1178_o_1171_amny_1187__1179_ayshyly_1179_ty_dam..

М.Әуезов
Қоғамның қайшылықты даму жолында өздерінің күрделі қырларымен өшпес із қалдырған тұлғалар бар. Қазақ халқының дүние жүзіне аты мәшһүр ұлы ойшыл-жазушысы, ғалым-ұстазы, мәдениет пен қоғам қайраткері, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, дүние жүзі әдебиетінің классигі,жаңа заманғы кәсіпқой қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі – Мұхтар Әуезовтың азаматтық, адамгершілік және шығармашылық тағдыры үстіміздегі ғасырда қазақ елінде қандай күрделі өзгерістер болғанын түсінуімізге көмектеседі. Оның өмір жолына зер салғандабіз жалпы өткен кезге көз жүгіртіп, бұрын байқалмаған қажетті жәйттерді тереңірек көруге мүмкіндік аламыз. Мұндай тағдыр халықтың зердесіне нұр құйып, әділеттілік сезімін, ұлттың өзіндік санасын ұштайды. Ғасырдан ғасырға, заманнан заманға ұласып келе жатқан «Абай жолы» романы – қазақтың мәдениеті мен дәстүрін ашық айқын көрсететін әдеби мұраларымыздың бірі. М. Әуезов мағынасы терең шығармаларымен өшпес із қалдырды, оның өміршең туындылары ұрпақтан ұрпаққа ұмытылмай жетіп, өнегелі сөзбен үн қатқандай. Жазушының қазақ әдебиетіне жаңа сарын, жаңа мазмұн әкелген шоқтығы биік туындысының бірі – «Абай жолы» роман-эпопеясы. Осы дүлдүл қаламгердің тұңғиығының бізге есігін ашқанына, міне, 150 жыл толып отыр. М. Әуезов – қазақ өнерінің кемелденуіне, әлемдік мәдениетке қымбат қазына қосқан, әлемдік құбылысқа, қазақ әдебиетінің шыңына айналған, қазақ халқының ғасыр перзенті. «Мұхтар Әуезов – сарқылмайтын, бітпейтін, жасарып, жаңғыратын,өмірдің өзіндей, жапырағы мәңгі жап-жасыл, жалғаса беретін құбылыс,» - деп Рымғали Нұрғалиев айтқан. Сондықтан да, уақыт өткен сайын қаламгердің ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түсейік. Халқымыз таланты, болмысы бөлек дарындыларға қашан да кенде емес. Әр заманда да ел көшін алға сүйреген әр тұлғалы азаматтар болған. Сондай ерен тұлғаның бірі – есімін ерекше ілтипатпен айтуға болатын белгілі жазушы – М.Әуезов. Бір сөзбен айтқанда, оның шығармашылық қызметінің барлық қырлары туралы егжей-тегжейлі айту қиын. М. Әуезов – қайта жаңару мен өрлеу ауқымындағы тұлға. Мұндай алып тұлғалар қоғамның рухани өмірінің көптеген салаларында жарқырап жарық жұлдыз кейпінде көрінеді. М. Әуезовтың қазақтың дүниетанымы мен рухани дүниесін дамытудағы орны ерекше. Жазушының шығармашылығы – қазақ өнерінің кемелденуінің айғағы. Әлемдік мәдениетке қазақ халқы қандай көркемдік игіліктер қосты дегенде, ауызға алынар есімнің бірі – Әуезов. Ол – әлемдік құбылыс. Әуезов – ғасырлар бойы жиналып келген қазақ топырағындағы асыл құнарлардың жарқырап қайта көрінуінің үлгісі.
Дереккөзі: http://www.zharar.com/kz/shygarma/2125-mukhtar_auezov.html© www.ZHARAR.comШ.Уәлиханов
"Сүйер ұлың болса, Сен де сүй. Сүйінерге жарар ол" (Абай) Талантты ғалым, публицист, әдебиет зерттеушісі, саяхатшы-географ Шоқан (шын аты Мұхаммедханафия) Шыңғысұлы Уәлиханов XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда туған демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі. Оның қысқа да жарқын өмірі, жан-жақты зерттеушілік қызметі, философия, этнография, тарих, экономика, құқық, география, ауыз әдебиеті, әдебиет теориясы, т.б. жайындағы ғылыми зерттеулері, пікірлері қай кезде болмасын өзінің құндылығымен жарқырай берері сөзсіз. Қазақ халқының рухани ізденістерінің жарқын көрінісі бола отырып, қоғамдық ойсана, пікір-тұжырымдардың биіктей өркендеуіне ерекше ықпал етті. Шоқан 1835 жылдың қараша айында қазіргі Қостанай облысының Құсмұрын бекетінде атақты аға сұлтан Шыңғыс Уәлиханов отбасында дүниеге келген. Арғы атасы Абылай жоңғарларға қарсы соғыста асқан ерлік көрсеткен, ел бірлігі мен тыныштығы үшін күрескен, ақылды қолбасшы, іскер дипломат, амал-айласы мол Орта жүз ханы болған. Шоқанның балалық шағы Сырымбет тауының баурайында, туған елі Көкшетауда өткен. Шоқан әжесі Айғанымның тәрбиесінде болған. 1847 жылы 12 жасар Шоқанды әкесі сол кездегі ең таңдаулы оқу орны болып есептелген Сібір кадеті корпусына оқуға орналастырады. Шоқанның бүкіл келешегі мен ғылым, өнер жолындағы талантын ашуда бұл оқу орнының маңызы ерекше болды. Мұнда жабық әскери оқу орны болғанымен, көптеген пәндер әскери сабақтарға қоса орыс, батыс әдебиеті, географиясы мен тарихы, философия, физика, математика негіздері, шетел тілдері оқытылып, орыстың озық ойлы интеллигенттерінің өкілдері сабақ берген. Оқытушылар құрамында білімді және прогресшіл ой-пікірлі адамдар көп болған. Кадет корпусында Шоқан өзінің зеректігімен ерекшеленген. Тілді тез меңгеріп, өзі қатарлас оқушылардан озық оқыған. "Корпуста ой-өрісі, білімі жағынан Шоқан тез өсті, орыс жолдастарын басып озып отырды. Оған талайлар-ақ, назар аударды. Ол сондай қабілетті еді, өзінен екі жас үлкендердің класындағыларды да білім, идея жағынан басып озды" – деп жазды бірге оқыған досы, этнограф-ғалым Т.Н.Потанин. Сібір кадеті корпусында оқудың соңғы жылдарында-ақ, Шоқан саналы, терең ойлы, жан-жақты білімді, өзіндік қөзқарасы қалыптасқан, туған халқының қажет-мұқтаждарын пайымдап, түсіне алатын, оған барынша пайдалы қызмет етуге әзір екендігін танытты. Ол Косоплецкий, Тонеевский сияқты (орыс әдебиеті мен тілі, тарих пәні) оқытушыларының игі ықпалымен өзінің жоғары қабілеті мен дарындылығының арқасында орыс және дүние жүзі әдебиетінің озық үлгілерін оқып танысып, ғылыми пайымдау, тұжырымдар жасай білді. Оның зерттеушілік қабілеті де осы корпуста оқып жүргенде біртіндеп қалыптасып, дами түсті. Ол, әсіресе, жазғы демалыс кездерінде ел ішіндегі халық жырлары мен дастандарын жазып алып, аңыз-әңгімелерді жинауға қызықты. Мысалы, "Қозы Көрпеш-Баян сұлу жыры Шоқанның алғашқы жазған шығармаларының бірі болды. Шоқан жинаған қазақтың ауыз әдебиеті үлгілері нұсқаларын, "Қозы Көрпеш-Баян сұлу" жырын көрнекті шығыс зерттеушісі, Петербург университетінің профессоры И.И.Березин бұл зерттеулерге назар аударып, жазып алған. Шоқанның зерттеушілік қабілетін байқаған ғалым оны өз тарапынан ескі жазу ескерткіштерін зерттеу ісіне тартқан. Шоқанның "Профессор И.Н.Березинге хат", "Профессор И.И.Березиннің "хан жорықтары" кітабына рецензия" т.б. алғашқы ғылыми жұмыстарының өзінен-ақ, оның болашағы зор ғалым, зерттеуші болатындығы аңғарылатын. Шоқанның біліміне мұғалімдері мен құрбылары ерекше қызыққан, сол кездің алдыңғы қатарлы ой-пікірлерімен таныстығын жолдастарының көбі үлгі тұтып, мойындаған. Шоқан олардың Еуропа мәдениетіне бет бұруына себепші болған. "Бізден жасы кіші болса да, өзімізбен салыстырғанда, ол үлкен сықылды еді де, біздер оған қарағанда бала тәрізді едік, өзінің бізден артық білетіндігін не біздерден білімі жағынан жоғарлылығын білдіруге тырыспаса да, жай әңгіменің өзінде-ақ, оның білімінің бізден артықтығы танылып қалатын. Жалпы жолдастарына, соның ішінде маған, ол еріксіз "Еуропаға ашқан терезе" сықылды болды", – деп жазады Г.И.Потанин. Мұның өзі Шоқанның жолдастары арасында беделі ерекше зор болып, оның биік тұрғанын көрсетеді. Қырағы да зейінді Шоқанға сурет салу өнері сол кездің өзінде-ақ; халық өмірін бейнелеудің тамаша бір құралы болып табылады. Туған жері Сырымбеттің жазғы жайлаулар мен мекен қоныстарының суретін салумен шұғылданады. 1847-1852 жылдарда салған суреттерін Шоқан "корпустан елге демалысқа барған кезде салған суреттер" – деп атайды. Г.Н.Потанин: "Кадет корпусының соңғы курстарында оқып жүрген кезімізде Шоқан өзінің әңгімелерімен менің дәптерімді толтырды. Біз қазақтардың сұңқар салып, саят құру салтын толық жазып алдық. Шоқан сұңқарды қалай баптап күтудің әдісін өте жақсы білетін. Дауылпаз бен сұңқардың т.б. суреттерін салып, ол менің жазбамды толықтыра түсетін", – деп жазды. Мұның өзі Шоқан өнерінің жан-жақты екенін, оған курстастарының қызығып, ерекше құрметпен қарағанын дәлелдей түседі. Шоқан кадет корпусында оқып жүргенде-ақ, саяхатшылардың өмірі мен ісі туралы жазылған еңбектерге аса қызығушылықпен қарап, танысты. Осы еңбектердің ықпал әсерінен ол саяхатшы болуды, Орта Азияны арлап жан-жақты танысуды армандады. Демек, саяхатшылар өмірі жайлы жазылған еңбектер болашақ саяхатшыға бастау көзі болып, жол нұсқады. Қоғамдық, әдеби қызметі Шоқан Уәлиханов 1853 жылы кадет корпусын бітіріп, Омбыда әскери қызметке қалады. Ол Сібір қазақ-орыс әскерінің 6-атты әскер полкына офицер болып тағайындалады, іс жүзінде Батыс Сібір мен Қазақстанның Солтүстік-Батыс аймағының генерал-губернаторы Г.X.Гасфорттың адъютанты қызметіне белгіленеді. Сондай-ақ, Батыс Сібір өлкесінің Бас басқармасы оған айырықша тапсырмаларды орындайтын офицер ретінде қарады. Қызметі барысында Шоқан Уәлиханов патша өкіметінің отаршылдық саясаты туғызған әділетсіздіктерді жете танып, қарсы батыл пікірлер білдіруге тырысты. Осы қызметтерді атқара жүріп, ол Орта Азия халықтарының тарихын, этнографиясы мен географиясын зерттеуге белсене араласты. Омбыдан кетуді, өзінің туған халқына пайдасы тиетін істермен шұғылдануды армандағанын өзінің достары Ф.М.Достоевскийге, Қ.Қ.Гутковскийге жазған хаттарынан анық көруге болады. 1855 жылы Шоқан Уәлиханов Омбыдан Семей, Аякөз, Қапал арқылы, Іле Алатауынан өтіп, Жоңғар қақпасына дейін келеді, қайтарда Алакөл, Тарбағатай жерлерін аралайды. Орталық Қазақстан-Қарқаралы, Баянауыл, Көкшетау арқылы Омбыға оралады. Бұл сапарда ол қазақ халқының тарихы мен әдет-ғұрпы, діни ұғымдары жайында көптеген материалдар жинайды. Сонымен бірге өзі болған аймақтардың тарихы, ескі қалалардың орны, шың-тастарағы жазу, белгілерін, көне ескерткіштер, аңыз-әңгімелер, ертегілер мен өлеңдерді жазып алады. Осы материалдардың негізінде "Тәңірі", "Қазақтардағы шамандықтың қалдығы" сияқты еңбектер жазады. 1856 жылы Шоқан полковник М.М.Хоментовский басқарған әскери-ғылыми экспедицияға қатысады. Қырғыз елін жете зерттеуге, Ыстықкөл аймағының картасын түсіруге тиіс болған бұл экспедияцияға қатысу Шоқанның зерттеу жұмысын ойдағыдай жүргізуіне мүмкіндіктер туғызады. Ыстықкөлге, Қытай империясының Құлжа қаласына саяхаты және 1856-1857 жылдары Жетісу, Тянь-Шань сапарларында П.П.Семенов-Тянь-Шанскиймен бірге болуы, Кырғыз Алатауына екінші рет сапарының нәтижелері оның "Жоңғария очерктері", "Қырғыздар туралы жазбалар", "Ыстық көл сапарының күнделіктері", "Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы" атты еңбектерін жазуға септігін тигізеді. Шоқан тарихи маңызы бар шығармаларға айырықша назар аударды. Мәселен, ол қырғыз халқының "Манас", "Семетей" туралы дастандарының біраз тарауын тұңғыш орыс тіліне аударып, оған ғылыми тұрғыдан толық тарихи және әдеби талдаулар жасады. Бірінші рет баспаға ұсынды. Көлемі жағынан, оқиға құру, адам образдарын бейнелеу жағынан әлемдік әдебиеттің озық үлгілерімен теңдес, аса құнды туынды ретінде бағалаған. "Манас" – қырғыздардың ескі мифтерінен, аңыздарынан, ертегілерінен жиналып, бір адам Манастың төңірегінде топталған энциклопедия. Бұл жағынан, ол "Илиада" тәрізді. Бұл аса зор эпопеяда қырғыз халқының өмірі, діні дәрігерлік ұғымдары шетелдермен қарым-қатынасы түгел қамтылған. Екінші эпос – "Семетей" – "Манастың" жалғасы. Бұл қырғыздың "Одиссеясы", – деп көрсетеді Шоқан. Шоқан әдебиет, оның теориясы мәселелері жөнінде сол кездің өзінде-ақ, көптеген тың пікірлер, тұжырымдар жасап, өз халқының тіршілігі мен мәдени дамуының жағдайларына лайық дамытады. Сондай-ақ, әр халықтың әдебиетін оның қоғамдық, әлеуметтік өмірімен тығыз байланыста қарастырады. Қазақ поэзиясының халықтық сипаттары жайлы тың ой-пікір білдіреді. Халықтың рухани серігі болған поэзия туралы ол: "Бұл халықтың ертеден өзіне тән тұрмысында есте қалдырмаған бірде-бір маңызды оқиғасы, бірде-бір тамаша адамы жоқ деуге болады. Олардың бірін суырыпсалма ақындар не жыршылар жыр етсе, екінші біреулерінің атын кейінгі ұрпақ естерінде ұмтылмастай етіп белгілі бір сыбызғышы не қобызшы музыканттар тастап кеткен", – деп жазады. Қазақ өлеңдерінің халықтығы жайлы құнды пікірлер білдіруде, Шоқан халық әдебиетінің бағалы нұсқаларын жасаған және ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілерін жырлаған. Орынбай, Шөже, Жанақ, Арыстанбай, Құрымбай сияқты ақындардың еңбектеріне жүгінеді, мысалдар келтіреді. Сонымен бірге қазақ поэзиясының жанр, түр, өлең құрылысын зерттей келе, мұны орыс ғалымдарына таныстыруды мақсат тұтқан. Ол қазақ, өлеңдерін: жыр, жоқтау, қара өлең, қайым өлең, өлең деп беске бөледі. Өлең құрылысын жыршылардың қобыз не домбыраға қосып айтуына қарап жүйелеген. Өлеңге, әсіресе, суырып салма өлеңге бейімділік барлық көшпелі елдердің өзіне тән ерекшелігі екенін анықтаған. Қазақ халқының ауыз әдебиеті мұраларын жинап, зерттей келе Шоқан олардың славян халықтарының, әсіресе, орыстардың ауыз әдебиетімен байланысын ашып дәлелді мысалдар келтіреді. "Жоңғария очерктерінде" "Көп уақыттан бері қазақтың ертегілерін, мифтерін, этникалық жырлары мен аңыздарын жинаумен шұғылдана жүріп, мен олардың Еуропа халықтарының, әсіресе, славяндардың осы тектес шығармаларымен бір сарындастығына қайран қалдым", – деп көрсетеді. Орыс-қазақ ертегілерін, мақал-мәтелдерін салыстыра отырып нақты дәлелдейді. Мысалы: өмір шындығының сәйкестігі әдебиетте де тақырып, сюжет ұқсастығын туғызатынын Шоқан қазақ пен араб поэзиясын салыстыра отырып, дала өмірін жырлаған екі елдің поэзиясының бір-біріне ұқсастығын, көшпелі ел тұрмысы сұлу табиғат, рулық тартыс, қайшылықтарды суреттеуінен анық көрінетінін айтады. Әсіресе, бұл халықтарда өлеңді суырып салып айту өнерінің ерекшелігіне назар аударған. Қазақтың шешен билері жайында құнды пікір білдіреді. Ш.Уәлихановтың тарих, география, әдебиет саласындағы зерттеу еңбектері Петербург ғалымдарының назарына ілігіп, құнды ықылас-ілтипаттарына ие болады. П.П.Семенов-Тянь-Шанский өзінің Жетісу бойындағы зерттеулерін жүргізген кезде Шоқан пікіріне үнемі ден қойып, ақылдасып отырған. Ыстықкөл сапарында біраз жерлерді бірге аралаған. Семенов-Тянь-Шанскийдің ұсынуымен 1857 жылы 27 ақпанда Шоқан Орыс География қоғамының толық мүшелігіне сайланады. Бұл орыс қоғамы зиялыларының, орыс ғылымының жас ғалым еңбектерін зор бағалағандығы, ғылым мен мәдениетке қосқан үлесін мойындағандығы екенінің дәлелі. 1858-1859 жылдары Шоқанның "Жарық жұлдыз", "Қашқария сапары" оны ғылыми-зерттеушілік, ағартушылық саласында жаңа биікке көтерді. Ол кезде Қашқария Ресей тарапынан зерттелмеген өлке болатын. Еуропа ғылымы үшін белгісіз, құпиясы мол ел болатын. Себебі, XII ғасырдың соңғы ширегінде Марко Поло, 1603 жылы саяхатшы Голе Қашқария жерінде болғаннан кейін, бұл өлкеге ешкім аяқ баспаған Шоқаннан бір жыл бұрын Қашқарияға Үндістан арқылы барған немістің белгілі географы Адольф Шлагинвейтті жергілікті билеушілер басын кестіріп өлтірткен. Адольфтің бұл қайғылы тағдыры жөнінде алғаш мәліметті жеткізген Шоқан болды. 1870 жылдары Петербургте Шоқанның "Жонғария очерктері". "Алты шаһардың немесе Қытайдың Хан-Лу провинциясының шығыстағы алты қаласынын жағдайы туралы", "Адольф Шлагинтвейттің өлімін әкелген жағдайлар туралы мәліметтер" туралы еңбектері жарияланды. Қашқарда болған кезінде Шоқан ұйғыр тілін жақсы меңгереді. Оның архивінде Қашқардағы ұйғыр тілінде жазған жазбалары да сақталған. Кіші Бұқарада жаңа ұйғыр тіліндегі әдебиеттің едәуір бай аударма әдебиеті бар. Кіші Бұқараның әдебиеті аудармаға неғұрлым бай болғанымен, өзіндік қолтума шығармаларға соғұрлым кедей. Олардың өз іштерінен шыққан бір де бір ақыны және белгілі бір жазушысы болған емес деп көрсетеді. Қытай тарихында Хой-ху, Хой-хор, Қой-ғой деген атпен белгілі болған халқының Хой-хор әулетін берген және кейіннен осы күнгі Шығыс Түркістанға келіп қоныс тепкен жат жерлік халық елге мәлім. Шығыс мәліметтерінде бұл халық ұйғыр деп аталады. Бүгінгі жеті шаһар тұрғындарын қытайлар чапту деп атайды. Чапту түрік тілінің ұйғыр деп Клапрот (осы тілдің сөздігін құраған адам) атаған диалектісінде сөйлейді. Ұйғыр тілінде моңғол сөздері көп кездеседі. Ұйғырлар сонау Шыңғыс хан заманының өзінде-ақ, мұсылман дініндегі сол кезде өзінің жазу өнері бар халық болған. Оларды моңғолдар сауатты халық болғандықтан хатшы есебінде іс жүргізушінің қызметтеріне пайдаланған. Сондай-ақ, Шоқан Ұйғыр деген атымен белгілі болған ертедегі монғол жазуының үлгілерін қанша іздегенмен таба алмағанын қынжыла жазады. Бұл аймақтың өткені мен сол кездің қалпын жақсы білетін адамдарымен, ғалымдарымен, ақындарымен де кездесіп мағлұматтар жинаған, шығыс қолжазбаларының бірсыпырасын қолға түсірген. Тау жыныстарының коллекциясы, гербарий жасаған. Солардың бірінде Мирджай тауы мен Қарақаш өзені аңғарынан шығатын нефрит асыл тасының текшелері болған мүлде бейтаныс елді жан-жақты сипаттайтын, әскери, саяси, экономикалық, сауда-саттық жағынан үкіметке де, ғылымға да пайдалы бай материал мен сирек деректерді жинап, қиыншылықтар мен қауіп-қатерді көп көріп, Шоқан керуенмен 1859 жылы сәуір айында елге оралған. Қашқария сапарының нәтижелі жемісі – Ш.Уәлихановтың "Алты шаһардың, яғни Қытайдың Нан-Лу провинциясының шығыстағы алты қаланың жайы" атты еңбектерінде жан-жақты мәлімделді. Қашқария сапарының ғылыми нәтижелері туралы Орыс География қоғамында мәлімдеме жасағаннан кейін-ақ, оның материалын Германияда неміс тілінде басып шығарды. 1865 жылы Лондонда ағылшын тілінде жарияланды. Демек, Қашқария сапарындағы айқындалған мәліметтер Шоқан Уәлихановтың дүниежүзілік география ғылымына қосқан маңызы зор жаңалығы болып есептеледі. Қашқария экспедициясы үкімет тарапынан да ресми түрде аталып өтті. 1860 жылғы 8 сәуірдегі Үкімет указы бойынша поручик сұлтан Шоқан Уәлихановқа штабс ротмистр әскери атағы, 4-дәрежелі ізгі Владимир ордені, 500 сом күміс ақша берілген. Шоқанның ұсынысы бойынша, осы экспедицияның жұмысына қатысы бар 22 адам қоса наградталған, оның ішінде керуен басы Мұсабай, Семей көпесі Бұқаш, К.К. Гутковский т.б болды. Ш.Уәлиханов (1859-61) Петербургте болған жылдары оның ғылыми-шығармашылық қызметінің аса елеулі кезеңі болды. Мәселен, Бас штабының әскери-ғылыми комитетінің тапсыруы бойынша, ол Орта Азия мен Қазақстанның карталарын жасайды. "Балқаш көлі мен Алатау жотасы аралығының картасы", "Құлжа қаласының жобасы", "Ыстықкөл экспедициясының қорытындысына қосымша карта", "Қытай империясы батыс өлкесінің картасы" т.б. дайындалады. Мұның өзі Ш.Уәлихановтың география, картография салаларына қосқан үлесі зор екенін көрсетеді. Сондай-ақ, Шоқан География құрамында белгілі неміс ғалымы Карл Риттердің еңбектерін баспаға әзірлеседі, сыртқы істер министрлігін Азия департаменті жанындағы Жоғары мектепте, География қоғамында ІПығыс Түркістан, Қырғызстан туралы лекция оқиды, университеттің тарих-философия факультетінде лекцияларға қатысып отырады. Мұның өзі Шоқан бойындағы ғылымға деген ерекше ынта-ықыласты, қажымас қайратты танытады. Шоқанның Петербургке барған кезі 1861 жылғы басыбайлылық тәртіпті жою жөніндегі реформаның қарсаңы еді. Шаруларды патшаға қарсы үндеген, қоғамды сынаған т.б. Чернышевский, Добролюбов, Некрасов сияқты алдыңғы қатарлы ақын-жазушылардың "Современник" журналында жарияланған мақалалары Шоқанға қатты әсер етіп, саяси әлеуметтік көзқарасының қалыптасуына негіз болды. Петербургте Шоқан достары П.П.Семенов-Тянь-Шанский мен Ф.М. Достоевскийді кездестіреді, көрнекті орыс ғалымдары А.И. Бекетовпен, шығыс зерттеушілері: Ф.Р. Отен-Сакенмен, И.И. Захаровпен, Е. Кавалевскиймен, ақындар А. Манасов Қ. Курачкин, Я. Полонскиймен танысып, араласады. Бұлардың бәрі оның идеялық жағынан көп толып өсуіне бірден-бір себеп болғанын көреміз. Ресейдің әлеуметтік өміріндегі өзгерістер, орыстың революцияшыл демократтарының пікірлері оның демократтық көзқарасын тереңдете түседі. Қазақ халқының, әсіресе, оның төменгі тобының ауыр халі мен оның жағдайларына жан ашырлықпен қарап, түсініп көре білді. 1861 жылдың көктемінде денсаулығы төмендеуіне байланысты туған еліне оралды. Ол қазақ халқының тыныс-тіршілігін жақсартып, көмектесуді ойлап, әділеттілікті жақтап, халықтың мұң-мұқтажын түсіне білу мақсатымен Атбасар уезіне аға сұлтан болуды да ойлады. Сайлауға қатысып, көпшілік дауыс алғанымен, Сібір әкімшілігі оны аға сұлтандыққа бекітпеді. Себебі, демократтық бағыттағы озық ойлы зерттеуші ғылым билеуші топ үшін қауіпті адамдардың бірі еді. 1862 жылы Потанинге жолдаған хатында: "Мұндағы мақсатым – өзі халқымды әкімдер мен зорлықшыл бай қазақтардан қорғау еді", – деп ашық жазды. Ал, А.Г.Майковқа жазған хатында Шоқан бұл пікірін тереңдете түсіп: "Жергілікті сұлтандармен және қара сүйек қазақтардан шыққан байлармен қазір аразбын", – дейді ол, – мен оларға жалшыларды жақсы ұстаңдар, еңбек ақысын дұрыс төлеңдер дегенді талай рет талап еттім. Мен даланың пролетариатымен жақсы доспын, өйткені бір-бірімізді жақсы ұғамыз". 1863-64 жылдары Шоқан Омбыға барып, Сібір қазақтары үшін жасалып жатқан сот реформасын дайындау ісіне қатысып, бұл реформаның елге тиімді, пайдалы болу жағынан қарастырады. Осы кезде Шоқан "Сот реформасы туралы жазбалар" атты өзінің атақты еңбегін жазды. Оның: Біздің заманымыз халықтың нағыз мұң-мұқтажына тікелей қатысы бар, халыққа ең маңызды, ең керекті реформа – экономикалық және әлеуметтік реформа. Ал саяси реформа сол экономикалық реформаларды жүзеге асырудың құралы есебінде жүргізілмек, өйткені әрбір адам және бүкіл адам баласы өзінің өрлеу жолында түпкілікті бір мақсатқа ұмтылады. Ол мақсат – өзінің тұрмысын жақсарту. Прогресс дегеніміздің негізінің өзі – біз осы тұрғыдан алып қарасақ, адамның тұрмысын жақсартуға жағдай туғызатын реформалар ғана керекті де, ал осы мақсатқа қандай болса да кедергі келтіретін реформалар болса, ондайлар халыққа зиянды, керексіз реформа болып табылады" – деп жазды. Бұл пікірдің біздің заманымыздың бүгіні мен ертеңі үшінде қашанда құнды, бағалы болып қала беретініне дау жоқ. Сол кездің өзінде Шоқанның миллиондаған халық тағдырына ерекше жанашырлықпен қарап, мәселенің дұрыс шешілуін армандағанын көрсетеді. "Бізге, қазақтарға, облыстық бастықтар үстірт қарауды әдетке айналдырған", – деп көрсете келіп, Шоқан реформа мәселесіне аса зор жауапкершілікпен қарап, бұған қарапайым (дәулетсіз) қазақтарды қеңінен қатыстырып, олардың пікірлерімен санасу керек екендігін, реформаны ақсүйектер емес, қалың бұқараның тілек-мүддесіне сай жүргізу керектігін талап етеді. Бұл еңбегінде Шоқанның қазақ қоғамының экономикалық, саяси, рухани жағдайлары және қазақ халқының болашақ даму негіздері мен жолдарына терең талдаулар бере отырып, ең бастысы өз халқының болашағына үлкен сеніммен қарағанын көреміз. 1864 жылы наурыз айында Ш.Уәлиханов Оңтүстік Қазақстанды Ресейге қосу жөніндегі полковник М.Т.Черняевтің әскери экспедициясына шақырылады. Бірақ, жергілікті халықтарға Черняевтің, оның әскери қызметкерлерінің көрсеткен озбырлығы мен қаталдығына наразы болып, бөлініп кетеді. Верный (қазіргі Алматы 1 қаласына келіп, Албан руының аға сұлтаны Тезек төренің ауылына тоқтайды. Мұнда да жергілікті тұрғындардың хал-жағдайларымен танысып, аңыз-әңгіме, ертегі-жырлар жинап, зерттеушілік жұмыстарымен шұғылданады. Сол кездегі Батыс Қытайдағы қоғамдық-саяси жағдайдың шиленесуіне байланысты болған дүнгендер көтерілісіне көңіл бөледі. Жұмыс бабымен Қапалға оқта-текте келіп жүген бір сапарында Ш.Уәлиханов әскери газетіне Құлжадағы жағдай, дүнген қозғалыстарына байланысты мақала жариялайды. Демек, қай уақытта болмасын ел ішіндегі жағдайларға ерекше мән беріп отырғанын көреміз. Ол өзінің қысқа ғұмырында қоғамдық ғылымдардың алуан саласында, тарих, география, этнография, экономика филологияда, өнертануда – көптеген құнды еңбектер қалдырды. Сондай-ақ, Орталық Азияның түркі тілдес халықтарының, қазақтың, қырғыздың, өзбектің, ұйғырдың, түркіменнің тарихы мен сол кездегі әлеуметтік жағдайы, тілі мен әдебиетін саралап терең зерттеуімен шығыстың ғылымына зор үлес қосты. "Қазақтың шежіресі", "Жоңғарлар очерктері", "Қазақтар туралы жазбалар", "Абылай", "Көне замандағы қазақтың қару-жарақ, сауыт-саймандары", "Далалық мұсылмандық", "Қазақтағы шаман дінінің қалдықтары", "Қазақтың көші-қоны", "Оңтүстік Сібір тайпаларының тарихы туралы пікірлер", "Ыстықкөл күнделіктері" т.б. еңбектерінде Орта Азиядағы түрік халықтарының көптеген келелі мәселелеріне ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеулер жүргізіп, талдаулар жасады. Бұл еңбектердің кейінгі зертеушілер үшін ғылыми мәні жоғары болды. Шоқан өзінің жан-жақты мол білімінің арқасында зерттеулерді комплексті түрде жүргізіп, тарихшы, географ, этнограф, публицист, әдебиетші, жазушы болып қатарластыра алып отырғанын анық байқауға болады. XIX ғ. орта шенінде ірі ғалымдардың бірі П.И.Небельсон Шоқан туралы: "Петербургте қырғыздар сирек кездеседі, бес-алты адам жинала қояр ма екен? Солардың ішінде өмірде мен бармын деп ерекшеленбейтін бір ғана адам бар. Ол өте жас, кавалерия офицері, сұлтан Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов", – деп жазса, Платников: "Мен Уәлихановпен Петербургте өте жақын таныстым және бірнеше кеш бірге болып көңілді өткіздім, оның қабілеттілігіне Мұхамед-Ғани Бабажанов, біз Небельсон екеуіміз де тең келмеспіз", – деген пікірлері Шоқан білімінің жан-жақтылығын, тереңдігін дәлелдей түсері хақ. Шоқаннан қалған асыл мұралардың бірі – бейнелеу өнері саласындағы еңбектері оның қазақтың тұңғыш профессионал суретшісі екенін танытады. Сурет өнерін жас кезінен-ақ жақсы көрген. Ол портрет, табиғат көрінісі, пейзаж, халықтың тұрмыс-салтын бейнелеу жанрымен айналысқан. Суреттерінің біразы 1860 жылдардың басында "Всемирная иллюстрация", "Сакра", "Русский художественный лист" журналдарында, "Орыс география қоғамының хабаршысында" жарияланған. Ш.Уәлихановтың көп салалы әр қырлы бай мұрасы оның дүниетанымы, қоғамдық философиялық, ағартушылық, демократтық көзқарастары өз заманының биік деңгейінде болғанын айқындайды. Шоқан Уәлиханов 1865 жылы сәуір айында қайтыс болды. Алтынемел тауының баурайындағы Көшентоған деген жерге қойылады. Қазіргі Алматы облысы Шоқан атындағы шаруашылықта "Алтынемел" мемориалдық комплексі бар. Шоқан қазасы қазақ елі үшін және оның орыс достарына аса ауыр тиді. Орыстың географиялық қоғамы басып шығарған (1904) Шоқан шығармаларына жазған алғы сөзінде академик И.И.Веселовский: "Шоқан Уәлиханов шығыстану әлеміне құйрықты жұлдыздай жарқ етіп шыға келгенде, орыстың Шығысты зерттеуші ғалымдары оны ерекше құбылыс деп түгел мойындап, түркі халықтарының тағдыры туралы одан маңызы зор, ұлы жаңалықтар ашуды күткен еді. Бірақ Шоқанның мезгілсіз өлімі біздің бұл үмітімізді үзіп кетті", – деп жазды. Шығысты зерттеуші әйгілі ғалым Е.И.Ковалевский Шоқанды "Асқан данышпан жас жігіт", "Тамаша ғалым", "Қазақ халқының ең жақсы досы әрі орыстың мемлекеттік мүддесін қадір тұтушы" деп атады. Г.И.Потанин: "Шоқан қазақ ішінен оқырман қауымын тапқан болса, ол өз халқының шын мәніндегі асқан данышпаны болар еді", – дейді. Орыстың географиялық қоғамы Шоқан өлімі туралы хабарында: "Нағыз, шын әділдігін айтқанда Уәлихановты үздік адам деп айтуға болады. Уәлиханов өз еліне шын берілгендігін, оны терең сүйетіндігін, қазақтың тұрмысын жақсы көрушілігін сақтай алумен қатар, Батыстың мәдениетін де жоғары бағалады", – деп жазды. Мұндай жылы лебіздердің қайсысы болмасын Шоқан еңбегінің әділ де жоғары бағасын алғандығының айғағы еді. Шоқан жайында: Г.И.Потанин, Н.М.Ядринцев, П.П.Семенов-Тянь-Шанский, И.И.Березин, И.И.Ибрагимов, т.б. естеліктер мен мақалалар жариялады. Шоқан Уәлихановтың демократтық, гуманистік ой-пікірлерінің толысуына Омбыға жер ауып келген орыс ойшылдары мен жазушылары көп әсер еткенін көреміз. Шоқан ұлылығын танытатын, оны биіктете түсетін нақты мәліметтердің бірі – өзі ерекше сүйіп бағалаған достарымен жазысқан хаттары. Осы хаттардың әрқайсысында Шоқанның азаматтық бейнесі ерекше таныла түседі. Өз халқының адал перзенті екеніне көз жеткіземіз. Зерттеу еңбектерінің маңызы мен мәні ашыла түседі, бүкіл дүниежүзілік география ғылымына қосқан зор табыс, жаңалық ретінде бағаланады. Ш.Уәлихановтың хаттары. Шоқан Шыңғысұлы мен Федор Михайлович Достоевскийдің достығы екеуінің Омбыда, Семей мен Петербургте бірге болған кездерінде бір үзілмейді, кейінгі алты жыл ішінде (1856-1862) бұл достық хат арқылы нығая тускенін көреміз. Мәселен, Семейден кетіп бара жатып, Уәлиханов Достоевскийге былай деп жазады: ...Сізбен бірге Семейде өткізген азғана күн маған сондай тамаша әсер етті. Ендігі менің бір ойым сізбен тағы да бір кездесу. Мен адамның нәзік сезімдері мен ақ ниеті туралы жазуға шебер емеспін. Менің Сізге қандай берілгендігімді және сізді қандай жақсы көретінімді, әрине, өзіңіз де білесіз". Бұл хатқа Д.М.Достоевский өзінің шын жүрегінен шыққан жылы сөздермен былай деп жауап қайырды: "Мейірман достым! Сіз мені жақсы көремін деп жазыпсыз. Ал мен сізге қысылмай-ақ тура айтайын. Мен сізге ғашық болып қалдым. Мен еш уақытта да, ешкімге де тіпті туған ініме де, тап сізге көңілім түскендей құштарлықты сезген емеспін. Бұған талай дәлел келтіруге болар еді, бірақ сізді несіне мақтай берем. Ал енді сіз менің ақ ниетіме дәлелсіз-ақ сенетін шығарсыз деймін. Достоевский өзінің хаттарында Шоқанға пайдалы кеңес беріп, рухын көтеріп, оның алдына аса зор игі міндеттер қойғанын көреміз. Енді бір хатында: Қолға алған ісіңізді тастай көрмеңіз – сіздің материалдарыңыз өте көп. Сахара туралы мақала жазыңыз. Оны Россия халқына түсіндірудің өзі ұлы мақсат, қасиетті іс емес пе. Европаша білім алған тұңғыш қазақ екеніңізді есіңізге толық алыңыз.Тек осы оқиғаның бір өзі ғана ғажайып нәрсе және оны ұғудың өзі сізге көп міндеттер жүктейді. Оның үстіне тағдыр Сізді таза жанды, адал жүректі, абзал адам ғып жаратқан. Артта қалуға болмайды, жоқ болмайды..., деп жазады. Мұндай жанашырлық жалынды сөздерінде Достоевский Шоқанға шын жүректен ақыл-кеңесін білдіріп, оны белсенді іс, батыл әрекетке рухтандыра түседі. Ф.М.Достоевский Шоқан Уәлихановты ерекше қадірлей, бағалай білді. Одан алған заттарының бәрін ол ең қымбат естелік ретінде сақтайды. 1866 ж. Шоқан марқұм болғаннан кейін Достоевский өзінің әйелі А.Г.Достоевскаяға "мына үлкен ағаш сандықты көрдің бе? Бұл менің Сібірлік досым Шоқан Уәлихановтың сыйлығы. Сондықтан да ол маған қымбат. Сондықтан мен өз қолжазбаларымды, хаттарым мен аса қымбатты естеліктерімді осында сақтаймын" – деген сөздерінің өзі Шоқанға деген ыстық ықыласын анық байқатады. А.Н.Майковқа жазған хатында Шоқан: "Менің туысқандарым ұлттық та, таптық та ескіліктің шырмауында. Әсіресе, бір бет даңққұмарлығы бірден көзге шалынады. Осыған қарап-ақ, олардың өздерін өздері жоғары бағалайтыны, ақыл-естіміз деп түсінетіні өз-өзімен түсінікті болар. Демек оларға айтылған ақыл-кеңес намысына тиіп, бұрынғыдан да көрі асқынта түсері түсінікті. Көппен жалғыз алысуға шама келмесін түсіндім, шындық қанша қасиетті болғанымен, адасқанның алды жөн бола береді екен, әсіресе, уақыт солай етіп тұрса амал жоқ, – деп ағынан жарылып, өзіндік пікір, көзқарасын білдіреді. Шоқан Уәлиқановтың орыстың көрнекті жазушыларымен, ғалымдарымен т.б. жазысқан хаттары қазақ әдебиетінің тарихы үшін ерекше маңызды. Оның хаттары мен күнделіктерінен публицистикалық дарыны айқын аңғарылады.
Дереккөзі: http://www.zharar.com/kz/shygarma/2106-shokan.html© www.ZHARAR.comШәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығын зерттеу мәселелеріне шолу жасай отырып ақынның адам, қоғам, дінтану мәселесі жүйелі түрде жеке зерттелмегенінің куәсі боламыз. Ақын шығармашылығында Адам – Қоғам – Дін мәселелері ең өзекті тақырыптар. Бұл мәселелер оның поэзиясының дүниетанымдық және идеялық күретамырлары болып табылады. Ақын мақсаты адамды жөңдеу, қоғамды түзету және Жаратушыны тану. Осы құндылықтарды поэзиялық сипаттау, талдау, түсіндіру, уағыздау арқылы ақын қазақ халқына дұрыс өмір сүруді үйретуге ұмтылады. Ақын поэзиясының осындай терең тақырыптық, идеялық маңызы оның бүгінгі күн үшін, қазіргі халық үшін қажеттілігін анықтайды. Сол себепті, Шәкәрім шығармашылығындағы Адам – Қоғам – Жар – Жаратушы, және дінтану мәселелерінің поэзиялық бейленелуін, көркемдік шешім табуын дара зерттеу қазақ әдебиеті үшін кезек күттірмейтін қажеттілік деп білеміз. Қазақ әдебиеттануында Шәкәрім мұрасына байланысты бұл мәселелер жеке зерттелген жоқ. Зерттеудің мақсаттары мен міндеттері. Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармаларының поэтикалық ерекшеліктерін ашу үшін оның дүниетанымына бойлау, ақыл-ойын қалыптастырған негіздерді саралау, сол арқылы қазақтың өлең өрнегіндегі өзіндік нақышын, даралық стилін сараптау міндет болып табылады. Сөз зергерінің көркемдік жүйесінің қалыптасуындағы дәстүрдің ролін ұлттық фольклор мен жыраулар поэзиясының, сондай-ақ батыс пен шығыс мәдениетінің әсер ықпалын талдау арқылы оның шығармашылық жолының өсу, көркемдік поэтикасының сапалық белгілерінің қалыптасу бағыттарын сараптау. Ең алдымен қаламгердің Абай шығармаларымен тақырыптық және поэтикалық үндестігін сараптау арқылы ұлы ұстазынан үйрене отырып, өзгеше көркемдік әлем қалыптастырған даралық сипатын анықтау. Екі шығармашылық тұлғаның тақырыптық, мазмұндық, идеялық, ұстанымдық және дүниетанымдық сабақтастығынан туындайтын сөз кестелері мен көркемдік амал-тәсілдерінде, өлең өрнектерінде бедерленетін ерекше қолтаңбаларын айқындау. Адам образын бейнелеуде Шәкәрім поэзиясындағы психологизм сипатын, адамның ішкі жан дүние сапаларын тірілту, жандандыру арқылы ерекше мәнде суреттеу тәсілін қалыптастырғандығы, сол арқылы «адамды түзету» идеясын көздегені, ал жеке адамның ішкі сапасының артуы бүкіл қоғамның болмысын айқындайтындығын шығармалары арқылы баян еткендігі талданады. Мәңгілік тақырып махаббатты жырлаудағы ой-сезімнің поэтикалық бітімі мен терең сезімі, психологизм мен трагизмнің өзгешелігін сопылық поэзия сарындарын шебер пайдалана білген қаламгерлік ерекшеліктерін саралау арқылы белгілі тақырыпты толғаудағы өзіндік өрнегін айшықтау. Ақын қозғаған махаббат мәселесінің мәні жеке адамдар арасындағы сезім сипатынан асып, адам мен жаратылыс арасындағы үйлесім табиғатымен бірлікте алынуы арқылы өмірдің түпкі мән-маңызын ұқтыруға бағытталатынын айқындау. Шәкәрім поэзиясындағы қоғам мен әлеуметтің өзекті тақырыптарын саралау арқылы оның поэтикасындағы сыншылдық пен реализм белгілерінің көрінісін тауып, өлең өнерін қоғамды оң бағытқа бұру жолындағы аса маңызды құрал ретінде пайдаланғандығын тұжырымдау. Шәкәрім қалыптастырған осы үрдістің қазақ қоғамындағы қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі маңызын сараптау. Ақынның көркемдік жүйесіндегі елеулі ерекшелік: оның өлең жүйесіне Жар, Жаратушы ұғымдарын енгізіп, жаратылыс сырын жырға қосуымен сол арқылы ғаламдық дәрежеде ой айта білгендігін дәйектеу. Ақын түсінігіндегі рухани бастау Алладан, жаратушыдан негіз алады, Алланы сүйген, жаратушысын танып шын жүрекпен сезінген адам жаңа сапаға жетуге ұмтылады, сол арқылы адам да, қоғам да түзеледі дейтін ой толғамдары қазақ поэзиясының мазмұндық та тақырыптық та көркемдік кестесінде де жаңа бір түзіліс тудырды. Зерттеуде осы мәселені анықтауға назар аударылады. Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Зерттеудің қол жеткізген ғылыми жаңалығын былайша сипаттауға болады: Ең алдымен Шәкәрім Құдайбердіұлының поэзиялық шығармаларының поэтикасы кешенді түрде алғаш рет қарастырылады. Ақынның поэзиялық мұрасы оның дүниетанымымен сабақтас алынып, адами тұрғыдағы өсіп-жетілу жолының өлең өрнегіндегі іздері алғаш сараланады. Шәкәрімнің өзіне дейінгі рухани қайнардан үйрену әдісінің ерекшелігі ашылып, олардың ақын болмысындағы көріністері поэзия мысалдары негізінде дәлелденеді. Мысалы, халық ауыз әдебиетінің үлгілері, шығыс пен батыс әдебиетінің ықпалы. Абай мен Шәкәрімнің рухани үндестігі алғаш рет терең әрі жан-жақты сарапталып, ортақ белгілерімен ерекшелік, даралық сипаттары: «түзу адам» қалыптастыру, адамды түзеу, махаббатты жырлау, табиғатпен, жаратылыспен үйлесім, гуманизм мен сыншылдық т.б. мәселелер деңгейінде айқындалады. Ақынның шағын көлемді лирикалық өлеңдері мен кең құлашты эпикалық туындыларындағы тақырып жалғастығы, көркемдік амал- тәсілдердің күрделену жолдары алғаш рет жүйелі түрде зерделенеді. Шәкәрімнің «түзу адам» қалыптастырудағы психологиялық ішкі сапаны дамытудың мән-маңызын жоғары қойғандығы өлеңдеріндегі көркем жүйе арқылы дәлелденеді. Ақыл, жүрек, сезім сипаттарын жеріне жеткізе әсірелей суреттеу арқылы әрқайсысының жеке-жеке және тұтас қызметінің адам өміріндегі маңызын ұқтырудағы поэзиясының көркемдік қуаты алғаш рет сарапталады. Ақындық табиғатындағы бөлекше болмысының айқын белгісі ретінде адам мен тылсымның арақатынасына бойлау, сол арқылы адамзаттың көнеден бүгінге дейінгі мәңгілік тақырыптары: өмір мен өлім, жан мен тән мәселелерін қозғау екендігі анықталады. Осы мақсаттағы «Жар», «Жаратушы» ұғымдарының мәнін ашып көрсететін өлеңдері көркемдік тұрғыдан тұңғыш рет зерттеу назарына алынады. Осы мәселенің ықпал әсерінен махаббат ұғымының да аясы кеңіп, ол адамзатты, жалпы өмірді сүю ұғымына ұласатындығы дәйектеледі. Ойшыл ақынның күрделі мәселелерді қалың жұртшылыққа ұғынықты, жатық тілде ұқтыра білудегі көркемдік амал тәсілдерді (диолог, монолог, автор сөзі, кейіпкер сөзі, баяндау, т.б.) шебер қолданудағы өрнегі айқындалады. Ақынның тың поэтикалық ізденістерінен туған «жүрек көзі», «көңіл көзі», «ішкі көз», «ақ жүрек», «таза жүрек», «кіршіксіз ақыл», «шын ақыл» секілді эпитеттік қолданыстардың мәні ашылып, олардың қазақ әдебиетінің көркемдік келбетін көркейтудегі рөлі анықталады. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: – Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылық поэтикасы өзіндік ерекшелігі бар күрделі көркем жүйе. Ақын туындыларының көркемдік келбетін құрайтын компоненттер оның күрделі дүниетанымымен ғаламдық сипаттағы ой-танымымен тамырлас. Өйткені ұлттық құндылықтарды ғана емес, адамзаттық ақыл-ой жетістіктерін еркін игерген ғұлама ойшыл қазақ өлеңінің көркемдік деңгейін де биікке көтере білген.
Дереккөзі: http://www.zharar.com/kz/shygarma/2097-shakarim.html© www.ZHARAR.comҚазақ тілі осы мемлекеттің түпкілікті тұрғындары қазақтардан басқа Қытай, Монғолия, Иран, Ауғанстан, Түркия мемлекеттері мен ТМД-ның Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан сияқты республикаларында тұратын қазақтардың да ана тілі. Қазақ тілі – батыс түркі тілінің қыпшақ тармағына жатады. Бұл тармаққа кіретін тілдер – қарақалпақ, ноғай, татар, башқұрт, қырғыз, қырым татары, қарайшай, балқар, құмық және тағы басқа тілдер. Қазақ тілі - өзіндік әдеби, ғылыми және саяси жазу нормасы қалыптасқан бай тіл. Қазақ тілінің тарихы әртүрлі тарихи кезеңдерді бастан кешкен қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты. Оның қалыптасуға бет алуы ХІ-ХІІ ғасырлардағы Түрік қағанатының пайда болу кезеңінен басталып, ХҮ ғасырдағы қазақ хандығы тұсында әбден қалыптасып болған еді. Басқа түркі тілдерімен салыстырғанда, сөздік қоры жөнінен, қазақ тілі – ежелгі таза қалпын тұтас сақтап келе жатқан тілдердің бірі. Ғалымдардың пайымдауынша, қазақ тілінің ауыз әдебиеті және жазба әдебиеті сияқты екі қайнар көзі бар. Қалыптасудың барлық сатыларын бастан кешірген ана тіліміз – мейлінше жетілген ұлттық тіл. Ана тілімізде әдеби шығармалар, ғылыми-бұқаралық, техникалық, құқықтық, педагогикалық, саяси, өнертанушылық әдебиеттер жарияланады. Тіліміз еліміздегі азаматтардың өзара қарым-қатынас тілі болумен ғана шектеліп қалмайды, оның мұрағаттық, ақпараттық қасиеттері де мол. Қазақ тілі – бай да құнарлы тілдердің қатарына жатады. Ежелгі бабаларымыздың тарихы, шежіресі және түрлі әдеби мұралар бүгінгі ұрпаққа өзіміздің осы ана тіліміз арқылы жетіп отыр. Тіл тарихы халық тарихына ұқсас. Қоғамның жылжып, өзгеруіне байланысты тіл де дамып, өзгеріп отырады. Қазақ тілі тарихында орын алған түрлі қиындықтар мен дағдарыстардың объективті себептері бар. Біріншіден, қазақ халқы үш ғасырға жуық орыс отаршылдығының қыспағында болып, ұлт ретінде жойылып кетудің бірнеше сатыларын бастан кешірді. Екіншіден, Жоңғар шапқыншылығының халқымызға тигізген зардаптары да орасан зор болды. Үшіншіден, Кеңес өкіметі жетпіс жылдан астам уақыт бойы ұлттардың жақындасуы деген желеумен ұсақ ұлттардың тілдеріне қысым жасап келгені белгілі. 1989 жылы 11 қыркүйекте қабылданған "Тіл туралы” Заңда "Тіл - халықтың ұлы жетістігі, әрі оның ажырамайтын және бөлінбейтін белгісі”делінген. Ал бірінші баптың бірінші тармақшасында "Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылады” деп жазылған. Елбасы Н.Ә.Назарбаев "Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде” деген тұжырымдаманы үнемі айтып келеді. Қазақ тілі мәселесі мемлекеттік деңгейге көтерілген кейінгі жылдары бұқара жұртшылық та ана тілі үшін белсенділік танытуда. Бірақ әлі шешілмей жатқан түйінді мәселелер де баршылық. Халық тәуелсіздігінің ең басты белгісі - оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Дүниедегі барлық халық тәуелсіздікке ұлттық қадір-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан, кез-келген мемлекет өзінің аумақтық салт-дәстүрін, ана тілін ерекше қорғайды. Ана тілін дамыту, қорғау дегеніміз – өз ана тілінде таза сөйлеу және оны жақсы біліп, туған анадай сүю. Сүйемін туған тілді – анам тілін, Бесікте жатқанымда-ақ берген білім. Шыр етіп жерге түскен минутымнан, Құлағыма сіңірген таныс үнін, - деп С.Торайғыров ағамыз жырлап өткен. Ана тілінің күші мен құдіретін туған халқымыз әуелден-ақ бағдарлап, сөз өнерін бар өнердің басы деп санаған. Мысалы: "Өнер алды – қызыл тіл”, "Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады”, "Тоқсан ауыз сөздің, тобықтай түйіні бар” сөздері халқымыздың орынды сөзге қандай мән бергенін көрсетеді. Абайдың даналығына, Махамбеттің батылдығына, Бұқардың ақылгөйлігі мен халқына деген жанашырлығына, Абылайдың данышпандығына, Бөгенбай мен Қабанбайдың ерліктеріне сүйсініп, рухани өмірімізге азық етеміз. С.Бегалин атындағы Мемлекеттік республикалық балалар кітапханасы назарларыңызға "Қазақ тілім, өркенде, Бола бер күшті, көркем де!” атты әдістемелік құралды ұсынып отыр. Құрал мұғалімдер мен оқушыларға ғана емес, ұрпақ өсірер, оның келешегін ойлар исі қазаққа арналады.
Дереккөзі: http://www.zharar.com/kz/shygarma/1079-language.html© www.ZHARAR.comҚазақша шығарма: Ілияс Жансүгіров шығармашылығындағы өнер адамның бейнесі Жоспар: І. Кіріспе. Қазақ сахарасындағы күй өнері. ІІ. Негізгі бөлім. 1)Ақан сері- өнер тұлпары. 2)Күйші жігіт- өнер саңлағы. 3)Күй құдыреті ІІІ. Қорытынды. Өнер- адамның асыл мұрасы. Ілиястың «Құлагер» поэмасы сырт қарағанда ақынның сәйгүлік- тұлпарының мерт болуына арналған, соған байланысты жазылған сияқты. Ол кездері , тоталитаризм меңдеген кезде, әдебиеттану ғылымында тұрпайы социализмнің айқайшыл сынның бел алып тұрған кезі еді. Ілияс қазақтың ән, музыка өнерін аса асқақтата жырлаған. Ақын осыны бар жан тәнімен түсінгенде, мейірі қанғанша сусындаған. Тек сондай жан әлемінен ғана «Әнші», «Күй», «Күйші», «Құлагер» сынды бірегей туындылар жаралған. Ақан сері- өнер тұлпары. Оның әдебиеттегі, өнердегі орны ерекше. Ақан серінің көптеген өлеңдерінің тақырыбы махаббат, сүйспеншілік жайында. Жастық дәурені жүріп тұрған кезде сауық-сайран, ойын тамашаның бел ортасында болған өнерлі жігіттің әсемдікке, сұлулыққа іңкәр болмауы мүмкін емес еді. Осылайша Ақанның көңілі құлаған аруларға деген сүйспеншілік сезімі өлең боп өріліп, ән боп төгілді. Ақындық пен серілік, сазгершілік пен әншілік бір бойында тоғысуы Ақанның атақ-даңқын арттыра түсті. Ақанның әнін жастар жағы іліп әкетіп, ел арасына таратып жатты. Ақан сері жеке-дара, салт жүріп, серілік, саяткершілік құрмаған. Оның қасында қашанда талантын құрмет тұтып, қолдап отыратын Ағытай қарауылдың ішіндегі небір өнерлі, балуан ақын жора-жолдастары болған. Ол суырып-салма ақындығымен қоса қызыл тілдің шешені әрі әнші-сазгерлігімен де ел құрметіне бөленген. Күлбілтелемей кесіп айтатын турашылдығы тағы бар. Ол әділдіктің ақ жолын аттап, елге тізесін батырған талайларды тәубесіне келтіреді. Тіпті турасын айтамын деп туғанына жақпаған кездері көп. Ақан сері Сарыарқаны аралап ән салады, серілік құрады. Жанындағы сайдың тасындай іріктелген жиырма шақты жолдастары асқақ кейіпті Ақанның шоқтығын биіктете түседі. Дүниенің бар қызығы серілік, әншілік деп түсінген Ақанның өмірге қкпесі жоқ еді. Серінің атын асқақтатқан ең әуелі жомарт табиғат тарту еткен сан қырлы таланты болса, екіншісі аты Ақан есімімен қатар аталатын атақты пырағы- Құлагер еді. Ақан серінің өзге ақындардан өзгешелігі- табиғатпен тұтастығында. Ол қолындағы құсын, астындағы атын бейне бір туған баласындай өбектейді. Бір жолы Көкжендет атты қаршығасы ұшып кетіп, қайта оралмайды. Мәпелеп отырған құсынан айырылып қалу жүрегі нәзік ақынға ауыр соғады. Ақын қаршығасына арнап ән шығарады. Ол ән «Көкжендет» атымен халық аузында қалады. Ақан сері табиғат перзенті. Табиғатты алай біліп, ақырына дейін ақ адал пейіл танытқан Ақандай талант иесі тым сирек. Оның ел аузынан түспейтін тамаша туындылары «Құлагер», «Маңмаңгер», «Көкжендет», «Қараторғай», «Екі жирен» атты ән-өлеңдері Қазақ халқының қастерлі мұрасына айналды. Ақан сері өз заманындағы атақты ақын, әнші серілердің бәрімен жолдас, сыйлас болған. Атақты Біржан салды өзіне ұстаз санайды, бірге жүріп ән үйренеді. Ақан серінің бізге жеткен өлеңдерінің басым көпшілігі – ақынның сүйспеншілік сезімі мен жеке бірқатар дидактикалық өлеңдері, «Тағрипық» атты сөжетсіз махаббат лирикасы. Сері ақан 1913 жылы жетпіс жасында қайтыс болады. Ол артынан құнсыз мұра: «Құлагер», «Көкжендет», «Қараторғай», «Сырымбет», «Балқадиша», «Торыны талға байлап мінген қандай», «Гаухар», «Ақ көйлек», «Қалқа бала», «Үш тоты», тағы да басқа шығармаларын қалдырады. Ілияс «Күйші» поэмасында он саусағынан өнер тамған саңлақ күйші мен қазақтың күй өнерінің құдіретін жыр өрнегімен асқан ақындық шеберлікпен суреттеген. Поэмада ақын халқымыздың күй өнері жайлы, сол күйді орындаушы тарланбоз күйші жайлы сыр шертеді. Күйші Кене ханның ақ ордасында дүйім жұрт алдында «домбыраны дірілдетіп», жиылған қауымды тамсандыра өнер көрсетеді,күге де , өзіне де таңдай қақтыра сүйсіндіреді. Сол күйлердің құдіретіне «қырдағы қоян, құлан, құлақ тігіп, қамыстан жолбарыс та ыңыранды», «табиғатта тып-тыныш бола қалды» деп өрнектейді. Алуан үнде сөйлеген күйге айналадағы бар жан құлақ түре сүйсінді. Күйші жігіттің күйі қолында ақ найзасы жарқылдаған, қол бастаған қас батыр Кене ханды да күй бейжай қалдырмайды. Күйге, күйшіге де елти құлаған Кене ханның қарындасы-Қарашаш. Ол- ағасының оң қолы, ақылшысы әрі ерке, өңіне ақылы сай, паң да өжет боп өскен ханзада. Жыршы Қарашаштың бойындағы қасиеттерді былайша суреттейді: Қарашаш- ақылы дария, алтын басы, Әйелдің ақсұңқары, ханзадасы. Өз басын мың қараға теңгермейтін, Кененің кеңесінің ақылдысы. Поэманың соңында күйші тоқсан күйді қайта тамылжытып, сорғалатып, қыз көңілін аулап, енді еліне, үйіне қайтқысы келген арманын күй арқылы ханшаға білдіреді. Ханша күйшінің тілегін орындамақ болады, сонда өнерлі де келісті, келбетті жігітті әлі де болса кідірте тұрмақты ойлайды. Күйші күй арқылы ханша көңіліне ізгілік нұрын сеуіп, рақымын түсіріп, еліне қайтсам ба деген тілегін жеткізеді. Ілияс «Күйші» поэмасында ақындық биігінен көрінген. Дастанда кейіпкердің сыртқы келбет-пішінін, мінез-қылықтарын бейнелеудегі ақынның зергерлігі, мұсіншілдігі сүйсіндіреді. Ақын дамыту, үндету тәсілдерін шебер қолдана отырып, оны өзінің эстетикалық мұратын, кейіпкер мінезін ашуды жарата білген. Он саусағынан өнер тамған жігіттің өнер өрісінің асқар шыңына биіктегенін ақын былайша суреттейді: Мұз еріп, қатты аяздың кәрі қайтып, Қас батыр көңілі жұмсап, зәрі қайтып, Майырылып ақ семсері қалайы боп, Қажытты мұз балақты күй мұңайтып. Құлпырып бәйшешектей кетті шалқып, Аққудай көкте күйлеп, көлде толқып. Күйші жігіт күй тартқанда, бәйге атындай көсіле тартады, күй суреттері өрлеп, қияға шырқай береді, бір сөз бір сөзден, бір ой бір ойдан, бір шумақ бір шумақтан асып түсіп отырады ол күймен бірге жарысқандай. Поэмада өнер, күй құдіреті осылайша өрнек тапқан. Қорыта келе, І.Жансүгіровтың шығармалары өнерді дәріптеген туындылар. Ол осы шығармаларымен келешек ұрпаққа «Өнер- адамның асыл мұрасы»,- деген ойын жеткізеді. Өзінің өнерге деген құрметін, сый-сияпатын, үлкен махаббатын, өнердің әсерінен бойын жайлаған керемет сезімдерін өзінің өшпес ақындық өнерімен жеткізе білді. Адамдарды ерекшелендіретін, , сақтап, қастерлеп ұрпақтан ұрпаққа берілетін, ешбір бағасы жоқ, уақытқа, жауға бағынбас асыл мұра- өнер!
Дереккөзі: http://www.zharar.com/kz/shygarma/511-iliyas_shygarma.html© www.ZHARAR.com

Приложенные файлы

  • docx 15626783
    Размер файла: 27 kB Загрузок: 0

Добавить комментарий