T_1200_MA


Жылжып аққан көз жасындай кәусар Тұма!

(эссе-толғау)
1. Сұрасаң ауылымды Басқұдық-ты...
Даламыздағы әр тау мен тас, ой мен шұңқыр – тұнған сыр. Қоныс еткен бұрынғылардың кешкен тіршілігі, айналысқан кәсібі, тіпті ой-өресі хақында құнды ақпараты мол берер. Тек соны зерделеуге, білуге деген ынта мен құрмет болуы керек. Туған мекенге көрсетілер риясыз шын жақсы сезімнің нақты бір дәлелі – осы!
Кейінгі жылдары Әйтеке би ауданына қарасты Тұмабұлақ ауылын «Басқұдық ауылдық округі» мәртебесіне байланысты жастар «Басқұдық» деп атай бастапты. Ескертіп ек, совет өкіметі кезінде жөн-жосықсыз бұрмаланып кеткенін, бұларының дұрыс еместігін айтып. Сөз ұқпаған кейбіреулері байбаламға көшті бірден. Маған тек «Басқұдық» деген ат ұнайды деп. «Тұмабұлақ» дегенді тіпті естімеппін деп...
Ескі күндегі аталар қойған, бала кезден құлақсіңісті болған тарихи, мәні өте терең топонимикалық атаудың көлегейленіп кетер түрі бар. Туған жердің о бастағы атын лексикамыздан (тілдік қорымыз) ысырып тастау – надандықпен тіл мәдениетіне, ел шежіресіне жасалған кешірілмес қараулық дер ек. Әрине, кінә үлкендерден дәстүрді үзген. Ілкіде біз көрген ақсақалдардың орнын басқан, жөн-жосық көрсетіп, атажұрт шежіресін айтып отыруға тиіс. Кейінгілердің құлағына құймаған. Былайғы жұрт көзі ашық, көкірегі ояу деп санайтын, жоғары оқу орнында арнайы білім жинақтаған тарихшы, географ, филолог ұстаздардың да кемшілігі. Туған өлке шежіресіне ден қоймаған, бір сәт ойланбаған, қызықпаған. Парызын ұмытқан. Сонсоң қайдан ұқтырсын шәкіртке, әуелі өздеріндегі өткенге деген құрметі кем болса?
Жастардың бәрі бірдей түйсіксіз емес қой бірақ, ішінде ықыластылары да бар екен. Атақоныстың бұрынғысын білсек дейді. Елдің, жердің түп тарихын танымаққа ниеті зор солар үшін естігенімізді, көкірегімізге түйгенімізді, парықтағанымызды, шама-шарқымызша баяндауды жөн санадық ойлана келе. Жердің аты – тарихтың хаты. Білсін, ұғынсын дедік кейінгілер.
Әлқисса...
Совет өкіметі тұсында, өткен ғасырдың 60-жылдары басында совхоздар (советский хозяйства) құрылып, халықты бір жерге шоғырландыру саясаты жүргізілген кезде ұйымдастырылған қой шаруашылығының шартты атауы ретінде «Басқұдық» деп аталған. Бірақ жергілікті әкімшіліктің, селолық кеңестің іс-қағаздарында «Совхоз орталығы – Тұмабұлақ» деп толтырылатын. Анығында, «Басқұдық» – кешегі совет өкіметі кезінде «Тұмабұлақ» атауымен ішінара жарыса қолданылған шаруашылыққа қарасты 3-ферманың ежелгі аты. Қазіргі округ орталығынан отыз шақырым жерде. Оңтүстік-шығыс жағында.
Әкейдің 1965 жылы бухгалтер боп ауысуына байланысты Тұмабұлақтан жаңа айтып өткен «Басқұдық» совхозына қарасты 3-ферманың орталығы – Басқұдыққа қоныс аудардық. Бес жаста-тұғынмын. Әлі жадымда. Ауыл айнала жап-жасыл. Шилеуіт. Кейбір тұсы шоғырланып, үйдің іргесіне тақала өскен. Қозы, лақ алысқа ұзамай жайылып жүреді ылғи... Көрші тұратын Мейрамбек, Нұрлан, Барлық, Бақтияр деген балалармен таңертеңнен кешке дейін ойынның соңындамын. Шешем жетелеп әкетпейінше үйге кірмеуші ем...
Осы жерде, Басқұдық бастауыш мектебінде 1-3 класты оқыдық. Директоры Сақтағанов Көптілеу еді. Қолымызға қалам ұстатып, әріп үйреткен ұстазымыз Еламанов Бижігіт деген кісі-тін...
Шаруашылықтағы мал басы көбейген соң ауылдың Қарабас әулие аталатын қорым орналасқан батыс жақ бетінен қырқым пункті ашылды. Фермаға қарасты отыз отарға жуық қойды жабағы, күзем кезінде екі рет айдап әкеп қырқады. Осының салдарынан азғана жылдың ішінде жердің көркі қаша бастады. Малдың тұяғы қоймайды екен. Жыл сайын айға созылатын қырқым маусымы кезінде қайта-қайта топырлатып, бір төңіректе бірнеше бәленбай мың бас қойды иіріп жая бергенсін. Оның үстіне ауылдағы әр шаңырақтың да ұсақ жандығы, ірі қарасы бар. Баяғы түкті кілемдей айналаны тегіс көмкеріп жататын өсімдік атаулы түгел жойылды. Сәл үп еткен жел тұрса дауыл көтеріледі, топырақтан көз ашпаушы ек. Бірақ құмы өзгеше-тін...
2015 жылы ауылға бардым. Арнайы сапарлап. Ел жоқ. Жұрты жатыр. Балалық шағым өткен мекен. Көңілге тым ыстық. Алайда ажары қайта кіріпті барақат тапқан өңірдің, біраз жыл тыныс алған соң. Жыңғыл, жиде өскен шоқталып, ана тұстан, мына тұстан. Қалың шөп басқан тегіс. Жап-жасыл. Баяғы шилер қайта оралған, самалмен бастары үлбірей тербеледі. Үйімнің орнын іздедім. Таптым. Төмпешік боп қалыпты. Өткен күндердің үзік елестері көлбеңдеді. Көңіл толқыды.
Осы Басқұдық ауылы 1961 жылы шаруашылықтың 3-қой фермасына айналғанда алғашқы меңгерушісі Баймақан есімді кісі бопты. Қарабұтақ жақтікі көрінеді. Біздің үй көшіп келгенде бөлімше басқарушысы Игебай деген-ді. Жаңылыспасам, әйелінің есімі – Зіпу болар. Баласы – Бақтияр әлде Бақберген. Менімен құралпылас. Игебай 1966 жылы жазда басқа жаққа қоныс аударды. Бұдан соң Әбдікәрімов Мәлік ақсақал (1924 ж.т.) болды ферма меңгерушісі. Әкемізбен құрдас-ты. Бұл кісі 1971 жылы өмірден өтті. Мұнан кейін Басқұдық бөлімшесін Тұтқышбаев Әбдібек есімді ағамыз басқарды. Сосын Қозбағаров Мопық аға...
Бұл мекеннің «Басқұдық» аталу себебін нақтылап түсіндіргенде былай: «бас + құдық» біріккен сөздерден жасалған гидронимдік атау. «Негізгі құдық» деген мағына береді. Көшпелі дәуірде тіршіліктің көзі – мал шаруашылығы болғандықтан аталарымыздың сол үшін өзен бойын, бұлағы бар, суы тұщы, таяздан шығатын жерлерді қуалап қоныстанғаны белгілі. Шынында да Басқұдықтың жер асты су көзі өте жақын һәм мол. Қазсаң 1,50 – 2,00 метрден шыға беретін. Күмпіп жататын. Еш ортаймайтын. Дәмі де бөлек-ті. Бұрынғы заманда құдықты алабота, қияқ қамыс, ши өскен жерден қазған дейді қолдағы этнографиялық деректер. Өйткені, су таяздан шығып, тұщы болады екен. Аталардың осы тәжірибесінің растығына Басқұдыққа көшіп келген жылдары ауылды айнала топталып өсіп тұратын біз көрген қалың шилер күмәнсіз сендіреді. Шөл және шөлейт аймақта ғұмыр кешкен көшпелілердің күн тәртібіндегі басты мәселе – суға мұқтаждықты шешудегі орны үшін бұл қоныстың «Басқұдық» аталуы біз баяндап отырған нақты жайтқа байланысты екені талассыз ақиқат, тарихтан аз-маз хабардар, түсінігі бар кез келген жанға ұғынықты нәрсе. Өңіріміздегі басқа да Аққұдық, Тасқұдық, Құрқұдық сияқты суға қатысты гидронимдік жер атаулары да пікірімізді негіздей түседі.

2. «Тұма» атауы хақында сөз қозғасақ...
Сөз басында айттық, «Тұма» деген сонау бала кезімізден құлағымызға сіңген атау-тұғын деп. Қазіргі Басқұдық ауылдық округінің орталығы – Тұмабұлақтың іргесіндегі бастауға тікелей қатысы бар...
Жадымызда қалған шала-шарпы мына үзік бейне көз алдымызда әлі, айта кетейік, пікірімізге қатысы болғасын. Енді-енді есім кіре бастаған төрт жасар кезім екен қазір пайымдасам, бұлақ ағып өтіп жатқан ауыл жанындағы терең сайдың келесі бетінде, солтүстік жағында, біраз үйлер бар-ды. (Біз ес білгелі атауы – «арғы ауыл». – Б.К.) Солай қарай өтетін тұста қыйқа-жыйқа ағаш көпір болды. Сайдың бойы түгел жасыл шөп еді. Су көкпеңбек боп жататын. Басы иілген биік өсімдіктер өсіп тұратын. Кейін білдім оның құрақ екенін. Құстардың қиқулап ұшып, қонып жататыны да есімде... Қазір осы көрністер жоқ. Кезінде совхоз басшылары тарапынан табиғатқа жанашырлық танытылмағандықтан антропогендік әрекеттер салдарынан жойылған...
Осы бұлақ атауының сырын анықтауға көшсек енді. Бірнеше дереккөзде анықтамасы былайша беріліпті, қаз-қалпында ұсынайық:
а) Тұма зат.Бұлақ, бастау. (Қараңыз: Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Қ – Я. – Алматы: «Қазақ ССР Ғылым академиясының баспасы», 1961 жыл, 2-том, 373-бет);
ә) Тұма зат. Жер қойнауынан шығатын кішірек бастау, көз. (Қараңыз: Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. (Т – Ү (таңертең – үрей). – Алматы: «Ғылым» баспасы, 1986 жыл, 9-том, 272-бет);
б) Тұма (Жамб.: Шу, Мер., Луг., Қорд.; Сем., Үрж.; Алм.: Ұйғ., Кег., Шел.; Шығ. Қаз.: Марқ., Зайс.) ағуы шамалы қайнар, бұлақ су. (Қараңыз: Диалектологиялық сөздік. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2007 жыл, 650-бет);
в) Тұма (Нисходящий источник, родник) – қоры грунт суларымен, жалпы алғанда арынсыз жер асты суларымен толығып отыратын су көзі; сулы қабаттың қоректену аймағынан, жоғарыдан төмен қарай, судың жер бетіне шығу бағытында қозғалатын тегеурінсіз жер асты суларының көзі... Тұмаға су жоғарыдан төмен қарай сулы қабаттың қоректену ауданынан, кәріздік орынға – судың жер бетіне шығатын жеріне қарай қозғалады (Қараңыз: Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Су шаруашылығы. – Алматы: «Мектеп» баспасы» ЖАҚ, 2002 жыл, 321-бет).
Халық ақындарының бірі жырында бүй депті:
«Таптырмай сағындырды сәуле жарық,
Зар шекті іздеп талай халық.
Тұмадай көздің жасы жылжып ағып,
Жол салды екі беттен қазып арық» (Қараңыз: Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Қ – Я. – Алматы: «Қазақ ССР Ғылым академиясының баспасы», 1961 жыл, 2-том, 373-бет).
Шынында да ауылымыздың тап іргесіндегі тұманың ағысы жырдың осы үзігінде һәм әлгіндегі ғылыми анықтамалардың бәрінде айтылғандай. Өте баяу. Тегеурінді емес. Бірақ күзде, әсіресе көктемде еріген қармен, жауған жаңбырмен толығып, екпіні біршама артқанда шығысқа қарай жылжи қозғалып, бес-алты шақырымдай жердегі Қарақай өзені сайына жетіп құлайды. Жаз басталысымен әлсіреп, үзіліп қалады. Пікірімізді мына дерек те қуаттай түседі, куәлік берейік. Уикипедия – ашық энциклопедиясындағы «Қарақой /өзен, Торғай/» делінген мәліметте: «Қарақой (орфографиялық қате, еш талассыз дұрыс аты – Қарақай. - Б.К.) – Торғай алабындағы өзен... Бастауын Тұмабұлақ аулының тұсынан алып, Күйіккөл сорына құяды», – деп тайға таңба басқандай жазылған. Біз білетін ақиқаты дәл осылай.
Совхоз құрылған жылдары топырақты алты-жеті метр биіктікте жал қып үйіп, осы бұлақ суын бөгеген. Шаруашылықтың қажеті үшін. Алайда 1971 жылы сәуір айында кенересінен аса толып, бөгетті бұзып кетті. Әлі көз алдымда. Төртінші класты нағашым Хасеннің үйінде тұрып, оқып жүр едім. Судың тасып жатқанын естіп, ауланың сыртында бірнеше бала қызықтап бақылап тұрдық. Әуелі жал топырақты үңірейте тесіп, лықси ақты. Сонан соң бірте-бірте кеңейіп, сәлден кейін әлгі тесіктің үстіңгі жағы опырылып түсті. Сол кезде арнасына әрең сыйып, іркіліп тұрған су бері қарай қотарыла ақтарылғанда жардай-жардай сеңдер тасқынмен жарыса аударылып, төңкеріліп ойнақтай ағып, шығысқа қарай жөңкіді. Жан-жаққа жайылып, ойпаңға жақын үйлердің қора-қопсысына тақалды...
Бұл тұма бұлаққа қатысты өзіміз куә болған жайт. Кейін қайта бөгеді, қайта бұзды. Соңында жиылған артық су үздіксіз ағып тұратындай қып құбыр орнатып, ілекерлеп қойды.
Мұны мына деректермен үстемелей түсейік. Тұмабұлақта туып, өскен Шәріп аға Кенжебай: «Үйіміз ертеректе бұлақтың бойында болды. Төрт шаңырақ отырдық. Суды бөгеу үшін кейін тұрғызылған жалдан әрі, шамамен қырық метрдей жерде. Айтбай ахун зираты жақ тұсында. Сайдың биік жарынан суға құлап кетпесін деп әке-шешеміз үнемі бізге қайта-қайта ескерту жасап, бақылап жүретін... Ұмытқаным жоқ, 1961 жылы совхоз ашылғанда, үй құрылыстарына қажетті алғашқы ұзын-ұзын жуан бөренелерді Әділмағанбет ағамыз тасыды машинасымен. Ал бөгеттің тұрғызылғаны 1962 жылдар шамасында-ау деймін. Тәжіғұл Тасболатов директор боп тұрғанда. Ол кезде техника өте сирек. Баламыз ғой, топырақты жал ғып үйіп жатқан тракторды айналсоқтап қызықтап жүретінбіз сонда», – деп әңгімелеп беріп еді жадында сақталаған сонау өткен шақтағы оқиғаның бір елес-үзігін.
Айта кетейік, 30-жылдары өзіне қарасты ағайындарды жұмылдырып, бұлақ суын алғаш бөгеген, шығыр салып, елді егіншілікке тартқан Айтбай есімді ахун екен. Ашаршылықта біраз шаңырақ аман қалған соның арқасында. Атамыз Бұқарада Көкілташ медресесінде білім алыпты. Білетіндердің айтуынша, мұнда оқығандарға діни сауат ашумен қатар, астрономия, агрономия саласынан да сабақтар өткен дейді. Атайдың іс-әрекеті бұл пікірлерді растайды. Ертеректегі суды бөгеген тұстағы жал ғып үйген топырақ төмпешік боп қалған осы күндері. Ойқы-шойқы шұңқырлардың да сілемдері сақталаған. Бұл жер ауылдан төрт-бес шақырымдай. Айтбай ахун дүниеден өткен соң, өзі бөген жасаған сол маңға жерленген. Қазір қорымға айналған ол тұс. Атамыз жайындағы тақырып – бұдан бөлек. Өз алдына кейін айтылар әңгіме.

3. «Тұмабұлақ» деген колхоз болған!
Совхоз орталығына айналғанға дейін де Тұмабұлақ өз атауын толық сақтаған. Қазіргі Басқұдық ауылдық округіне қарасты Сарыбұлақ өңіріндегі (шаруашылықтың бұрынғы 3-қой фермасы. - Б.К.) Жиделібұлақ деген қоныста дүниеге келген Кеңес аға Орынбеков (1948 ж.т.) былай деген еді бір әңгімесінде: «1954 әлде 1955 жыл, анығы әлі мектепке бармаған кезім. Тоңашада егін екті. Тұмабұлақтан он-он бес шақырымдай жер шамалауымша. Агрономы Зейнел деген еді. Әжем Ақкенже (1900 ж.т.-1988 ж.қ.б.) сауыншы болды, сол Тоңашадағы егіншілерге. Содан біз Сарыбұлақтан көштік. Өгізбен. Ол уақытта аулымыз колхоз-тұғын. Айдаубаев Жақып деген кісі – төрағасы... Сонан Тұмабұлаққа жеттік. Бұл да колхоз еді о кезде. Үйлер онда бұлақ арнасына тақау жердегі осы күні «алты ауыл» аталып кеткен тұста. Біз далада түнедік. Таңертең өгізіміз орнынан тұра алмай қалды. Көмек сұрап, жақын маңдағы үйлерге кеткен әжем қайта оралды, қасында адамдар бар. Сөйтсе, байғыз аттап кеткен екен өгізді... Әупірімдеп жеткен соң үйімізді Тоңаша сайының арғы бетіне тіккеніміз есімде».
Осы өңірдің тумасы, елдің 50-жылдарындағы тарихына нақты куәгерлердің бірі Нағашыбай аға Кемелтаев та бүй деген-ді: «Туған жерім – Аша. (Басқұдық бөлімшесіне қарасты жер еді бұрын.-Б.К.) 1939 жылы келіппін дүниеге. Кейін Нұраға қоныс аударып, біршама жыл сонда тұрдық. 1955 жылы Тұмабұлаққа көштік. Бұл кезде ауыл «Тұмабұлақ» колхозы аталатын. Ол уақытта үйлер «алты ауыл» аталып кеткен жерде еді. МТС-да осында болды... Еңбекке ерте араластық. Құрқұдықта егін егетін. Піскен кезде орысуға көмек беретін едік. 1957 жылы колхоздар біріктіріліп совхоздарға айналдырылды. Орталығы Қарашатау болды. Сонда ұсталық жұмысқа орналастым... 1959 жылы әскерге кеттім. Армиядан 1962 жылы оралғанымда Тұмабұлақ «Басқұдық» совхозының орталығы болған екен... Соңғы жылдары ғой «Басқұдық» деп жүргендері. Бұрын «Тұма», «Тұмабұлақ» дейтінбіз...».
«Алты ауылға» түсініктеме бере кетейік. Ұзын сонар пікіріміздің арқауына айналған Басқұдық ауылдық округінің орталығы – Тұмабұлақтан бөлек, шетке орналасқан азғана үйлер-тін. Осы өңірдің тағы бір тумасы Ақан аға Өмірзақовтың: «Тұмабұлақ» колхозының орталығы болған кездегі ауылдың бұрынғы нақ орны кейін совхоз бақша еккен тұста, бұлақ ағып өтетін сайдың бойында, шығыс жақта, «алты ауылдан» сәл әріректеу болған еді, сілемі әлі сақталған ғой», – деген дерегі де сөз қылып отырған ел тарихына қатысты куәлік беріп, нақтылай түседі.
Орынбеков Кеңес ағамыз мынадай да мәлімет айтқан-тын, ол: «Совхозымыз құрылғанда әуелдегі орталығы – Қарашатау. Қазіргі Құмқұдық. 1961 жылы «Басқұдық» совхозы енші алып, бөлек шықты. Сол кезде әкімшілік, іс-қағаздары, кадрлар түгелдей шаруашылықтың жаңа орталығы – Тұмабұлаққа көшірілді. Селолық советтің төрағасы Мыңжасаров деген кісі болды. Бұған дейін Қарашатау селолық советіне қарап келген едік», – деді.
Журналист Рахымжан Өтеміс «Кісілік келбет» атты мақаласында («Ақтөбе» газеті, 25.10. 2016 жыл) Ырғыз өңірінің шежіресіне қатысты біраз жайттарды түзіп келіп: «...1957 жылы аудандағы бұрынғы колхоздар біріктіріліп совхоздарға айналдырылды. ...аз уақыт ішінде «Ырғыз» («Коминтерн», «Қызыл партизан», Тельман атындағы колхоздар ізінде), Калинин атындағы (Калинин, «Жаңа құрылыс», Қазақстанның 30 жылдығы, Киров, Ворошилов колхоздары), «Басқұдық» («Басқұдық», «Сарыбұлақ», «Тұмабұлақ», Қазақстанның 20 жылдығы колхоздары), «Жабасақ» (Чапаев, Ленин, «Жаңа бірлік», Жданов, «Октябрь жолы», Аманкелді колхоздары), «Северный» («Жаңа дәуір») совхоздары ұйымдастырылды», – депті.
Мінекей, қазіргі кез суы «бөлек», жері «бөлек» ырғыздық автор да «Басқұдық» совхозы бұрынғы «Басқұдық», «Сарыбұлақ», «Тұмабұлақ», Қазақстанның 20 жылдығы колхоздары негізінде құрылды деп отыр! Осы жағдайға терең ой жүгіртіп, мұқият зерделесек, Тұмабұлақтың оңтүстік-шығысында, Ырғыз жақ бетте, отыз шақырым қашықтықта орналасқан, ежелден келе жатқан мекен Басқұдықтың атауын 1961 жылы құрылған шаруашылыққа шартты түрде еш ойластырылмай таңыла салғаны көрініп тұр. Анығы советшіл әлдебір белсендінің жеке дара кесіп-пішуімен жасалған қиянат бұл. Зиянын шеге бастадық. Осы ойсыз іс кейінгілердің бір жердің бағзылық атын өшіріп, оның есімін екінші бір мекенге зорлықпен таңып, бабалардың танымынан туған, атажұрттың тарихи болмысын ашатын, сыры терең көне атауларды жою әрекетіне негіз қалап берді...
Мақалада бұдан кейін сол замандағы түйсіксіз басшылардың әпербақандығымен 1963 жылы Ырғыз ауданының жабылып, қармағындағы совхоздардың Шалқар мен Қарабұтақ ауданына бөлініп таратылғаны баян етілген.Үлкендердің әңгімесінен естіп өскендіктен біз бұл жайттан хабардар едік. «Басқұдық» совхозы Ырғыз ауданы қайта ашылғанша 1963 жылдан 1965 жылға дейін Қарабұтақ ауданы қармағында болған. Бұдан кейін де қақпақыл қып, 1971 жылы шежіресі бір қасиетті Ырғыздан тағы бөліп, Комсомол ауданына (Қазіргі Әйтеке би ауданы) қосты...
Жарты ғасырдан асып, алыстап кеткен оқиғаға тікелей куә адамдардың баяндауы, басқа да деректердің айғағы – туған мекеніміздің ежелгі «Тұмабұлақ» деген атымен колхоз боп аталғанын да нақтылап отыр. Сонымен шындықты мойындағысы келмей бұл атауға дәлел керек, «Басқұдықтанмын» демесем мені ешкім білмейді деп, ақиқат нәрсені ежіктеп дәлелдеуге жұмыстандырып отырған парықсыз уәждерге қарсы әлі бұдан басқа да бұлтартпас деректеріміз жеткілікті ұсынатын.
Осы жерде мына жайтқа да тоқтала кетейік. «Басқұдық» совхозының алғашқы директоры – Тәжіғұл Тасболатов. Ол 1957-62 жылдар аралығында басқарған екен. Бұдан соң Дастанов деген кісі (есімін ұмытыппын) 1962-64 жылдары басшылық еткен. Көргенмін. Бірақ тым кішкентай едім. Орта бойлы, қара торы, шашын шалқасынан қайырған бұлыңғыр бейнесі көз алдымда. Мұнан кейін директор Сейдағұл Құлдыбаев болды. Шаруашылыққа 1964-75 жылдары басшылық қылды. Ал 1975 жылдан 1995 жылға шейін совхозды Орынтай Байбосынов басқарды.

4. Тарихтың нақты ақиқаты
Тұмабұлақта дүниеге келіп, осы жерде ат жалын тартып мінген азаматтың бірі – Серік Жақыпов есімді жерлес ініміз. Зерделі, көкірегі ояу жігіт. Жеке архивінде ел шежіресіне қатысты жинақтаған құнды деректері әжептәуір. Серік бізге өткен ғасырдың бір тарихи құжатын берген-ді қолындағы. «Матеріалы киргизскому землепользованію, собранные и разработанные статистической партіей Тургайско – Уральскаго переселенческаго раіона. Иргизский уезд» деп аталады. Еңбектің басылып жарық көрген жері де, баспасы да, жылы да мұқабасында көрсетілген: «Оренбургъ. Типографія О. Яковлева. 1912» деп.
Кітапта Ырғыз уезіне қарасты әр ауыл рубасыларының аты-жөндері, олардың көшіп қонатын қоныстары, құдықтары, тағы басқалары таблица-құжатта бірнеше бағанға бөлініп, нақты көрсетілген... Көп созбақтамай сөз қылып отырған тақырыбымызға қатысы бар осы еңбектегі мәліметтерді саралап, ондағы кейбір жайттарды анықтауға көшейік енді. Сонымен былай: «Имена аксакаловъ» деген бағанада «Косумъ Мажиковъ» (Қосым Мәжіков.-Б.К.) деп таңбаланған. Және бұл кісінің ауылын «Аманкульская вол. II – аулъ» деп көрсеткен. Сонан соң «Названіе зимовокъ» деген бағана тұсына «Тума» деп түзіліпті. Осыдан кейін таблицадағы «Родъ и названіе водныхъ источниковъ при кстау» деген жазудың төменгі жағына «тоже» депті. Бұл – «Тұма» атауы екенін бұлтартпастан дәлелдеп тұр! Сонымен қатар, Аманкөл болысына қарасты осы 2-ауылдың басқа да рубасылары қармағындағы жұрттың мекендейтін жерлері анық көрсетілген. Бәрі де бұрынғы СССР заманында «Басқұдық» совхозы территориясына қараған жерлер. Таңқалдыратыны ескі мәліметте түзілген сонау бір ғасыр бұрынғы топонимикалық атаулардың әлі күнге шейін қаз-қалпында сақталуы. Көзге оттай басылады. Бала кезден жақсы таныс жерлер еді: «Кара-соръ», «Май-емеръ», «Жанике», «Карабасъ», «Сасык-соръ», Ак-аузъ», «Утек-соръ» т.б.
«Тума» сөзі «Тұма» екені еш талассыз мұнда (астын сыздық.-Б.К.). Өйткені, бір бұл емес, Өтексор «Утек-соръ», Жәніке «Жанике» делініп, мұнан өзге де жер-су аттары аталған құжатта жат жұрттың тілінде осылайша бұрмаланып таңбаланған. Ежіктеуге тура келіп тұр, ұға түсу үшін, орыста қ, ғ, ң, і, ө, ү, ұ дыбыстары жоқ екенін кез келгеніміз жақсы білеміз. Сондықтан «Тұма» атауының кириллицамен «Тума» деп түзіліп, Ырғыз уезінің Аманкөл болысына қарасты 2-ауылдың құрамында болған өзімізге белгілі қоныстардың қатарында аталып, жазылуы тұжырымымызды бұлтартпастан дәлелдеп тұр. Сонымен ауылымыздың о бастағы, бір ғасырдан бұрынғы ежелгі тарихи аты – Тұма екен!
«Басқұдық» совхозында біраз жыл басшылық жасаған Орынтай Байбосыновтың «Біз Басқұдықтанбыз» дейтін шағын кітапшасында да: «Жиырмасыншы жылдары Басқұдық өңірінің байырғы тұрғындары дербес-дербес үш ауыл боп Ырғыз оязының Аманкөл болысына қараған», – деп жазылыпты (Қараңыз: О. Байбосынов. Біз Басқұдықтанбыз. Ақтөбе қаласы, 1992 жыл, 4-бет). Бұл мәліметтер жоғарыдағы тарихи дәлелдермен сәйкес келеді.
Бәймішев Мейрамбек деген ауылдасым һәм құрдасым бар. Қарындасының есімі – Тымагүл. Бұлай аталу жайын сұрғанбыз-ды бірде одан. Ол: «Әкем Әбдіғаппар бір кездері бұлақтың жағасында, Қарашатау жақ бетінде жылқы бағыпты. Мен сол жерде дүниеге келіппін. 1962 жылы сәуірдің 12-інде. Атымды Тымагүл қойыпты. Кейін мұның себебін сұрағанымда әкем: «Бұлақтың бойында тудың. Әрі сол төңіректі гүл басып кететін көктемнің аяғында, есіміңді соған байланысты осылай атадым дейтін», – деп баяндап берген еді бізге.
«Тыма» кейінгі сөйлеу тіліндегісі. «Ұ» дыбысының «ы» дыбысында айтылуы. Яғни, бұл – қазақ тілі пәні саласын зерттейтін фонетика ғылымы қарастыратын орфоэпиялық түрі. Мысалы: жазылуында «құлын» сөзі айтылуында «құлұн» немесе, «құбыла» атауының «қыбыла» деп өзгеріп дыбысталғаны тәрізді.
Қолымызда «Атлас автомобильных дорог СССР» деген 1991 жылы жарық көрген карта бар-ды, сонда «Казахская ССР. Кустанайская, Актюбинская области» делінген бетте «Тымабулак» деп түсірілген. Сондай-ақ, 2001 жылы Астана шәрінен басылып шыққан ҚР Ақтөбе облысының әкімшілік-аумақтық бөлінісі картасына да «Тымабұлақ» деген атаумен енген.
Мұның себебін Серік Жақыпов: «Сонау 90-шы жылдары жер атаулары қайта тіркелген кезде, немқұрайлықтың, жауапсыздықтың салдарынан Басқұдық ауылдық округі орталығының аты «Тымабұлақ» деп көрсетілген. Басқа салада болғансын бұл жағдайдан хабарсыз едім. Мұны кейін 1996 жылы аудандық салық комитетінде қызмет істеп жүргенде, шаруашылықтардың жарғысын қайта түгендеу жұмыстарын қолға алған кезде білдім. Шыр-пыр болған сөзіме ешкім құлақ аспады атаудың орфографиялық түзілімі қате, түзетейік деген. «Тымабұлақ» боп бекітіліп кетті деп ыңғай бере қоймады», – дейді осылайша түсіндіріп.
Назарға ұсынып отырған мәліметтерді саралай келгенде аулымыздың әу бастағы аталарымыз қойған «Тұма» атауына беріректе «бұлақ» сөзінің тіркестіріліп, «Тұмабұлақ» аталғаны айқын аңғарылады. Әрине, бұл да көңілге қонымды. Еш қайшылық тудырып тұрған жоқ. Қазақ тілі ғылымында морфология саласынының анықтамасы бойынша таратып түсіндірсек, бір ұғым беретін, бірнеше түбірдің бірігуінен (тұма + бұлақ), нақтылап айтқанда, жалпы есімдердің тіркесіп қосылуынан жалқы есім жасалынып тұр. Сонда мағынасы «жер қойнауынан шығып, ағып жатқан бастауы, көзі бар бұлақ» дегенге саяды.


5. Тұма Әуезовті де сүйсіндірген!
Бір дереккөздерде Қарағанды облысы, Шет ауданына қарасты Мойынты бекеті өңірінде «Кіші тұма», «Үлкен тұма» аталатын бастаулар бар, суының мөлдірлігімен, айналасын көмкерген неше алуан өсімдігімен ерекшеленеді дейді. Дүйім жұртқа таныс Алакөл маңында да жер астынан шығып жатқан қайнар «Көктұма бұлағы» деп аталады екен. Тізе берсек мұндай дәлел жетерлік. Айтпағымыз, «Тұма» – қазақ халқына кең тараған атау. Қолданғанда сөзді ажарландырып, өзгеше көркемдік беріп, экспрессиясын күшейтудегі қызметі де орасан. Түзген бір еңбегіміздің атауын «Шандоз жырдың тұмасы – Балқы Базар хақында» деп қойып едік. Мағынасын ашып, сәулелендіріп жіберді. Асыл сөздің құдіреті әне бабалардан қалған! Бәсін білсең абырой әкеледі.
Есімі талай жұртқа жайылып, даңға шыққан классик Мұхтар Әуезов: «Жаңа қоныс болғанда қандай! Тұнып тұрған көк бастау, торғындай тұма, қысқа бұлақ, көк үйрім көл», – депті бір шығармасында (Қараңыз: Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Қ – Я. – Алматы: «Қазақ ССР Ғылым академиясының баспасы», 1961 жыл, 2-том, 373-бет).
Расында шоң тұлғаның бұлай сүйсінуі де бекер емес-ті! Мектепті Тұмабұлақтағы интернатта жатып оқыдым. Күн ыстықта тәрбиеші ағай-апайларымыздан ұрланып қашып, бұлақтың бөгеніне шомылатынбыз. Мөлдір-тін, һәм денеге жұп-жұмсақ тиюші еді, құдды торғындай Мұхтар атам айтқан!.. Ұзақ жүретінбіз. Қайран, бұла дәуренім тұма жағасындағы!
Екі жағы алма-кезек кейде еңкіш, кейде тік жар боп келген сай ішін қуалай аралап кететінбіз. Судың кей тұсы шыр айналып үйіріле ағатын. Бір сәт қызықтап қарап тұратыным есімде соған. Кейін пайымдасақ, тұманың жер астынан жоғарыға көтеріліп шығып жатқан сәтіндегі құбылыс екен ол...
Тап қазір есімізге түсіп кетіп отыр, оған да тоқтала кетейік, мана айтып өткен, бұрынғы «Тұмабұлақ» колхозының орталығы болған «алты ауыл» жақта, осы бұлақ ағып өтетін сайға тақау тұстағы бастаудың бір көзіне сақина тас орнатылған. Тұрғындар содан алады ауыз суды. Кәусар дерсің! Шәйға да бөлекше дәм береді. Кірді жақсы ашады. Құрамын тексерсе деп ойлаймын. Арнайы лабораториялық зерттеуден өткізіп. Адам ағзасына пайдалы заттардың анықталарына шүбә жоқ. Өйткені, бұлақ суы минералға бай болады дейді ғой ғылым...
2015 жылы ауылға барған бір сапарымда бұлақты бойлай кездім. Қасымда кластасым әрі бала кезден бірге өскен дос, құрдасым Латиф бар. Нағашым Батырбай бар, фотоға, бейнетаспаға түсіріп жүрген... Биік жардан арнаны шолдым. Тұмадан шыққан бастау жылтырап, жыландай ирелеңдеп жатыр. Бұрынғы бөген қазір жоқ. Ауылға жақын тұстан қайта жасалыныпты. Биіктен құлдай түсіп, бұлақтың табанына жақын ылғалды жерден ала шыққан күрекпен тереңдігі 35 - 40 см шамасында шұңқыр қаздық. Бақылап тұрдық. Су әр тұстан жылап ағып, түбіне жинала бастады. Тола бастаған сәтте баяу дөңгелене қозғалған иірім пайда болды шұңқыр бетінде. Анда-санда бір бүлк етеді әлсіз ғана...
Аталарымыз жер астынан өздігінен шығатын су көздерін осындай гидродинамикалық ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөлген екен: жоғарыға шапшып қайнап ағатын күші қуатты бұлақты – қайнар, ал, төменге сорғи ағатын арыны әлсіз бұлақты – тұма деп. Өстіп қазақтың болашақ гидрология ғылымы терминдерінің негізін қалап кеткен.
«Тұма» сөзін тосырқап, қабылдай алмай дау айтуы – кейінгілердің атаудың жоғарыда егжей-тегжейлі баян етілген тіл мәдениетіндегі, су шаруашылығындағы танымдық мағынасын, қасиетін, қызметін ұғына алмаудан туған ой таяздығынан. Мұның түп себебі – сөз сырын түсінейін, тарихты білейін деген ниеттің жоқтығында жатыр.
Біз де бала болдық. Ойынның соңында жүрдік. Бірақ үлкендердің әңгімесіне де құлақ түрдік. Ғибратын алдық. Мұнымен шектелмедік. Білген үстіне біле түссек деген талаптың жетегіне ердік. Түрлі әдеби, танымдық кітаптар оқыдық. Іздендік. Бойымыздағы азды-көпті білімімізді осындай ынта-ықыласпен жинап едік... Тарихтың шындығын мойындамау, бұрмалау, өшіру – сананың төмендігінен, өткенге ілтипаттың жоқтығынан, білімсіздіктен орын алатын жағдай. Өсіп келе жатқан әр бала алыс болса дейміз мұнан.
Жоғарыда ауыл шежіресіне қатысты тартылған куәліктерді, мәліметтерді қорыта келгенде, туған мекеннің тарихи нақты «Тұмабұлақ» атауына деген құрмет еш жоғалмауы тиіс. Жергілікті ресми құжаттарда да түзіліп, сақталуы керек-ақ!
...Енжарлықпен әлі мән берілмей жүрген советтік бұрмалау еркіндік тиген заманда түзетіліп, ауылымыздың территориялық әкімшілігі келер күндердің бірінде, жеріміздің болмысын дөп танытатын «Тұмабұлақ ауылдық округі» деген өз атауымен қайта аталса нағыз әділдік, тарихымызға оң құрмет сонда болар еді!

Бөрібай КӘРТЕН,
өлкетанушы,
Тұмабұлақ ауылы,
Әйтеке би ауданы.

Приложенные файлы

  • docx 18076199
    Размер файла: 87 kB Загрузок: 0

Добавить комментарий