ТАРИХ ГОС .Ғ


75.Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрылуы (ТМД). Алматы Декларациясы (1991 ж.): мақсаты мен міндеттері.Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) — ыдыраған КСРО орнына 1991 ж. 21 желтоқсанда құрылған халықаралық ұйым. 1991 ж. желтоқсанның 8-інде Минскіде (Беловеж) Ресей, Беларус және Украина басшылары кездесіп, 1922 ж. КСРО құрылуы туралы Келісімі істен жойылғандығы және ТМД құрылғандығы туралы келісімге қол қойды. 1991 ж. желтоқсаннның 13-інде Орта Азия мен Қазақстан басшылары Ашғабатта кездесіп, «Беловеж келісімін» қолдайтындықтарын мәлімдеді. 1991 ж. желтоқсаннның 20-ында Әзірбайжан, Әрменстан, Беларус, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан басшылары Алматыда 21 желтоқсанда ТМД-ны құру туралы Келісім хаттамасына қол қойды. Кездесуге қатысушылар ішкі және сыртқы саясаттың әртүрлі салаларында ынтымақтастыққа бейілділігін растайтын, бұрынғы КСР Одағының халықаралық міндеттемелерін орындауға кепілдік жариялайтын Алма-Аты Декларациясын қабылдады. 1993 жылғы желтоқсанда Достастыққа Грузия қосылды, ал 2009 жылғы 18 тамызда аталған бірлестіктен шықты. Түрікменстан ТМД-ның қауымдастырылған мүшесі болып табылады. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мемлекет болып табылмайды және ұлтүстілік өкілеттікке ие емес. Ол өзінің барлық мүшелерінің егеменді теңдігіне негізделген және 1993 жылғы 22 қаңтардағы Жарлығы бойынша іс-әрекет жасайды. Достастықтың мүше мемлекеттері халықаралық құқықтың дербес және теңқұқықты субъектілері болып табылады.
Құрылымы
Мемлекеттер басшыларының кеңесі;
Үкіметтер басшыларының кеңесі;
Сыртқы істер министрлерінің кеңесі;
Экономикалық кеңесі;
Қорғаныс министрлерінің кеңесі;
Шекаралық әскер басшыларының кеңесі;
ТМД Экономикалық соты;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің парламентаралық ассамблеясы;
Достастықтың жарғылық және басқа да органдарының жанындағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Тұрақты өкілетті өкілдері;
ТМД Экономикалық кеңесі жанындағы Экономикалық мәселелер жөніндегі комиссиясындағы Достастық мемлекеттерінің тұрақты Өкілетті өкілдері;
ТМД-ның Атқарушы комитеті.
ТМД мемлекеттерімен қатынастың дамуы, соның ішінде көпжақты интеграциялы өзара әрекет – Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының ең маңызды бағыттарының бірі. ТМД шеңберіндегі көпжақты ынтымақтастықтың қазақстандық әдістемесінің негізінде тығыз интергациясы астасып жатқан елдердің шағын тобын қалыптастыру мүмкіндігінен туындайтын қарқыны әрқилы интеграция тұжырымдамасы жатыр. Қазақстан Достастық кеңістігіндегі субаймақтық бірлестіктер әрекетінің ашық түрде жүргізілуін, ал олардың мақсаттары мен практикалық әрекеттері ТМД дамуының ортақ арнасында ұштасуын қолдайды. Достастыққа көпжақты өзара әрекеттестіктің түрлі салаларына мемлекеттердің іріктеліп қатысуы тән, яғни, мүдделік білдіретін тараптар форматында жүзеге асады. ТМД органдарының шешімдерінің күші тек оларды қабылдауға қатысқан мемлекеттер үшін ғана таралады. ТМД әрекетінің тиімділігін арттыру, құрылымын жетілдіру мақсатында қазақстан тарапының бастамашылық етуімен шын мәнінде ынтымақтастықтың барлық бағытын қамтитын ТМД-ны одан әрі даму тұжырымдамасы мен оны жүзеге асу жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленіп, ол 2007 жылғы қазанда Душанбеде мақұлданды.. Олардың негізінде ТМД-ның 2020 жылға дейінгі Экономикалық дамуы стратегиясы әзірленіп, қабылданды. Еркін сауда аймағын құру, сауда, ауылшаруашылық, электрэнергетика және т.б. нарықтарды қалыптастыру жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Саяси, гуманитарлық, көлік, қауіпсіздік және көші-қон салаларында өзара әрекеттестік жалғасуда. Аталған Жоспарда бірлестік әрекетін жетілдіру жөніндегі нақты шаралар тізбесі көрініс тапқан. Атап айтқанда, осы құжатқа сәйкес 2008 жылғы қазанда ТМД-да төрағалық ету туралы, Ұлттық үйлестірушілер туралы ережелер қабылданды. Достастықтың салалық органдарын оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізілуде, ТМД Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, ТМД-ның Жоғарғы органдарындағы рәсімдеудің жаңа ережесін қабылдау жоспарлануда. «Бір жыл- бір тақырып» формуласы бойынша жұмыс принципін ескере отырып, 2007 жылы келісілген көші-қон саясаты жөніндегі ұсыныстарды дайындауға арналса (2007 жылғы 5 қазанда Душанбеде тиісті Декларация қабылданды), 2008 жыл келісілген көлік саясаты саласындағы ынтымақтастық жөнінде ұсыныстар дайындау жылы, ал 2009 жыл – энергетика саласындағы ынтымақтастық жылы.ТМД жеріндегі халықтар сөйлейтін тілдер. ТМД-да тұрушы негізгі халықтардың тілдері 130-ға жуық. Ол тілдерде сейлейтін кейбір халықтардың ТМД-даң тыс жерлерде өз мемлекеті бар.
"Алматы декларациясы" - 1991ж. 21 желтоқсанда Алматыда бұрынғы он бір кеңестік республика басшылары кездесуінде 1991 ж. 8 желтоқсанда Минскіде Беларусь Республикасы, Ресей Федерациясы, Украина арасындағы Тәуелсіз мемлекеттер Достастығын құру туралы келісімге қосылатын республика басшылары қол қойған хаттама. Оған Әзірбайжан, Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан, Украина, Белорусь, Молдова, Түркіменстан басшылары қол қойды.Бұл құжатты жасау үшін себеп болған оқиғалар сол кездегі КСРО-дағы әлеуметтік-саяси және экономикалық үдерістердің келмеске кетуі болды. Кеңес Одағының республикалары арасындағы 80 жылдардың соңында қалыптасқан жаппай және одан әрі ұстап тұруға болмайтын орталықтан сыртқа тепкен саяси үдерістер көптен күткен «егемендік шеруінің» басталуына жол салды, ол тұтастай алғанда КСРО кеңістігіндегі келе жатқан өзгерістерден жіті хабар берді. Одақты құтқарып қалудың соңғы әрекеттерінің бірі ретінде оны Егеменді мемлекеттердің одағы формасында орталықсыздандырылған федерация етіп құру арқылы түбегейлі реформалау ұсынылды. Ол үшін өзінің егемендігін жариялап үлгерген республикалар жаңа одақтық шартқа қол қоюлары қажет еді.1991 жылғы 20 тамызда жаңа Одақтық шартқа Белоруссия, Қазақстан, РСФСР, Тәжікстан және Өзбекстан қол қоюы, ал күзде оларға басқалары да қосылуы тиіс еді,. Алайда 18-21 тамыз күндері болған Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеттің мүшелері КСРО Президенті Михаил Горбачевті күштеп тайдыруды жүзеге асырудың сәтсіз болуы бұл жоспарды бұзып жіберді.Осы сәттен бастап КСРО республикаларының бірінен соң бірі өздерінің тәуелсіздігін жариялады. Бірнеше айдан кейін, 1991 жылғы 8 желтоқсанда КСРО халықаралық құқық субъекті және геосаяси шындық ретінде өзінің өмірін сүруін де-юре тоқтатты, сөйтіп, артына сол сәтте белгісіз бірлестік - Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын мұраға қалдыды. Сол күні Беларуста Беловеж тоғайында Беларус КСР, РСФСР және Украина «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы келісімге» қол қойды.Қалыптасып отырған жағдайда туысқан республикалармен одақтық қатынастарды сақтау үшін күресудің мағынасы жоқ екенін түсіне отырып, 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі Респубиканың тәуелсіздігі және мемлекеттік егемендігі туралы заң қабылдады.Алайда енді жаңадан құрылған мемлекетердің алдында бұдан да күрделі ығыттар тұр еді - елдің даму бағытын айқындау, бұрынғы одақ халықтарының экономикалық күретамырларын сақтау, ұлттық қауіпсіздікті, жаңа мемлекеттік шекаралардың тұтастығын қамтамасыз ету және әлемдік қоғамдастыққа ойдағыдай шығу қажет болды.Одақтың барлық елдеріндегі жұртшылық пен саяси элита пікір алуандығы, егемендік пен нарықтық экономика идеяларына шоғырланған кезеңде ықпалдастық тақырыбы ең соңғы орында қалды және тіпті ол жиіркеніш туғызды.Алда тұрған проблемалардыңауқымдылығын сезіне отырып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда бұрынғы одақтық республикалар көшбасшыларының кездесуін өткізу жөнінде бастама көтерді, онда достық, тату-көршілік және елдер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың тарихи тамырларын тиісті құжатпен қуаттап, бекіту, сондай-ақ бұрынғы кеңестік кеңістікте басқа да біріктіруші жобаларды дамыту үшін векторларды іздестіру көзделді.Қазақстан басшылығының белсенді жұмыстарының нәтижесінде 1991 жылдың 21 желтоқсаны күні кеңестік 11 республиканың басшылары Алматыда бір үстелдің басына жиналды. Өткізілген келіссөздердің қорытындысында «ТМД-нің Алматы декларациясы» қабылданып, онда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрылғандығы жарияланды, оның тең құқылы бірлестікке ұмтылысы айқындалып, мақсаттары мен ұстанымдары нақтыланды.Мәселен, ТМД қызметінің басты принциптерінің бірі бұрынғы Одақ субъектілеріне тең құқылы қатысуды және ТМД-ның барлық мемлекеттерін құрылтайшы ретінде тануды қамтамасыз ету болды. Сонымен бірге «жалпы экономикалық кеңістікті, жалпыеуропалық және еуразиялық нарықты қалыптастыру және дамытудағы ынтымақтастықты жақтау» қуатталды.Шын мәнінде бұл құжат тарихи өзара байланысты елдердің жаңа тарихындағы ықпалдастықтың алғашқы қадамы болды. Беловеж тоғайындағы келісім бүкіл әлемге КСРО-ның құрдымға кеткендігін мәлім етсе, 20 жыл өткеннен кейін бүгінде жоғары әрі тиімді бірлескен әлеуетті паш етіп отырған ТМД-нің Алматы декларациясы керісінше, жаңа бірлестіктің құрылғандығын жарияладыОсылайша, дәл осы күні болашақта тәуелсіз, бірақ аумақтық және тарихи өзара байланысты көрші елдер туралы өте маңызды мәселе шешімін тапты. Достастық құрылған мезеттен бастап оның атына қатысушы елдердің де, сыртқы әріптестердің де тарапынан аз сын түскен жоқ. Бастапқыда оны кезіндегі қуатты державаны өркениетті жолмен ажырату әрекетімен теңестірсе, кейінірек сын тезіне ТМД қызметінің өзі де ұшырады, ал одан кейін бұл бірлестіктің сөзсіз тас-талқаны шығатындығы туралы айту сәнге айналды.Дегенмен ақиқатында тіпті мүлде басқа жайт байқалады, өзінің стратегиялық мақсатын дұрыс жүзеге асыра алатындығын көрсеткен Достастық 20 жылда өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Жаңа елдер арасында саяси диалог қалыптастыру үшін жағдай жасалды, ондаған мемлекеттің экономикалық өзара байланысы қамтамасыз етілді және тағы бір маңыздысы, бауырлас халықтардың арасындағы гуманитарлық байланыс дамыды. 20 желтоқсан күні Мәскеуде өткен жоғары деңгейдегі ТМД-нің бейресми мерейтойлық саммитінде Достастыққа қатысушы барлық 11 елдің көшбасшылары интеграциялық үдерістерді одан әрі дамытудың позитивті көңіл-күйін және дайындығын қуаттады.Кездесуді ашқан Ресей Президенті Дмитрий Медведев 20 жылдың ішінде Достастық дамудың өте қиын жолын бастан өткергендігін атап өтті. Сан түрлі саяси жағдайлары, жақын, сонымен қатар өзгешілікті мәдениеттері бар елдер бір-бірін өте жақсы түсіп қана қоймай ерікті, теңқұқылы әрі тиімді негізде тиімді ынтымақтаса алатындығын дәлелдеді.«ТМД бұрынғы кеңестік кеңістіктегі тұрақтылықтың маңызды факторына айналды және де тіпті іс жүзінде орын алған кемшіліктерге қарамастан ықпалды өңірлік бірлестікке айналды. Біз бірлесіп жеткілікті шараларды атқара алдық», - деді Ресей көшбасшысы.Қазіргі уақытта 1991 жылғы Алматы декларациясы іс жүзінде бұрынғы Одақтың 11 елінің басын қосып, ТМД базасында жаңа интеграциялық идеяның дайындығы мен сәтті жүзеге асырылуына мүмкіндік жасағандығын зор сеніммен айтуға болады. Соңғы 20 жылдың ішінде Достастық елдері болашақтағы жаһандық қатерлерге бірлесіп жауап беру жүйесін дамытуды жалғастыруға және қалыптастыруға мүмкіндік алды. Әскери-саяси салада - бұл ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт, ал экономикалық салада - Еуразиялық экономикалық қоғамдастық пен Кеден одағы, гуманитарлық салада - ТМД-нің Гуманитарлық ынтымақтастығы мемлекетаралық қорының және басқа да клубтардың алаңдарындағы тұрақты байланыстар.Дәл осы кездесуде Қазақстан басшысы атап өткендей, Достастық қазіргі таңда белсенді дамып келе жатқан бұрынғы кеңестік елдердің арасындағы жаңа құрылымдар үшін іргетасқа айналды. «ТМД-дан ЕурАзЭҚ, Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтан - Кеден одағы, Кеден одағынан - Бірыңғай экономикалық кеңістік пайда болды. Міне біз үшін ТМД-нің мәні осында», - деп атап өтті Н.Назарбаев.Бұл ұстанымды Беларусь Президенті Александр Лукашенко да қолдайды. «Бұрынғы кеңестік кеңістікте құрылған біздің барлық құрылымдарымыз ТМД қатарында пайда болып, өсіп шықты. ТМД болмаған жағдайда бұл пікірталастар, ТМД-нің дамуына белгілі бір қанағаттанбаушылықтар да болмас еді және де біз бүгінде бұл құрылымды құрмас еді», - деп атап өтті А.Лукашенко.Бүгінде жүріп өткен жолымызға қарай отырып, Алматы келісімінің тарихи маңызын бағаламау мүмкін емес. 1991 жылғы декларация бауырлас елдердің саяси, әлеуметтік, экономикалық және ғылыми-мәдени әлеуетін біріктіру үшін негіз қалады және ынталандырды. Бұрынғы кеңестік елдердің арасындағы қазіргі интеграциялық үдерістердің сәттілігі көп жағдайда КСРО-ның күйреуі кезеңіндегі қазақстандық басшылықтың принципті ұстанымына борышты және Қазақстанның түбегейлі бастамаларындағы нақты біріктіретін жобаларды құру туралы ұсыныстары пайда болды. Олардың басым бөлігі ТМД бойынша Қазақстанның әріптестері тарапынан қолдау тапты және өмірде нақты жүзеге асырылуда.
76.ҚР мемлекеттік құрылымы мен рәміздері.Елімізде саяси партиялардың және партиялық жүйенің орнығуына, күшті заң шығарушы органның, тәуелсіз баспасөз және автономиялық жергілікті басқарудың дамуына көп көңіл бөлінді.Атамекен жеріміздің тәуелсіз ел екендігін, құдіретін, байлығын, бірлігін, мақсат-мұратын білдіретін қастерлі рәміздерді құрмет тұту, сыйлау, асқақтата дәріптеу қазақстандық әрбір азаматтың ең қымбатты борышы. Рәміз дегеніміз белгілі бір нәрсені өз қалпынан өзге, жанама сипаттап көрсетуден туатын сыр-таңба, эстетикалық категория, шартты белгі. Елтаңба, Ту, Әнұран - әрбір тәуелсіз мемлекеттің ажырамас бөлігі. 1992 ж. 4 маусым Қазақстан тарихында мемлекеттік рәміздердің дүниеге келген ерекше мәртебелі күн.Қазақстан Республикасы туының авторы – Ш.Ниязбеков. Тудың біртүстілігі Қазақстан халқының бірлігін білдірсе, көгілдір түс геральдика тілінде адалдықты, кіршіксіз тазалық пен пәктіктің нышаны, күн – энергия көзі, байлықтың нышаны. Тудағы бүркіт бейнесі мемлекеттік билікті, кеңдікті білдіреді, еркіндіктің, тәуелсіздіктің, болашаққа деген талпыныстың нышаны. Төл туымызды даралап тұрған тағы бір белгі оның сабына таяу тік тартылған ұлттық өрнекті жолақ. Онда “Қошқар мүйіз” деп аталатын қазақы өрнек салынған. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа Елтаңбасының авторлары – Ж. Мәлібеков пен Ш. Уәлиханов. Елтаңба мәңгі өмірдің белгісі, отбасы берекесін, бірлікті, байлықты, бейбітшілікті меңзейді. Қазақстан Әнұраны әуенінің авторлары – композиторлар М. Төлебаев, Е. Брусиловский, Л. Хамиди болса, мәтінінің авторлары – ақындар М. Әлімбаев, Қ. Мырзалиев, Т. Молдағалиев, Ж. Дәрібаева. Әнұранда халқымыздың еркіндікке құштар көңілі, тамыры терең болмысы, келешегіне бағышталған арманы көрініс тапқан. Әнұран патриоттық сезімнің белгісі. Әнұранның әуені 1992 ж. 4 маусымда, ал мәтіні 1992 ж. 11 желтоқсанда бекітілді.2007 ж. 7 қаңтарда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, бұрынғы Әнұранның орнына жаңа Әнұранның мәтіні қабылданды. Еліміздің жаңа Әнұраны - жұртқа әйгілі «Менің Қазақстаным» әні. Оның сөзінің авторы – Жұмекен Нажмиденов, ал ән әуенінің авторы – Шәмші Қалдаяқов. Жаңа Әнұранның мәтіні бүгінгі өмір талаптарына сай ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев тарапынан толықтырылды.Ал 2007 жылы Елбасы Жарлығымен 4 маусым Мемлекеттік рәміздер күні болып белгіленді. Бұл – Мемлекеттік рәміздерге деген шынайы құрмет белгісі. Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет – отаншылдық сезімнің аса бір жарқын көріністерінің бірі. Астана – егеменді Қазақстанның жаңа елордасы. 1997 жылы Республика Президенті Н.Ә.Назарбаев астананы Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшіру туралы тарихи шешім қабылдады. Бұл тарихи шешімнің қабылдануына қаланың өте ірі көліктік жолдардың тоғысында, еліміздің ұтымды геосаяси орталығында орналасуы себепкер болып, ол көп жағдайда біздің жас мемлекетіміздің келешек қарқынды дамуын айқындап берді. 1998 жылы 6 мамырда жаңа елорданы Астана деп атау туралы шешім қабылданды. Ал 20 мамырда «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» ҚР-ның Заңы қабылданды. Осы жылғы 10 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Біз айрықша қысқа мерзімнің ішінде еліміздің дәл ортасында жаңа астанамызды тұрғыздық. Астана қазақстандықтардың мақтанышына айналды. Қоғамды демократияландыру барысында жаңа саяси институттар – парламент, 1993-ші және 1995 жылдардағы конституциялар қабылданды, тәуелсіз сот билігі қалыптасты. Қазақстанда көппартиялық жүйе пайда болды. 1999 ж. республикада 14 саяси партиялар мен 30-ға жуық саяси қоғамдық қозғалыстар, бірлестіктер құрылды. Ал 2003 жылы саяси партиялардың саны 19-ға жетті. Жаңадан халық арасында танымал “Отан”, “Ақ жол” т.б. партиялар бой көтерді.1995 жылғы желтоқсанда өткен бірінше қоспалаталы парламент сайлауынан кейін Қазақстанда қоғамды демократияландыру қадамдары одан әрі жалғасын тапты. Ашық баламалы сайлау, саяси күрес мәдениеті, көппартиялық жүйеге кең жол ашылды. Оның нақтылы дәлелі ретінде елімізде жүргізілген Президент, Парламент Сенаты, Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауды айтуға болады.1999 жылғы 10 қаңтарда болып өткен Қазақстан Президенті сайлауына балама негізде 4 кандидат тіркелді. Олар: Коммунистік партия өкілі С.Ә.Әбділдин, Сенат депутаты Ә.Ғ.Ғаббасов, Мемлекеттік Кеден комитетінің төрағасы Ғ.Е.Қасымов және Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев. Қазақстан Президентін сайлауға барлық сайлаушылардың 87,05 проценті қатысты. Дауыс беру қорытындысында Н.Ә.Назарбаев жеңіске жетіп, қайтадан Қазақстан Республикасы Президенті болып сайланды. Оған дауыс беруге қатысқан барлық сайлаушылардың 79,79 проценті өз дауыстарын берді.Қазақстандағы болып жатқан демократиялық өзгерістер 1995 жылы қабылданған Ата Заңында өзінің басты көрінісін тапты. Еліміз егемендік алғаннан бері екі Конституция қабылданды. Оның біріншісі – 1993 ж. қаңтарында өмірге келді. Бірақ оның елеулі жетіспеушілігі мен кемшілігі бар еді. Бірінші Конституцияны жасауда асығыстыққа жол берілді. Нақтылап айтсақ, ел ішінде болып жатқан саяси-экономикалық және әлеуметтік процестерді бірден ой елегінен өткізу, мемлекетіміздің мүмкіндіктерін ғылыми тұрғыдан нақты айқындау әлі мүмкін болмады. Осындай себептерге байланысты жаңа Конституция қабылдау қажеттігі туындады. 1995 жылы 30 тамызда бүкіл халықтық дауыс беру арқылы референдумда еліміздің жаңа Конституциясы қабылданды.Жаңа Конституцияға, оның алдыңғысымен салыстырғанды, көптеген өзгеріс, ғылыми қағидалар енгізілді. Егер бұрынғы Ата Заң 4 бөлім, 21 тарау, 131 баптан тұрған болса, кейінгісі көлемі жағынан едәуір қысқарып, 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады. Онда еліміздің экономикалық күш-қуаты мен мүмкіндіктері ғылыми тұрғыдан тиянақталып, халықтың әлеуметтік топтарына тиісті кепілдікті құқықтар беретін көкейкесті мәселелерді шешу ескерілді. Жаңа Ата Заң құқықтық мемлекет құруға бағдарланған. Конституцияның кіріспесінде: “Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады: оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары”,- делінген. Мемлекеттік билік заң шығарушы, атқарушы және сот биліктеріне бөлінеді. Конституция бойынша Қазақстан Президенттік республика болып табылады. Президент елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын белгілейтін мемлекет басшысы, ең жоғарғы лауазымды адам болып есептеледі.Конституцияда Парламенттің орны мен атқаратын қызметі айқын белгіленген. Ол заңдар шығарып, қабылдайтын орган. Парламент – Сенат және Мәжіліс палаталарынан тұрады. Бұған дейін Парламентте мұндай екі палата деген ұғым болған емес. Жаңа Конституцияда екі палаталы парламенттің ерекшеліктері де жан-жақты көрсетілген. Жоғары мемлекеттік органдар жүйесіндегі үкіметтің тиісті орны, сот билігінің, прокуратураның қызметтері де айқындалған. Бұрынғы Ата Заңда көрсетілген, бірақ жете тиянақталмаған көптеген маңызды мәселелердің түйіні кейінгі Конституцияда жаңаша шешілген. Оны, әсіресе, жер, тіл, азаматтық,, негізгі құқықтар мен бостандық сипаты туралы, қос палаталы парламент құрылымы және Президентті айып тағу арқылы қызметтен кетіру мәселесі жөніндегі баптар мен тармақтардан айқын көруге болады.Қорыта келгенде, біздің жаңа Конституциямыз, еліміздің рәміздері халқымыздың бірнеше ғасырлар бойы аңсаған шынайы егемендікке қол жеткізгендігінің нақты көрінісі болып табылады. Сондықтан республикамыздың әрбір азаматы Ата Заңымыздың мазмұнын жете біліп, оның талаптары мен қағидаларын мүлтіксіз сақтауға, мемлекеттік нышандарды құрметтеуге міндетті.2007 жылы мамырда «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Ол республика халқы тарапынан түсіністікпен жылы қабылданды. Конституциялық реформалардың негізгі мақсаты – қоғамды одан әрі демократияландыру. Бұл жаңа өзгерістер мен толықтырулардың негізгі мәні қандай? Біріншіден, президенттік жүйеден басқарудың президенттік-парламенттік моделіне көшудің конституциялық негізі қаланды. Елбасы өз ұсынысымен біраз өкілеттілігін Парламентке берді. Конституцияға осыған байланысты бірқатар өзгерістер енгізілді. Парламенттің құзіреті едәуір кеңейтілді. Президенттің құзіреті біршама шектелді. 2012 жылдан кейін Президент 7 жылға емес, 5 жылға сайланатын болды. Мемлекет басшысы ел басқарудағы міндеттер мен жауапкершілікті Парламентпен бөлісті. Президент Үкімет басшысын саяси партиялардың фракцияларымен ақылдасып-кеңесуден кейін әрі Мәжіліс депутаттары көпшілігінің келісімімен ғанатағайындайтын болды, яғни Президент үкіметті жасақтауды Мәжіліспен келісіп шешеді. Енді Премьер-Министрді бекітуде, демек бүкіл Үкіметті де бекітуде басты рөл Мәжіліске беріледі.Парламенттің мәртебесін көтеретін бірқатар өзгерістер енгізілді. Біріншіден, оның сандық құрамы өсті. Мәселен, Мәжілісте енді 107 депутат болады. Екіншіден, оны сайлаудың түрі өзгерді. Бұрынғыдай мажоритарлық жүйемен жеке округтар бойынша емес, пропорционалды негізде партиялық тізім бойынша сайланады. Депутаттар сайлаудың пропорционалдық жүйесіне көшу саяси партиялардың қоғамдағы рөлін арттыруға, әрі депутаттардың сапалық құрамын жақсартуға көмектеседі. Парламент бюджетті бекітуге ғана емес, оның орындалуына да бақылау жасай алады. Палаталардың бірлескен отырысында Парламент Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің бекітілген бюджеттің орындалуы туралы есебін қарап бекітеді. Егер оны бекітпесе, бұл Үкіметке білдірілген сенімсіздік деп танылады. Мәжілістің Үкіметке сенімсіздік білдіруі үшін бұрынғыдай депутаттар дауысының үштен екісінің емес, депутаттардың жай көпшілік дауысы жеткілікті болады. Сөйтіп, Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес Үкіметтің Мемлекет басшысының алдында ғана емес, Парламент алдында да жауапкершілігі белгіленеді.Сонымен бірге қазір, Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес Мәжілістің 9 депутаты Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланады. Сенат депутаттарының бір бөлігі Ассамблеямен кеңескеннен кейін тағайындалады. Сенат та көп өкілеттілікке ие болады. Ол Ұлттық банктің төрағасын, Бас прокурорды, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын тағайындау және оларды қызметтен босату жөнінде Президентке келісім береді. Сенат құрамы республика Президенті тағайындайтын 15 депутаттың есебінен көбейтілді. Парламенттегі 154 депутаттың 47-сі сенаторлардан құралады. Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырысы ең қажетті жағдайда өтеді. Көбінесе өздері жеке жұмыс істейді. Мәжіліс өз қызметін тоқтатқан жағдайда Сенат бүкіл Парламент үшін жұмыс істей береді.Конституциялық реформа бойынша жергілікті өзін-өзі басқару жаңа деңгейге көтеріледі. Мәслихаттардың бұл бағыттағы мәртебесі күшейтіледі. Жергілікті мәслихаттар мен олардың депутаттарының өкілеттілігі кеңейтілді. Олардың өкілеттік мерзімі 4 жылдан 5 жылға ұзартылады. Мәслихаттар жергілікті әкімдерді тағайындауға келісім береді. Ендігі жерде облыстардың, қалалар мен аудандардың әкімдері сол деңгейлердегі мәслихаттардың келісімімен ғана тағайындалатын болады. Сондай-ақ мәслихаттарға басым көпшілік дауыспен әкімдерге сенімсіздік білдіру, оларды қызметінен босату жөнінде мәселе көтеру құқығы берілді. Осылайша, мәслихаттар мен олардың депутаттарының саяси рөлі арта түседі. Жергілікті өзін-өзі басқарудың негізі мәслихаттар болатыны Конституцияда баянды етілген.Конституциялық реформада саяси партиялардың қоғамдағы рөлін күшейтуге көп негіз жасалған. Сайлауда жеңіске жеткен партия үкімет жасақтауға мүмкіндік алады. Конституциядағы қоғамдық бірлестіктерді мемлекеттік қаржыландыруға салынған тыйым алынып тасталды. Енді саяси партиялар бұл қаржыға иек арта алады. Республика Президентінің өз өкілеттілігін атқару кезінде саяси партиялардағы өз қызметін тоқтата тұратындығы туралы 43-баптағы 2-тармақ алынып тасталды. Енді Президенттің саяси партияны басқаруға құқығы бар. Бұл да саяси партияның рөлін арттыра түспек.Сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар ескерілді. Судьяны іріктеу-таңдау бір жүйеге келтіріліп, Жоғары Сот Кеңесінің қарауына берілді. Бұдан былай барлық деңгейдегі соттардың судьяларын тағайындауға ұсынымды Жоғары Сот Кеңесі жасайтын болады. Адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау біршама жақсартылған. Елімізде 2004 жылдан бері өлім жазасына мораторий жарияланған болатын. Енді өлім жазасы іс жүзінде қолданыстан шығарылды. Өлім жазасын жою заңды түрде енгізілді. Жаңа өзгерістерге байланысты біздің елімізде адамдарды апатқа ұшыратуға соқтырған террорлық қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс кезінде ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ғана адамдарға өлім жазасы қолданылады, әрі олардың кешірім жасау туралы өтініш ету құқы да қарастырылған.Сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтауға бағытталған Конституцияның 16-бабының 2-тармағы жаңа редакциямен қабылданды: Заңда көзделген реттерде ғана және тек қана соттың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады, тұтқындалған адамға шағымдану құқығы беріледі. Прокуратура органдары бұл құқықтанайырылады. Соттың санкциясынсыз адамды 72 сағаттан аспайтын мерзімге ұстауға болады. Мұның өзі адам құқығын сақтауға бағытталған оң өзгеріс болып табылады.Жаңарған Конституция бойынша жасы қырыққа толған, мемлекеттік тілді толық меңгерген, соңғы 15 жыл бойы Қазақстанда тұратын, туа республиканың азаматы болып табылатын кез келген адамның Президент болып сайлануға құқығы бар.Конституцияға енгізілген жаңалықтардың ішінде парламентарийлердің ұснысымен енгізілген 42-баптың 5-тармағындағы «Ел Президенті болып бір адам қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды» деген тұжырым одан әрі күшінде қалып, ол «бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қолданылмайды» деген сөздермен толықтырылды. Мұны палаталардың бірлескен отырысында депутаттардың өздері көтерді. Тұңғыш Президенттің тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің іргесін қалаудағы ерен еңбегін бағалай отырып, елдің экономикалық қуатын арттыру, қорғаныс қабілетін күшейту, республиканы бүкіл әлемге таныту жолындағы қыруар істеріне көрсетілген құрмет ретінде осындай қадамға барғанын депутаттар ашық айтты. Екі депутаттан басқасы мұны бірауыздан қолдады. Соған сәйкес Н. Назарбаев тұңғыш Президент әрі жалпыға танылған ұлттық көшбасшы ретінде ерекше құқыққа ие болып, Конституцияда белгіленген екі мерзімнен тыс, әрине, баламалы негізде мемлекет басшысының лауазымына дауысқа түсу мүмкіндігін алды.Парламент қабылдаған өзгерістер мен толықтырулар сипаты Конституциямыздың жаңа мазмұнға ие болғанын көрсетеді. Бұл Конституциялық реформа заман талабынан, тарихи қажеттіліктерден туған еліміздің алға басуының, ілгерілеуінің маңызды алғышарты болып табылады. Біздің еліміз саяси жаңарудың, демократиялық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты.2007 жылғы 18 тамызда өткен Қазақстан Республикасы Парламентінің төменгі палатасы - Мәжілісті, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдары – облыстық және аудандық мәслихаттарын мерзімінен бұрын сайлау 2007 жылғы 21 мамырда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуімен байланысты болып, ол елдің президенттік басқарудан президенттік-парламенттік басқару түріне өтуін заң жүзінде баянды етті. Мұндай қадам демократияны дамыту мен азаматтық қоғам құруға бағытталған Қазақстан Республикасында жүзеге асырылып отырған саясаттың қисынды нәтижесі болды.Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет бұл сайлау пропорционалды жүйе негізінде партиялық тізіммен өтті. Мажоритарлық жүйеден кетіп, саяси партиялар бәсекеге түсетін сайлау жүйесін қалыптастырдық. Сайлауға жеті саяси партия қатысты. Ел азаматтарының өз еріктерін еркін білдіруі нәтижесінде «Нұр Отан» партиясы жеңімпаз атанды, бұл партияны Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқарады. Сөйтіп, елдің қалауымен көп дауыс жинаған «Нұр-Отан» халықтық-демократиялық партиясы қатарластарынан озып шықты. Әрине, нұротандықтар басқа партиялар сияқты науқан кезінде ғана емес, қай кезде де үздіксіз жұмыс жүргізіп, еліміздің өсіп-өркендеуіне тұрақты атсалысты. Сайлауға электораттың 65 пайызға жуығы қатысуы жағдайында бұл партия дауыстардың 88-ден астам пайызын жинады, сөйтіп, заңмен белгіленген жеті пайыздық сайлау кедергісінен өткен бірден-бір саяси күшке айналды.Мониторингтің нәтижелері бойынша, тұтастай алғанда, Қазақстан Республикасындағы кезектен тыс сайлау елдің қолданыстағы заңына сәйкес өткізілді. Дауыс беру барысында анықталған жекелеген ұсақ-түйек заң бұзушылықтар сайлаушылардың еркін білдіруіне ықпал еткен жоқ. Барлық саяси партиялармен қатар, үміткерлерге тең жағдай жасалды. Бұқаралық ақпарат құралдарында белгіленген күнге дейін сөйлеуіне, халыққа өз бағдарламасын таныстыруына мүмкіндік берілді. Сөйтіп, біз тарихымызда тұңғыш рет Шығыс Азия мемлекеттерінің тәжірибесін және өзіміздің көпұлтты әрі көп дінді қоғамымыздың ерекшелігін ескеріп, Батыс демократиясының қағидаттарына сай келетін тәуелсіз мемлекетімізді орнаттық.

Приложенные файлы

  • docx 15826253
    Размер файла: 35 kB Загрузок: 0

Добавить комментарий