емтихан тарих 16-30


16. Ғұндардың мемлекеті туралы деректер.
Б.з.б. І мың жылдықтың екінші жартысынан бастап Еуразияның этникалық-саяси тарихында Орталық Азияның көшпелі тайпаларының ролі өсті. Солардың бірі ғұңдар еді. Ғұңдар туралы алғашкы жазба деректер б.з. бұрынғы 822 жылдан бастап кездеседі. Бұл деректер көшпелі ғұн тайпаларының осы жылы Қытайға жасаған аса зор шапқыншылық жорығы туралы айтылады. Б.з. бұрынғы IV—III ғасырларда Қытайдың солтүстігіңдегі көшпелі тайпалардың топтасуы нәтижесінде екі тайпалық бірлестік сунну және дунху тайпалары қалыптасты. Мұңдағы сунну тайпалары өз заманындағы тарихи оқиғаларға белсене қатысып, көршілес елдердің тарихына ықпал жасады және олардың кейінгі дамуында да айтарлықтай роль атқарды.
Б.з. бұрынғы 209 жылы ғүн тайпаларының билеушісі болып Моде сайланды және ғұн билеушілері шаньюй деп аталды. Ғұндарды құдіретті елге айналдыру мақсатыңда Мөде бірқатар реформалар жасады.
Қоғамы: Патриархалды-рулық қарым-қатынастардың белгілері өте күшті болған. Ғұндар 24 руға бөлінген. Олардың басында ағамандар тұрған. Ағамандар кеңесі мен халық жиналысы жұмыс істеген. Әскери тұтқындардан құралған құлдар да болған.
Жазба деректер ғұндар қоғамындағы өкімет белгісі туралы мәлімет те қалдырған. Елді шаньюй басқарған. Одан кейін түменбасылар болды. Ғұндар қоғамында мал мен жерге жеке меншіктің пайда болуы, тұрпайы бюрократтық аппараттың құрылуы, алым-салық, жазу-сызудың болуы таптық қоғам мен мемлекеттің пайда болуын туғызды.
Ғұндардың діни-наным, сенімдері ата – бабаның аруағына сенуі – дүниеге табуныдың дәлелі. Жалпы ғұн тайпалары пұтқа табынған
Ғұндар тәңірілік дінді ұстанып, түркі жазуын тұтынған. Сөйлеу тілі де түркі тілі болған.
Ғұндардың Еуропаға жорығын Аттилла (Еділ)басқарды.
Шаруашылығы:
Ғұндарда мал шаруашылығы жақсы дамыды.Әсіресе жылқы өсіру басты роль атқарды. Сондай-ақ қой өсіру, аң аулау,егіншілік дамыды.
Ғұндардың қол өнер кәсібі күшті дамыған (металдан, сүйек пен мүйізден, тас пен саздан, ағаштан, керамикадан жасалды). Сауда дамығандығын жібек маталар, айналар, нефриттен істелген бұйымдар көрсетеді.
17. Сақтардың мәдениеті
Сақ тайпалары шеберлерінің жасаған мәдениеті «андық стиль» деп аталды. Оның басты такырыбы аңдар мен жануарларды қолөнер туындыларында бейнелеу болды. Бұл бейнелеу өнері Сібірге, Қазақстанға, Орта Азияға, Оңтүстік Шығысқа, Еуропаға көптеп тарады.
Сақтардың материалдық мәдениеті қазіргі халықтардың мәдениетінен де көрініс тауып жүр. Қазіргі ұзын балақты шалбарлар, кысқа женді көйлектер, әшекейлі киімдер осы сақтардан қалған киім үлгілері. Қазақтардың мәсісі мен киіз қалпақтары және бөріктері де сонау сақ заманынан бері келе жатыр. Сақ шеберлері көбінесе жылқы, бұғы, қой, тау барысы, жолбарыс, бүркіт, қасқыр және тағы басқаларды бейнелейді. Аталған жануарларды тек сәндік үшін бейнелеген жоқ, оларға өзіндік мән-мағына, мазмұн берді. Сақ тайпаларында зергерлік өнер ісі де жоғары дәрежеде дамыды. Алтыннан, күмістен жасалған сәндік бұйымдар өзіндік көркемдігімен адамдарды әлі күнге дейін таң қалдырады. Сақ тайпаларында қала да болған, солардың бірі Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 300 шақырым жердегі Шырық-Рабат қаласы. Бұл қала сақ тайпаларының бірі апа-сиактардың астанасы ретіңде мәлім болды.
Қазақстан аумағындағы сақтар туралы мәліметтердің бір бөлігі археологиялык зерттеу жұмыстары болып табылады. Бұлардың ең көбірек зерттелгендері Жетісудағы Бесшатыр обалары мен Есік обасы, Шығыс Қазақстандағы «Патша обалары» деп аталатын Зайсан ойдымының Шілікті аңғары мен Бұқтырма өзенінің жағасы, Орталық Қазақстандағы Тасмола мәдениетіне кіретін «мұртты обалар», Батыс Қазақстандағы Сынтас және Бесоба қорымдары, Сырдарияның төменгі бойындағы Шығыс Арал ма-ңындағы Үйғарақ және Оңтүстік Түгіскен жерлеу орындары. Бұлардың ішіндегі әлем жұртшылығына белгілі болғаны «Есік» обасынан табылған «Алтын адам».
Алматы облысының Есік қаласы маңынан табылған бұл олжа Жетісудағы патша сақтарының ең көрнекті ескерткіштерінің бірі болып табылады. Бұнда жерленген адам 17-18 жастағы сақ ханзадасы болуы керек. Сол кездегі жерлеу салты бойынша барлық киімі түгел кигізіліп, қару жарағы асылған. Басыңдағы сәукеледен бастап, жұқатері киімдері, белбеуі барлығы алтынмен апталған. Алтын бөліктерінің барлық саны 4 мыңнан асады. Оң жақ бетіңде ағаш қыны бар темір семсер болса, сол жағыңца шауып бара жатқан бұлан мен ат пішінінде жасалған екі алтын тілігі жапсырылған, қайыспен қапталған темір ақинақ бар. Сәукеле мандайындағы екі арқар мен екі тұлпар ат өте шеберлік пен және көркем етіп жасалған. Өлік маңында қойылған ыдыстар мен бірге табылған жазуы бар күміс тостаған да сақтар мәдениетінің қаншалықты жоғары деңгейде болғаңдығын дәлелдей түседі.
18. Сақтардың мәдени-тарихи мұрасын қабылдап жалғастырған савроматтар-сарматтар.
19. Түрік қағанатының құрылуы
1. VI-Х ғасырларда Қазақстан жеріндегі алғашқы феодалдық мемлекеттер Көне және Батыс түрік қағанаттары еді. Біздің заманымыздың 1 мың жылдығындағы Орталық Азия жерін мекендеген тайпалар одақтарының тарихы бұлармен өзара тығыз байланыста болды. V ғасырға қарай Солтүстік Моңғолиядан Орта Азиядағы Әмудария өзенінің бойына дейін созылған кең байтақ жердің бәрін тирек (телэ) деген жалпы атпен бірнеше тайпалар мекен еткен. Солардың бірі -турік тайпасы. Түрік деген ат алғаш рет 542-ші жылы аталады. Қытайдың солтүстік батысында орналасқан Вэй князьдігіне түріктер (туцюе) жыл сайын шабуыл жасап, ойрандап отырғандығы жөнінде айтылады.
552-ші жылы көктемде түріктер аварлардың ордасына шабуыл жасап, оларды күйрете жеңеді, авардың қағаны Анағұй өзін-өзі өлтіреді. Осы кезден бастап Тумын түрік билеп-төстеушілердің қағаны деген атағын алады. Тумын 553-ші жылы қайтыс болады.
Тумын өлгеннен кейін, таққа оның інісі Қара-еске отырады. Ол Орхонның жоғарғы жағында аварларды екінші рет жеңеді. Қара-Ескеден кейін, оның мұрагер інісі Еркінді-Мұқан деген атпен қаған болады. Онын. ел билеген кезі 553-572 жылдар. Мұканның тұсында аз уақыт ішінде (553-554 жж.) түріктер шығыста қайлар (татабтар), кидандар және оғыз-татар тайпаларын, солтүстікте Енесей қырғыздарын, Жетісу жеріндегі түргенеттерді өздеріне қаратты. 563-567 жж. Эфталит патшалығын басып алды. Міне, осыдан- кейін олардың жері Каспий теңізінен Солтүстік Индияға және Шығыс Түркістанға дейін созылып жатты.
Түріктер Орта Азияны жаулап алғаннан кейін Жерорта теңізіне баратын Жібек жолына иелік етті. Олар өздерінің жаулап алу жорықтарын жүргізуде Иранға қарсы Византиямен одақтасты. 571 жылы түріктердің әскери қолбасшысы Естемі Солтүстік Кавказды басып алды, сөйтіп Керчь түбегіне (Боспорға) шықты. Оның баласы Түріксанф Керчті басып алып, 576-шы жылы Қырымға шабуыл жасады. Бірак Естемі өлгеннен кейін, 582-593 жылдары билік үшін қырқыс басталды. Өзара қырқыс пен әлеуметтік қайшылықтар қағанатты қатты әлсіретті. Күшейіп алған Иран 588 ж. Герат түбінде түріктерді жеңіп шығады. Византия 590 жылы Боспорды қайтадан жаулап алады.
Түрік кағанатындағы өзара қырқыс 603 жылы оның екі дербес Шығыс және Батыс қағанаттарына бөлінуімен аяқталады. Батыс қағанатының орталығы — Жетісу жеріндегі Суяб қаласы (қазіргі Тоқмақ қаласына жақын жерде).
20. Батыс түрік қағанатының ( 603-704 жж) саяси тарихы
Батыс түрік қағанаты ежелгі үйсін жерін жайлады. Ол Қаратаудың шығыс баурайынан Жоңғарияға дейінгі жердің бәрін алып жатты. Қағанаттың негізгі этникалық-саяси ұйытқысы — "он тайпа" (он-ақ будунның (мекендеген жері де осы ара болған. Сонымен қатар ол Шығыс түрік кағанатының Шығыс Түркістан және Орта Азияның Сармаканд, Бұқара тағы басқа қалаларын басып алды. Осы қалаларда қағанның орынбасарлары отырды.
Қағанның жазғы ордасы Мың бұлақ (Түркістан қаласына жақын) деген жерде болған. 610-618 жж. Жегуй қаған мен оның інісі Түнжабғы қаған /618-630 жж./ билеген кезде қағанаттың күш қуаты таси түседі. Тохарстан мен Ауғанстанға жасаған жаңа жорықтар мемлекет шекарасын Үндістанның солтүстік батысына дейін жылжытып кеңейтеді.
Түрік қағанаты мал және егіншілік шаруашылығымен шұғылданды, мал шаруашылығына байланысты көшіп қонып жүрген. Егістік жерлерде түріктер отырықшылық шаруашылықпен айналысты. Қала мен дала қағанат құрамындағы біріккен әлеуметтік-саяси ағзаның бір-біріне аса қажет, бірін-бірі толықтырып отыратын бөлшектері еді. Елдің халқы - түріктері де, соғдылары да - бәрі бірдей сауда-саттықпен, қолөнер кәсібімен, егіншілік және мал өсірумен айналысқан. Нәтижесінде түріктердің қалалары өркендей бастады. Қалаларда сауда-саттық кеңінен жүргізілді. Шу өзенінің бойындағы Суяб қаласына Орта Азия және Қытай жерінен неше түрлі заттар әкеп сататын болды. Түріктер Персия арқылы Византияға жібек және басқа заттар өткізуге рұқсат сұрап, 568 жылы Соғды көпесі Маниахтың басқаруымен елшілік жібереді.
Сыртқы сауда айырбасы да, ішкі сауда айырбасы да ақша айналасын шығарды, сөйтіп Батыс түрік қағанатының қарамағындағы шет аймақтарының да, орталығының да халқы осы айналысқа көшті. Түрік халқы қолөнерімен де шұғылданып, өмірге қажетті, әсіресе, үй тұрмысына керекті заттарды және қаружарақтарды жасап пайдалана білді. Түрік қағанаты әлеуметтік тұрғыдан алғанда бір жағынан, ақсүйек тайпалар, екінші жағынан, оларға бағынышты, тәуелді тайпалар болып екіге бөлінді. Бағынышты тайпалар алым-салық төлеп тұрған. Қағанаттың басында жоғары билеуші, әскер басшысы, барлық жердің иесі қаған болған. Елдегі барлық билік оның туыстары арқылы жүргізілді. Қағанаттағы жоғарғы лауазымдар - жабғы, ұлық, шад және елтебер-қаған әулетіне ғана тән атақ-тұғын. Сот қызметін бұйрық берушілер, тархандар жүргізді. Қағанаттың негізгі халқы малшы қауым мүшелері, оларды "қара буын" ("қара халық, "тобыр") деп атаған.
Түріктердің ежелгі жазуы болған, оны Жетісу жеріндегі ескерткіштерден көреміз. Шығыс пен Батыста, Оңтүстікте ұшы-қиыры жоқ жері бар біртұтас орасан зор мемлекет құрған түрік батырлары "басы барды идірдік, тізесі барды бүктірдік" деген сөздерді тасқа қашап жаздырып қалдырған. "Күлтегін" жыры да осы тас жазуы арқылы бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр. Қағанат ішіндегі өзара тартыс, билеушілердің жиі- жиі ауысуы оның ыдыраушылығын күшейтті. Он алты жылға 640-657/ созылған тайпалар арасындағы соғыс пен ішкі қырқыстар Жетісуға қытайдың Тан империясы әскерінің баса-көктеп кіруіне әкеліп соқты. Алайда, түріктердің Тан басқыншылығына және олардың сыбайластарына қарсы жүргізілген тынымсыз күресі түргештердің күшейіп көтерілуіне, сөйтіп 704 жылы Жетісуда олардың саяси жетекші күш болып шығуына себепші болды.
21. Оғыздар мемлекетінің құрылуы. Оғыздардың қоғамдық құрылысы, шаруашылығы, қоныстары, қалалары.
Қарлұқ кағанатының солтүстік-батыс жағында, Сырдарияның орта және төменгі бойында, оған жалғасып жатқан Батыс Қазақстан далаларында ІХ-Х ғасырларда Оғыз тайпаларының ежелгі феодалдық мемлекеті қалыптасты.
Оғыздардың ата-бабаларының қоныстанған жерлері Ыстық көлдің маңы. Қазіргі кезде оның жағасында "9 оғыз" деп аталатын демалыс үйі бар. Батыс түрік және Түргеш қағанаттары құлап, қарлұқтардың шабуылынан кейін Оғыздар Сырдария бойына келіп орналасады, бірақ ондағы печенг бірлестігімен ұзақ, уақыт соғысуға тура келеді. Соның салдарынан оғыздар осы өңірдегі бұрыннан тұратын халықтармен одақ құрады. Оның құрамына Оңтүстік және Батыс Казақстанның байырғы тұрғындары, Сырдария аңғарындағы, Арал маңындағы және Каспийдің солтүстігіндегі басқа дала тайпаларының біразы кірді. Сондай-ақ, оған Жетісу мен Сібірдің жартылай көшпелі және көшпелі рулары мен тайпалары енді. Бұл одаққа енген тайпалар Қазақстанның далалы аймақтары мен өзендерінің жағасында, көлдердің маңында көшіп-қонып жүрді.
Истархи "Китаб месалик әл-мемалик" кітабының дерегі бойынша, Оғыз елі хазаралар мен қимақтар арасындағы жерлерді қамтып, Қарлұқ пен Бұлғар және мұсылман елдері Джурджана, Фараб, сондай-ақ, Исфиджабпен шектесіп жатқан. Махмұд Қашғари Оғыз елінің 22, кейбір деректерде 24 тайпаға бөлінгенін және әр тайпаның өз белгі таңбасы мен туы болғанын айтады.
IXғасырдың аяғы мен X ғасырдың бас кезінде оғыз тайпалары Сырдарияның орта ағысынан Еділдің төменгі бойына дейінгі орасан кең жерлерді мекендейді. Оғыздардың қоныс өрістері Ырғыз, Орал, Ембі, Ойыл өзендерінің бойларында, Сырдарияның Қаратау баурайлары мен Исфиджаб шегіне дейін жайылған.
X ғасырда Оғыз мемлекетінің астанасы — Янгикент немесе Жаңа Гузия деп аталатын қала болды. Оғыз мемлекетІ өзінің саяси және әлеуметтік тұрмысы жағынан көне феодалдық мемлекет болды. "Жабғы" атағы бар жоғарғы билеуші Оғыз мемлекетінің басшысы болып саналды. Оғыз жабғыларының орынбасарларын көл-еркін деп атаған. Жоғарғы билеушілер орны мұрагерге беріліп отырған. Оғыз хандарын сайлау кеңестерде өткізілген, бұл әлгі әскери демократия дәуіріндегі халық жиналыстарының өзгертілген түрі тәрізді. Жабғы мемлекетінде оғыз әскерінің "сюбши" деп аталатын бас қолбасшысы маңызды рөл атқарған.
ІХ-Х ғасырларда Оғыз мемлекетінде ескі рулық-тайпалық қатынастар дамиды. X ғасырдың аяғы мен XI ғасырдың бас кезінде Оғыз жабғысының мемлекетіңде алым-салықты тиянакты түрде жинап отыру жүйесі қалыптасқан, бұл - мемлекетте тұрақты басқару аппаратының құрылғанын көрсетеді.
Оғыздар қоғамында жекеменшік қалыптасып дамыды, сөйтіп ақсүйек байлар тобы бөлініп шықты. Малға жекеменшіктік теңсіздіктің негізі болған. Бай аксүйектермен бірге қауымның қатардағы мүшелері: кедейлер мен құлдар бұқарасы тіршілік еткен. Оғыздардың басты шаруашылығы мал өсіру болған. Х-ХІ ғасырларда Оғыз жерінде Жент, Сауран, Қарнақ, Сүткент, Фараб, Сығанақ қалаларының болғандығы айтылады. Оғыз көшпенділері Мәуеренахр, Хорезм және Жетісу сияқты, егіншілігі дамыған аймақтармен тығыз байланыс жасап тұрған.
Оғыздар табиғи күштерге табынып, бақсы-балгерлерге сенген. Сонымен бірге олардың арасында бірте-бірте ислам діні де ене бастайды. X ғасырдың аяғында оғыздар Орыс князьдарымен бірігіп, Еділ Булғариясын жеңді. Оғыздар Еділ бойынан, Маңғыстаудан /оғыздар Манкишлак деп атаған үстірттен/ өтіп, Еуропаны Азиямен жалғастыратын аса маңызды сауда және әскери стратегиялық жолдарды басып алғысы келді, бірақ оған қол жеткізе алмады.
XI ғасыр басында Оғыз мемлекеті құлдырай бастады. Оған алым-салықты жыртқыштықпен аяусыз жинауға наразылық білдірген оғыз тайпаларының көтерілісі себеп болды. Бұл жағдай X ғасырдың екінші жартысында өкімет басына келген Әлиханның билік құрған кезіне жатады. Жабғының өкіметіне қарсы халық наразылығын, Жент маңына келіп қоныстанған салжұқтардың көсемдері пайдаланады. Салжұқ көсемдері Янгикенттегі оғыз билеушілеріне қарсы көтерілісті бастап, Жент қаласын басып алады, бірақ оны ұзақ ұстап тұра алмайды. Осы кезде ел басына Әлиханның мұрагері Шахмәлік келіп, мемлекет едәуір күшейеді. 1041 жылы оғыздар Хорезмді жаулап алады. Алайда, арада екі жыл өткеннен кейін оғыздардың соңғы жабғысы Шахмәлік салжұқтардың қолына түсіп өлтіріледі. Салжұқтармен жүргізілген ұзақ жылғы соғыстар Оғыз мемлекетін қатты әлсіретті. Аяғында келіп жабғы мемлекеті қыпшақ тайпаларының соққысынан біржолата құлайды.
Оғыз тайпалары қазақ, қырғыз, татар, башқұрт, түрікмен, өзбек, қарақалпақ халықтарын қалыптастырушы бөлшектердің бірі болды. Оғыз этнонимдері Кіші жүз бен Орта жүздегі қазақ рулары мен тайпаларының аттарында сақталған.
22. Қарлұқ мемлекетінің Жетісуда құрылуы, тайпалық құрамы, орналасуы.
Қарлұқтар Батыс Алтайдан көшіп келіп, Жетісу жерлерін өздеріне қаратып басып алды. Қарлұқ тайпаларының әуелгі орналасқан аймағы — Батыс Алтай мен Тарбағатай арасындағы өлке.
Жазба деректерге қарағанда, Қарлұқ туралы алғашкы деректер "Суй әулеті тарихында" 581-618 жылдары кездеседі. Онда Қарлұқтар өздерінің басты руының атымен Ақтағ /Алтай/ баурайларында мекендеген бұлақ/було/ деп аталған.
Қарлұқ тайпалары VІІІ-Х ғасырларда Қазақстанның Жоңғар Алатауынан бастап, Сырдарияның орта бойына дейінгі кең байтақ жерлердің бәрін де қоныстанды. Олар Балқаш пен Ыстык көлдің арасын, Ыстық көлдің айналасын, Іле, Шу, Талас аңғарларын, Тянь-Шаньнің бауырайларын мекендеді. Қарлұқ тайпаларының бірі IX ғасырдын бас кезінде Отырар /Фараб/ қаласы маңына барып қоныстанған. Қарлұқтар Талас бойында да тұрды.
Қарлұқтардың құрамына үш ірі ру бірлестіктері — Моула, Чжисы және Ташли кірді. Бірінші тайпаның аты Моула — бұлақ деп аталған. Басқа бір тобы Чжисышігіл деп аталды. Әмудариядан бастап Қытайға дейінгі түріктердің бәрін Шігілдер деп атаған. Олардың біразы Таласқа жақын жерде Шігіл деп аталатын қалада тұрған. Шу аңғарында тұрған қарлұқ қоныстарының орталығы — Баласағұн қаласы. Қарлұқтардың біраз тобы X ғасырда Іле аңғарында, Ыстық көл мен Балқаш көлдерінің арасында көшіп-қонып жүрген. Қарлұқтардың көсемдерін "жабғу" деп атаған. Олардың астанасы — Қойлық қаласы.
840 жылы Орталық Азия даласьшда аса маңызды тарихи оқиға болады. Енесей қырғыздары Ұйғыр қағанатын жойып, оның халқын Турфан аймағы мен Ганьчжоу ауданына еріксіз көшіреді. Бұл оқиғаны Исфиджаб билеушісі, Қарлұқ жабғысы Білге құл Қадырхан шебер пайдаланады. Ол жаңадан қаған атын алып, өзінің жоғарғы өкіметті алуға қақысы бар екенін ашықтан-ашық жариялайды. Бірақ осы жылы Орта Азия саманилері оған қарсы шығып, Исфиджабты басып алды. 893 жылы Самани билеушісі Исмаил-ибн-Ахмет Таразға жорық жасайды. Қарлұқ қағаны Оғұлшақ Қадырхан қорғанғанымен ақырында қала құлап, халқы ислам дінін қабылдайды. Оғұлшақ өз ордасын Тараздан Қашқарға көшіреді де, саманилерге қарсы соғыс әрекеттерін одан әрі жүргізе берді. Бұған қоса Жетісу түріктері саманилердің қысымына тойтарыс беріп қоймай, олардың мемлекетіне жорықтар жасап тұрды. 904 жылы олар Мәуеренахрға басып кіреді, бірақ біраздан кейін кетуге мәжбүр болады.
Қарлұқтардың феодалдық мемлекет болуымен байланысты, онда еншілік тайпалық жүйесі қалыптасты. Қарлұқ феодалдық коғамында әлеуметтік және жіктік теңсіздік күшейді. Қоғам байлар мен кедейлерге бөлінді, одан басқа қауымның ешбір құқы жоқ тобы — құлдар-тын. Халықтың негізгі бөлігі - қоғамның қатардағы мүшелері, олар малы мыңғыраған байларға экономикалық жағынан кіріптар болды. Көшпелі тайпалардың билеуші ақсүйек топтарының қолында жайылымдар мен құнарлы жер ғана емес, қалалар да болатын. Тарихи деректер бойынша қарлұқтар елінде 25 қала мен қыстақ болған. Олар: Тараз, Құлан, Мерке, Атлақ, Тұзын, Балиг, Барысхан, Сыйкөл, Талғар, Тонг, Пенчуль т.б. Қарлұқтардың астанасы және олардың көптеген қалалары ұлы Жібек жолы бойында орналасқан, ал бұл жолдың Казақстанның оңтүстігі мен Жетісу үшін елшілік және сауда-саттық байланыстар арнасы ретінде де орасан зор маңызы болды.
Дегенмен Қарлұқ қағанаты өз қолына берік саяси-экономикалық байланыс жүйесін орната алмады. Ішкі қырқыс, өкіметті басып алу, қоныс-өрісті иемдену жолындағы талас-тартыс оның береке-құтын қашырды. Міне, осындай қиын жағдайда шын мәніндегі қауіп-қатер Қарлұқ қағанатына Қашғар жағынан келді. 940 жылы олар Баласағұнды басып алады да, Қарлұқтар мемлекеті құлайды.
23. Қазақстандағы тұңғыш мұсылман мемлекеті
Қарахан қағанаты Шығыс Түркістан, Жетісу, Сырдария, Талас, Шу өңірін құтты қоныс етті. Оның құрылуы 940 жылдан басталады. Қағанаттың орталық астанасы Шу өзені бойындағы Баласағұн, кейінірек Ордакент (Тараз) қаласы болды. Қарахан мемлекетінің Үзген, Мерке, Құлан сияқты қалаларында ірі алыпсатар алпауыттары мен қолөнершілері мекендеген.
Қарахан әулетінің негізін салушы Сатұқ Боғрахан (915-955 жж.) болып есептелінеді. Ол Қарахан хандығының іргесін көтеріп, мәртебесін асырушылардың бірі — Білге құл — Қадырханның немересі. Сатұқ Тараз және Қашқар қалаларын өзіне қаратып, 942 жылы Баласағұндағы билеушіні құлатып, өзін жоғары қаған деп жариялайды. Қарахан мемлекетінің өз тарихы осы уақыттан басталды. Мемлекеттің күшеюіне қарлық, шігіл, ягма тайпалары үлкен үлес қосты. Сатұқ өлгеннен кейін билік оның баласы Мұсаға көшті, ол 960 жылы Қарахан мемлекетінің халқын ислам дініне қаратты. Оның астана қаласы Қашғар болды. Сатұқтың екінші баласы Сүлеймен-ілек Баласағұнды иеленді. Кейін бұл өңірді оның ұлы Хасан Боғра-хан мұра етіп алды. 955 жылы Мұса өлген соң Қарақан жеріндегі жоғарғы қаған атағы оның баласы Әли Арсылан ханға көшті. Оның енші жерінің орталығы Қашғар болды. Сонымен қатар ол Тараз бен Баласағұнның да билеушісі болып есептелді. Қарахан мемлекетінің саяси тарихы Әли Арсылан өмір сүрген алғашқы ондаған жылдың өзінде-ақ негізінен ықпалды әрі күшті екі отбасы әулетінің - Әли Арсылан хан мен Хасан (Харун) Боғра ханның ұрпақтары арасындағы өзара қырқысқан күреске толы болды. Алғашқы кезде Әли (Әлилер) ұрпағының ықпалы күштірек болса, ал кейін бұл ықпал Хасан (Хасанилерге) ұрпақтарына көшті.
Қарахан хандығы киян-кескі ұзақ соғыстардан кейін 1004-1005 жылдары Мәуеренахр жерін түгелдей өзіне қаратты. Осыдан кейін Қарахан мемлекеті ХІ-ғасырдың 30 жылдары Шығыс және Батыс қағанаты болып екіге бөлінді: 1. Жетісу және Шығыс Түркістан жері Шығыс қағанатына қарап, оның орталығы әуелі Орда (Баласағұнға жақын), кейін Қашғар қаласы болды. 2. Мәуеренахр жерлері - Батыс қағанатына қарап, оның орталығы Үзкент, кейінірек Самарқанд болды. Карахан мемлекетінін басшысы — хақан, оған ең жақын кеңесші, көмекші — уәзір болды. Бұдан басқа сарай күзет бастығы, есік қорушылар, қазынашылар және елшілер қызмет етті.
Қарахан мемлекетіндегі аса маңызды әлеуметтік- саяси институт әскери-мұралық жүйе болған. Хандар елді өзіне жақын адамдармен және уәзірлермен бірігіп басқарды. Мемлекет бірнеше ұлыстарға бөлінді. Олардың бастылары: Тараз, Исфиджаб, Баласағұн. Хан мемлекеттік немесе әскери қызметі үшін феодалдарға жер беріп, сол жердегі халықтан салық жинауға рұқсат еткен. Мұндай жерлер икта деп аталды. Икта институты Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысының шаруашылық және саяси өмірінде елеулі рөл атқарған. Бұдан басқа феодалдық жер иеленушіліктің басқа түрлері де қалыптасты. Олар ислам дін иелеріне қарасты — вакфтық жерлер, ірі феодалдар жалға беретін -издолыцина деп аталатын жер иеліктері, сондай-ак, коммендация — жер иелігі. Ол бойынша әлсіз кедей шаруалар өз жерлерін ірі феодалдарға, әскер басыларына т.б. қамқорлыққа беріп отырған. Ол үшін күшті адамдар әлсіз адамдарды қорғауга тиіс болған.
Қарахан мемлекеті халқының ең басты тіршілігі -көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы. Қарахан қағанатында қала өмірі, сауда, қолөнері, егін шаруашылығы жақсы өркендеді. Қарахандықтар алтын, күміс, темір, мыс, қорғасын, басқа да әртүрлі бағалы тастардан үй тұрмысына қажетті заттарды, әшекейлі сәнді бұйымдарды жасай білген.
24. Қыпшақтар, қимақ мемлекетінің мұрагарлері
X ғасырда оңдаған тайпалардың бірінен соң бірінің шабуыл жасауы Қимақ мемлекетін әлсіретті. Сондықтан қыпшақтар өзінің қоныстанған жерлерін тастап, Сырдария өзенінің бойындағы, Аралдың батысы мен Каспийдің солтүстік өңіріндегі оғыздарды орындарынан қозғап, оларды оңтүстікке және Қара теңіз далаларына көшіп баруға мәжбүр етті. Оғыз жерін басып алғаннан кейін, қыпшақтар қимақ мемлекетінің орнын басты. Қыпшақтар мекендеген жерлерді"Дешті қыпшақ", яғни қыпшақ даласы деп те атады.
XI ғасырда қыпшақтар Сырдария, Қаратау бойындағы қалаларды өздеріне бағындырды. Маңғыстау мен оған таяу жатқан аудандарды алғаннан кейін қыпшақтар Хорезмнің теріскей шебіне жетті.
Қазақстан жерінде қыпшақ этникалық, қоғамдасуын үш кезеңге бөліп қарауға болады. Бірінші кезең, қыпшақтардың қимақ тайпалық одағында болуы — VII ғ. екінші жартысы -VIII ғ. соңына дейін. Екінші кезең: VIII ғ. аяғы — XI ғ. басы. Бұл кезде қыпшақтар Алтай және Ертістің Орал таулары және Еділге дейін қоныс тепті. Қыпшақ тайпалық одағына Мұғалжар жеріндегі құмандар және қимақ тайпалары кірді. XI ғасырдан XIII ғ. басына дейін қыпшақтардың дамуының үшінші кезеңі жүрді. Бұл кезде қыпшақ хандарының мәртебесі, күш-қуаты өсті. Олардың этникалық құрамы өзгеріп, қимақ, құман, ертедегі башқұрт, оғыз т. б. тайпалар кірді.
Бұл кезде қыпшақ хандары өз жерлерін оңтүстікте Тараз қаласына жеткізіп, қарахандықтармен шектесті. Олардың арасындағы шекара — Балқаш көлі және Алакөл ойпаты болды. XII ғ. қыпшақ тайпалары Алтайда, Ертістің жоғарғы жағында наймандармен, қаңлылармен, керейттермен шектесті, солтүстікте қырғыздар және хакастармен көрші болды. Қыпшак тайпаларының басында қаған, одан төмен қарай хан, тархан, басқақ, бек, байлар тұрды. Негізгі байлығы жылқы, кейбір бай аксүйектері 10 мыңға дейін жылқы ұстаған. Кедейлері мал бағумен айналысқан. Сөйтіп, қыпшақ хандығы ерте феодалдық мемлекет болып саналады.
XI ғ. аяғы мен XII ғ. бас кезінде Жент, Янгикент,төмендегі Сырдарияның тағы баска қалалары да қыпшақ көсемдерінің қолына қараған. Дегенмен XII ғ. алғашкыжартысында осынау қалалар қыпшақ хандары мен соларды қайтсе де басып алғысы келген Орта Азияның мұсылмандық әулеттері арасындағы қиянкескі ұрыс алаңына айналады.Хорезм шахы Атсыз Жентті жаулап алады, сонан соң солтүстікке қарай бет алып, өз қарауына Маңғыстауды да қосады. 1133 жылы Жент қаласынан Дешті Қыпшақ даласына тереңдеп жорық жасаған Атсыз қыпшақтарды ойсыратажеңеді. Тап осы кезден бастап қыпшақ хандығының ыдырауы басталады. Оған себеп болған негізгі жәйттер: қыпшақ тайпалары ақсуйектерінің арасында Хорезмге бейімдеушілердің көбеюі, қаңлылардың аса ірі бірлестігінің құрылуы, өкімет билігі үшін өзара әулетті қырқыстың кушеюі еді. Хорезм шахы Мұхаммед/1200-1220 жж./өз мемлекетінің құрамына XIII ғ. бас кезінде Сығанақ жерін қосып алады. Сығанақ иелігінен айырылып қалғанына қарамастан қыпшақ хандары Хорезмге қарсы қажырлы күресін жалғастыра берді. Бұл кезде хорезмшахы Мұхаммед Дешті Қыпшақ еліне бірнеше рет жорық жасайды. 1216 жылы қыпшақ билеушісі Қадырханға қарсы аттанған әскери жорықтарының бірінде ол Ырғызға дейін жетеді. Осы кезде ол Торғай даласында қыпшақтар еліне қашып кірген меркіттерді қуалап келе жатқан Шыңғысхан қолымен соқтығысып қалады. Бұл монғолдардың Қазақстан жерінде алғаш рет болуы еді, сөйтіп, монғол басқыншылығының дәуірі басталады.
25. Қимақ мемлекетінің құрылуы
VII ғасырда қыпшак пен қимақ /кимек/ тайпалары Ертіс бойьн жайлаған. Бір ескертіп айтатын жәйт, кимектер мен қыпшақтар бір халық деп осы кезге дейін айтылып келген пікір қате, өйткені тарихи жазба деректер бойынша бұлар екі халық, бірақ түркі тілді туыс тайпалар болған. VIII ғасырдың орта кезіндегі қимақтардың көршілері — Ертіс бойындағы қарлұқтар және Енесей бойындағы қырғыздар еді. 766 және 840 жылдары кимектер Батыс Алтай, Тарбағатай мен Алакөл ойпатының жерлерін жайлап, Шығыс Түркістанды мекендейтін тоғыз оғыздардың теріскей шебіне дейін жетеді. Осы кездері жеті тайпадан: еймур, имек, қыпшақ, татар, баяндүр, ланиказ, ажлардан тұратын кимек федерациясы құрылды. Ал X ғ. басында кимек мемлекетінің құрамында 12 тайпа болған. Орталығы — Хақан қаласы. Қимақтардың ең үлкен басқарушысы хакан деп аталған, Қимақтар өздерінің хақанымен бірге Орта Ертіс өңірінде тұрған. Олардың 16 қаласы болыпты. Олардың бастылары Хақан, Қарантия, Дамурия, Шнария, Сараус, Дахлан, Банджар, Астур. Қимақтың ақсүйек байлары киімді қызыл және сары жібектен киетін болған, кедейлері жұпыны киінген. Қимақ коғамындағы мал-мүліктің тенсіздігінін нәтижесінде көшпелі ақсүйектер пайда болады. Малы аз қимақтар кедейге айналады. Қимақтар қол өнермен, аң аулау, балық аулаумен шұғылданып, қыстауларды қоныс етіп, шағын мекендерде тұрған, бұл мекендер бірте-бірте қалаға айналған. Сөйтіп, қимақтардың жерінде феодалдық қатынастар орныға бастайды.
Қимақтар мен қыпшақтар табиғаттың әр түрлі күштері мен құбылыстарын пір тұтқан, көк тәңірісі ата-бабаларына сиынған. Қимақтар мен қыпшақтар күнге, жұлдыздарға, аруақтарға да табынған. Өлгендерді өртеп жерлеген. Ертіс өзенін қасиет тұтып, "өзен-адамның тәңірі" деген. Тас сымбат /мүсін/ қойып, оған табыну салты кеңінен тараған.X ғасырда оңдаған тайпалардың бірінен соң бірінің шабуыл жасауы Қимақ мемлекетін әлсіретті.
26. Түргеш қағанатының құрылуы
Түргеш қағанаты 704-756 жылда аралығында өмір сүрді. Бұл кезде Жетісу аймағында араб басқыншыларына қарсы күрес жүріп жатқан болатын. Жетісуда Түргеш қағанаты билеушілерінің негізін қалаушы Үшелік-қаған. Оның билік жүргізген кезі - 699-706 жылдар. Ол Жетісудан Батыс түрік билеушісі Бөрішадты қуып, Ташкенттен Турфанға және Бесбалыққа дейін өзінің өкіметін орнатты. Оның, басты саяси орталығы - Шу өзені бойындағы Суяб қаласы. Екінші орталығы - Іле өзені бойындағы Күнгүт қаласы. Үшелік елді 20 ұлысқа /бөлікке/ бөліп, олардың әр қайсысында 7 мыңнан әскер ұстады.
705 жылы арабтар шабуыл жасап, Әмударияның шығысындағы Мәуеренахрды жаулап алуға кірісті. Хорасанды билеуші Күтеиб-ибн-Мүсілім Балхы жерін басып алып, Бұхараға аттанады. Осындай қиын кезенде түргештер Согді /Согдиана/ еліне көмекке келеді, Күтеибке тойтарыс береді. 709 жылы Күтеиб Мәуеренахрға қайтадан жорық ұйымдастырады. Ол Согдиана патшасы Тархунды алдап, оны түріктердің көмегінен бастартуға мәжбүр етеді, сөйтіп Бұхараны басып алады.
Түргеш қағанатында Үшелік өлгеннен кейін билеуші оның баласы Сақал-Қаған болды. Оның ел билеген кезі 706-711 жылдар. Бұл кезде елдің ішкі және сыртқы жағдайы өте күрделі еді, бірлік болмады. Батыста түргештер согділермен бірігіп арабтарға қарсы күрес жүргізді. Оңтүстіктен оған Қытайдың Тан империясы, шығыстан Орталық Азия түріктері қауіп төнгізді. 711 жылы Шығыс түрік қағаны Қапаған Жоңгария жерінде /Бөлісу жанында/ түргештерге соққы беріп, Сырдариядан өтті. Бұл кезде арабтарға қарсы самархандыктар мен Орталық Азия түріктері көтерілді. 712-713 жылдары арабтарға қарсы түріктер, согділер /согдицы/, Шаш /Ташкент/ қаласы тұрғындары және ферғаналықтар бірігіп күш көрсетті. Мәуеренахрдағы араб иелігіне төніп отырған қауіпті түсінген Күтеиб Шаш қаласын өртеді, 714 жылы ол Исфиджабқа шабуыл ұйымдастырды.
Көптеген қиындықтардан кейін Түргеш қағанаты Сүлік қағанның /715-738 жж./ тұсында қайта күшейе бастады. Бұл кезде өкімет қара түргеш тайпаларынын қолына көшіп, мемлекет орталығы Талас (Тараз) қаласына ауысты Айлалы саясаткер және күшті әскери қолбасшы Сүлік екі майданда: батысты арабтарға қарсы, шығыста батыс түрік қағандары мирасқорларын (Шығыс Түркістанда орныккан) қолдаған Тан империясымен күрес жүргізді. 723 жылы түргештер Ферғана қарлұқтарымен және Шаш тұрғындарымен бірігіп, арабтарға күйрете соққы берді. Дегенмен арабтар 732 жылы өз әскерлерін біріктіріп, түргештерді қирата жеңіп, Бұхара қаласын басып алды. 737 жылы Сүлік арабтарға қарсы жорық ұйымдастырып, Тохарстанға дейін жетті, бірақ кейін жеңіліп қалды. Қайтып келе жатқанда, оны өзінің әскери басшысы Баға-тархан өлтірді. Сүлік қаза болғаннан кейін билік үшін "сары" және "қара" түргештердің арасында ұзаққа созылған күрес жүрді. Түргеш мемлекеті өз ішіндегі күрестің нәтижесінде едәуір әлсіреді, оның осы жағдайын Тан /Қытай/ империясы ұтымды пайдаланды. Оның Шығыс Түркістан жеріндегі билеушісі 748 жылы түргештердің басты қаласы Суябқа әскер жіберіп, оны басып алды, Шаш қаласының билеушісі өлтірілді. Оның баласы арабтардан көмек сұрады. 751 жылы Тараздың қасындағы Атлах қаласы жанында Зияд-ибн-Салых бастаған араб әскерлері мен Гао-Сяньчжи басқарған қытай әскерлерінің арасында 5 күнге созылған қырғын соғыс жүрді. Қытайлықтарға қарсы оның тылындағы қарлұқтар көтерілді. Нәтижесінде қытай әскерлері жеңіліске ұшырады. Олар Жетісуды ғана емес, Шығыс Түркістан жерін тастап кетуге мәжбүр болды. Сондай-ақ, арабтар да Талас жерін калдырып, Шаш қаласына шегінді. Бірақ, өз ішінен әлсіреген Түргеш мемлекеті де 756 жылы құлады.
Сөйтіп, көшппелі түрік тайпалары құрған Батыс түрік қағанатының орнына төрт күшті мемлекет құрылды. Олар: Төменгі Поволжье мен СолтүстІк Кавказ жеріндегі Хазар қағанаты, Сырдың орта және төменгі ағысы мен Арал даласында орналасқан Оғыз мемлекеті, СолтүстІк Шығыс және Орталық, Қазақстанда Кимек қағанаты, ал Батыс түрік қағанатының негізгі орталығы болған Жетісу жерінде қарлұқтардың мемлекеті орнады.
27. Наймандар мен Керейттер мемлекетінің құрылуы
Найман тайпалар одағы /түрікше "сегіз тайпа одағы"/ VIII ғасырдың орта шенінде Жоғарғы Ертіс пен Орхон аралығында пайда болып, Ханғайдан Тарбағатайға дейінгі жерлерді алып жатты.
Найманның батыстағы көршісі Ертіс өзені бойында тұрған қаңлылар, ал солтүстігінде - қырғыздар, шығысында -Тола алқабын, Орхонның орта ағысы және оң жак бетін алып жатқан меркіттер мен керейттер болды. Алайда, бұл қоныстар тұрақты болмады, өзара талас-тартыс, соғыс пен шапқыншылықтар барысында тайпалар бір жерге тұрақтай алмай, жаңа жерлерге көшіп отырды. Өйткені наймандарда олармен көрші керейттер де көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан.
Наймандар мен керейттер /керейлер/ 2 мыңыншы жылдықтың басында Қазақстан жеріндегі этникалық-генетикалық процестерде белгілі рөл атқарды. Наймандар мен керейлерде ертедегі феодалдық қатынастардың орнығуы ұлыстардың құрылуымен қатар жүрді. "Ұлыс" деген сөз ол кезде "халық" деген ұғымды білдірді, әрбір ұлыс белгілі бір жерлерді алып жатты. Оны белгілі бір рудың, өкілі, хан басқарды. Хан ордасы ұлыстың өздеріне меншікті жазғы жайылымы, қысқы қыстауы болып, әскері - ондық, жүздік, мыңдық, түмендерге бөлінді.
Наймандар мен керейлер XII ғасырда іс жүргізуде ұйғыр жазуын пайдаланған. Ханның "алтын мөрі" болып, онымен қажетті құжаттарды куәландырып отырған. 1206 жылы Шыңғысхан Алтайдағы Күшлікхан бастаған наймандарға қатты соққы берді. Бұдан кейін наймандардың бір бөлігі Алтайдан Жетісу жеріне ойысты, ал екінші бір бөлігі Шығыс Қазақстанда қалып қойды. Хорезмшах наймандардың шабуылынан қорқып, оларға Сырдария өзеніне дейінгі жерлерді — Сайрам, Ташкент және Ферғананың солтүстік бөлігін бөліп берді. 1218 жылы моңғолдар Жетісу жеріндегі наймандарды талкандап жеңді. Қашып шыққан Күшлікті олар ұстап алып Бадахшанда өлтірді. Бүкіл Шығыс Түркістан мен Жетісу жерлері монғолдардың қол астына көшті.
Керейттер туралы жазба деректердегі ең ерте мәліметтер X ғасырдың, бас кезіне жатады. Керейттер конфедерациясының этникалық құрамы бір текті болмаған. Ол түрік тілді және моңғол тілді жұрттан құралады. Керейттердің батысында - наймандар, солтүстігінде - меркіттер, шығысында -татарлар, оңтүстігінде - таңғұттар мекендеген. Керейт тайпалары көсемдерінің екі ордасы болған. Солтүстік ордасы - Орхон өзені бойындағы Қатынбалық қаласы, ал оңтүстік ордасы Хуанке өзенінің бұрылысының теріскейінде тұрған. Орхондағы бас орда өте қолайлы жерде, сауда жолының аса маңызды бөлігінде орналасқан. Сол себепті ол көршілес және алыс елдерден келетін көпестер, сол сияқты миссионерлер жиналатын орынға айналған. 1007 жылы керейттер наймандармен бірге христиан дінінің несторияндық тармағын қабылдайды. Керейттер белгілі дәрежеде ұйғыр мәдениетінің ықпалында болған.
XII ғасырдың 50-ші жылдары керейттерде Мырғыз хан билік жүргізді. Кейін ол қытайлар қолына түсіп өлтірілген. Одан кейін елді Бүйрек хан биледі. 1171 жылы хан тағы оның баласы Тоғырылға көшті.
Тоғырылхан тұсында Керейттер ұлысы солтүстікте -Селенганың жоғарғы бойынан, оңтүстікте - Хуанкеге дейінгі, батыста - Хангай тауынан, шығыста - Халкин Голге дейінге жерлерді еркін жайлаған. Керейттер найман, қаңлы, ұйғыр, меркіт, монғол, қарақытай, таңғұттармен тығыз саяси және этникалық-мәдени байланыс жасап тұрған. Тоғырылханның бай жиһазды сарайында дала тайпаларының болашақ билеушілері - Темучин (Шынғысхан) мен Жамуха - тәрбие алып, саяси және елшілік өмірден хабардар болады. Керейттер билеушісі Тоғырылхан сарай қызметіне қаңлы ақсүйектерінің өкілдерін кеңінен тартқан.
Керейттер мен наймандар және жалайырлар әлеуметтік-саяси дамудың бір денгейінде тұрған. Олар дербес мемлекеттік құрылым-ұлыстар болып ұйымдасады. Әрбір ұлыстың өз территориясы болған. Оның шекарасының ең маңызды жерлері күзетке алынып отырған. Ұлыстарда хан қосының басқару органдары, әскері мен жасауылы бар басқару аппараты жұмыс істеген. Наймандар мен керейттерде кәдуілгі хұқ низамы қолданылған. Қоғамның таңдаулы тобына қызмет орындары мұра болып берілген.
XIIғасырдың аяқ кезінде Темучиннің әскерлері татарларды талқандағаннан кейін 1203 жылы керейттерді бағындырады.
28. Моңғол империясының құрылуы
Татар-моңғол тайпаларының саяси жағынан басьш біріктіріп, Моңғол феодалдық мемлекетінің негізін салушы Темучин болды. Ол тарихтағы бір деректер бойынша 1162 жылы, екінші бір деректер бойынша 1155 жылы ірі ноян Есугай баһадүрдің отбасында туған. Темучин ер жете келе негізгі қарсыластарының барлығын жеңіп, Моңғолдың бүкіл тайпаларын өзінің қол астына біріктірген. 1206 жылдың көктемінде Өнан өзенінің сағасында Темучинді жақтаушы-моңғол ақсүйектерінің құрылтайы болып, онда ол салтанатты жағдайда Шыңғысхан деген атпен моңғолдардың әміршісі болып жарияланды. Темучин өзін хан көтерген ақсүйектердің құлқьн тойғызу мақсатында көрші елдерді жаулау оларды талау-тонау үшін үлкен әзірлік жүргізді.
Шыңғысхан әскери-ұйымдастыру принципін мемлекеттік құрылыстың негізі етіп алды. Елдін. бүкіл жері мен халқы он қанат /барунғар/, сол қанат /жоңғар/ және орталық /гол/ атты үш әскери әкімшілік округке бөлініп, әрбір округте он мың адамнан тұратын бірнеше түмгелер /түмендер/ болды. Олар өз кезегінде "мыңдық", "жүздік", "ондықтан" құрылды.
Өте қатал тәртібі, мұқият құрылымы бар әскер басында моңғолдардың феодалдық жоғарғы тобының өкілдері - нойондар, багадурлар, мергендер, сечендер тұрды. Шыңғысханға бұлардан басқа, өзіне шын берілген, 10 мың тандаулы жауынгерлерден тұратын кешігі /ұланы/ кызмет етті. Оның көмегімен Шынғысхан нойондар мен феодалдарды өзіне тәуелді етіп ұстады.
1207-1208 жылдардың қысында Шьщғысханның үлкен баласы Жошы Енесей қырғыздарын және Сібірдің оңтүстігіндегі басқа да "орман халықтарын" бағындырды. 1208-1209 жылдары Шыңғысқан әскерлері тұтқиылдан шабуыл жасап, танғұттық Си Ся мемлекетін күйретті. Шыңғыстың каһарынан сескенген қазіргі Шығыс Түркістан аймағындағы ұйғырлар моңғолдарға өз еркімен бағынды. Олардың ел басшысы Баршық өзін Шыңғысханның боданымын деп мойындаған. 1211 жылы Шынғысханның қолы Солтүстік Қытайға бет алды, 1215 жылы олар сол кезде Цзинь мемлекетінің астанасы болған Чжундуды /Пекинді/ бағындырды.
Қытайда моңғолдар соғыс ісінің сол замандағы жоғарғы техникасымен танысты. Қытайдан көптеген қару-жарақ, қамал бұзатын машиналарын және оны қолдана білетін адамдарды, қолөнершілерді алған Шыңғысхан өз әскерінің санын көбейтіп, жауынгерлік дайындығын одан әрі жетілдірді.
Сөйтіп, ол Шығыс Еуропа мен Алдыңғы Азияға жол ашатын Орта Азия мен Қазақстанды жаулап алу жорығына жан-жақты әзірленді. Бұл үшін ол мұсылман көпестерінен, моңғолдардың қол астында болған босқындардан мәліметтер алып, қарақытайлар мемлекетінің, содан кейін Хорезм шахындағы ішкі жағдай мен әскери күштер туралы деректерге қанықты, соның негізінде ойластырылған іс-қимылдың бағдарламасын жасаған.

Сонымен, 1219-1221 жылдардағы шапқыншылыктың салдарынан Қазақстан мен Орта Азия Шынғысхан империясының құрамына енді. Щынғысханның жаулап алған байтақ жері түгелімен оның балаларына бөліп берілді. Шыңғысхан Ертістен Орал тауларына дейінгі, онан әрі батысқа қарай «моңғол атының тұяғы жететін» аймақты үлкен ұлы Жошының билігіне берді. Орта Азиядағы иеліктерінен Жошы ұлысына - Әмударияның төменгі жағындағы аудандар /Солтүстік Хорезм/ мен Сырдария кірді. Жошының ордасы Ертіс алқабында болды.
Шыңғысханның екінші баласы Шағатайдың үлесіне Мәуеренахр, Жетісу және Қашқар тиді. Оның ордасы Іле алқабында орналасты.
Үшінші баласы Үгедейге Батыс Моңғолия мен Тарбағатай жері қарады. Оның ордасы казіргі Шәуешек қаласының маңында болды.
Кіші ұлы Төлей - Шыңғысханнын, негізгі жұрты - Моңғолияның өзін мұраланды.
Сонымен Қазақстан жері моңғолдың үш ұлысының құрамына: үлкен /далалық/ бөлігі - Жошы ұлысының, Оңтүстік және Оңтүстік Шығыс Қазақстан - Шағатай ұлысының, Жетісудың солтүстік - шығыс бөлігі - Үгедей ұлысының құрамына кірді.
29. Алтын Орданың құрылуы
«Алтын Орда» мемлекетінің құрылуы. Қазақстан аумағы үш монгол ұлысының кұрамына енді: үлкен (далалық) бөлігі Жошы ұлысына, Оңтүстік жөне Оңтүстік-Шығыс Казакстан Шағатайұлысына, Жетісудың солтүстік-шығыс бөлігі Үгедей ұлысына карады. Жошы ұлысы Ертістен батысқа қарайғы ұлан-ғайыр жерді, Жетісудың солтүстік бөлігі мен бүкіл Дешті-Қыпшақты, Еділдіңтөменгі бойын қоса алып жатты. 1227 ж. Шыңғыс хан өлгеннен кейін бұл ұмтылыс күшейе түсіп, империя бірнеше тәуелсіз мемлекеттерге ыдырап кетті.
1227 ж. Жошы өлген соң орнына ұлы Батый отырды. Ол Батыс Дешті-Қыпшақ даласына, Еділ бұлғарлары жеріне, одан әрі батысқа шапқыншылық жорықтар ұйымдастырды. Жеті жылға созылған жорықтарынан кейін Батыйдың қол астына Қырымды қоса, Еділден Дунайға дейінгі жер, Солтүстік Кавказ, Батыс қыпшак (половецтер) даласы қосылды. Осыдан кейін Батый Еділдіңтөменгі аясында Алтын Орда атты жаңа монғол мемлекетін құрды. Оған Жошы ұлысының жері — Шығыс Дешті-Қыпшақ, Хорезм мен Батыс Сібірдің бір бөлігі және батыстағы жаңадан жаулап алынған жерлер карады. Батый құрған мемлекет шығыс деректерінде Жошы ұлысы деп, сондай-ақ Жошы ұрпактары— хандардың атымен (Батый ұлысы, Берке ұлысы, т. б.) аталды. Астанасы Сарай-Бату (Астрахань маңында), кейіннен Сарай-Берке қаласында болды.
Алтын Орданың коғамдық құрылысы. Алтын Орда мемлекетінің кұрылысы толығымен Шыңғыс хан енгізген мемлекет үлгісін қайталады. Манызды мемлекеттік істі шешу үшін билік басындағы әулет мүшелері бастаған ақсүйектер жиналысы—құрылтай шақырылды. Армияны және өзге мемлекеттермен дипломатиялықкатынастарды бешербек басқарды. Қаржы, алым-салык мәселесін, мемлекеттің ішкі істерін жүргізетін орталык аткарушы орган — диванның басында уәзір тұрды. Қалалар мен бағынышты үлыстардан алым-салык., сыбаға жинау міндетін атқаратын даругтер, басқақтар тағайындалды. Хан отбасының мүшелері маңызды қызметтер атқарды. Ірі нояндар, бектер, әмірлер, баһадурлер түмендерді, мындық, жүздіктерді басқаратын әскербасылары болып сайланды.
Алтын Ордада жаулап алынған жер мен халықтарды басқару үшін үлыс жүйесі енгізілді. Батый хан тұсында Жошы ұлысында екіге — оң және сол қанатка, негізінен екі мемлекетке бөліну процесі жүргізілді. Оң қанат (үлыстың) басында Батый ханның өзі мен ізбасарлары тұрды. Ал солқанатты Жошының үлкен ұлы Орда Ежен биледі. Қазакстан жерінің көп бөлігі сол канат құрамына кірді. Алтын Орда Батыйдың інісі Берке ханның (1256 — 1266 жж.) түсында-ақ тәуелсіздікке кол жеткізген. Одан кейінгі Мөңке хан (1266 — 1280 жж.) өз атынан теңге шығара бастады. Алтын Орданың XIV ғ. алғашқы жартысында, әсіресе Өзбекхан (1312 — 1342 жж.) мен одан кейінгі Жәнібек ханнын (1342 — 1357 жж.) тұсында кұдіреттілігі арта түсті. 1312 ж. Өзбек хан исламді Алтын Ордадағы мемлекеттік дін деп жариялады. XIV  ғ. екінші жартысында Алтын Орда алауыздықтан әлсірей бастады. 1357 жылдан 1380 жылға дейін такка 20-дан астам хандар отырып, бірін-бірі елтіріп, орнын тартып алып жатты. XV  ғ. ортасына карай бірнеше үлкен үлыстар өз алдына хан сайлап, Алтын Орда біржола қүлады. Бүл ұлыстардың ең ірісі XV ғ. 30-жылдары  Еділ  мен Днепрдің аралығында қүрылған  Ақ Орда болды.  20 — 60-жылдары  Ноғай  Ордасы,  Сібір,  Қазан,  Қырым, Астрахань хандықтары бөлініп шықты.
30. Моғолстан мемлекетінің құрылуы, териториясы мен этникалық құрамы
ІҮ ғ. ортасы – ХҮІ ғ. басында Оңтүстік-Шығыс Қазақстан аумағы Моғолстан мемлекетіне кірді. Бұл мемлекет ХІҮ ғ. ортасында Орта Азияның солтүстік-шығыс бөлігі, Жетісу мен Шығыс Түркістан жерінде Шағатай ұлысы ыдырағаннан кейін құрылды. Моғолстан мемлекетінің негізін салушы – дулат тайпасының көсемі Әмір Болатшы. Алғашқы ханы – Тоғылық Темір (1348-1362 жж.), ол Моғолстан билеушілері әулетінің негізін салды. Астанасы – Іле алқабындағы Алмалық қаласы болды. Территориясы: Оңтүстік-Шығыс Қазақстан, Қырғызстан, Шығыс Түркістан. Орталық аймағы – Жетісу. «Моғолстан» атауы «монғол» сөзінен шыққан. Өйткені түрік және парсы деректерінде монғолдарды осылай атаған. Халқы: дулаттар, қаңлылар, керейттер, арғындар, үйсіндер, барластар т.б. түрік және түріктенген монғол тайпалары. Олар мемлекет атауына сай моғолдар деп аталды. Осынау тайпалардың Жетісуды жайлайтын едәуір бөлігі кейін қазақ халқының құрамына енеді, ал оның Тянь-Шань өңірі мен Шығыс Түркістанды мекендейтін екінші бөлегі қырғыздар мен ұйғырлар құрамына кетеді. Осылардың ішінде  дулаттар ең қуатты тайпа болды. Билеушінің дәрежесі – хан. Моғолстанда мемлекеттің саяси басшысы және жер-судың жоғарғы иесі хан болған. Дулат тайпасы әмірлерінен ханның көмекшілері - ұлысбектер тағайындалды. Хандық кеңес мемлекеттің ішкі және сыртқы істері, әскери жорық және жайылымдық жерлерді бөлумен айналысты. Ақсүйектер жерді шартты түрде иеленудің икта, инджу, сойырғал сияқты түрлерін пайдаланған. Көшпелі аудандарда жер қауымның қарауында болған. Салықтың бірнеше түрі жиналды. Қала мен ауыл тұрғындарынан, егіншілер мен көшпелі халықтан алынатын салықтар, деректерде көрсетілгендей, қалан, күпшір, зекет, тағар, баж және қарадж деп аталған. Сондай-ақ халық әскери, кірешілік, еңбек, пошта т.б. әртүрлі міндеттерді атқарған. Иеліктерді қайта бөлуге бағытталған соғыстар мен өзара қырқыстар халық бұқарасының халін ауырлатты. Моғолстанның алғашқы ханы Тоғылық Темір өз билігін нығайту үшін ислам дінін тірек етті. Тоғылық Темір 1361 жылы Мәуереннахрды түгел басып алып, баласы Ілияс Қожаны билеуші етіп қойды. Кейін ол әкесінің орнына 1362-1385 жж. Моғолстанның билеушісі болды. Оның тұсында өзара қырқысу соғыстары басталып, Моғолстан бірнеше бөлікке бөлінді: Дулат әмірі Қамар ад-Дин – Жетісуды, Енке төре – Іле мен Тарбағатайды биледі. Осыны пайдаланған Әмір Темір ХІҮ ғасырдың 70-80-жылдары  Моғолстанға оншақты рет шапқыншылықтар жасайды. Қызыр Қожа хан (1385-1399 жж.) өзін Темірдің вассалы деп мойындайды. Қызыр Қожаның ұлы Мұхаммед хан тұсында (1408-1418) елдің жағдайы біраз нығайды. Оның кезінде Моғолстанның Темір тұқымынан тәуелсіз болуға қолы жетеді. Біраз уақыт өзара қырқыс пен талас-тартыс толастайды. Мемлекетті бір орталыққа бағындыру үшін Мұхаммед хан исламды енгізуге күш салады.  ХҮ ғ. 1-ші жартысында Моғолстанға ойраттар шапқыншылығы жиіледі. Уайс хан (1418-1428) ойраттарға батыл қарсылық көрсетті, олармен ұзақ соғыс жүргізді. Ол өз ордасын Тұрфаннан Ілебалық деген жерге көшіруге мәжбүр болады. Уайстың баласы Есен Бұға хан (1433-1462) ХҮ ғ. 30-жылдарының басында өкімет билігін иеленді. ХҮ ғ. 50-жылдарының аяғында Батыс Моғолстанға Жәнібек пен Керей бастаған тайпалар көшіп келді. Моғолстан ханы Есен Бұға оларға жер бөліп берді. Мұндағы Есен Бұғаның мақсаты: - қазақтарды ойраттарға және Темір әулетіне қарсы әскери күш ретінде пайдалану; - қарсыласы Әбілқайыр мен інісі Жүніске  қарсы қою. Жүніс хан тұсында (1462-1487) мемлекет жағдайы біраз нығаяды, бірақ ол 1472 жылы Жетісуға шабуыл жасаған ойраттардан жеңіліп қалады. Жүнісханның баласы сұлтан Махмұт хан (1487-1508) Жетісуда және Сырдария қалалары үшін қазақ хандарымен соғысады. Моғолстан билеушілерінің ең соңғысы Жүніс ханның немересі Сейітхан 1514 жылы Қашғарияны басып алып, Шығыс Түркістанда Моғолия атты жаңа мемлекет құрады. Жетісудағы қазақ рулары мен тайпалары 60 жж. бастап Қазақ хандығының құрамына енеді. Сөйтіп, ХҮІ ғ.басында феодалдық өзара қырқыстар, халық наразылығының жиілеуі және олардың Қазақ хандығына барып қосылуы салдарынан Моғолстан ыдырап, жеке мемлекет болып өмір сүруін тоқтатты. Моғолстан Қазақ хандығының құрылуына және қазақтың өз алдына жеке халық болып қалыптасу барысын аяқтауына территориялық тірек, саяси-экономикалық негіз болды.

Приложенные файлы

  • docx 15826227
    Размер файла: 52 kB Загрузок: 0

Добавить комментарий