірге отырып телевизордан берілетін жаңалықтарды қарайды. Он-он бес минут әлгі көргендері туралы пікір алысып әңгіме-дүкен құрады. Артынан бір-бір стакан қатық жұтып бөлме-бөлмелеріне тарасады. Аспандағы ай мен жұлдыздарға дейін өз дегенімен жүргізетін қатал тәртіптің құдіретін ұғынып, оған өз еркіңмен бас ұру — тек адамдардың ғана қолынан келетін, саналылықтың ең жоғарғы сатысы болуға керек деп түйеді инженер Бисенов кейде философиялық ойларға шомғанда. Сондықтан да бәрін алдын-ала өлшеп-пішіп, жоспарлап, тәптіштеп тәртіпке келтіріп отыруды ұнатады. Қызмет күндері не істеп, не қоятыны сірә белгілі. Ал, демалыс күндері қандай шаруалармен шұғылданатынын жұма күні жұмыстың аяқ жағында қойын дәптеріне рет-ретімен түртіп қояды. Сосын-ақ ол жоспар бұлжытпай орындалады дей беріңіз. Ол үшін тек сел тасқыны, жер сілкінуі, гонконг грипі немесе өндірістік жарақат сияқты кездейсоқ бейнеттер ғана дәлелді себепке жатады. Өзі, бірақ, қанша материалист болғанмен де, ішінен ондай дәлелді себептердің бетін әрі қылсын деп тілейді.
Бисеновтың, міне, бүгін де сол үйреншікті режимді бұзғысы жоқ-ты. Оның үйі мен мекемесіне қатысатын маршруттың ақтық аялдамасы кеңселерінің дәл қасында-ды. Әне көк қасқа автобус бұны күткендей қышқыл түтінді лоқ-лоқ атқылап ақырын гүрілдеп тұр. Бұл табалдырықтан аттай бере жылжи жөнелді. Отыратын орнына дейін белгілі.
Ақырғы аялдамада отыратын азғантай жолаушы жұмыс аяғында таласып-тармасып жарты сағаттың ішінде сап болады. Бисенов орындықтарды шекесінен шертіп жүріп дәл төртінші қатардың тротуар жақ шеткі орнына, терезенің алдына барып жайғасады. Өйткені, қалада тұрғалы қанша рет көше апатын көрсе де, автобустардың я маңдайын соғып ап, я бөксесін жапырып ап сорлап тұрғандары. Ал, қақ ортан белінен омырылып жатқан автобусты өз басы әлі кездестірген емес.
Ол артқы есіктен енді бас сұға беріп еді — көзі атыздай болды. Дәл Бисенов отыратын орындықты біреулер иемденіп алыпты. Бір әйел, бір қыз. Ол қапталдағы көрші орындыққа портфелін қойды.
— Жас жігіт, билетке қол жалғап жібермейсіз бе?
Қоғамдық жерде мейлінше сырбаз, мейлінше әдепті Бисенов ішінен «жас жігітті тапқан екенсің» деп тұрса да, сыңғыраған әдемі дауыс шыққан жаққа өңіне күлкі шақырып ізетпен бұрылған-ды. Өз көзіне өзі сенбеді. Жасы қырықтарға жетеқабыл қыжым көйлекті әйелді де бір жерде көрген секілді. Ал, қасындағы қыз құйып қойған Құралай. Баяғы алдыңғы партада отыратын Құралай ше! Соның дәл өзі. Маңдай шашы баяғысынша ширатыла бұйраланып қапты. Үлкен қарақат көзінің қиығында сол баяғы қуақы ұшқын жылтылдайды. Бұлтиған шие еріндері үнсіз албырайды. Қыр мұрнының ұшында бір жұмбақ діріл тұр. Құралай десе құралай. Қазір қаша жөнелгелі тұрған Құралай. Бұның тағдырының кішкене алаңқайынан беймағлұм қалың жынысқа бір-ақ ырғып жоғалған құралай.
Бірақ, ол ұзын тарих еді...
Бисенов кассаға беттеді. Қайтып кеп, билет ұсынып жатып тағы қарады. Сол... Аумаған өзі. Баяғысынша: «Немене, танымай қалдың ба?»— деп мысқылдай күліп отырғандай. Кенет томпақ ернінде дірілдей тұнып тұрған сәби күлкі кілт жоғалды. Бөтен, атымен бейтаныс біреуге айналғысы келгендей. Қасындағы әйелге жалт-жұлт көз тастап қояды. «Мына кісі неге қарай береді»,— деп отырса керек. Сөйтсе, жанындағы әйел де манадан бері бұның қас-қабағын бағулы екен. Бисенов бір түрлі ыңғайсызданып, орнына келді. Миы зеңіп бара жатқандай маңдайын сипады. Көзіме қос көрінгеннен сау ма дегендей терезеге қарады.
Сол баяғы үйреншікті көше. Жасыл желекке көмілген жатаған үйлер. Сидиған сұр үйлер. Әлем-жәлем балкондар. Ерсілі-қарсылы зуылдаған машина. Квас сатып жатырған опыр-топыр. Қарбыз сатып жатқан опыр-топыр. Киноның билетіне өңмеңдескен опыр-топыр.
Бірте-бірте бұлардың автобусы да аузы-мұрнынан шыға тола бастады. Дүние сол қашанғы қалпы — опыр-топыр, абыр-сабыр, шәт-шәлекей... Тіпті биік үйлердің төбесіндегі «Спортлотоға қатысыңыздар», «Аэрофлоттың қызметін пайдаланыңдар!», «Ақшаларыңызды сақтық кассаларында сақтаңыздар!» деп қақылдап тұрған ақылгөй плакаттардың да бір әрпі өзгерсейші. Жоқ, дәл кешегісіндей, дәл бұрнағы күнгісіндей, дәл баяғысындай. Ендеше, осынау ығы-жығы ыбырсыған қалада, қаз-қалпында тұрған үйреншікті көріністердің арасында дәл сол баяғы өзгермеген күйі Құралай қайдан жүр? Қасындағы мына бір саркідір бейтаныс әйел кім? Шынында да, осы көзіне қос көрінгеннен сау ма? Миы зеңитіндей күн бүгін әдеттегісінен әлдеқайда қағу. Кеңседе де тап бас қатыра қоятындай қарбалас жұмыс болған жоқ. Сонда апырай... Тағы да қапталына бұрылып қарады. Ашық терезеден соққан салқын лепке Құралайдың маңдай шашы ширатыла желбіреп келеді. Қасындағы әйелге бірдеңе дейді.
Ол да бойжеткеннің құлағына қайта-қайта аузын апарып қояды. Ондайда аппақ жұмыр мойны әнтек ұзарып кетеді. Күн сайын көріп жүргендей өте таныс мойын, таныс кескінді қайдан көріп еді...
Мұрнына күйген саздың күңірсік исі келе ме қалай... Көзіне құм етегіндегі кішкене ауылдың шетіндегі шикі кірпіштен салған жатаған дүкен елестей ме қалай...
Шаңқай түс. Балдақты дүкеншінің алдында аппақ жұмыр мойнын ентелей созып талдырмаш қыз тұр. Сөредегі бірдеңені көрсетеді. Әлдене дейді. Құлағына жетпейді. Ол табалдырықтың сыртына тоқтай қалды. Екі көзі албыраған балғын мойында. Қасындағылар түртіп қояды:
— Ау, аттасайшы! Саған не болған?
Сол екі ортада бейтаныс қыз сыртқа шықты. Қолтығында қағазға ораған заты бар. Құм астындағы көп үйге қарай құлдырай жөнелді. Өз-өзінен асығып барады. Білектей-білектей ұзын қос бұрымы тірсегін сабап барады. Делең етек шытыра көйлек бұлғаңдап селеу мұрт қалың шидің ішіне сіңді. Көп ұзамай сол бір бұлдыр елес бірте-бірте жоғала түсті.
— Ғажап! Перизат! Қайдан келген?
Қасындағы екі қара сирақ тамсанып тұр. Әсіресе Ертайда ес жоқ. Бұйра шаш. Дүрдік ерін. Қыр мұрын, ашаң жігіт. Кластағылардың ең ұзыны. Қысқа қашықтыққа жүгіруден аудандық спартакиаданың чемпионы. Барлық жақсы нәрсені таласып жүріп жеңіп алатын жүлдедей көреді. Кеше интернатта төр жақтағы кереуетті таласып-тармасып өзіне қаратып алды. Мана бүкіл бөлмедегі жаңғыз мамық одеялды әкесі астанаға мәслихатқа барғанда базарлыққа әкеліп берген автомат қаламды беріп, жалынып-жалпайып айырбастап алды. Егер аспандағы ай мен жұлдыз да жұртқа үлестіріліп берілетін болса, ол алдымен айға жабысар еді. Енді, міне, сонау көз ұшындағы көп тәпене үйдің біреуіне кіріп ғайып болған әлгі бір әдемі елеске өлі құмартып тұр. Таңдайын тақ-тақ қағып қояды. Кешке төсекке жатқасын да көрші кереуеттегі мұның құлағына таң атқанша сыбырлаумен болды.
Ертеңіне Ертай екеуі бір партада отыр еді, кенет бүйірінен түртіп қалды.
— Перизатты қара!
Ол иегімен есікті нұсқады. Кешегі бейтаныс қыз. Екі беті албырап, маңдай шашы бұйраланып, қарақат көзі жалт-жұлт етіп, тық-тық басып келді де, бұлардың алдындағы бірінші партаға отыра кетті. Екеуі үлбіреп тұрған аппақ мойынға, қос иықтан жарыса құлаған білектей-білектей екі жуан бұрымға, күлгенінде ойнақшып шыға келетін оң жақ бетіндегі кішкене шұқырға телміре көзінің оты өртеп бара жатқандай дір-дір етеді.
Сабақ басталды. Мұғалім журналды ашып оқушыларды түгендей бастады.
— Ахметова Құралай!
Бейтаныс қыз орнынан көтерілді. Басқа жақтан көшіп келген жаңа зоотехниктің қызы боп шықты. Бүкіл кластың көзі сонда. Үзіліс кезінде әншейінде асыр салып жағаласып кететін балалар жіптіктей боп сызыла қалған. Құралай ештеңені сезбеген кісіше терезеге қарап отыр.
Сол күні сабақтан соң Бисенов ауылдың сыртьшдағы құмақ жалдың тасасына тартты. Қалың сүттігеннен басқа шөп өсіп жарымайтын төбел құмақ біраздан соң қатқылға ұласады. Реңінен айырылған қу бұта, қара жусан. Анадайда дөңкиіп тағы бір жал көлденең сұлапты. Сол дөңбек жалдан жалғыз аяқ қасқа жолмен көк есекті шал құлап келеді. Көз ұшында жападан жалғыз мұнартып ақ тұмсық шоқы қылтияды. Төбесінде қарауытқан көне мола. Күн батыстан будақтап шаң көтерілді. Артына бұрыып еді, ауыл тасада қапты. Тек шоқы-шоқы қызыл лағылдардың төбесі қылаңытады.
Бисенов бірдеңеге қатты толқыса болды, осылай оңаша кетеді. Өне бойын түсініксіз бусаң сезім билеп алған. Көптен жүрген ойлар кенет көмейіне кептеліп қалғандай. Өлеңге айналғылары келетіндей. Қиялшыл бала жігіттің армандамайтын мамандығы жоқты. Ұшқыш, геолог, су инженері... Әйтеуір мұғалімдік пен зоотехниктіктен басқаның бәріне бір-бір құмартып шықты. Әзір ешқайсысына біржола көңіл тоқтатқан емес. Оның үстіне жұрттан жасырып өлең жазатыны тағы бар. Оны білетін тек Ертай. Кеше төсектің үстінде алысып жүріп матрастың астарына тығып қойған қалың қара дәптерді көзі шалып қалды. Жағаласып отырып ішін ашты. Оқи алмады, бірақ өлең жазатынын біліп қойды. Сол есіне түсіп қазір де іші ашып келеді.
Кенет мынау жаймашуақ күз туралы өлең жазғысы кеп кетті. Ойына оралған бірер шумақта жапырақтары сарғаиып, бұтақтары сидаланып орман сыңсыды. Бақшадағы райхан гүлдерді суық шалды. Айдын көлін тастап аққу, қаздар қайтып бара жатты. Бірақ оған мынау қу жусан, құба дала ілікпеді. Ол алыс қиялдағы бұлдыр елестер болмаса, маңдайындағы бетпақ кісінің бет-аузындай бедірейіп-бедірейіп жатып алған қарабайыр үйреншікті көріністер өлеңнің әрін кетіреді деп ойлайтын. Анау есегіне мініп типың-типың желіп келе жатқан тымақты шалды, тайлағын ертіп өріске беттеген қу мойнақ түйелерді, интернаттың екі күбі суын ауырсынып келе жатқан шиқылдақ арба даусын, жел жақтан бірте-бірте күшейе түскен мүңкіген бензин исін қайтып өлеңге қоссын.
Осы бір ұзыннан ұзақ көсіліп жатқан найза шағылдардың желкесіндегі өңшең бір жатаған үйлерден тұратын жадау ауылдың поэзияға бес қайнаса сорпасы қосыла қоймайтындай. Ол туралы әңгіме болса-ақ сөз жүдеп, сезім іріп жүре беретіндей. Бірақ, міне ғажап, осы бір қияндағы жұпыны ауылға пейіштің бағынан абайсыз адасып кеткендей-ақ ойда жоқта Құралай келе қапты. Құралай есіне түсіп еді бала ақынның көкірегіне қай-қайдағы сиқыр сөздер орала берді. Жалма-жан қойын дәптерін суырып ап жаза бастады. Екі көзі оттай жанып, төңірегіне құрағыта қарайды. Әлгі өлең дегенің өз-өзінен ақтарыла жөнелетін ақындық шабыт дегеніңіз осы шығар. Ақ қағазға түсіп жатқан жалбарыныш сөздерден көзіне мөлт-мөлт жас келеді.
Сол күні әлденеғе жүрегі алып-ұшып көпке дейін ұйықтай алмады. Түсінде де бір сандуғаштары сайраған сая бақта Құралайды тосып көп сенделген екен дейді.
Ертеңіне сабақ үстінде «СССР тарихының» арасына салып, Ертайдан жасырып кешегі өлеңін оқып көріп еді. Түн өтпей жатып кеше кештегі ажарынан түп-түгел айырылып жүдеп қапты. Өңшең бір жаттанды жалтырақ сөздер. Кей-кей жерінде ұлы ақынның ғайыптан жолыққан тәңіріндей сұлуға арнаған атақты өлеңінің белгілі жолдары сол қалпында жүр.
Бисенов қолындағы бір жапырақ қағазды күлдей қып жыртты. Сосын қалтасына тықты. Қазір үзіліске шыққанда көзін біржолата құртады.
Құралай класқа үйренісейін деді. Ең алдымен тіл қатысқаны — Бисенов. Сызу сабағында одан өшіргіш сұрап алды. Математика сабағында үйге берілген тапсырманы жазып алайын деп күнделігін сұрады.
— Жазуың қандай әдемі,— деп қояды.
Бұл құлағы қызарып төмен қарайды. Ертайдың көнтік ерні одан сайын дүрдиіп, дең маңдайы күреңіте түседі.
Бірер аптадан соң драма үйірмесі жұмысын бастады. Әрі сұлу, әрі ақылды, әрі тәкаппар озат қыздың ролін, әрине, Құралай ойнайды. Оны жақсы көретін өзі сондй әдепті, үлгілі өнерпаз баланың роліне келгенде Ертай:
— Ағай, мен ойнаймын!— деп қолын көтерді.
— Бұл ұялшақ, іштей қиялдап, іштей қиналатын сезімтал баланың образы. Оған, меніңше, Есеновтен гөрі Бисенов келіңкірейтін сияқты. Ал, Есеновке анау еркөкірек спортшы баланың ролі дұрысырақ.
Жұрт ду күлсін. Тек Бисенов пен Есенов қана қып-қызыл боп кетісті,
Содан былай Бисенов сабақ үстінде алдындағы желке шашы бұйраланып шалқақ отыратын тәкаппар қыздың жұп-жұмыр мойнына өзімсіне қарайтын болды. Құралай кейде артына бұрылып бұған тілін шығарып қояды. Ондайда Бисенов бір шетсіз-шексіз қиялға шомады.
Ауылдың алды мынандай сусыған қызыл шағыл емес, басынан қысы-жазы қар кетпейтін ақар-шақар шындар екен дейді. Одан бері ат тірсегін сабап жүргізбейтін сілті бас шилер емес, жапырағы жайқалып, балаусасы сыңсыған ну орман екен дейді. Ауылдың желкесі шайыры балағыңды былғайтын сүттігін өскен құмақ төбе емес қызғалдағы жайқалған кең жазира дала екен дейді. Әлі тау көре қоймаған, әлі сыңсыған ну орман көре қоймаған Бисеновтің қиялы енді сол қызғалдағы жайқалған кең жазықты шарлап кетеді. Өңшең гүлдің арасында, «Қазақстан әйелдері» журналының мұқабасына басылатын қызылды-жасылды суреттегідей, шаштары желбіреп, көздері күлімдеп Құралай екеуі қол ұстасып жүгіріп келе жатады. Сабақ сұрайтын мұғалім жоқ, интернатта «отбойдан» неге кешігіп қалдың деп жекіретін тәрбиеші жоқ, қыз бала мен бейуақы неге қыдырасың деп мәселеңді қарайтын оқушылар комитеті жоқ... Нағыз рахат! Екеуі қол ұстасып жүгіре береді, жүгіре береді. Әбден шаршағанда ал қызыл гүлдер арасына құлай кетеді...
Осы арада қасындағы Ертайдың өз-өзінен түнеріп пысылдап отырғанын байқады. Шалқақ басы партаға жабысып қапты. Бұйра шашы дудырап кеткен. Алдындағы қызға қарарын, не тақта алдында:
— АВ түзуіне С нүктесінен түсірілген перпендикуляр түзу,— деп әндеткен мүғалімді тыңдарын білмей, назары әр жаққа бір қашып, мазасы кетіп отырғаны айтпай-ақ көрініп тұр.
Неге екені белгісіз, Құралай оған ә дегеннен тікірейе қарады. Оқтын-оқтын бұған бұрылып бірдеңе деп сыбырлағанда да, Ертай жаққа көз салмайды. Әнеукүнгі драма үйірмесінен соң Ертай түні бойы темір кереуетті сықырлатып дөңбекшіп шыққан. Кеше тоғызыншы кластағы суретші балаға оң жақ қарына тушпен жебе қадалған жүректің суретін салдырып, әр қайсысы бақандай ірі-ірі әріптермен «Құралай» деп жаздыртып алды. Бүгін сол оң қолы күп боп ісіп, қозғала алмай отыр. Әншейінде жоқтан өзгеге әкесі базардан келгендей қақа-қулай жөнелетін күлегеш неме қазір үсті-үстіне күрсіне береді.
Құралай мұның маңына жуып кеткен сайын, Ертай алая бір қарап қояды. Қыздар да қызық-ау. Бойлы-сойлы өндірдей әдемі жігіт тұрғанда құлағын қалқитып бұны қайтеді екен? Әлде бейтаныс адамның бөгде ортаға келгенде тілі тиіп кетпейді-ау, қолы тиіп кетпейді-ау деп момындарды жағалайтын әдеті ме?! Онда бұл класта, шынында да, ең момын адам осы Бисенов.
Сол-ақ екен әлгінде ғана көз алдында сайрап тұра қалған әдемі елес алыстап жүре береді. Ерке қыздың ойнақшыған көзіндегі жұмбақ нұр бұған деген өзгеше ықылас емес жай әншейін қайтер екен деген жымысқы әжуа сияқтанып кетеді. Жана ғана өне бойын балбырата жөнелген ойда жоқ рахат сап басылып, буын-буынын түсініксіз діріл жалайды. Құлазыған көңілі ғайыптан жүрегіне зіл боп қонған қасіретті сейілтер бір ғажайып сөздер іздейді. Көкірегіне шумақ-шумақ өлең кеп қонады, ұмытып қалмайын деп іштей қайталап жаттап отырады. Жүрегі алқымына тығылып, тамағы тынысы тарылып бара жатқандай. Аузын ашса-ақ жүрегінің басында кілкілдеп тұрған тұңғиық мұң күрсініс боп сыртқа лықсиды.
Ертайдың қараптан-қарап қалай иіні түсіп кеткенін енді түсінді. Серігіне жалтақ-жалтақ қарап қояды. Қараған сайын жаны ашып кетеді. Соны сезгендей Ертай да бұған бір-екі рет жаутаңдай көз тастады.
Бисенов күндегі әдетімен кешкі тамақтан соң интернаттың көк желкесіндегі құмақ жалға сейілге тартты. Жападан-жалғыз ойға батып келеді. Ауық-ауық артына бұрылып, ши арасындағы кішкене ауылға қарап қояды. Кішкене ауылдың бұнымен шаруасы шамалы. Көше бойындағы қисық бағанаға ілулі ақ шелек репродуктор: «Шәй-шәй, қойым, шәй-шәй...» — деп қырылдай әндетіп тұр. Клубтың көлеңкесінде киноға билет сатылып жатыр. Кеңсенің көлеңкесінде ауыл басшылары шылымдарын бұрқылдатып аудандағы кешегі жиналысты әңгімелеп тұр. Интернаттың алдында бір топ бала түрсітіп доп ұрады. Дүкеннің көлеңкесінде қоймашылықтан түсіп қалған көк сұр көсе шал қауқылдасып шариғатқа таласып жатыр. Ауыл шетіндегі оңаша үйдің әйелі бәрінен де даусын асырып, шаңқылдап, енесін еміп қойған қара тайлақты қарғап жүр.
Кенет Бисенов состиып тоқтай қалды. Қалың бұта өскен жүлгеде жападан-жалғыз шоқиып Ертай отыр. Мұны тосып отырса керек, жақындай бере-ақ орнынан тұрды. Қасына келіп жымия күлді. Арқасынан қақты.
— Шабытыңа бөгет болғам жок, па?— деп ыржияды. Қатарласып бірге жүрді. Кенет әлгі ойнақы мінезінен кілт тиылып, тұнжырап сала берді. Сосын тамағын кенеді.
— Бисенов, бірдеңе айтсам күлесің бе?
— Қызық екен.
— Жоқ, әуелі күлмеймін деп уәдеңді бер.
— Жарайды, күлмей-ақ қойдық.
— Ендеше, ешкімге тісіңнен шығара көрме. Мен Ахметоваға ғашықпын.
Бисенов дір ете қалды. Тіпті түсі бұзылып кетті. Ертай нанбай тұр деп ойласа керек:
— Шын айтам! Анада дүкеннің алдында көргенде-ақ ұнатып қалдым!— деп үстемеледі.
«Дұрыс бопты! Жақсылық хабарға жарылқадың! Осы жұрт сүйетін-күйетінін беті шімірікпей қалай айтып салады. Сүйінші береді ғой дей ме екен!»
— Қалай ойлайсың? Әдемі қыз емес пе?
«Әдемі болса қайт дейсің! Сенен басқада әдеміні көретін көз жоқ деп ойлайсың ба! Әдемі ме деп сұрағанша, сен де ғашық емеспісің деп неге сұрамайсың?»
— Жан дос, өзіңде бір бұйымтайым болып тұр... «Ол не бұйымтай? Мені құдалыққа жұмсайтыннан саусың ба? Әлде жеңгетай қылмақ па ең?».
— Сен өлең жазасың ғой. Ақын деген адам жанын айтпай түсінуге тиісті.
«Ал солай-ақ болсын... Сонда не демексің?»
— Бір бөлмеде жатып, бір партада отыратын жолдасым ақын болғанда не көрем? Ахметоваға өлеңмен хат жазып бер.
«Тапқан екенсің, Жәңгір төрем, айтпағыңды жырға қосып отыратын Байтоғыңды. Сүйетініңді ауызба ауыз айтсаң, не қатырып тұрып қара сөзбен жазып берсең, тағыңнан түсіп қаламысың? Жаза бер өзің...»
— Не деп жазайын? Ертай кеңкілдеп күлсін кеп:
— Бисенов, сен өзің қызықсың. Не деп жазатынымды білсем, саған жалынып не жыным бар!
«Сүйетініңді айтып хат жаза алмайтының бар, ғашық боп не жының бар еді».
— Мұндайда айтатын әдемі сөздер аз ба? Біліп тұрып несін сұрайсың! Оқып шыққанда: «Апырай, мынау қандай өнерлі жігіт еді!»— деп тамсанатындай қып келістіріп жаз. Менің ол ойлап жүргендей өркөкірек, құр кеуде емес екенімді, өліп-өшіп сүйе де алатынымды біліп қойсын!
Ертай өз-өзінен тістеніп, жұдырығын түйді. Бисенов қатты аяп кетті. Шіркін, махаббат, не істетпейді десеңші. Әншейінде болса ғой, ол осы уақытта спорт алаңында сарт-сұрт доп ұрып, төңірегіндегілерге асқар шыңның басындағы ор текедей одырая қарап тұрмас па еді, доптан айырылып қалған, не алаңнан шығарып алған далаңбайларға ішегі қатып, шиық-шиық күлмес пе еді. Енді, міне, сондай «жігіттің сұлтаны» өзімен волейбол ойнамақ түгілі интернат балалары завхоз Ашықбайдың көзін ала беріп жымқырып кетіп, екі ағаштың басына орнатып жасаған сүймен турникке бөксесін іліктіре алмай бір шай ішім мықшаңдап жататын бұның шалғайына оралып, жалынып келеді.
— Ойланып көрейін, Есенов!
— Е, баяғыдан бері солай демейсің бе? Зәремді алдың ғой. Құдай ақы мен осы ақ қағаздан албастыдан бетер қорқамын. Өлеңдетіп қызға хат жазбақ түгілі мұғалім қақылдап қайталап айтып тұратын диктанттың өзін шілмиген үштікке зорға жазамын!
Ертайдың әлгінде ғана сілтіге салған сүйектей құп-қу жүзінде лып-лып қан ойнады.
Ол күні Есенов шалқасынан түсіп ұйқыны маңыратсын-ай кеп! Ал Бисенов көрер таңды көзімен атқызды.
Бірінші сабақтың үстінде Ертай аяғын түртіп:
— Қалай достым, бірдеңе құрай алдың ба?— деп сыбырлады.
Бисенов «Астрономияның» арасынан тәптіштеп төрт қабаттап бүктеген қағазды ап, қолына ұстата салды. Ертай партаның тасасына жасырып, оқып шықты. Екі беті ду ете түсті. Сосын басын көтеріп ап, көзі күлімдеп бұның құлағына:
— Ойымдағыны дәл басыпсың. Жарайсың, Бисенов!— деді.— Ақын кісіге қызға хат жазу деген сөз боп па, тәйірі!
«Тапқан екенсің оңай нәрсені! Құмақ төбенің тасасында талай сенделіп жүріп жазған өлеңім екенін сен қайдан ұғайын деп ең. Ет жүрегімді ерітіп шыққан жан сәзімді саған қиып отырғанымды да сезбейсің-ау! Әй, қанша дегенмен... Жә, болар іс болды. Енді өз қолыңды өзің кесе алмайсың!».
Есенов қағазды қайтадан төрт бүктеді. Сыртына: «Құралайға!» Е. Е-ден»,— деп сойдақтатып жазды. Қалтасынан комсомол билетін ап, арасына салды. Сосын манадан бері тапжылмай сабақ тыңдап отырған кісіше, мұғалімнің аузына қарап қадалды да қалды.
Бисенов досына ту сыртын беріп, терезеге қарай бұрылып отырды. «Ақымақсың! Есенов! Неткен ақымақ едің!»— деп іштей қырық рет қайталаған шығар.
Ертеңіне Құралай класқа бір түрлі именшектеп аттады. Есікті аша бере, екі беті ду қызарып, партасына асыға аяңдады. Күндегідей бұлармен сәлемдескен жок,. Үйге берілген тапсырманы орындамай келгендей, портфелінен дәптер суырып, тұқшыңдап кетті. Есеновте де өң жоқ, бір бозарып, бір қызарып отыр. Үзіліс кезінде Құралай кітапханаға зып беріп шықпай қойды. Содан екі-үш күн бойы осылай қызарақтап жүрді. Бисеновтың ойы әңкі-тәңкі. «Осы Есеновті шыннан да ұнатып қалған болмасын. Өйтпесе құлағынан оты шығып неге қызарады? Өткір де өжет Құралайдың аяқ астынан бұлайша ынжық бола қалуы тегін ғой дейсің бе! Қыз ұнатқан жігітінен ұялады демеуші ме еді!».
Бисеновтің де мойнынан су кетіп жүр. Көзінің астымен сығалайды да отырады. Құралайдың өңіндегі сәл өзгерісті қалт жібермейді. Қыз үш-төрт күннен соң үйреншікті қалпына түсті. Есіктен әдемі былғары портфелін бұлғаңдатып еркелеп аттайды. Құдды бір аяғына жем түсе қалғандай есіктен партаға дейін тық-тық етіп жетіп болмайды. «Көрдіңдер ғой, қандай әдемімін! Есеновтен басқа тағы қайсыларың ғашықсыңдар?— деп ұлдардың бәрін мазақтап келе жатқандай. Әсіресе, партасына келгенде, бұларға қыр көрсеткендей, екі-үш минут түрегеп тұрып, артқы партадағы қыздардан жоқтан өзге бірдеңелерді сұрап, сақылдап күліп ап, сосын барып отырады.
Ертайдың шалқақ басы тіптен еңкейіп кетті. Қара бояумен боялған ағаш партадан әкесінің суретін көріп отырғандай шұқшия қапты. Кербез бүркіттің қанатындай қайқиып жататын қиғаш қабағы тұнжырап кеткен, үкі-түкі.
Бисенов досына бір түрлі мүсіркей қарайды. Бірақ, қабырғасы қайысып аяп отырғаны шамалы. Қайта, әнеу күнгі Құралай осыны шыннан жақсы көріп қалды ма деген күдігі сейіліп, арқасы кеңігендей. Құралай қазір бұлардың партасына атымен көз салмайды. Шамасы, Ертайдың күдерін біржола үздірейін дейтін болса керек.
Бір күні әдебиеттің мұғалімі «Бейбітшілік туы берік қолда» дейтін еркін шығарма жаздырды. Сол-ақ екен Ертайдың өңі айрандай іріп жүре берді. Алдындағы торкөз парақты ұзынынан бір сығалайды, көлденеңінен бір сығалайды. Шекесіндегі өз фамилиясы мен астын баттитып екі рет сызған тақырыптан басқа есіне ештеңе түспеді. Өзінің жазуы да жазу емес екен. Шекесін тышқан мүжіп тастағандай өңшең бір мыжық әріптер. Пысылдап әрі отырды, бері отырды. Шәкіртінің бірдеңеге қиналып отырғанын сезгендей мүғалім қасына келді. Желкесін сипап біраз тұрды. Сосын шыдай алмаса керек:
— Есенов, әкең майданда болып па еді?
— Болған.
Орнынан атып тұра берген Ертайды мұғалім иығынан басып қайта отырғызды.
— Жарақаттанып па еді?
— Үш рет жарақаттанған.
— Ендеше сол әкең туралы неге жазбайсың. Бейбітшілік деген ең алдымен ошақ басының амандығынан басталмай ма?
Бисеновтың көзі күлім етті. Мұғалімнің мына сөзі құлағына жағып кетті. Бұрын да қиналып отырған кісіге мүлдем қиын тапсырма берілгендей, Есенов айна тақыр ақ қағазға тесіле қарап бүрісті де қалды. Бір-екі сөйлем із тастап еді, одан әрі қаламы тағы жүрмей қойды. Осы екі ортада алдарында отырған Құралай жалт қарар ма? Дөңгеленген шара көз Ертайдың алдындағы параққа, әр әрпі әр жаққа қисайған қиқы-жиқы жазуға түсер ме? Қыз қасын қағып қойды. Қайта қарады. Таңданды. Сосын біраздан соң, әлденеге түсінгендей екі иығы бүлк ете қалды. Мысқылдай жымиды.
Қу қыз анадағы өлеңді Ертайдың өзі жазбағанын, ең азы жазуы екеш жазуының да ұқсамайтынын біліп қойды.
Соған масаттанғандай Бисенов партасын сықырлатып шалқайып отырды. Сол-ақ екен алақандай қарақат көз бұның бетіне жалт бұрылды. Әлденеге жазғыратындай тесіле қарады. Сосын мұның алдындағы кемерінен асып-төгіліп жатқан қос парақ жазуға көзі түсті. Албыраған шие еріннің қиығына бір жұмбақ күлкі ілікті. Сол күлкінің мағынасына осы кезге дейін түсіне алмай-ақ қойды. Кейде мұның қызметтестерінің езуінен сол бір жымысқы күлкіні көргенде тұла бойының оқыс дір ете қалатыны бар. Қолына жиіркенішті бірдеңе ұстап алғандай тітіркеніп кетеді. Тезірек жұрт көзінен құтылғанша асығады. Вахтерға кілт тапсырғанда да жүзіне тіктеп қарамайды. Тіпті бет-пішінінің қандай екенін де білмейді. Әйтеуір бір жалқын сары екенін біледі. Әйтеуір бір кебістің жұлығындай кең езудің өзі-өзінен жыбырлап қоя беретінін біледі. Бұнымен қырық қайнаса сорпасы қосылмайтын вахтердің мұнда қандай шаруасы бар екенінен де мақұрым. Шамасы, мұның сыртынан біреулер бірдеңе дейтін болар. Сырмінез емес адам жұрттың айтқанына қандай сенгіш! Содан бұны көрсе-ақ күміра қысып жөнелетін шығар. Жұрттың ойындағыны біліп, оңтайынан шыққыш Бисенов оны да, өзін де ыңғайсыз жағдайға қалдырғысы келмей, жүре амандасып, кілтін ұстата сап кете барады.
Бисеновтың дуниеде ең қорқатыны — жұрттың аузындағы сөз бен езуіндегі күлкі. Әңгіме шығатын, күлкі туатын жерден алты көш алыс жүреді. Жиналыс құмар да емес. Барса да ылғи тыңдаушы. Оның мінбеге шыққанын ешкім көрмепті. Той-томалаққа да әуестігі кем. Жылына екі рет үйіне қонақ шақырады. Бір жолы қызметтестерінің, екінші жолы астанадағы азғантай ағайын-туманың көңілін аулайды. Қалған уақытта өзі үйі, өлең төсегі... Кофесін ішіп, газетін оқып балаларының қасында жантайып жатқаны. Әлгі бір оқта-текте көзін шоқ боп қаритын жымысқы күлкі мен шетелдік джаздардың «даңғаза концерттері» болмаса бұл дүниеде оның жүйкесіне тиетін де ештеңе жоқтай. Джаздың емі оп-оңай: ток көзінен тырс еткізіп ажырата салсаң үні өшеді де қояды, ал әлгі күлкіден құтылудың жолы одан гөрі қиындау тиіп жүрген жайы бар. Жұмысқа бұрын барып, кеш қайтатынының да негізгі себебі сол. Түскі тамақ ішкенде де, үзілістен соң он-он бес минутке буфетке бас сұғып шығады. Ал, сағат алтыдан кейін есіктің алдындағы кебіс ауыз вахтердың жымиғанын кім көріп тұр...
Сөйтіп ол жүйкесіне тиетін қолайсыздықтардың қай-қайсысының да алдын алып, амалын қарастырып қоятын-ды. Бүгін, міне, ойда жоқта Құралайдың аузынан түскендей мына бір бейтаныс бойжеткеннің тап бола кеткені. Құралай қайдан әлі күнге дейін үріп ауызға салғандай боп үлбіреп тұрсын. Ол да ендігі қырыққа келген шығар. Өтіп бара жатқан уақыт-ай десеңші. Оны көрмегелі де жиырма жылдан асыпты.
Баяғы шығарма жазатын күннің ертеңіне-ақ Құралай артқы партадағы қыздардың қасына кеткенді. Содан бір жыл бойы бұның екі жауырынын оттай ыстық екі шоқ жандырды да отырды. Содан бұл бір жыл бойы артына бұрылып қарай алмай жүрді. Қарауға, Құралайдың әлгі бір күлкісінен тайсалды. Сүйтіп жүргенде мектеп те бітті. Екеуі екі жаққа аттанды. Бұл астанаға, ол ұзатылған апалары тұратын көрші облыстың орталығына тартты. Содан қайтып көріскен емес. Естіміші: Құралайдың үйі де сол көрші облысқа көшіп кетіпті. Оқып жүрген кезінде Құралай түсіне көп кіруші еді. Келе-келе күдерін үзейін деді. Үйленер тұста, алғашқы баласы туғанда есіне Құралай түсіп, пәлен күн жүрегі сыздап жүрді. Сезімін әрдайым ақылға жеңдіруге тырысатын Бисенов орынсыз үміттің нәзік желісін сонда бір жола қырыққан. Кейін алдын-ала тәптештелген тәртіпті өмірге көшкен соң, ол өзі бекіткен күн тәртібінде өткен-кеткенді еске алуға бөлінген арнайы уақыт жоқ болғандықтан, көп қысыр қиялға беріле бермейтін.
Енді, міне, Бисенов қапталындағы орындыққа көз тастады. Түп жақта қорбаңдаған жуан еркек добалдай жұдырығымен кертік танауының астын қайта-қайта сүйкеп қойып, терезеге үңілді. Қасына артынған-тартынған ақ сары кемпір отырып жатыр. Артқы есіктен дабырласып біреулер кіріп келеді. Алдыңғы есік те аңқиып ашық тұр. Кезекті аялдама болса керек. Қыз бен келіншек автобустан жаңа осы арада түскен жоқ па екен? Ол портфелін ұстай орынынан атып тұрды. Жолдағыларды кимелей есікке ұмтылды.
Баяғы сол абыр-сабыр көше. Әрлі-берлі жөңкілген асығыс жұрт. Бұл көзін тігіп қарайды-ақ. Әлгі екеуіне келетіндей ешкім көрінбейді. Шамасы, бұдан бұрынғы аялдамалардың бірінде түсіп қалса керек.
Ол, қапелімде, не істеп, не қоятынын өзі де білген жоқ. Көше бойлап жүріп келеді. Күн ұясына барып қапты. Қай жерде жүр? Қайда келеді? Оны біліп жатқан өзі де жоқ. Әйтеуір жүріп келеді. Әйтеуір айналаға алақ-жұлақ қарап қояды. Одырайып-одырайып өтіп жатқан бір адам. Шамасы, бұған қарап барады. Шамасы, бұл бірдеңесін тонатып ап, енді қарсы келгенге: «Қайсың ұрысың?»— деп жалтақтап келе жатқан жарымес біреуге ұқсайтын тәрізді.
Бисенов көлденең жолыққан оқшау аллеяға бұрылды. Ұлы көшенің күңірсік қапырығы мұнда дари алмапты. Шыңдардан ескен салқын леп жон арқасына майдай жағып барады. Екі жақтағы тас арықтың суы мұны мазақтағандай сылқ-сылқ күліп жарыса жөңкиді. Терек басындағы теңге жапырақтар да бір-бірін түртіп қап күлмің-күлмің етеді. Шынында да мынау оқшау аллеяда не бар бұған?! Үйіне неге қайтпайды? Бір аяқ кофені қағып сап, диванға неге қисаймайды? Күндегі әдетімен кешкі газеттің ақырғы бетінен басына қарай неге бір сүзіп шықпайды. Үйін, айнадай жалтыраған аядай кухнядағы үрпек бас қара торы келіншегін елестетейін деп еді, көз алдына кекіл шашы ширатыла дудырап, жаңа автобуста көрген Құралай тұра қалғаны. Қайдағы Құралай? Құралайға ұқсайтын қыз. Бәлкім, тіпті Құралайдың қызы шығар. Шынында да... Оның қызының да бой жетіп қалатын уақыты бопты. Ау, сонда... Қасындағы әйел... Құралай болғаны ма? Мәссаған!
Бисенов қуанып кетті. Құралай Алматыда жүр. Манағы көзіне оттай басылған жұмыр мойын соныкі. Тағдыр өзі айдап әкеп жолықтырып тұрғанда тағы айырылып қалды. Көкірегі тікен қадалғандай тызылдап жүре берді. Қасындағы шалқайма орындыққа сылқ құлай кетті. Кұлағының дәл түбінен біреу: «Ақымақсың, Бисенов, сен неткен ақымақ ең!»— дегені. Кіжініп айтты. Күйініп айтты. Баяғы өзінің Есеновке әне айтам, міне айтам деп жүріп, ақыры айта алмай кеткен сөзі. Енді міне оны біреу бір әрпін де өзгертпестен, дәл сол қалпында мұның өзіне қайталап тұр. Жалт бұрылып артына қарап еді — ешкім жоқ; жан-жағына қарап еді — қарсы алдындағы көк қақпаға екі шелек су қолдап кәрі кемпір кіріп барады. Еңкіш жауырыны әлденеге кеңкілдеп күліп бара жатқандай бүлк-бүлк етеді.
Одан басқа ешкім көзіне түспеді. Әлгі кемпір бұны, бұның басында қандай кептің болғанын қайдан біледі. Әлгі дауыстың өзі әйелдің даусы ма еді...
— Апырау, маған бүгін осы не болды!
Осы бір ауыз сөз аузынан абайсыз шығып кеткені. Әлгіде осындай күңгірлеген қоңыр дауыс емес пе еді. Сонда өзінің даусы болғаны ма!
Орнынан атып тұрды. Төңіректі бір сұйқылт көгіс сәуле қоршай бастапты. Теректер де сыриған-сыриған ұзын көлеңкелерінен айырылып, өлі аруақтардай телміре-телміре қалыпты. «Осы мен қайда тұрмын? Мынау өңім бе, түсім бе?»— деп ойлады Бисенов. Сол-ақ екен төбеде лып етіп шамдар жанды. Әлгі бір түсініксіз үрей кейін серпілгендей. Бисенов жаңа ғана шаян шағып алғандай ұшып тұрған орындығына қайта отырды.
Шықпай қалған қиын есепті қайта шығарған кезіндегідей портфелінің жез алқасын сұқ саусағымен ақырын тықытып, асықпай ойға шомды. Сонда бұл автобус үстінде қайдағы бір қысыр қиялға беріліп отырып, қасындағы қыз бен келіншектің қалай түсіп қалғанын да көрмеген болды-ау. Құралай не ойлап кетті екен? «Баяғы маубас, сол маубас!»—деді ғой әрине. Бұның жүзіне қайта-қайта тесіле қарамады ма! Бұл болса көзін тайдырып әкетті. Бірақ, онда сол бір бейтаныс келіншек Құралай ғой деп кім ойлаған!
Өзінде де бар: бүлдіршіндей бойжеткеннің қасындағы саркідір әйел шешесі болмағанда кім болады! Құралайдан аумайтын қыздың қасында отырған әйел Құралай болмағанда кім болады? Пәлен жылдан соң кездескенде, ең болмаса, жөндеп бір тілдесуге де жарамады деп түңіліп кеткен шығар. Манағы жалтақ-жалтақ қарағанына таныр, жен сұрасар деп дәметкен болды. Баяғыда мектеп бітіру кешінде де анадай жерде дәл манағысындай сынай қарап отырғанды. Бұл қанша жалтақтағанмен қасына бара алмаған. Кеш тарқағанша алыстан телміріп отырған да қойған.
Клубтан шыққасын қолтықтасып бара жатқан екеудің тұсынан өте беріп көз тастап еді — Құралай мен Ертай. Ертай үндеген жоқ. Құралай кілт кідіріп: «Немене, Бисенов, танымай қалдың ба?» — деп сыңғырай күлген-ді. Ай жарығында томпақ еріндерінде баяғы бір жымысқы күлкі жылт еткенді.
Сол күлкі өмірбақи ұмытылар емес. Қарсы жолыққандардың езуінен соны көрді-ақ қарап тұрып жігері құм болады.
Алыстағы ауданнан арып-ашып ақын болам деп келген-ді. Документ қабылдап отырған секпіл бет келіншектің миығындағы бұның қалқиған құлағына, жаутаңдаған мүләйім көзіне, ұялғаннан зорға қиысып тұрған жұқалтаң ерніне, үнінің бәрін көмейінде қалдырып, ернін ғана жыбырлатьш, жүрексіне тіл қатқан еміс-еміс міңгіріне місе тұтпаған жымиысты: «әй, бәтшағар, мына сиқыңмен сенен ақын шығушы ма еді!»— дегені ғой деп түсінді де, басқа факультет іздеді.
Жаңа факультетте де артқы партада жаутаңдап жалғыз отыратын қалқан құлақ жігітке көпке дейін ешкім назар аудармады. Егер профессор Жантазин болмағанда сол тым-тырыс қалпы алыс ауданның құм арасындағы шалғай мектебінен бір-ақ шығуы ғажап емес еді. Қалғып отырып-ақ қалжыңымен езуіңді жиғызбайтын профессор студенттерді бет-әлпетіне қарап емес, даусына қарап танитын.
— Ә, сұңқылдақ Саурықов бәсе, сен айтшы!— дейтін бұлардың курсындағы ең үздік студентке.
Саурықов сұңқылдақ десе сұңқылдақ. Оқуға түспес бұрын жыл жарымдай сауданың төңірегінде істепті. Ылғи қатып киініп жүреді. Бисеновпен абитуриент кездерінде танысты.
Трамвай жолының бойында шыбыны құжынаған мүттәйім базар бар. Базардың желке тұсы кресі жалтыраған көне шіркеу де, өкпе тұсы — төрт қабат көк үй, қаладағы ең басты оқу орнының ең басты жатақханасы. Соның бірінші қабатының түп жақтағы қара көлеңке бөлмесі Бисеновтің әлі есінде. Есіктен құлағы қалқиып бұл аттағанда қақ ортадағы жайдақ столдың басында трусишең қара шайды сораптап отырған төрт гүжбан дауыс қосарлана гүр ете қалысты.
— Төрлет!
Табалдырықтан ұзай алмай ыбылжып тұрған Бисеновке төрт жанар бірдей сұқтанып, бас аяғын түгел сүзіп шықты. Сосын ортан белінен үш жерден шуда жіппен пәлен қайтара шандып тастаған қарағай сандыққа қадалысты.
— Дұрыс,— деді иегінде бармақтай қара меңі бар сақа жігіт.
— Оқушысың ғой.
— Иә.
— Ендеше, маман берген азғантай тиын-тебенге лимонад ішіп, алма алып жеп аулыңа қайта бер. Бұл түк түсінсе бұйырмасын. Соны аңғарғандай бет-аузын шиқан басып кеткен қызылсары:
— Мектепті биыл бітіргендерге түп-түгел беске тапсырмаса, оқудың қарасын көру жоқ. Одан да біз құсап екі жыл салпаңдап, алақаныңды ойып, арқаңды жауыртып кел. Ректор сонда алдыңнан құшағын жайып өзі шығады.
Манадан бері ақсия күліп отырған көзілдірікті сыптығыр қара әңгімеге енді араласты.
— Қорықпа, бауырым. Стажың жоғы, әрине, қиын екен. Әскерден босағандар мен өндірістен келгендерге жеңілдік көп. Үшке тапсырса түсіп жатыр. Анекдот айтсаң да, аузыңды қыбырлатсаң болды, сынақ қағазына шілмиген үштік қонжия кетеді. Тек жазбаша ғана қинайтын түрі бар. Оған қалай ең?
— Жаман емес.
— Ендеше, бауырым, ертең мына жаман ағаңа жең ұшынан жалғасып жібер. Жазбашадан тұяқты бір іліктірсе, жаман ағаң оқуға түсті дей бер. Түстім екен, ертең озаттар қатарынан бір-ақ шығам.
Ернінің ұшынан сөйлейтін көз әйнекті жылтыр қара орнынан тұрып қасына кеп арқасынан қағып, босағадағы бос кереуетке қарай жетеледі.
— Ал, жайғаса бер.
Жазбаша сынақта жылтыр қара айтқанындай-ақ бұның ту сыртына кеп отырды.
Бисенов бірінші есепті шығарып, таза қағазға көшіріп бола беруі-ақ мұң екен:
— Бауырым, — деп сыбыр ете қалғаны. Сүйреңдеген бес саусақ бұның аш бүйірінен бір сипап өтті.
Сөйтіп ол төрт есептің төртеуін де бұдан көшіріп алды. Сосын-ақ бұның қасынан шырқ үйіріліп шықпайтын болды.
Оқуға түскен соң да:
— Бауырым, жаман ағаң ол жақсылығыңды өле-өлгенше ұмытпайды,— деп әлденеше рет қолын сілкіп, әлденеше рет арқасынан қаққан.
Тыңға астық жинасуға барғанда бұрынсоңды қол жұмысын істеп көрмеген бозөкпе бұны қасына алды. Анасы байғұс: «жалғызымның табанына қадалған шеңге маңдайыма қадалсын»,— деп ноқайлау өсірген Бисенов күрек ұстаса-ақ алақаны күлбіреп, қары салдырап шыға келеді. Бригадаластары: «Мұндай ақ саусақ бізге не керек, жолымыздан қалдырады»,— деп ежірейісіп еді, ретін келтіріп бригадир болып алған Саурықов олардың да аузын жаптырды: «Ағайын, мен тұрғанда наряд жағынан қам жемей-ақ қойыңыздар. Бисенов мектепті биыл бітірген бала. Көмектесуіміз, тәрбиелеуіміз керек емес пе?»— деді.
Бір ай жұмыс жасап, екі-үш ақ құйрық көк ала қағазды қалтаға басып қалаға қайтты.
Х
Оқу басталарда староста боп Саурықов сайланды.
— Қылп етпе, бауырым. Стипендия мен жатақханаң менің мойнымда деп біле бер,— деп қойды ол жиналыстан шығып келе жатып.
Саурықов жиналыстан жиналыс, үйірмеден үйірме тастамайды. Оқу залына кешкі ондарда жұрт ұйқыға тарай бастағанда кеп кіреді. Содан түннің бір уағына дейін түп жақтағы акация гүлінің қасындағы оңаша столда кітапқа шұқшия тесіліп отырғаны. Бірге оқитындар: «Сабазыңның құйрығында тебен инесі бар шығар, орындыққа қадала қалғанын қарашы»,— деп бастарын шайқасады.
Семинарда екі бала қол көтерсе біреуі Саурықов та, біреуі қол кетерсе, ол — міндетті түрде Саурықов. «Айта ғой!»— десе сусылдап ала жөнеледі. Кейде жауабы жобаға соқпай, бетімен лағып кетеді, Ондайда оқытушы кідіртіп тастаса:
— Ағай, кешіріңіз, менің айтып тұрғаным қалайша қате болады?— деп ақ періште боп аңтарыла қалады.
Мұғалім оған қатесін түсіндірем деп тұрып, әлгі сұрағының жауабын өзі айтып береді. Сол-ақ екен, Саурықов:
— Есіме енді түсті. Шынында да солай екен!— деп мұғалімнің әлгі айтқанын қайталап тақылдай жөнеледі.
Сөйтіп жүріп-ақ ол озаттар қатарына ілікті. Сүйтіп жүріп-ақ оның шашын жылмита тарап, көзілдірік киіп түскен кербез суреті «Құрмет тақтасының» бетін бермейді. Қыр мұрынды, күлім көз, қараторының әдемісі Саурықов көзге түсетін жерді құр жібермейді. Студенттер атынан сөйленетін сөз ылғи сонікі. «Ау, ағайындар-ау, біздің курстан да біреу кіру керек қой»,— деп факультеттік ұйымға мүше боп алсын. «Ау, ағайындар-ау, біздің факульттен де біреу отырмаса, елдіктен қалғанымыз ғой!»— деп университеттік ұйымға сайлана қойсын. Абыройлы жерге қолы іліккен соң әлдекімдер құсап аспанға қарап, жұлдыз санап кетпейді. Көрген жерде: «Иә, бауырым, қандай шаруаң шығып қап еді? Ондайың болса, мына жаман ағаңа айтсайшы!»— деп шаужайдан ала кетеді. Сондықтан да жұрт сәл нәрсе болса: «Ойбай, мұны Саурықовқа айту керек», «Ойбай, мұны Саурықовтан басқа ешкім бітіре алмайды»,— деп жатқандары.
Сылтау айтып сырғақтап кететін Саурықов жоқ:
— Бірге оқитын курстасыңның сөзін жерге қайтып тастарсың,— деп жалмажан қойын дәптеріне түртіп алады.
Саурықов десе студенттер ғана емес, оқытушылар да ішкен асын жерге қояды. Оған сырт орай қарайтын тек профессор Жантазин ғана. Тақыр бас, құс мұрын, алақандай көзілдірігінің ар жағындағы қысыңқы шегір көзін ешкімге тіктемейтін мысқылшыл профессор ә дегеннен-ақ:
— Саурықов, сәл ентігіңді басшы. Оқулықтан басқа қандай әдебиет оқыдың?— деп мүдірткені.
Бірде ол бүкіл курстан жалғыз өзі қол көтеріп, жауап беріп тұрған Саурықовты бөгеп:
— Шынында да солай ма? Кәне, кім айтады?— деп тұрағаны.
Жымысқы профессор шаңырақтай көзілдірігінің тасасынан әзер-әзер қылтиятын шұнақ құлағын тігіп, індеқарап еді, ешкім қол көтере қоймады. Ол енді алдында жатқан журналға үңілді.
— Бисенов! Осы өзі тілі бар студент пе?— дегені. Бисенов орнынан көтерілді.
— Саурықовтың жауабы дұрыс емес! Шаңырақтай көз әйнектің арғы жағындағы тарс жұмық шегір көз иненің жасуындай сәл жылтырады. Бүкіл аудитория бұған жалт қарады. Әншейінде кербез Саурықов мойнын ішіне тартып ала қойды.
Бұл сөйлеп кетті. Жұрт аң-таң.
Профессор қалғып отыр. Бір уақытта барып:
— Шырағым, білетін болғасын, бүрге қарап отырған кісіше бұқшиып кетпей, ара-тұра осылай тірлікте бар екеніңді де білдіріп тұрмайсың ба!— дегені. Жұрт ду күлді. Бұл құлағына дейін қызарып сала іерді.
— Саурықов,— деді Жантазин.— Бейсеновты НСО-ның жұмысына белсене қатыстырып тұруды саған тапсырамын.
— Мақұл,— деді Саурықов.
Енді Ақбоз, Көкбоз екі жұлдыз дегендей Бисенов пен Саурықов ғылми конференция болса жарысып баяндама жасайды. Жұрт қалай сыпсыңдаса да, өздері тату-ақ. Сүйтіп жүріп ақырғы курс та бітті. Екеуі де профессор Жантазиннің жетекшілігімен диплом қорғады.
Сол тұста шалғай облыстардың бірінен Саурықовтың жамағайыны жаңадан ашылған үлкен трестке бастық боп келе қалды. Інісіне: «Бізге талантты мамандар қажет. Елімізде бұрын-соңды игерілмеген жаңа жобаларды жүзеге асырамыз. Соған өздеріңдегі ең таңдаулы жігіттерді үгітте. Жалақы мен пәтер өз мойнымда»,— депті. Саурықов Бисеновті әбден майын тамыза мақтаса керек. Диплом қорғауына трест бастығының өзі қатыссын. Деканға, ректорға жата кеп жабыссын.
Жұмысқа бөлу комиссиясының мәжілісі алдында оны Жантазин шақырды.
— Қалай, Бисенов, саған трестегілер қарғы бау тағып қойған ба?
— Иә. Сондай әңгіме бар.
— Өзің қалай қарайсың?
— Қайдам... Шақырып жатса...
Көз әйнектің түбіне шөккен шегір көз тағы бір жылт етіп, жок, болды.
— Біздің кафедраға аспирантура бір орын беріп отыр. Әкімдікке қандай ебің бар екенін білмеймін. Ғылым қусаң бірдеңе шығаруың мүмкін. Әрине қазіргі ғылымға кинода көрсететіндей өз атын өзі ұмытып қалатын әпенде ғалымдардың қажеті шамалы. Оған да бүгінде жақсы универмагтың сатушыларындай жүзіктің көзінен өтетін іскер, пысық кісілер керек. Ол жағынан сен мақұрымдаусың. Дегенмен тәуекел етсең... Әрине, қалауың өзіңде. Трест те шақырып қойыпты...
Профессор қолын тарақтап ап, бұған қарай бір сығырайды да, қайтадан қалғып кетті. Біраз мызғып алған соң барып:
— Жарайды, бара бер, — деп жымиды. Ұстазының жүзіне көзі түсіп кеткен Бисеновтің жүрегі дір ете қалды. Бар күлкісі кезінің алдында да, ауыздың маңы тістеніп отырған кісідей бедірейіп тұр екен.
Көп ұзама диплом тапсырылды. Бисенов треске тартты. Саурықов кафедрада қалды.
Трест бастығы айтқанында тұрды. Анау-мынау күңкіл-сіңкілді құлағына ілместен бірден аға инженер қып тағайындады. Жарты жылдан соң бір бөлмелік оңаша пәтердің кілті қолына тиді. Саурықовты анда-санда бір көріп қояды. Жарқырап киініп, жылтырақ портфель ұстап жүреді. Бір-екі жылдан кейін көргенінде: «Қорғайын деп жүрмін»,— деді.
Бисенов те салған жерден трестегі ең абыройлы инженердің бірі боп шыға келді. Артына: «Осы жігіттің болашағы мықты»,— деген қаңқу ерді.
Жұмыс басты іскер маман тұрмыс құру мәселесін сәл созып алды. Онысы әуелі кейбір қызметтестерінің арқасына батты. Келе-келе олардың үйіндегі жеңгейлердің арқасына батты. Талай-талай жайнаған дастарқандардың басында әсем-әсем қарындастармен ойда жоқта дәмдес боп қалатынды шығарды. Көбі көрген түстей бір рет қана көзіне жылы ұшырап, көңілден шығып қала берді.
Бір жолы оныншыны бітірген баласын жетектеп келген бір жамағайыны мектепте бірге оқыған жолдастарының хабарын саудыратып айта жөнелгені. Құралай институтты бітірмей тұрып тұрмысқа шығыпты. Әуелі Бисенов: "Соншама неге асықты екен?"- деп іштей ренжіді. Сосын ар жақ, бер жағын жан-жақты салыстыра ойланып отырып, социологиялық тың тұжырымға келді: "Сұлу қыздың тағдыры да дүкендегі жақсы товардың тағдыры сияқты. Қадірін білетін кісі тап келген күні емес, қолы ұзын адам тап келген күні табан асты шешіледі". Өмірінде алғаш рет сол күні ғана өзіне көңілі қатты қалды. Сөйтсе, аза бойы қаза тұратын күншілдік деген нәрсе бұның бойында да бар боп шықты. Құралайды әлгі бір жолы болғыш жігіттен өлердей қызғанғаны. Ол кейін білді, баяғы өзінің парталасы Ертай Есенов екен. Құралай оқитын қалаға ол да барыпты. Дәрігерлік институтта оқитын Құралайдың қарасын көріп жүру үшін сол қаладағы мұғалімдік институтке түсіпті. Ақырғы курста екеуі көңіл қосыпты. Мектепте Есеновке шекесінен қарайтын Құралай неге бұлай етті. Бисенов әрі ойлады, бері ойлады. Тапқан қисыны: "Әрі ақылды, әрі сұлу, тәкаппар қыз алтын басын қор етіп өзі ешкімнің соңынан жүгіре алмайды. Сондықтан да күндердің күнінде өз соңынан жүгіріп жүргендердің біреуін, ең ұзақ жүгіргенінің қолқасын қабыл алуға мәжбүр болады. Сонда Құралай аспандағы айды алам десе, алмай тыным таппайтын Есеновке бұйырмағанда, кімге бұйырады!".
Бой таластыра өскен қалың теректердің ара-арасынан жұлдыздар жылтырай бастады. Тізесінде жатқан бұжыр-бұжыр күрең портфельді барабан қып қағып Бисенов әлі отыр. Баяғыда бала жетектеген жамағайынының хабарын естіген күні де осылай бет алды қаңғып кетіп еді. О да осындай жаздың жайма қоңыр түні-тін. Онда да осындай бір оңаша аллея-тын. Оны-мұны ойланып көргісі келіп еді, талай-талай қиын формуланы шекілдеуікше шағатын шақша басы тіпті "от алмай" қойғаны. Түн ортасы ауғанша отырды. Сосын ал-сал боп орнынан тұрды. Салдыраған трамвайдың артқы орындығында мойны қылқиып үйіне қайтты. Бойдақтардың айна тақыр кухнясының бір бұрышында қатар түзеп тұрған үйелменді-сүйелменді екі бөтелкені бірінен соң бірін қылқытып тұрып жұтсын-ай кеп. Сосын екеуін де қол жуғыштың астына құлаштап тұрып лақтырсын-ай кеп. Сосын танауының астына баттиып іліне қалған "Чаплин мұртты" қос білегіне кезек үйкеп сүртсін-ай кеп. Сосын қоңыраулы сағатты шіренте бұрап сықырлаған темір кереуетке күмп берсін-ай кеп. Ертеңіне шарылдаған оқыс дауыстан көзін ашты. Жастығының астындағы заржақ сағатты төбесінен бір нұқып тұншықтырды. Бірақ әлгі бір бажылдақ дауыс басылар емес. Бисеновтің терісіне симай ашуланғанда айтатын ең дөрекі балағаты: "Идиот!" — еді. Миын шағып бара жатқан түсініксіз бажылды жеті бабасынан бермен қарай түп-түгел нақұрыс қып, төсегінен тұрды. Сонда барып аңғарды — бажылдайтын есіктің қоңырауы екен. Сонда барып аңғарды - күн демалыс екен. Келіп тұрған — бөлім бастығы...
— Ау, ертегінің Ер Төстігі де тап сендей ұйықтамас. Түс болды ғой. Жеңгең күн ашық болғасын көлге барайық деп отырғызбады. Өзің де бірге бол. Мынау деген шашлық жасаймын. Әлгі біздің экспедитор Шахвердяндарың менің қасымда жіп есе алмайды.
Бойдақтардың булы қазанның буына елітіп қалатын белгілі ауруы бар ғой. Жұмырында жатардағы қос бөтелке қатық шылдырап тұрған Бисенов әлгіні естігенде көзі қарауытып кеткендей болды. Жаздың тек иін жасыратын желең лыпасын іле сап сыртқа шықты.
Ол кездің машиналары қазіргідей жылтырап, жарқырап, "мені көрдің бе" деп кеуде керіп тұратын керсылаң емес, өңшең бір тойған қозыдай томпиып тұратын кертомпақ еді ғой. Сондай бір кертомпақ машинаның артқы орындығында тымпиған-тымпиған екі әйел отыр. Бірінің аузынан бірі түсе қалғандай. Екеуі де орта бойлы. Екеуі де қара торы. Екеуі де "бөрік бас". Екеуі де бас изеп амандасты. Бисенов алдыңғы орынға, рульдегі бастығының қасына жайғасты.
Бұлар "ә дегенше-ақ" ақар-шақар шыңдардың арасындағы тегене көлге жетіп келді. Ығы-жығы жұрт. У-ду. Күнмен қабақ қағысып көл жымыңдайды. Көлмен ымдасып күн жымыңдайды. Екеуі де бір-біріне "ішің білсін" дегендей күлмің-күлмің етеді. Жайбарақат думаншы топқа бұлар да қосылды. Машинаны аялдамаға тастап, төртеуі көл жағалап, тыныш жер іздеді. О да табылды. Жасыл айдынға тау өзені кеп құятын қылта тамақта пышақтың жүзіндей жіңішке қайраң бар. Сонда жатып күнге қыздырынып, біраз бой сергіткен соң, бастық жұбайына:
— Райгүл, қозықүйрық теріп келейік. Шашлық пен қозықүйрық бұл заманда падишалардың да қолына түсе бермейтін таңсық тағам, — деп көзін қысқаны.
— Жастар, сендер, қайық мініп, келге серуендеңдер. Анау арғы беттегі киіз үйлерді көрдіңдер ме. Солардың қасындағы домалақ төбенің бауырайы толған томарша. Содан бір қолтығын жинай қайтыңдар, — деп Райгүлдің де жымиғаны.
Бұлар қайыққа барып отырды. Ерлі-зайыпты екеу қол ұстасып тауға тартты. Томпиған қара торы бойжеткен бұдан да өткен үндемес екен. Қолын көл суына малып қойып монтия қалыпты. Бұл екеуі өзгелер сияқты ән де шырқасқан жоқ, бір-біріне су шашып жағаласқан да жоқ. Арғы жағаға қашан жетер екенбіз дегендей түтіндері будақтаған киіз үйлердің ту сыртындағы домалақ шоқыға телміріп келеді. Жағаға да жетті. Бисенов қызды қолынан демеп қайықтан түсірді. Сосын манадан бері бірін-бірі жатырқап отырған бейтаныс екеу сол үндеспеген қалпы, сол бір-біріне жуымаған қалпы, бірақ ауық-ауық жаутаңдасып қойып домалақ шоқыға қарай жүрді. Домалақ шоқының баурайында томарша шынында да көп екен. Екеуі әп-сәтте бір қолтық томарша жиып алды.
— Ойбай, ананы қара!
Қыздың даусы үрейлі шықты. Бисенов төменге сонда барып көз тастады. Әлгінде ғана айнадай жарқырап жатқан момақан айдын аспанға шапшып аласұрып жатыр. Жаңа ғана бұлар аттанып кеткен тар сағаға әлдене кептетіліп тұрып қалғандай. Қара барқын тау баурайын ырсита жалаңаштап келе жатқан жойқын дүлей көкпеңбек көлді бір пұшпағынан ұстап ап тұлақтай сілкіп тұр. Аяқтарының астындағы алапат қазан бұрқ-сарқ қайнайды. Дүрс-дүрс құлаған, гүрс-гүрс жарылған, ойбайлаған, шыңғырған әлемтапырық дауыстардан құлақ тұнады. Әлдеқайдан бір-екі вертолет жып етіп көтеріліп, тыныш көкжиекке қарай безе женелді. Аспан сол баяғы қалпы. Ап-ашық. Жер үсті, әсіресе, көл үсті алағай да былағай. Өңі қашқан бойжеткеннің жалаңаш омырауында шық мөлдірейді. Иегі иегіне тимей сақылдап барады. Бірақ, бұған бірдеңе деп тіл қатуға ұялады. Бисенов төңірегінде не болып жатқанына әлі түсіне қоймаса да, серігінің қатты қорқып тұрғанын аңғарып, жалма-жан қолынан ұстай алды. Дір-дір еткен қыз саусақтары жігіт қарына жабысты да қалды. Сол екі ортада о жақтан да, бұ жақтан да вертолеттер қаптай бастады. Шоқы-шоқылардың арасын, жағалауды жан ұшыра сүзіп жүр. Кей жерлерге арқан баспалдақтар тастап, қалт-қалт етіп тұрып алады. Бір-екеуі бұлардың да төбесінен шырқ үйіріліп шықпай қойды. Дір-дір еткен қыз бен жігіт жасыл бауырын төбелеріне төсеп тұрып алған вертолетке үнсіз телміреді. Кенет көктен қызыл жалау жылт еткендей болды. Батыс жаққа сермелеп белгі берді. Тырп еткен бұлар жоқ. Әлгі бір вертолет күдерін үзгендей әлдеқайда зулай жөнелді. Тағы біреуі тағы келді. Тағы да қызыл жалау жылт етті. Тағы да батыс жақты нұсқады. Сол-ақ екен домалақ шоқының бауырайындағы қалың жыныстың арасынан өңдері қашқан сұп-сұр адамдар қаптап шығып жатыр, шығып жатыр. Бәрі де әлгі вертолет нұсқаған бағытқа жөңкіле бастады. Жотаны бойлап келе жатқан ірметілген топ бір уақыттарда барып еңіске құлады. Ту-ту төменде көгеріп жатқан тас жол бойы ығы-жығы. Бұлардың тобы екі айырылды; бір қатары тас жолға бұрылды, бір қатары келе жатқан бағыттарымен жаяу-жалпылап ілгері тартты. Бұлар да сол тас жолға бұрылғандардың соңына ерді. Қайда бара жатқандарын, не істеп, не қоймақ екендерін өздері де білмеді. Әйтеуір, ілгері ентелеп келеді. Әйтеуір жұрттан қалып қоймасақ екен деп қорқып келеді. Қыздың қолы манағыдай дірілдемейді. Бірақ қарына тас боп жабысып қалған саусақтары енді қайтып ажырамайтындай. Тас жолға таянғанда жеңдеріне қызыл шүберек байлаған еркектер алдарынан шығып, есіктерін ашып қаз-қатар тізіліп тұрған автобустарға бастады.
Бисенов өз бастығының үйіне осылай тап болды. Өмірі есігін ашпаған үш бөлме пәтер. Кілем жапқан, пүліш жапқан қара күрең ағаштар. Шалқайма диванда екеуден екеу. Үй-іші қара көлеңке. Кухня жақтан оқтын-оқтын су қорқырайды. Бейтаныс бойжеткен бұның білегінен үйге келген соң да айырылатын емес. Кенет есік ашылды. Екі-үш ақ халаттылардың соңынан бастығы керінді. Аяғын ілбіп басып әйелі аттады. Бейтаныс қыз сонда барып қолын ажыратты.
Бисенов сол күні орталықтағы еңселі сары үйдің екінші қабатындағы осы бір қара көлеңке үш бөлме пәтердің күндердің күнінде өзіне басыбайлы бұйыратынын білген жоқ-ты.
Үндемейтін бойжеткен бастығының туған балдызы боп шықты. Ол — осы күнгі Райхан еді. Ел құлағын шулатқан аламан-асыр апатта баяғы кертомпақ машина суға кетті. Қозықүйрық төреміз деп тауға өрмелеп кеткен ерлі-зайыпты екеуді вертолетшілер құтқарып апты. Ал, Райхан мен Бисенов сол күні не болып, не қойғанын кейін газеттен оқып түсінді.
Содан бері бірге тұрып жатыр. Райхан аспирантурасын бітіріп, диссертация қорғады. Жезделері қызметі жоғарылап басқа қалаға ауысты. Үйлері жас ғалым мен болашағы мықты талантты инженер — бұларға тиді.
Оп-оңай орайласып кеткен бұл тіршілік екеуінің жанын еш қинаған жоқ. Балалары өсіп келеді. Қызметтері өрге баспаса, кері кеткен емес. Көрген жұрт сүйсінетін саусақпен санарлық өнегелі семьялардың бірі. "Баяғыда не ойлағаның бар еді?" — деп Райхан сұрамады. "Өзіңнің не ойлағаның бар еді?" — деп бұл сұрамады. Сөйтіп, өткен өмірдің еміс-еміс елестері сандық түбіне түскен бала күнгі сыймай қалған киімдердей көзден де, көңілден де қалтарыс қала берді. Оқығаны мен естігенін бұлжытпай қағып алатын зерек Бисенов бала күнгі ескі жейде мен көне малақайың күндердің күнінде әлдеқашан ұмыт болған адыра армандарды ойда жоқта еске түсіре алатынын мүлде ескермепті. Арман деген орындалмас, бірақ ешқашан ұмытылмайды екен. Әлгі бір маңдайындағы балапан шашы жалбыраған бала қыз, енді міне, осы кезге дейін тұнығы шайқалмай келген тыныш өмірін баяғы бір тапа-тал түсте кемерінен асып төгіліп, кезді ашып-жұмғанша сап болған бұрқ-сарқ тау көліндей астан-кестен қып кеткені. Қай-қайдағыны есіне түсіргені.
Құралай сонда әлгі бір қапырық автобустан қалай шығып кетті екен? Ойнақшыған нұрлы көзін бұл жаққа сан төңкеріп қарамады дейсің бе? Бірақ, бұның қылп етпегенін көріп күдерін біржолата үзген шығар. Есіктен шығарда, ақырғы рет артына көз тастағанда езуінде баяғы бір жымысқы күлкі тұрды ма екен? Оны сонда бүкіл автобус кергенде бұл көрмегені-ау. Былайғы жұрт не деп ойлайды? Мына біреу неткен сорлы еді дейді ғой әрине.
Иә, иә, өмірбақи тайсақтап келген сол бір жымысқы күлкінің шын мағынасына енді түсінді. Ол — өшпенділікте, қызғаныш та, кек те, ыза да емес, мүсіркеушілік. Адам байғұстың айтпағаныңды біліп, қымтағаныңды керіп тұратын сұңғыла түйсігі бұл секілділерді бір көргенде-ақ жете танып, жымысқы еріндер өз-өзінен жыбырлап қоя береді. Мүсіркеушілік секілді күмілжі сезімнің ашық ыза, өшпенділіктен несі өзге?
Инженер Бисеновтың мығым логикасы ойына қапияда оралған осы бір жады сауалдың соңына аш тазыдай сүмеңдеп түсіп алғаны. Сөйтсе, жұрт тек сүйсінуге де, жек көруге де тұрмайтын бейшара адамдарды ғана мүсіркейді екен. Сорлылығын кұстаналай отырып мүсіркейді екен. Сонда-сонда еліктің лағындай ойнақшыған Құралайға бұл соншама не жазыпты? Не үшін жазғырады? Не үшін жазалайды. Әлде өзінен басқаға аспандай қарайтын өр көкірек сұлудың орынсыз қазымырлығы ма? Жоқ. Бисенов ондай оңай сылтауға бас шұлғи қоймайды. Ондай адам Бисенов емес. Оның саққұлақ сезімі қыз миығындағы жымысқы күлкіде бір әділдік барын біледі. Құралай түгілі әлгі жалқынсары вахтердің де, кез-келген қызметтесінің де миығындағы мысқылда бір әділдік бар. Бірақ соны ақыл-ойын сарқа сарапқа салуға осы кезге дейін жегі құрттай жеп, құртып келе жатқан да сол батылсыздық. Иә, сол... Оны маңдайы тасқа тимеген ерке қыз бірден ұқты. Сондықтан да кешіре алмады. Ал қалған жұрт біреуі ілгері, біреуі кейін жүре келе түсінді. Өзінен басқа өзгеге ешқандай зияны жоқ әлгіндей әлсіздігін кешірген болды. Өзіміз де жұмыр басты пендеміз ғой, өзіміз де қай бір төрт аяғымыздан тең басып тұрмыз деп кешірді. Қолдарынан содан басқа ештеңе келмейтін болған соң кешірді. Бірақ, олар содан қайтып оған бұрынғыдай үлкен үміт артып, бұрынғыдай үлкен сенім көрсете алмады. Аяу мен мысқылдың жиренішті қосындысынан тұратын осы бір жексұрын күлкінің аты — мүсіркеушілік.
Осы бір жымысқы күлкі, инженер Бисеновтың оқымысты тілімен айтқанда, беттегі бұлшық еттердің жағымсыз эмоциялар дүмпуінен болатын еріксіз қозғалысы, шындап келгенде, үзілген үміт, орындалмаған армандарға үнсіз оқылатын дұға екен. Бұл дүниеде өмірлік мақсатқа айнала алмай, белді бекем буып кірісетін тәуекел таба алмай шәйіт кеткен ізгі үміт, жақсы армандардан обал не бар тәйірі! Орындалмаған армандар ұмытылмақ емес көрінеді, асыл армандарды жер қылған жігерсіздік кешірілмек емес көрінеді. Өйткені, дүниедегі ең қара бет опасыздық көкірегі уыз боп ұйыған ізгі арманның алдындағы опасыздық көрінеді. Сондықтан да, жұрттың миығынан оқтын-оқтын қылаң беріп қалатын әлгі бір сұмпайы күлкіде аяушылықтан гөрі жиреніш басым. Сондықтан да жұрт осы бір оқыста ойнақшып шыға келетін қатыгез сезімін аңдатпауға тырысады. Ерке Құралай ол айланы қайдан білсін, өз қатыгездігін жасыра алмады. Тауы шағылып, талабы қайтып көрмеген бала қыз ә дегенде-ақ көзіне ыстық көрінген аяулы жанның қайдағы бір данғай мақтаншаққа оңай қол жаулық боп кеткенін кешіре алмады. Демек, ол мұны өліп-өшіп жақсы көрген. Қалтқысыз жақсы көрген. Қалтқысыз сезімге су құйған пендеге көкірек қайтып жылитын еді. Сондықтан да Құралай баяғыда бұның алдындағы орнынан артқы партаға әдейі көшіп кетті. Сондықтан да ол баяғыда мектеп бітіретін кеште мұны көрер көзге әдейі тәлкек етті. Сондықтан да ол мана мұны танып отырып, өзі қайтер екен, деп әдейі тіл қатпады.
Аңғал да албырт Құралай өз үкімін өте шолақ, өте қатал кесті. Ал талайды алдынан өткізген жырынды Жантазин бұның жасық екендігін бірден сезді. Сосын ол пікірінің дұрыс-бұрысын ұзақ тексерді. Талай жерде сыр тартып сынап көрді. Кафедраға аспирантураға қал деп ашық айтпай, әңгіменің тек ұштығын шығарып қойды. Егер ғылымды анда-санда оңашада ойша қиялдап қоятын көп арманның бірі емес, өз өмірінің мақсаты деп санайтын болса, Бисенов сол арада жата қалып жабысар еді. Өйтпеді. Үйреншікті тәрбие мен тәртіптің бұғауынан шыға алмады. Әдептілік, кішіпейілділік жайлы әркім-ақ айта салатын жаттанды ұғымдарға құл болып, қапелімде ештеңе дей алмады да. Көңіліндегі арман бауыры жарқыраған алтын балық боп алдынан бір көлбеп өткенде шап беріп шаужайдан алудың орнына қармағын артына ұстап тұрып қалды. Ондай ашық ауыз балықшының өз обалы өзіне. Алтын балық құйрығын бір бұлғаң еткізеді де, көз кермеске ғайып болады. Алтын балық көп пендеден бұлар бастауыш класта оқыған ертегідегідей ындыны тоймайтын қанағатсыздығы үшін емес, ынт-шынтын салмайтын жігерсіздігі үшін безіп кеткен. Сондықтан да көп пақыр балығы қайтқан бедеу дарияның шырп-шырп жарға үрған түл толқындарына бостан босқа телміріп, бекер арам тер болып жүр. Жырынды Жантазиннің бұның аузына сығалай ұзақ қарағаны тегіннен тегін емес-ті. Ә дегенде аузына сөз түспеген Бисенов, артынан ойына оралған тұжырымды жауапты айтуға жүрегі дауаламады. Соны сезіп қалған көнігі профессор үкімін бір-ақ айтты. "Бара бер!". Онысы: "Сенен енді үмітім үзілді",— дегені еді. "Енді саған сене алмаймын"— дегені еді. Әншейінде "сұңқылдақ", "сусылдақ" деп жақтырмайтын Саурықовты аспирантураға қалдырды. Саурықов бұндай алғыр болмаса да, жігерлі, бірдененің соңына түссе, мықтап түсетін табанды. Ғылымға алғыр да білгір жасық дарындардан гөрі өз мақсаты жолында жанын пидаға шалуға бар тұғжымдар көбірек пайда тигізеді. Өйткені, ендігі тіршіліктің қай саласында да сал бөксе, салпы ауыз "данышпандар" емес, көздегеніне жетпей тынбайтын тас түйін жігерлілер ғана жеңіске ие бола алады. Сондықтан да Жантазин жер ортасына келгенде соңына түсіп отырған жаңа тәуекелін бұған емес, Саурықовқа сеніп тапсырды. Саурықов оны бұл құсап аспаннан аяғын салбырап түсе қалған оңай "бестік" көрмей, тісіңмен тістеп, өліспей беріспейтін үлкен жауапкершілік деп түсінді. Оны профессор түгілі он екіде бір гүлі ашылмаған Құралайдың өзі де тез аңғарыпты. Оған тіпті босаға баққан вахтердің көзі де баяғыда жетіпті. "Елден ала бөтен тұқшыңдағанда жақсысың, елден ала бөтен бітіріп жатқан нең бар осы!"- дегендей әрі өткен, бері өткенінде бір жымиып күліп қалады.
Соны ойлағанда Бисенов өзінен өзі жиренгендей болды. Тұла бойы тітіркеніп түрегеліп кетті. Аллеяны бойлап жүріп келеді. Қаланың орталығына әлі көп бар. Ол мынау өзі келе жатқан аллеяны да тани алмай-ақ қойды. Мына бір самсаған сәнді үйлер де бұрын көзіне түспепті. Осының бәрі ол үйықтап жатқанда бір түнде орнай қалғандай.
Бисенов бұның бәрін қайдан көреді. Белгілі бір маршрутпен қызметіне барады. Белгілі бір маршрутпен үйіне қайтады. Футболға бару керек пе — қалай барып, қалай келетіні алдын ала белгілі. Дүкенге барып жазылған кітабын алу керек пе — ол да алақанындағы нәрседей сайрап тұр. Қонаққа баратын үйлері, демалатын курорттары — бәрі-бәрі әлдеқашаннан-ақ мәлім. Ол осы ғұмырын баяғыдан белгілі нәрселерге сарп еткендей. Оның пәлен уақыт сарғайып отырып жасаған жоспары бәрін қамтығанмен, өмірдің өзін қамти алмай сырт қалдырғандай. Ол Құралайдың желкілдеген бұйра шашымен, профессор Жантазиннің езуіндегі жымысқы күлкімен, стадиондағы ақ шұнақ шалдың ашуымен бірге бұған соқпай, кешкі жарықта ерекше жалтырап-жарқырап көрінетін анау көше бойындағы зуылдақ сылаң машиналардай жанынан бір жалт етіп сынаптай сырғып өтіп жатқандай. Бисенов осы өмірінде берілген есепті шығарыпты, айтылған тапсырманы орындапты, тіпті ішіп-жейтін тамағына дейін дәрігерлер ұсынған менюдің аясымен шектепті. Күллі ғұмырын жұрт ойлап тапқан ережелерді қалтқысыз қадағалауға тәрк қылыпты. Бірақ, соның бәрі манағы бір бұл атын біліп те үлгере алмай қалған бейтаныс бойжеткеннің езуіндегі ойнақы ұшқыннан күлге айналып құнсызданып шыға келді. Мұның көңілі қойын дәптеріне тәптіштеп жазып қойған үйреншікті тәртіптен сәл ауытқыса болды, осылай құлазып қоя беретіні несі? Неге, неге, неге...
Жылдан-жылға күйе жалаған терідей тақырланып келе жатқан жалтыр басындағы сирек шашы түгілі, сонау жазғы аспанның төріндегі жапырласқан жұлдыздардан да мол құжынаған көп "неге"...
Кісіге мынау қара жерді қалтырамай нық бастыратын ойыңа алған мақсат жолында белді бекем буған нар тәуекел мен орындалған арман ғана екен ғой. Одан басқа жол-жөнекей қанағат құрдым көңілге бәрібір кенеу болып жарымайтын тәрізді. Ол жоқ жерде бәрібір көзің ешнәрсеге тұрақтай алмай, көңілің желдеген киіктей сырғақтай береді ме қалай?! Ол жоқ жерде қарсы кездескеннің қай-қайсысының да езуінен әлгі бір бәрін көріп-біліп тұрған жымысқы күлкі кетпейді ме қалай...
Бисенов өз үйінен басқа жердің бәрінде де сол бір жұрттың езуіне желімше жабысып алған жымысқы күлкіден қорғалақтап бағады. Одан тек өз пәтерінің мөлт қара дерматинмен қапталған есігінің жылтыр сары жез тұтқасынан ұстағанда ғана құтылғандай болады.
Бисенов бүгін, міне, соған да сенбей келеді. Кім біліпті, бұл әйеліне, балаларына дұрыстап көз салмайтын да шығар. Кім біліпті, олар да мұның күлмеген кісінін аузы қисайып кететіндей құбыжық жүзін көргенде жұрт құсап езулеріне ие бола алмай қалатын шығар. Шынында да, Райхан осы мұның ішінде нендей жегінің жатқанын неге сұрамайды. Оны көрген жерде қалпақтарын алып, құшақтарын жайып тұра ұмтылатын көршілері неге сұрамайды? Кеңсесіне сызылып кіріп, сыздыя шығып жататын бағыныштылары неге сұрамайды? Алдынан шығып қолын қысып, арқасынан қағып шығарып салып жататын бастықтары неге сұрамайды? "Ау, Бисенов, анадағы тапсырма есіңде ме?" — деп жататын таныс-бейтаныс, алыс-жақын көп қауым бір уақыт "Бисенов, сен осы өміріңде қиялданып көрдің бе? Арманыңның қайсысына жетіп, қайсысына жетпедің?"— деп неге сұрамайды. Басқаны былай қойғанда бауырындағы жары Райхан неге қаузамайды? Жұмыстан шаршап келгенде кісінің мазасын алмау керек екендігін біледі. Жұмысқа бара жатқанда кісінің көңілін бұзбау керек екендігін біледі. Етті көп жегеннен гөрі овощты көп жегеннің, арақ ішкеннен гөрі сүт ішкеннің, машинамен жүргеннен гөрі жаяу жүргеннің, тойып ап жата қалғаннан гөрі ұйқы алдында серуендеп алудың пайдалы екенін құлаққа құя бергенді біледі. Ал ең болмаса бір рет: "Осы сылдыр-сұйық уақыттың иегінің астында жүре бермей, бірауық басымызды көтеріп, жан-жағымызға дұрыстап бір қарап алайықшы!"— деп айтуды неге білмейді. Неге...
Бәлкім, ол да былайғы жұрт құсап мұның ішіндегіні айтпай біліп, миығынан күлетін шығар. Жоқ, әлде ондай-ондай болмашы нәрсеге бола қызыл кеңірдек боп дауласып жатсақ оқыған-тоқыған зиялы жандардың өнегелі семьяның, азғантай ғұмырда біраз нәрсеге қолдары жеткен бақыттылардың санатынан шығып қаламыз деп қорқады ма екен...
"Ақымақсың, Вася! Неткен ақымақ ең!— дейді бір әйел үздіге сыбырлап. Қапталындағы қалың бұтанын арасынан ап-анық естілген әлгі бір тосын дауыс оны ұйқыдан оятып жібергендей. Түннің де бір уағы болып қалғанын енді аңғарды. Мынау қалың бұта ұйлыға өскен оқшау алаңқайдан тезірек өтіп кеткісі келді. Әлгінде ғана күйзеле тіл қатқан әйел даусы арада бірер минут өтпей жатып сылқылдап тұрып күлсін-ай кеп. Ішегі қатып сықылықтасын-ай кеп...
Бисенов қаттырақ аяңдап, анадайда оттары жылтылдап машиналар жиі жөңкіліп жатқан ұлы көшеге жетіп алды.
Автобустың артқы орындығында келе жатып: "Қазір үйге барғанда Райханның да миығынан әлгі бір жымысқы күлкіні көрсем, не істер едім?"— деп ойлады.
Өз подъезіне жүрексіне аттады. Шіби дауысты қоңырауға жүрексіне қол апарды. Сосын есіктің ашылуын күтіп аңтарылып тұрып қалды.
Әдеттегідей дөңес айна қондырылған көзгелдек саңылаудан біреу сығалады. Әдеттегідей артынша-ақ құлып сылдырлады. Ар жақтан әдеттегісінше аймақы қызыл халат киген Райхан. Бұл оған тесіле қарап тұрып қалды. Әйелінің жүзінде ешқандай әжуа да, ашу да жоқ секілді. Сұлқ жатқан керме қастары бірте-бірте көтеріліп барады. Өйткені, күйеуі бүгін күндегідей жетіде емес, сағат кешкі онда, телевизиялық жаңалықтарды көрсетіп жатқанда келіп тұр.
Бисенов табалдырықтан теңселе басып аттады да, босағадағы жылтыр орындыққа барып отырды. Әйелінің жүзін тағы да бір асықпай шолып өтті. Сол баяғы ештеңеге түсінбеген аң-таң қалпы.
Кухня жақтан плиткаға тасып төгілген борщтың күңірсік исі келді.
Бисенов туфлиін шешіп орындықтан көтерілді. Езуінде әлгі бір өзі жақтырмайтын жымысқы күлкі тұрды.
Қонақжайдан диктор еркектің күмбірлеи шығатын қоңыр үні ертең де күннің кешегідей ашық болатынын айтып жатты.
АҚ ҚАЙЫҢ
Авторы: Әбіш Кекілбаев
Уақыты: 2009-09-23
Бекеннің ресторан табылдырығынан аттағаны бүгін. Онда да қоярда қоймай жетелеп жүрген Мәлік. Мана институтке түскендердің тізімі оқылғанда-ақ: — Бала бұны кешке бір оқсатып жуалықшы, — деп қойған.
Бекен Мәлікті бала күнінде бірер рет сыртынан көріп шырамытқаны болмаса жыға танымайтын. Осылай шығарда көкесі: «Бекенжан Алматың о шет, бұ шетіне жетіп болмайтын үлкен шаһар көрінеді. Көзтаныс біреу болмаса, сен құсаған аузы аңқиған қара баланың қай мәшіненің астында қаларын бір алланың өзі білсін. Ана Сыдықтың баласы сонда қызметте қалыпты ғой. Қары нағашымыз еді, хат жазғызып берейін. Сол панасына алсын. Нәйістік жасап жоламай жүрме. Сенің бір жетім тайлақтай меңірейіп шеттеп жүретінің бар. Онда арам өлесің. Барған бойыңда тауып алып, таныс», — деп қатты тапсырған.
Сөйткен Мәлігі сексеуілдің томарындай шымыр қара жігіт екен. Танауы тәмпіш, шашы да тістескен бұйра. Ұшып-қонып тұрған көзіне қарап, жылпос біреу ме деп қалып еді. Жоқ. Астанада жүргенімең ауыл жігіттерінен көп ұзап кете қоймаған аңқылдақтау адам боп шықты.
Бүгін түс қайтқалы бері бұны сылап-сипап әуре. Кетерде көкесі ауыл дүкеніне түскен жаңғыз габардин костюмді бұған алып бергенді. Чемоданның ең түбіне тыға салған киімде не сықиыт қалушы еді. Мыж-мыж. Оны да ретке келтірген Мәлік. Дүкеннен дүкен қоймай аралап, жағасы қаңылтырдан да қатты вьетнамның ақшаңқан көйлегін әперді. Керуетінің басында самсап тұрған көп галстуктың біреуін мұның мойнына тағып көріп еді, бұл қылғынып қалатындай қашқақтай берді. Мәлік бәрібір күштеп таққызды.
Қазір үйренген сияқты. Қозғалып кетсе, әлденені күйретіп алардай, шеткерірек столда сіресіп отыр. Мәлік тағамдардың аттары жазылған қағазға тұқшиып қалыпты. Бекен көзімен ресторанның бұрыш-бұрышын түгел тінтіп шықты. Көзі ешқайда аялдамады. Біржаққа ұзақ үңілсе, екінші жақта бір қызық болып жатып, содан құр қалатындай, жортақтата көз салады.
Бақтың ішіндегі бұл көк жасыл үйді ол бұрын тек сыртынан көретін. Анау ән салатын жердің бергі жағындағы алаңқайда оқшау ақ қайың бар. Сабаққа әзірленіп шаршап кеткенде сол жерге кеп отырып демалатын-ды. Осы бір темір тор шарбақтын маңы сапырылысып жатушы еді. Ара-тұра тәлтіректеген біреулер де шығатын. Сонда көкесінің: «— Ондай үлкен шаһарда не жоқ дейсің, шырағым. Әсіресе, шайханасына жолама, өңшең маскүнем...» — дегені есіне түсетін.
Сүйтіп, сыртынан тітіркеніп жүргені самаладай жарқыраған сәулетті жер боп шықты. Ішіндегі адамдары бірінен бірі өтеді. Өңшең сызылып, мызылып қалған ибалы адамдар. Киімдерін айтсаңшы. Әйел шіркіндердің де не келбеттілері болады екен ғой.
Сол арада залдың бір басындағы сахна сияқты биік тұғырдың үстіне бес-алты жігіт шыға келді. Әжептәуір үлкен үй селкілдеп кеткендей болды. Ың-жың. Сәл мазасыздау. Бірақ, қызық.
— Бекең не жейсің, не ішесің?
Мәліктің даусынан жалт бұрылса, столдарының жанында бүлдіршіндей қыз тұр. Сәлемдескені болар, иек тұсы сәл иілгендей болды.
— Өзіңіз айта беріңіз.
Қыз бұның дәл шынтағының тұсына блокнотын қойып, жазып алып жатыр. Бұндай білекті Бекен бұрын-соңды көрген емес. Сүйегі жоқтай жүмсақтығы көрер көзге беп-белгілі. Аппақ-ау аппақ. Мәліктің айтқанын жазып алды да, тық-тық басып келесі столға беттеді. Онша иіліп-бүгілген артық тағзымы жоқ. Өйтіп бағатындар қалтаңды қайтсем көбірек қағам деп жүретін көз бояушылар ғой. Мына қыздың қимыл-қозғалысында ондай бөтен-бұдыр ештеңе байқалмайды. Жүзі де бап-байсалды. Сол тық-тық адымымен асханаға кіріп кетті.
Шамалы уақытта шыға қоймады. Сахна жақтың тарсыл-тұрсылы, шаң-шұңы кебейді. Залда сәл түтін көтерілген бе қалай... Бағанағы аппақ перделер кәгіс таратқан сияқты.
Мәлік көрші столдарды көңілсіз шолып, салғырт отыр. Бекен бірдеңе сұрап мазалағысы келмеді. Ас тасып жүрген даяшылардың үсті-басын, әсіресе аппақ мекиеннің келте айдарындай бастарына таңып алған бас киімдерін қызықтай бастады.
Бір уақытта барып бұлардың даяшы қызы да шықты. Ақ уыз өңі күреңітейін депті. Темір табақша көтерген нәзік саусақтары сынып кетердей майысып тұр. Ешкімге, ештеңеге тіке қарамай, ұяң көз тастап, бұлардың столына бағыт алды. Жаңағы жазып алған жеріне, бұның дәл шынтақ тұсына өкеп табақшасын түсірді. Дастарханды түзеп, тез-тез шанышқы, пышақ қойып, бір ибалы бап-пен табақ таратты. Шампанды ашайын деп еді, Мәлік өзіміз-ақ ашармыз дегендей ишара қылды. Ол асхана жаққа қайта кетті. Бекен шанышқыға қол созды...
Бұған дейін аузына шарап алмағандықтан ба, әлде қазір әлденеге ала қызып отырғандығынан ба, Бекенге шампан тез әсер етті. Тісіңді сындырардай мұп-мұздай суық өңешті қарып кетердей болып еді, көкірек тұсы оқыс жылынып барады. Мәліктің алдында жатқан ақ құйрық сигареттің бір талын тісіне қалай қыстырып үлгергенін өзі де байқамай қалды.
— Міне, жігіт, — деп Бекен тамызық тосты.
Оркестрдің қасындағы микрофонға тұла бойы буылтық-буылтық, тарғыл көйлек киген тарғыл әйел барып тұрды.
Мохорка күйдірген мұрттай жіп-жирен шашын бір желп еткізіп тағзым етті. Басын қайта көтере беріп, қос құйрығын көк сиямен тіле тартқан қиғаш көзін залға бір жүгіртіп алды. Қыдырымпаз жанарын кілт кідіртіп, ебедейсіз үлкен аузын кере, темекі тартқандықтан сарғайып кеткен ірі тістерін көрсете күліп, ән бастап кетті. Тарғыл әйелдің даусы да тарғыл сияқты. Бекеннің құлағына түрпідей тиді. Мынау әйел ән салған соң залдың түтіні бұрынғыдан да көбейіп кеткендей. Адамдардың күңгірт жүздері әр қилы киім көк ала түтіннің арасынан су ішіндегі нәрседей алашабырланып көрінеді. Бас айналдыратындай.
Бекен тағы да даяшы қызды іздеді. Ол алыста емес, тап қастарында, терезе түбіндегі бос столда отыр екен. Залмен кеп ісі жоқ. Күңгірттеніп бара жатқан кешкі көкке, барған сайын аралары жиілеп, тұтаса қарауытқан қарағайларға қарап терезеге үңіліпті. Сырттағы тор шарбақтың ішінде де жұрт көбейген. Бекеннің беті ауған жаққа лаға беретін қаңғыбас жанары терезеден секіріп түсіп, шарбақ ішінде сыра сораптан отырғандарды кесіп өтіп, қара ала, сары ала киінген кәрия күзетіп тұрған темір қақпаға барып тіреліп кері қайтты,
Даяшы қыз қыбыр етпей әлі отыр. Кішкене жұмырығына жағын таяныпты. Толық болғанмен қысқа емес сағақты мойны бір ерекше сәнмен иіліпті. Мөлт қара шашты желкеде, самайда — еш жерде қобыратпай төбеге қарай кетере түйген.
Баста сызданып баққанмен келе-келе мінезін таныта алатын жеңілтек адамдай ресторан іші бағанағы байсалды сәулетінен айырыла бастады. Оркестрдің тап түбіндегі шеткі столда отырған біршөкім үшкіл мұрты бар сұр кительді қып-қызыл адам қолқалап «чечен вальсін» орыңдатқызып еді, ас үйдің есігіне тақау столдағы арық қара орнынан атып тұрып, кең балағы тірсегіне оратылып, тәлтіректеп барып, оркестрдің сол қанатында рояльда отырған бұйра шаш әйелдің білегінен ұстай алды.
— А-ақ маңдайлым, — деді қырылдап, қалтасынан жалма-жан қызыл ала қағазын суырып алып.
Оркестр ойнап кетті. Қылқылдаған қунақы әуен төгіле жөнеліп еді, бұлармен көрші столда отырған жуан сары мен шиқан қызыл мықыр адам таң атқалы қызыл кеңірдектесіп отырған дауларын тия қойып:
— В диких степях... — деп гүж ете қалысты.
Одан арғы столдағы тұмсығы кегіс, желке шашы уда-дуда семіз бәйбіше жұдырығымен столды қойып қалып еді, иін тіресіп тұрған шынылар бір-біріне соқтығысып баж ете қап басылды.
Оркестр бір желдіртпелеу әуенді безектетті. Жаңағысыны бәріне селқос құлақ сап, сигареттерін түтіндетіп отырған талдырмаш қара торы жігіт пен жалбыр шашын қақ маңдайдан шорт кесіп кекіл қойған көбелек етек қара қыз орындарынан атып-атып тұрып, билей жөнелді. Арбасқан теке лақтардай бір-біріне біресе шап беріп, біресе кейін шегінісіп кетеді. Екі иық, мықың тірсеқ екі қол — бәрі де делебе қоздырар жүйткіме ырғаққа ілесе алмай жанталасып бағуда.
Осынша дырдудың ішінде бағзы бір салтанатты тыныштықтан қалған жаңғыз жұрнақтай даяшы қыз міз бақпай бұрынғы орнында әлі отыр. Өзге даяшылар дуылдатып жатқандарға я тістерін жарқырата күліп, бастарын изеп қошамет білдіреді, я еріндерінің бір қиығына салмақты салыңқырай күлімсіреп, кекесінді нышан білдіріп жүр. Даяшы қыз оның бәрінен аулақ. Әдепті жанарында бір буалдыр мұң бар сияқты. Қарашығы тым керенау қозғалады.
Бұлар отырғалы да біраз болыпты. Мәлік қызды есепке шақырды. Ақша ұсынып жатып, әлдене айтып еді, қыз бағанадан бері осы арада ғана езу тартты.
Залдан шыға бергенде:
— Бекең сен анау эстрада жаққа бара бер, мен бір таныс адамды көзім шалып қалды, сәлемдесе шығайын, — деді Мәлік. Бекен тор шарбақтан шыға беріп, артына бұрылып қарап еді, бұлар тұрып кеткен ашық терезенің жанында даяшы қызбен Мәлік сейлесіп тұр екен.
Бекен өзіне таныс ақ қайыңның жанына келді. Ар жақтағы эстрадада ойын көріп отырған жұрт әлденеге қыран топан күліп жатыр.
Бір-бірімен бой таластыра тығыз өскен көп теректің ішіндегі сәл ашық алаңқайда алтын шаш екі қайың әлденеғе жетімсіреп жалғыз тұр. Оның қап-қара түнгі аспанның астынан алыстағы шамның сүйқылт нұрына шомылып, баданадай-баданадай боп мөлдіреп көрінетін жапырақтары бірдеңеге өте-мете ұқсайтын тәрізді. Дәл неге ұқсайтыны қанша ойланса да, есіне түсіре алмады.
— Бекен, неғып тұрсың?
Шамасы, қуып жеткен Мәлік болса керек.
— Ой, бала, ағаң қатырды. Әлгі қызды көрдің ғой. Анада біздің бір қаққан жігіт айтып еді. Көнді. Ертең демалысы көрінеді.
Бекен тыңдаған да жоқ, ұққан жоқ. Мәліктің аузынан шыққан сөздер Бекеннің көңілінде суға батпаған шөп-шаламдай қалқып жүр. Көзін ақ қайыңнан айырар емес. Ә, есіне енді түсті. Көз жасына ұқсайды екен. Түнжыр қара алып жанардан ағып келе жатқан алып тамшылар секілді.
Жүріп кетті. Мәлік қатарласып, қолтығынан алды.

Приложенные файлы

  • docx 18167122
    Размер файла: 107 kB Загрузок: 0

Добавить комментарий