Махамбет тіліндегі тарихи сөздер


Махамбет тіліндегі тарихи сөздер
«Махамбет өлеңі – қазақ сөзінің қайталанбас құдіреті. Әрбір буыны мен бунағы, тармағы мен шумағы мұншалық тап-таза қорғасыннан құйылған ап-ауыр асыл сөз қазақтан басқа жер бетіндегі ешбір елдің өлең-жырында жоқ. Оның өзге тілге оңай аударылмайтыны да сондықтан» (З.Қабдолов); «Махамбет шығармашылығы – тілі мен көркемдік стилі жағынан өзіне дейінгілерден де, өзімен тұстастарынан да, өзінен кейінгілерден де, тіпті тақырыптас, жанрлас ақын-жыраулардың өлең-толғауларынан да көрінеу оқшауланып тұрған дүние. Бұл оқшаулық тек тілдік-стильдік ерекшеліктерінде ғана емес, суреткерлік дағдыларынан, өзгелерде жоқ сонылығынан, белгілі бір поэтикалық мектепті барынша жаратып, екінші бір шығармашылық бағыттың көшбастары болғандығынан көрінеді…» (Р.Сыздықова), - деп жоғары бағаланған Махамбет Өтемісұлы өлеңдерінің көркемдік, тілдік ерекшеліктері, дәстүрлі жыраулық поэзиямен сабақтастығы т.б. біршама зерттеліп келді (Х.Досмұхамедұлы, Қ.Жұмалиев, Б.Аманшин, Қ.Өмірәлиев, Р.Сыздықова, Ә.Құрышжанов, Қ.Мұқаметқанов, Б.Шалабай т.б.). Бұл тұрғыда ақын мұрасын лингвистикалық жағынан зерттеген Қ.Өмірәлиев, Р.Сыздықова, Ғ.Әнес, Ш.Ниятованың еңбектерін айрықша атап өтуге болады.
Ғалым Қ.Өмірәлиев «XV-XIX ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі» атты еңбегінің бесінші тарауын Махамбет Өтемісұлының шығармашылығына арнайды. Ол ақын поэзиясының өзіне дейінгі дәуірдегі поэзия үлгілерімен байланысын, Махамбет тілінің лексикасын (ономастикалық, қару-жарақ атауларының, туыстық қатынас пен әкімшілік жүйеге қатысты ұғымдардың, өзге тілдерден енген кірме сөздердің қолданысы, сөздердің ұшырасу жиілігі), ақын өлеңдеріндегі сөздердің стильдік-мағыналық қолданысын, Махамбет поэзиясының синтаксистік жүйесін т.б. сипаттайды. Ал «Махамбет поэзиясының өзіне дейінгі дәуірдегі поэзия үлгілерімен байланысы», «Махамбет поэзиясындағы философиялық-психологиялық параллелизм» атты мақалаларында ақынның шығармашылығына халық ауыз әдебиеті мен жыраулар поэзиясының үлкен әсері болғанын нақты мысалдар арқылы көрсете келе, қажетті жерінде бұрынғы жыраулар сөзін қайталап отырғанын дәстүрлі жалғастық, мұралану ретінде тану қажеттілігіне назар аудартып, Махамбеттің бірқатар өлеңі өзіне дейінгі философиялық және философиялық-психологиялық әдіспен жасалғанымен, өзінің лексикасы жағынан да, ұйқастық түрі жағынан да қазақ поэзиясында жаңа сападағы көркем дүниелер ретінде танылады.
Профессор Р.Сыздықова «Қазақ әдеби тілінің тарихы» атты еңбегінің бесінші тарауында Махамбет өлеңдерінің тіліне тоқталып, ақын тіліндегі көне сөздер, әдеби-көркемдеу тәсілдері, Махамбеттің өзіндік тың образдары жөнінде сөз қозғаса, «Махамбет өлеңдерін оқығанда», «Махамбеттің әр сөзін түсініп оқысақ», «Хатқа түскен сөз тағдыры» атты мақалалары мен «Сөздер сөйлейді», «Көркем тексті лингвистикалық талдау» сияқты еңбектерінде суреткер шығармаларында молынан кездесетін мағынасы күңгірт тартқан сөздердің әуелгі мағыналарын ашып, түп-төркінін жан-жақты талдайды.
Ғалым Ғ.Әнес «Махамбет Өтемісұлы өлеңдерінің лингвотекстологиясы» атты кандидаттық диссертациясында жұмыстың негізгі мақсатына орай «автор – мәтін – қабылдаушы» тізбесі бойынша Махамбет өлеңдеріне тілдік тұрғыдан ғылыми сипаттама береді. Ол әр жылдағы басылымдарды бір-бірімен салыстыра келе, канондық мәтіннен ауытқулардың пайда болу себебін, мәтінтанудағы автордың рөлі мен қызметін, Махамбет өлеңдеріне тән ерекше мәтінтүзуші белгілерді айқындау деген сияқты мәселелер төңірегінде зерттеу жүргізеді.
Зерттеуші Ш.Ниятова «Махамбеттің тілдік тұлғасы» атты кандидаттық диссертациясында Махамбеттің тілдік тұлғасын лингвокогнитивтік және прагматикалық тұрғыдан сипаттай келе, оның өзіндік ерекшеліктерін, шығармалары арқылы түзілген көркемдік әлемін ғаламның тілдік бейнесімен байланыстыра айшықтайды. Ол ақын өлеңдеріндегі этномәдени мазмұны күшті, концептуалдық әлеуеті аса жоғары тілдік бірліктерді тезаурус тәсілімен талдап, ондағы өзек қызметін атқаратын концептілердің этноэйдемдік сипатын айқындайды.
Бұл зерттеу жұмысында қажетіне қарай жоғарыда көрсетілген ғалымдар еңбектерінің тілдік деректерін және алдыңғы буын ғалымдар тарапынан ұсынылған бірқатар теориялық тұжырымдарды, нақты айтқанда, тілдік тәсіл-тұлғаларды, жеке тілдік элементтерді жалаң алып қарамай, «жалпы көркем контекспен, басқа да әр алуан бейнелеу құралдарымен» (Е.Жанпейісов) байланыстыру, «өлең тіліндегі жеке сөздің поэтикалық қызметімен қатар, оның информативтік қызметтерін, яғни өлеңнің мазмұны мен оның тілдік көрінісі арасындағы сәйкестікті анықтау», «шығарманың мазмұнымен, идеясымен» байланыста қарастыру (Р.Сыздықова), «бейнеленетін болмысқа автор қатынасының сипатын ескеру», «ғылыми дамудың жаңа бағыт-бағдарларына сүйену» (Б.Шалабай) деген сияқты басқа да құнды пікірлерді басшылыққа ала отырып, Махамбет ақынның көркем шығарма тілі лингвостилистика, лингвопоэтика, психолингвистика, тіл мен таным, тіл мен ұлттық мәдениет сабақтастығы, тіл мен тарихи орта сабақтастығы тұрғысынан қарастырылмақ.
Махамбет поэзиясы – аса күрделі дүние. Ақынның өткен заман шындығын, белгілі бір ортаның мәдени, саяси, әлеуметтік сипатын, ұлттық болмысын, ділін, танымын әр алуан көркем образдар арқылы таныта білген экспрессивті поэзиясы біраз зерттелгенімен, ақын тілінің өзіндік табиғаты, терең ұлттық-мәдени, тарихи мәні толық танылып, мән-мағынасы ашылып болған жоқ. Сондықтан да ұлттық мүддеге негізделген Махамбет шығармаларының поэтикалық өрісін қазақ тіл білімінің жаңа бағыттарымен ұштастырып (лингвостилистика, лингвопоэтика, психолингвистика, лингвомәдениеттану, когнитивтік лингвистика, этнолингвистика тұрғысынан), арнайы қарастыру – өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Екіншіден, белгілі бір уақытқа сай келетін тарихи шындықты, халық өміріне, ұлттық санасына елеулі әсер еткен оқиғаларды, қазақтың ұлттық болмысын, дүниетанымын, өршіл рухын, дүниенің ағы мен қарасын (өмір – өлім, қуаныш – қайғы, сенімділік – опасыздық, әділдік – әділетсіздік, дос – жау т.б.) танытуымен, адам жанын жандандырып, «ұлттық идея», «намыс», «ерлік», «ақиқат», «өршіл рух», «елім, жерім» деген ұғымдарды айшықтай түсуімен ерекшеленетін және солардың бәрін көркем бейне, астарлы ой, үстеме мағына негізінде таныта білген Махамбет ақынның шығармашылық тілін зерттеу – көркемдік шеберлігімен, ұлттық дүниетаным тереңдігімен, бейнелі де экспрессивті тілімен айырықша келетін көркем мәтін тілін зерттеу деген сөз.
Үшіншіден, тақырыптың зәрулігі Махамбет Өтемісұлы өлеңдерінің тілі, оның ішінде коннотаттық компонент мағынасына тең келетін сөздердің қолданылуы арнайы қарастырылып, көлемді түрде зерттеу обСөздердің көнеріп, тілден шығып қалуы қоғам өмірінде болатын тарихи өзгерістерге байланысты екендігі бізге белгілі. Сондықтан да көнерген сөздерді морфологиялық жасалуы жағынан талдау да қажет деп ойлаймыз. Өйткені Махамбет өлеңдеріндегі кейбір көнерген сөздер синтетикалық тәсілмен (құрсану, маңғыстау, жемсеген) жасалса, кейбір мағынасы көмескі сөздер (ала топалаң, алай-түлей, алас-қапас) аналитикалық тәсілмен жасалғандығы көрініп тұр. Мысалы, аламан сөзінің төркінін біраз зерттеушілер түркінің ал (алд, алмақ) етістігінен шығарады: ал + а + ман. Бұл сөздің этимологиясы туралы арнайы пікір айтқан зерттеуші А.Махмутов [1] .
Ал – ала тұлғалары чуваш тілінде «қос» дегенді білдіреді, ал қол сөзінің әскер мағынасы қоса бар, сондықтан аламан сөзі ал – ала (қол, әскер) + ман (адам) деген екі түбірден құралған күрделі сөз (біріккен сөз) деп топшылайды [2].
Махамбетте кездесетін алқалы, алқалау сөздерін морфологиялық талдасақ, оның әр түрлі формада қолданылғанын байқаймыз. Мысалы:
Алқалаған жер болса,
Азамат басы құралса.
Алқалай келген кеңесте
Дем құрыған күн болған
Алқалы кеңес құрған күн, -
деген жолдарда бұл сөздер алқалаған, алқалай формаларында кездеседі. Алқалау сөзінің түбірі – алқа. Алқаның қазіргі мағынасы 1) жиын (топ, коллегия). Алқа сөзі – арабтың хәлқа сөзінен шыққан, мағынасы дөңгелек, одан бары «дөңгелене отырған адамдар тобы» деген ауыспалы мағынада қолданылған болса керек. Осы алқа сөзіне етістік жасайтын –ла жұрнағы қосылып алқала – «дөңгелен» және тұйық етістіктің –у жұрнағы қосылып алқалау – «дөңгелене отыру» сөзі жасалған. Дәл осы жолмен алқа сөзіне –ла жұрнағымен –ған бұрынғы өткен шақ есімше жұрнағы жалғанып алқалаған сөзі жасалған. Алқалай сөзі де көсемшенің –й формасы арқылы жасалған сияқты. Ал алқа сөзіне сын есім жұрнағы –лы жалғанып, «дөңгелек» мағынасындағы жаңа сөз дүниеге келген. Ендеше, алқалы, алқалау, алқалаған сөздері – қазақ тілі сөзжасамының синтетикалық тәсілі арқылы жасалған көнерген сөздер.
Махамбеттің атақты «Баймағамбет сұлтанға айтқаны» деген өлеңде кездесетін:
Еділді көріп емсеген,
Жайықты көріп жемсеген,
Таудағы тарлан шұбар біз едік, - деген жолдардағы емсеген, жемсеген сөздерін морфологиялық тұрғыдан талдасақ, емсеген сөзінің түбірі емсе – аңса, сағын мағынасындағы етістік. Емсе сөзі – еңсе түрінде қолданыла беретінін:
Адыра қалған көк Жайық,
Садағын сала байланып,
Астана жұртын айланып,
Ерлерім еңсеп келген жер, - деген ақын өлеңінен байқаймыз. Қазақ тілінде аңсау нұсқасында айтылатын бұл сөз қырғыз тіліндегі эңсеу – сағыну, аңсау түрінде кездеседі. Бұл жерде еңсе етістігіне –ген және –п жұрнақтары жалғанып тұр.
Келесі жолдағы жемсеген сөзінің төркіні – жемсеу сөзі. Жем сөзіне –се жұрнағы жалғанып жасалған. Көне –са, -се жұрнағы бір нәрсені қалау, тілеу мағынасын беретіндігі Махмұт Қашқари сөздігінде көрсетілген. Ол сөздікте («Диуани лұғат ат-түрік») «сатқысы келеді» дегенді «сатсады», «су ішкісі келеді» дегенді «сусады» деп көрсеткен. Ендеше «жемсеу» сөзі «жем жегісі келу» деген мағынадағы сөз. Бұл жерде жемсеген формасында есімшенің –ген жұрнағы жалғану арқылы жасалып тұр.
Махамбеттің әйгілі «Ереуіл атқа ер салмай» өлеңіндегі «Ереуіл» сөзі түркі сөздерінің түп-төркінін кең көлемде зерттеп жүрген ғалымдардың пікірінше, «батыр, батыл, ер жүрек» мағынасындағы ер сөзіне –еуіл жұрнағы жалғану арқылы жасалған. Ереуіл сөзіне –лі деген тағы бір жұрнақ қосылып, ереуіллі сөзі пайда болған, кейін бұл сөздегі –ілл деген дыбыстар шоғыры ықшамдалып, бұл сөз бір ғана –л дыбысы арқылы ереулі деп айтылатын болған.
Кейбір ғалымдар пікірінше бұл сөз ереуіл түрінде емес, ерулі түрінде қолданылуы керек. Себебі, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, батырдың атына қосымша ертіп жүретін екінші ат, яғни ерулі ат болуы дұрыс қолданыс дейді олар. Ал бұл сөз ер етістігіне –у тұйық етіс жұрнағы және сын есім жасайтын –лі жұрнағының тіркесуі арқылы жасалады. Морфологиялық тәсілмен жасалған сөздердің біріне Махамбеттің:
Маң-маң басқан сары атан
Маңғыстап шығар өріске, - деп басталатын өлеңіндегі маңғыстап сөзінің құрылысы жатады. Маңғыстап сөзінің түп-төркіні мен мағынасы туралы бізден бұрын қазақ сөздері тарихын үңіле зерттеген ғалымдар Е.Жанпейісов, Қ.Өмірәлиев, Р.Сыздықова айтқан болатын. Соны қайталай еске түсіріп, өз тарапымыздан мысалдар қосып, осы сөзді және бір түсіндіріп өтпекпіз. Бұрын да дұрыс көрсетілгендей, бұл сөздің түбірі – маң сөзі. Көне түркі тілдерінде ман /маң сөзі «шаг», «хождение» деген есім ретінде де, «жүру, аяғын басу» деген мағынадағы етістік ретінде де жұмсалғаны белгілі болып отыр. Осы түбірден «маңым» - адым, маңығ – жүріс сөздері де жасалып жұмсалған. Көне түркі тілінде маң/ман деген етістіктің маңла деген түрі де болған. Тіпті қазақ тіліндегі маң-маң басу (маң-маң басқан, маң басқан, шудаларын шаң басқан) тіркесінде келетін маң-маң тұлғасы да көне заманда қолданылған: маң маң деген сөзді қазақ тілінде тұлғаласақ, маң маңу болып шығады, яғни адым адымдау немесе адымдап жүру мағынасында жұмсалады. Қазақ тілінде адым ұғымындағы маң есім сөзі де, онымен түбірлес маңу, маңлау деген етістіктер де қолданылмай, бұл сөзден тек маң-маң басу және маңғыстау деген тұлғалар сақталған, маң-маң сөзі басу, жүру сияқты қосалқы етістіктерсіз қолданылмайды, себебі маң сөзінің мағынасы күңгірттенген, сол сияқты маң түбіріне етістік тудыратын –ғы жұрнағы жалғанып, маңғы етістігі (қаңғы, саңғы сияқты) жасалған, оған –е жұрнағы жалғанып, қайтадан есім туған, ал маңғыс есіміне –та жұрнағы жалғанып, екінші рет етістік пайда болған. Сөйтіп, маңғыста (маңғыстау, маңғыстамақ) деген морфологиялық «қырық шекпен» киген сөз ғана сақталған. Маңғыстау етістігінің мағынасы – көне түркі тіліндегі маң етістігіндей «адымдап жүру», мүмкін, бұған «ілгері басу, өрістеу» реңктері қосылған болу керек. Қазақ тіліндегі маң-маң басу етістігі – ақырын, байсалды түрде адымдау, мысалы аяғын байсалды, баппен басатын түйеге айтылады. Мысалы: Маң-маң басқан сары атан өріске маңғыстап шығады. Егер бұл етістік адамға айтылса да, әңгіме жай адымдау туралы емес, аяғын ақырын, байсалды түрде маңғаздана басатын адамдар туралы айтылмақ.
Махамбет ақынның атақты «Мінкен ер» өлеңінде өз сарбаздары туралы «Бұл сықылды неткен ер?» деген сұрақ қояды да оған:
Көлденең жатқан Жайықтан
Құралайдың күнінде
Еркек қойдай бөлініп,
Қырқарланып өткен ер, - деп жауап беретін жері бар. Мұндағы қырқарланып сөзі тізбек мағынасындағы қырқар көне сөзіне –лан етістік жасайтын жұрнақ және –ып көсемше формасы жалғану арқылы жасалған сөз. Дәл осындай тәсілмен, кедірлену, қиқарлану сияқты сөздер жасалады. Қырқарлану морфологиялық тұлғасы «тізбектелу, бірінің артынан бірі жүру» мағынасында қолданылып тұр. Махамбеттегі:
Таңдап мінген тұлпарлар,
Иесін қайда жаяу салмаған, - деген өлең жолдарында кездесетін салу етістігі – «қалдыру, тастап кету» мағынасында жұмсалатын етістік. Бұл біз қазіргі күні қолданып жүрген «салу, қою, бір нәрсені орналастыру» мағынасындағы сөз емес. Бұл сөз, яғни салу етістігі «құлын тастау» мағынасындағы құлын салу деген тұрақты тіркесте «тастау» мәнінде жұмсалып тұр. Қырғыз тілінде «бала салу, қозы салу» (бала тастау, қозы тастау мағынасында) деген сөз тіркестері бар. Қазақша дүние салды (дүниен тастады, қалдырды), көз салу (көз тастады, қарады), сөз салу (сөз тастау, сөз айту) мағынасындағы тұрақты тіркестер де осы мағынада қолданылады.ъектісі болмағанынан туындайды.
Махамбеттің: «Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен, // Атқан оғы Еділ, Жайық тең өткен, // Атқанын қардай боратқан, // Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан // Арыстан еді-ау Исатай!», - деп келетін өлең жолдарындағы көк шыбық тіркесіне назар аударайық. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» шыбық сөзі: «1. Ағаштың бұтағы, жапырағы жоқ, ұзын да жіңішке, солқылдақ жас өркені. 2. Бір нәрсені жүргізу, ұру, жазалау үшін, қамшы орнына қолданылатын жіңішке ағаш. 3. Жаңа өсіп келе жатқан жас өркен; көшет. 4. Ауыс. Таяқ, соққы» - деп көрсетілген. Алайда, шыбық сөзінің бұл семантикалық мағыналары ақын тіліндегі көк шыбық тіркесінің семантикалық сипатын ашып бере алмайтын сияқты. Аталмыш сөзқолданыстың мағынасын дәл айтып беру қиындау. Дегенмен, мынадай үш болжам жасауға болады: 1. Көк шыбық – бұл қылыш (семсер). Осы орайда біз ғалым Қ.Мұқаметхановтың зерттеуіндегі мынадай деректерге сүйенеміз. Зерттеуші «Әділ сұлтан» жырынан: «Орақтың ұлы Қарасай, // Шалқасқаны мінеді енді, // Көк шыбығын байланып, // Ғаскерінің Қарасай // Басы болып жүрді енді», - деген үзінді келтіре отыра, «Осы өлеңнің мазмұнына қарағанда, «көк шыбық» – «қылыш» деген сөз болып шығады. Олай деуімізге тағы бір толығырақ дәлелді татар әдебиетінен табамыз. «Чура батыр хикаяте» атты дастанда Шағали ханның қызы Сарқани батырларға әр кімнің өз дәрежесіне қарай сыйлық үлестіргені баяндалады. Шора батырға бір алтын қобди береді. Бұл сыйлыққа батырдың көңілі толмай, өкпелеп, қобдиды ашып та қарамай тастай салады. Бірнеше күн соғысқа шықпай жатып алады. Шағали хан қызы Сарқаниды батырға жіберіп, соғысқа неге шықпай жатқан себебін сұратады.
«Сарқани барып сұрағанда, Шора батыр айтты:
Мен саған өкпелеп жатырмын, сен маған құр қобди бердің, ал басқа батырларға сауыт бердің, - деді.
Сонда қыз айтты:
- Қане, сол қобдиды ашып қарашы, - деді. Шора батыр қобдиды ашып қараса, ішінде «Көк шыбық» («Кук чыбык») деген қылыш бар екен. Шора батыр мұны көріп, қызға риза болып, әскерімен аттанып, көп жауды қырып салды» дейді. Сөйтіп, батырға әдейі арнап соқтырған әйгілі қиғыр қылыш – «Көк шыбық» деп аталып, ерлік жырларында ежелден қолданылатын бейнелі сөз екен», - деп түйіндейді. Сонымен, зерттеуші Қ.Мұқаметханов келтірген тілдік деректер негізінде көк шыбық мықты (көк) қылыш ретінде айшықталатынын көреміз. Дәлірек айтқанда, «көк шыбық» деп өткір, темірден жасалған (көк) семсер (шпага) аталса керек: «Шпага – семсер. Скрестить шпаги – біреумен семсерлесу» [6,1126]. Бұған, біріншіден, визуалды-бейнелі ассоциация негіз болса, екіншіден, түркі халықтарының тіліндегі кесіп, шауып, тіліп жіберетін қару-жарақ атауларының (меч, сабля, шпага) «семсер» және «қылыш» тұлғаларында келіп, бір ұғымды танытатындығы дәлел бола алады. 2. Көк шыбық деп садақ та аталуы мүмкін. Ол мынадай өлең жолдарынан танылады: «Орақтың ұлы Қарасай // Шалқасқаны ту астында жықтырып, // Көк шыбықты орта белден бүктіріп, // Көк сырлы оғын төктіріп, // Баданадай сауытын // Тері тондай жырттырып…» (Әділ сұлтан), сондай-ақ, «Жас шыбықтан жай тарттың, // Жалғыз шиден оқ аттың…» (Ер Тарғын). Көк шыбық – заттың тура атауы емес, яғни денотат емес. Ол «садақ» мағынасына қосымша, ономасиологиялық уәжі бар, тарихи сипаттағы коннотат. Яғни, ол қарудың жасалған материалы атауға уәж болған. Екіншіден, көк шыбық сөз тіркесінің коннотаттық сипатын анықтайтын микрокомпонент – «көкке» қатысты. Бұл арада «көк» сын есімі «жасыл» деген түс атауымен және содан туындайтын «жас» деген ауыспалы мағынамен синонимдес. Себебі садақтың серпімділігі мен қүштілігімен сипатталатын, әлі ағаш бұтағы боп бекімеген шыбықтан жасалғаны мәлім. Қараңыз: «... садақты тобылғы, үйеңкі т.б. ағаш шыбықтарынан доғаша иіп, екі ұшын қайыспен керіп жасайды» [7,VII]. 3. Біздің ойымызша, Махамбет тіліндегі көк шыбық – бұл жебе (садақтың оғы). Бұған дәйек ретінде жоғарыда көрсетілген Махамбет шумағын қайта келтіріп, салыстыра талдап, мазмұнына үңіліп көрелік: «Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен, // Атқан оғы Еділ, Жайық тең өткен, // Атқанын қардай боратқан, // Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан // Арыстан еді-ау Исатай!». Байқап отырғанымыздай, шумақтың мазмұнына сәйкес атқан оғы, атқаны деген сөздермен мағыналық байланыс бұл арада «көк шыбық» сөзінің мағынасы – «жебе» (садақтың оғы) деп болжауға негіз береді. Екіншіден, «көк» микрокомпонентінің коннотаттық құрылымының түзілуіне «көк» түстің мифтік танымға сәйкес «ерекше тылсымдық күш» деген мағынаның да әсері болуы мүмкін. Үшіншіден, көк шыбық тіркесінің «жебе» деген мағынасы «қандыауыз» сөзіне байланысты айшықтала түседі. Қандыауыз сөзінің бірнеше мағынасы бар. Соның бірі – қару-жараққа қатысты. Мысалы, «Тасада мерген кезенген // Қанды ауызға жолығар» (Ауыз әдебиеті); «Қатынасы биік көлдерден // Қатар түзеп қу ұшар. // Алғасап тез оқ ата көрмеңіз, // Қандыауыздан сыйлы жебе сайламай» (Шалкиіз); «Аударылмас қара кемедей, // Қандыауызға сырлап салған жебедей» (Ер Шобан). Келтірілген өлең жолдарының мазмұнына қарағанда, қандыауыз – бұл «садақ». Осыған орай Махамбеттің: «Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан», - деп келген өлең жолындағы «қандыауыз» сөзі – «садақ» деген мағынаны танытса, «көк шыбық» тіркесі – «жебе» мағынасында жұмсалуы мүмкін. Қалай болғанда да көк шыбық – бұл бейнелі сөзқолданыстардың бірі екені анық. Оның аталмыш контекстердегі көрініс табуы коннотаттық компонент мағынасына тең келеді.
Ақынның адам мінезіне, сыртқы келбетіне, іс-әрекетіне, түрлі қасиетіне байланысты қолданылған аң атауларының семантикалық бірліктері үстеме образдылық, бағалауыштық, эмоционалдық, экспрессивтік мағына үстейді. Мысалы, Махамбеттің: «Керіскідей шандозым! // Құландай ащы дауыстым!» - деп келетін өлең жолынан «керіскі» сөзін кездестіреміз. 1962 жылы шыққан Махамбеттің өлеңдер жинағында: «Керіскендей шандозым – керіскендей – негізі – керу. Тартысуға, керісуге байланысты «төзімділік» ұғымында. Шандозым – кербездің синонимі», - деген түсінік берілген. Бұл арада Махамбет өлеңіндегі «керіскендей» сөзінің текстологиялық анықтамасына негіз болған – кер, керіс етістіктерінің қазіргі тіліміздегі мағынасы. Немесе, 2004 жылы жарық көрген Махамбет энциклопедиясында: «Керіскі – 1.Жұқа етіп басылған сырмақ, қалпақ сияқты сәнді киім, бұйым тігуге арналған ақ киіз. 2.Керіскідей – көз тартатын үлкен», - деп көрсетілген [14,515].
Бірақ бұл жерде, біздің ойымызша, «керіскідей шандозым» дегенді басқа мағыналық негізде түсіндіру қажет. Оны бұл сөздің мағынасына қатысты тарихи-салыстырмалы зерттеу барысы байқатады. Бұл сөзді біз Н.И.Ильминский нұсқасындағы (1860 ж.) «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырынан да кездестіреміз: «Әлекем Қозыкені керіп атты, // Қозыке керіскедей болып жатты». Немесе, М.Сералиннің қазақ тіліне аударған «Рүстем-Зораб» дастанында: «Керіскедей керіліп, // Жатыр жерде созылып», - деп келетін жолдар бар. Керіскі - мүйіз тұмсықты жануар, яғни носорог деп Л.З.Будаговтың сөздігінде көрсетілген: «уйг. «керсъ» - носорогъ». Демек, Махамбет Исатайды керіскідей деп тұрғаны – оның бейне-бітімін, сыртқы тұлғасын теңеу негізінде батырдың соқталығын, айбатын, айбындылығы мен күшін образды түрде бергені.
Махамбет өз тыңдармандарына әсерлі, түсінікті болу үшін, суреттеп отырған бейнені немесе оқиғаны оқушыларының көз алдына елестету үшін өлеңдерінің мазмұнын, өзінің айтпақ ойын әр алуан эпитет, метафоралық теңеулер, поэтикалық контраст негізінде шебер өрбітеді. Мысалы, мақсаттары орындалмай, жолдастары оққа ұшырап, Исатай жау қолынан қаза болған күн Махамбет өлеңінде: «Аса шапқан құлаша ат // Зымырандай болған күн. // Арқауылдың бойынан // Теріскей дауыл соққан күн», - деген сияқты образды тіркестер негізінде көрініс табады. Осы өлең үзіндісінен атты зымыран құсына теңеу үлгісін кездестіреміз.
Зымыран – суға сүңгігіш құстардың бірі. Ұлттық танымы мен көркем әлемі бір тұтасқан ақын Е.Раушановтың көрсетуі бойынша, оның әлемде 87 түрі кездеседі және әр елде ол әртүрліше аталады. Мысалы, балқар, қарашай тілінде «балыкчы чымчык» делінсе, башқұрттарда ол «балықсы торғай» деген атпен белгілі. Сонау ескі замандардан бері қарай сан елдің әдебиетінде әдеміліктің символы ретінде жырланып келе жатқан бұл құс шығыс ақындары шығармаларында ағаш бұтағына періште іліп қойған лағыл-гауһарға теңелсе, көне Қытайда оның көгілдір қауырсындарын император сарайының ханшалары бас киімдеріне қадаған. Ал орта ғасырлық Еуропада үйді «бәле-жәле, қауіп-қатерден, тіл-көзден сақтау үшін» зымыранды үйдің маңдайшасына тұмсығынан іліп қоятын болған [15].
Сондай-ақ халық танымында зымыран ерекше шапшаңдылығымен де белгілі. Оның шалт қимылы, суға оқтай зулап, судың үстінгі қабатында жүзіп келе жатқан балықты қас қағым уақытта іле жөнелуі осы құстың зымыран деп аталуына да негіз болса керек: зымыран – зымырау.
Махамбет тілінде де аталмыш құстың аса шапшаңдылығы, зымырауы басшылыққа алынғаны аңғарылады. Жоғарыда көрсетілген өлең жолындағы «Аса шапқан құлаша ат» деген жағымды образ негізінде ақын Исатай бейнесін сомдай келе, оның тез, зымырап өткен қысқа өмірін зымыран құсы арқылы танытып, қаза болғанын меңзеп тұрғандай.Қазіргі тілде зымыран – ракетаның қазақша баламасы. Сонда зымыран (құс) және зымыран (ракета) коннотацияларының уәжі бір. Ол – «жылдамдық» семасы.
Заманының ұлы тұлғасы, азаттық аңсаған қазақ аспанында алмас қылыштай жарқылдап өткен дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлы өлеңдеріндегі кейбір сөздерді ғана морфологиялық тұрғыдан сипаттадық. Ал басқа сөздерге толық морфологиялық талдау жасау – болашақтың ісі.
Пайдаланылған әдебиеттер;
1. Махмұтов А. Қазақ тіліндегі көнерген сөздердің басқа лексикалық топтармен қарым-қатынасы. – Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясының мәселелері. – Алматы, 1963.
2. Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі. –Алматы, 1966
3. Махмұтов А. Қазақ тіліндегі көнерген сөздердің түрлері. –Алматы, 1960.
4. .Махамбет өлеңдеріндегі тарихи лексиканың танымдық қызметі // «Махамбет поэзиясындағы ерлік пен елдік рухы және қазіргі дәуір» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның материалдары. ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы. № 6 (68). – Алматы, 2003 – 70-71бб.
5. Р.Сыздық және махамбеттану // Академик Р.Ғ.Сыздықтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Қазақтың ұлттық әдеби тілі: бүгіні мен болашағы» атты ғылыми-теориялық конференция материалдары. ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы. № 5 (77). – Алматы, 2004 – 197-198 бб.

Приложенные файлы

  • docx 15818042
    Размер файла: 31 kB Загрузок: 0

Добавить комментарий